• Ақпарат
  • 14 Маусым, 2012

Ұлттық мүдде тіл саясатында қатаң ескерілуі тиіс

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі – қазақ халқының игілігі, оның архимаңызды рухани және мәдени құндылығы, тұлғаның барлық деңгейлерде қалыптасуына қажетті фактор, басқа тілдерді меңгерудегі базалық тіл, мәдени-тілдік қоғамдастықты дамыту мен көркейтудің кепілі және күшті идентификаторы, ондағы әлеуметтік-адами қатынастарды реттеуші, жалпыадамзаттық және ұлттық білімдер, құндылықтар жүйесінің аккумуляторы және трансформаторы. Ана тілінен тамырын үзген адам – осы байлық пен бағасыз игіліктен айырылған жан. Сондықтан Қазақстандағы үштілділіктің әрбір компонент-тілі осы тілдің басым­дығына бағынуға, соған қызмет етуі тиіс. Тіл саясатындағы тек осыдан кейінгі кезектегі, екінші басымдық – Қазақстандағы көптілділік, өйткені қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген ҚР-ның әр азаматы өз білім капиталын айтарлықтай еселей алады, олай болса оның бәсекеге қабілеттілігі жоғары және мүмкіндіктері артық болмақ.

Жалпы, осы мәселе төңірегін­де неліктен Қазақстан үшін қазақ-орыс-ағылшын тілдер-компоненттерден құралған үштілділік ресми түрде тиімді танылып отыр, осының себептері қандай деген сұрақтардың жауабын елдің қазіргі геосаяси жағдайынан, жүріп өткен тарихи жолының қазіргі кездегі іздерінен, айналасындағы көршілес елдермен құрмаласудағы (интеграция) ұстанатын саяси басымдықтарынан іздеу орынды. Қайсыбір елдегі тіл саясатындағы басымдықтарды анықтауға оның ішкі үдерістерімен бірге сыртқы түрткі жайт­тардың да ерекше ықпал ететіні сөзсіз. Олай болса, қазіргі кезде Қазақстанның әлемдік сахнадағы орны «посткеңестік кеңістік» атты геосаяси орта болып отыр. Сондықтан оған осы ортаның субъектісі ретінде посткеңестік кеңістікке қатысты барлық үрдістер мен үдерістер де тән. Сарапшылар мен мамандардың талдауларына қарағанда, бұл кеңістікте қазіргі кезде кеңестік кезеңдегі «этнос тілі – орыс тілі» қос­тілділігінің орнына «қазақ тілі және ағылшын тілі» қостілділігіне ба­сым­дық берілген. Мұндай тілдік саясат мемлекеттік деңгейде, әсіресе, Балтық елдері, Украина, Грузияда айқын қолдау­ға ие болып отыр. Әрине, бұл елдерде орыс тілінің қолданысы мүлде тарылды деуге келмейді, дегенмен Литва, Латвия және Эстонияда мемлекеттік деңгейде орыс тілінің ресми функциялары жоқ. Осыған ұқсас жағдай басқа посткеңестік мемлекеттерге де тән. Алайда мәселені зерттеген мамандар орыс тілінің қызметінің тарылуы осы елдердің бірінің дамуына айтарлықтай зиян тигізбей жатса, екіншілерінің дамуына нұқсан келтіріп жатқанын көрсетеді. Мысалы, Балтық жағалауы елдерінде қашанда мемлекет басқару, шаруашылықты ұйымдастыру ісінде, ғылым-білім және т.б. қоғамдық өмірдің негізгі салаларында үлгі модель Батыс Еуропа елдері болатын. Тіпті олар КСРО құрамына да Орта Азия елдерімен салыстырғанда кешірек, екінші дүниежүзілік соғыстың алдында кірді. Сөйтіп, сол кездің өзінде тәуелсіздік тәжірибесін басынан өткеріп, тәуелсіз сананың, тәуелсіз мәдениеттің қалыптасуына тарихтан мүмкіндік алған бұл елдер өз «менін» КСРО кезіндегі тоталитарлық мәдениетке, тоталитарлық санаға қарсы қоя алды. Ал тоталитарлық Кеңестік Одақ орталығының Орта Азия елдеріне, Қазақстанға деген қатынасы ерекше қатал болды, соның салдарынан бұл елдер сол кезде орыс мәдениетіне өз ұлттық мәдениетін (тілін) батыл қарсы қоя алуға мүмкіндік ала алмады. Осы себептерге байланысты аталған посткеңестік елдерде Кеңес үкіметі құлаған соң тәуелсіз ұлттық сананың қалыптасу үдерісі Қазақстанмен салыстырғанда жедел жүрді, мұның барлығы да сол елдердегі орыс тілінің позициясына өз әсерін тигізді. Қазіргі кезде, мәселен, Балтық елдерінде орыс тілі тек орыс ұлтымен қарым-қатынас орнату тілі қызметін атқарады. Ал Қазақстанда орыс тілінің позициясы жоғары: ол Конституцияда бекітілген мемлекеттік тілмен қатар ресми жағдайда қолданылатын тіл ретінде көрсетілген. Кавказ елдері, оның ішінде Грузия­дағы мемлекеттік және ағылшын тілдері негізіндегі екітілділікке басымдық беру бұл елде сыртқы саясаттың Батысқа бағдарланғандығымен тығыз байланысты. Осымен байланысты Грузияда қазіргі кезде орыс тілінің позициясы төмендеп кетті. Сондай-ақ сарапшылар посткеңестік кеңістіктегі Орта Азия елдерінің ішінде қостілді модельге бағдар алғандардың бірі Өзбекстандағы жағдай жоғарыдағы елдермен салыстырғанда қоғам дамуы үшін айтарлықтай тиімді болып отырған жоқ деп бағалайды. Себебі мұндағы орыс тілінің орнына ұсынылған ағылшын тілі елде әлі күшті позицияларды алған жоқ. Ағылшын тілін халықтың мүлде аз бөлігі және белгілі бір мамандық иелері ғана білетіндіктен, өзбек қоғамы монотілділікке ойысқан десе де болады. Ал бұндай біртілді қоғам жаһанданудың заманында аморфты келеді, сырттан келген ақпараттар легін игеру мүмкіндігі шектеулі болады. Міне, осындай қауіптерді ескергенде, қазіргі таңда посткеңестік кеңістіктің субъектісі ретінде Қазақстан үшін таңдалған «қазақ тілі – орыс тілі – ағылшын тілі» үштілділік моделі сыртқы саясат бағдарына, ішкі жағдайға мейлінше жауап бере алатындай болып отыр. Мұндағы ішкі жағдай дегенде Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі орыс тілінің әлі де мықты позициясын, сонымен бірге ағылшын тілінен келген ақпараттың 80-90 пайызының қазақ тіліне аударылуына аралық тіл қызметін атқарып отырған рөлін ескеру қажет. Себебі елдегі қа­лыптасып отырған жағдайда ағылшын тілді азаматтар санының әлі де ақпарат­тық кеңістікті игерудегі жеткіліксізді­гі, сонымен бірге тікелей мемлекеттік тілден ағылшын тіліне аударатын, оқытатын құралдардың тапшылығымен байланысты орыс тіліне арқа сүйеу күшті. Бұған қоса Қазақстандағы тілдік саясатта үштік модельге басымдық беруге өз де­мократиялық даму жолында Ресейге көп бағ­дарланғандығымен байланысты саяси фактор да себеп болды. Екінші жағынан, Қазақстандағы орыс ұлтының әлі де болса өз мәртебесін сақтап қалуға деген құл­шынысын және мұны Ресейдің бел­сенді қолдауын да назардан сырт қалдыр­маған жөн. Дегенмен, соңғы жылдары жүргі­зілген жан-жақты сараптау нәижелері Қазақ­станның да осы кеңістіктегі субъекті елдерде айқын байқалған үрдіс: «қазақ тілі және ағылшын тілі» қостілділік моделінің басымдық алуы жолында келетінін көр­сетеді. Бұл үрдіс ай­қын әрі алдағы уақытта қарқын ала түсе­тінін елдегі тәуелсіз әлеуметтанушы­лық зерттеу нәтижелері де көрсетіп отыр. Бір қызығы, мұндай үрдістің дамып келе жатқанын арнайы осы мәселеге ғана емес, басқа мәселелерге арналған зерттеулер де аңғартып отыр. Мәсе­лен, BISAM орталығының 2010 жылғы Қазақстандағы ЖОО сапасына арналған зерттеу нәтижелерінде қазіргі жастар, әсіресе, мектеп оқушылары мен студент­тер қауымы арасында «қазақ тілі және ағылшын тілі» екітілділігінің өте кең таралғанын және оның үдей түс­песе, ал­дағы уақытта бәсеңдемейтіні көр­сетілді. Демек орыс тілінің елдегі қазіргі позициялары ешбір арнайы шаралар салдарынан емес, қалыптасып отырған қоғам талғамымен байланысты өзгеріп, әлсіреу үрдісі анық. Бұған қоса, сарапшылардың пікірінше, жалпы орыс ұлтының демографиялық дағдарысы да оның Қазақстандағы диас­порасының санына әсерін тигізбей жатқан жоқ, себебі соңғы санақ елдегі орыс эт­носының жағдайы, орыс тілінің позиция­сы айтарлықтай әлсіремесе де, саны азайып отырғанын көрсетті. Басқаша айтқанда, Ресейге көшпей, Қазақстанда қалған орыс этносы өкілдері ішінде демографиялық ахуал жаппай дағ­дарыс үрдісіне шалдығып отырғаны байқалады. Сондықтан зерттеушілер, Қазақ­стан­да алдағы уақытта қазақтану үрдісі арта түсетіні, ал орыстану үрдісінің бәсеңдей беретінін анықтап отыр. Олай болса, мемлекеттің тіл саясатында бүгінгі күні басымдық беріліп отырған үштілділік моделі өз эволюциясында екітілділікке келетіні туралы болжамның негізі бар. Сонымен бірге әлеуметтік аспектіде жаһанданудың табиғатымен байла­нысты мынадай маңызды мәселеге назар аудару қажет. Жаһандану – елдердің эко­номикасын, саясатын, қаржылық жүйесін, мәдениетін жаппай унификацияға ұшы­рататын капитализмнің дамуының бір кезеңі. Капитализмнің жаһандық нарық, жаһандық корпорациялар тудырған шағынан бастап мәдениет те шалдығады, яғни жаһандық нарықтың элементіне айналады. Жаһандық нарық субъектісінің экономикалық қуатына қарай оның мә­дениеті де басымдық алады. Мәселен, әлем­­дегі экономикасы мықты болған соң, Ба­тыс елдерінің мәдениеті жаһандық сипат алып келетіні белгілі. Ал посткеңес­­тік кеңістікте осы себепті ресейлік мәде­­ниет мұндай басым рөлге ие болып отыр. Демек, қазіргі Қазақстан ұстанған үштіл­ділік моделі компоненттерінің біріне жаһан­дық мәдениет тілі, екіншісіне аймақтық мәдениет тілі алынып, олар тәуелсіздігін жаңа алған, тоталитарлық бодаудан бос­тан болған экономикасы өз аумағынан тыс­қарыда әлі берік орнықпаған ұлттың мем­лекеттік тілімен бір жүйеде дамымақшы болып отыр. Мұндағы ағылшын тілінің де, орыс тілінің де қазақ тілімен салыстырғанда ұпайы түгел. Қазақ тілінің екі жаһандық тілдің әсерімен жұтылып кету қаупін ескеру, оның алдын алу мемлекеттің болашағы үшін аса маңызды. Сондықтан қазақтану үдері­сінің эво­люциялық жолдан ауытқып кетпеуіне ерекше мән беру керек. Сөз жоқ, қазақтану үдерісі жүріп жатыр. Мемлекет елдің барлық азаматтарының мүддесін қорғаушы, олардың мүдделерінің кепілі ретінде тыныштық пен ұлтаралық келісім тұрғысынан қазақтану үдерісінің ауыртпалықсыз, баяу, бірақ нық, бір­тіндеп әрі жан-жақты, барлық азаматтар мүдделеріне барынша үйлесімді өтуін қадағалап отыр. Сондықтан осы баланс­ты сақтау аса қажет және қазақтанудың эволюциялық жолмен өтуі елдегі тілдік жағдаяттың ешбір қақтығыс, шиеленіссіз сенімді түрде мемлекеттік тілдің пайдасына қарай өзгеруіне әкелуі тиіс. Жекелеген этностардың жаһандық бұқаралық мәдениетке өзінің бет бейнесін, терең тамыры мен рухани қуатын көрсе­тетін ұлттық мәдениетін қарсы қою ұмты­лысы ел-елде этно­символизмдердің қалып­та­суына жол ашты. Ал этносимволизм­­­нің негізгі элементі – тіл. Бүгінгі күні пост­кеңес­тік кеңістіктегі барлық тәуелсіз мем­лекет­терде ұлттық және отарлық-тотали­тар­лық этносимволизмдер арасында күрес жүріп жатқаны анық аңғарылады. Соңғы­сына отарлаушы империяның мұрагері ретіндегі Ресейдің кейбір күштері белгілі бір дәрежеде қолдау көрсетуге мүдделі болып та жататыны жасырын емес. Қазір Қазақстанда да әртүрлі этномәдени символизмдер арасында күрес жүріп жатыр. Мәселен, ұлтшылдар қазақ этномәдени сим­во­лизміне басымдық береді. Елдегі орыс этносының өкілдері кеңестік кезең­дегі өз мәртебесін сақтап қалуға әбден тырысып отыр. Кез келген мемлекет ұлтшыл­дықтың жемісі болғанымен, Қазақстан қазақ этномәдени символизмінің негізін­де құрылғанымен де, мемлекет елдегі саяси, экономикалық тұрақтылықты сақтау, диаспоралар мүдделерін қорғау, көршілес Ресеймен достық қарым-қатынасты нығайту, елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған шараларды жүзеге асыру үшін түрлі этносимволизмдер арасындағы келісімді сақтауға бағдарланып отыр. Демек, өкімет баланс қызметін атқарып отыр. Демек, қазақ және ағылшын екі­тіл­ділігіне бет алған үрдіс айқын болса, тіл саясатында оның стихиялы жолмен кетпей, ел мүддесі, ұлт мүддесі, ұлттық бірегейлік тұрғысынан реттелуін қа­дағалау механизмдерін күні бұрыннан ойластырған абзал. Ең алдымен мұнда қазақ тілінің жаһандық тілмен бір кеңіс­тікте бәсекелестік ортаға түсетінін ес­керіп, қазірден бастап мемлекеттік тіл­дің әлеуетін, қоғамдық беделін арттырып, позицияларын күшейту, осы мақ­сатта аралық тіл ретінде орыс тілін тиім­ді пайдалану шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру, ағылшын тілінің Қазақ­стандағы қолданыс аясы мен қызмет­терін анық белгілеп, тиісті шегінен асырмай қолдануды қолға алу аса қажет. Рүстем ҚАДЫРЖАНОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, филология ғылымдарының кандидаты

4148 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6791

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6007

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3745

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3134

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3092

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3068

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2796

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2781

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы