• Ақпарат
  • 21 Маусым, 2012

Үйлесімге барар жол

 Адамзат қоғамында жақсы мен жаман, махаббат пен зұлымдық, пайда мен зиян мәңгілік тақырыптар саналады. Ой-санамыз осынау түсініктер төркінін негізінен фәлсафа мен ахлақ, этика мен көркем әдебиет төңірегінен іздеуге машықтанған. Алайда зымыран заманымыз ақиқат іргесін кеңейтіп, экономикалық саясат ауылын да әңгіме маңайына қоңсы қондырып отыр... Әлемдік экономикада ислам қаржысы мен институттарының өсіп-өркендеуін сипаттайтын мағлұматтар бүгінде жалпақ жұртқа мәшһүр. Аталған тақырыпты тамызық қылып, қаузап жүрген ағайынның бұл төңірекке қайырылмай кететіні некен-саяқ. Сөйтсе де, кез келген күрделі қоғамдық құбылыс сияқты ислам қаржысының қалыптасып қалған өрнек-тәжірибесі де мұқият елеп-екшеуді, ой сүзгісінен өткізіп, түйткілдер түйінін шешуді, болашақ даму бағдарларын бағамдауды қажет етеді. Міне, сондықтан да алдымен бүгінде айтылып жүрген пікір-пайымдарға, тұжырым-түсініктерге тоқтала кетейік...

Пікірлер алуандығы «Сын түзелмей – мін тү­зелмей­ді» дейді қазақ. Ислам қар­жысының қарсылас­тарын екі топқа бөлуге болады. Әдетте, сын атаулы оңнан да, солдан да қарша борап жатады. Исламға ден қоятындардың көбі бұл орайда Шариғат талаптары орындалмай, қаржы исламға телінсе де еуропалық жүйеден бірқатар ұстанымдар, яғни несиеден алынатын табыс, ипотека бойынша жоғары баға, банкирлерге тиесілі қомақты бонус (сыйақы) және басқалар бойынша қашық қонбағанына қынжылыс білдіріп жатады. Солдан сынаушылар ислам қаржы жүйесін бүгінгі дәстүрлі жүйеге жығып бергісі, ислам этикасы шектеулерін ке­міту үшін барынша ырықтандырғысы келеді. Әсіресе пайыз берілмейтін ислам несиелері туралы сөз бола қалғанда «сынықты сылтау ету» үдеп кетеді. Оң тараптан сынаушылардың ис­лам қаржыландыру тәжірибесі әлі де жетілдіруді, дамытуды қажет етеді деген тұжырымына қосылуға болар. Бұл орайда адами факторға қатысты бірқатар кемшіліктер қылаң беріп қалады. Және де фанатизммен, әпербақандықпен, терроршылдықпен, пайыз қуумен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын хақ исламның жасампаз әлеуеті толығынан көрініс тауып отыр деп те айта алмаймыз. Шариғатта қарызға алынған қаржыдан өсім алуға ты­йым салынады. Алайда кейбір елдер­ді есепке алмағанда, банк тәжірибесін­де, соның ішінде Қазақстанда да пайда түсірілмейтін, пайызсыз несиелер жүйе ретінде қолданысқа ене қойған жоқ. Шырқыраған шындық осы. Ислам қаржысының түйткілде­рін түйсініп, оның тәжірибесін жетіл­діру мә­селесін ой елегінен өткізе келе бұл атауды ауыстырудың немесе өзгер­ту­дің қажеті жоқтығына көз жеткіземіз. Ол, біріншіден, әлемдік қаржы жүйесін­де орнығып қалды, екіншіден, оның ір­гелі қағидаттары он төрт ғасырдан ас­там тарихы бар Шариғатқа сүйенеді. Ислам экономикалық моделінің дәстүрлі жүйеден пайда болу кезеңі мен мінсіз­дігі тұрғысынан артықшылықтары көп. Үшіншіден, қалыптасқан тәжіри­бені талдай келіп, оны жетілдіру жолда­рын, тетіктері мен құралдарын іздес­тіру, хақ исламның қағидаттарымен толық сәйкестендіру қажет. Бұл шындығында сындарлы көзқарас болып табылар еді. Осы мақсатты көздей отырып, бүгінгі таңда туындап отырған кейбір түйткілдерге үңіле кетейік. Бұл орайда ислам экономикалық моделі әлі де жұмыс істемейтін және бұл модель қолданылып жүрген өлкелерден кенжелеп, қалыс қалған елдердің бір артықшылығы бар – олар ілгері озған елдер тәжірибесін сын тезінен өткізіп, өздеріне қажет сабақ ала алады. Ислам қаржыландыру моделі, біздің ойымызша, бірқатар ұстанымдар бойынша жетілдіріле түсуге тиіс. Бұл ретте оның негізінде жатқан қағидаттар бұлжымауы қажет. Өйткені мұнда экономиканың үйлесімді өсуіне, қоғамның жарасымды дамуына керекті орасан зор әлеует, күш-қуат жатыр. Мұнда, мәселен өзгелерде жоқ «зекет», пайызсыз несиелер бар. Ең әуелі өсімқорлық арқылы көлденең табыс табуға тыйым салатын Шариғат талаптарын орындай келе, ислам банкингі тәжірибесіне табыссыз, пайызсыз несиелерді беруді енгізу керек. Бұл оның Шариғат қол­дайтын және бүгінгі білімді дүниеде қолданылмайды деуге болатын орасан зор артықшылығы болып табылады. Осы орайда несиелік-пайыздық «көпіршіктерді» барынша үрлейтін, несиелік-пайыздық тәуелділікке, яғни «инеге» мәжбүр ететін тойымсыздық­қа әкеліп соғатын дәстүрлі банкинг қателіктерін қайталамау өте маңызды. Пайызы бар несиелер қаржылық-экономикалық дағдарыстарды еселеп, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздікті күшейте түседі, өркениетті құлату қаупін туғызады. Ал, ислам банкингінде бәрі де басқаша болуға тиіс. Қалайша? Әлбетте, кез келген ислам банкі қазіргі нарықтық экономикада тек қана табыссыз несиелеумен айналысса, гүлденіп өсуді былай қойып, аман қалуының өзі мұң болып, бас сауғалап кетер еді. Осынау қиғаштық, кез келген оғаш әрекет сияқты хақ исламға да қайшы келеді. Барлық істе арнадан аспай, бірқалыпты болу жөніндегі үйлесімділіктің керемет қағидаты бүкіл ислам идеологиясына тән. Осыны негіз­ге ала келе, ислам банкингінде қыз­мет­тің қос негізін – табыссыз несиелеу мен ­табыс алынатын инвестициялау­дың басын қосуға, сөйтіп, «кешенді қар­жыландыру» идеясына келуге болады. Банк қызметтері мен өнімдері­нің барлығын клиентке бір комплекті­мен, бір кешенмен, бір қоржынмен ұсынуға болады. Осы арқылы аралас экономикаға тән нарықтық және бейнарықтық тетіктерді үйлестіріп, ислам банкингі мен қарыз алушылар мүдделерінің қайшылықтарын еңсеруге болады, бірақ мұның өзі көп адамды үрейлендіретін болуы керек. Тығырықтан шығу тетігі бұл жерде кереғар сияқты көрінетін комплек­тілі қаржыландыруда жатқандай. Инвестициялық жобалардың тиім­ділігі қаншалық жоғары, саны неғұр­лым көп болса, банк те табыссыз несиелерді соғұрлым көп бере алады, қаржыландыру формаларының жекелей алынған сегменттік түрінің орнына комплектілік қаржыландырудың мүмкіндігі соғұрлым молая түседі. Банк комплектінде табыссыз несиелердің болуы олардың нақты сек­тор компаниялары үшін тар­тым­дылығын күшейте түседі. Осындай несиелердің басты ерек­шелігі – «жедел жәрдем» ре­тін­де кез келген кезеңде клиенттерге тұрмыста кездесіп тұратын әртүрлі мәселелерін шешу үшін беруге болатын мүмкінді­гін­де. Бір жағынан депозиттердің көле­мі жеткіліксіз болса, екінші жағынан ақшаға сұраныс артып тұрса, осы не­сие­ні келісілген уақытта қайтарудың маңы­зы зор. Сөйтіп, бұл үлкен сұра­ныс­ пен жеткіліксіз ұсыныс арасында­ғы қайшылық ақша айналымының жыл­­дамдығының ар­туының арқасын­да жойылуы мүмкін. Депозиттердің көлемі жетіспей, әсіресе банктің жаңа ашылған кезінде жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан Ислам банкіне тек қала, не аймақ бойынша қызмет атқару жеткіліксіз болады. Ол банктің Орта Азияда ғана емес, басқа шекаралас мем­лекеттерді де қамтып отырғаны абзал. Бұл мәселені шешуде Интернеттің көмегі зор. Тіптен интернет-банктер ашылуы әбден мүмкін. Дәстүрлі қаржы институттары мұндай несиелермен айналыс­пай­ды және ондай мүмкіндігі де жоқ. Сөйтіп, ислам қаржысына деген сұраныстың өсуін тосуға болады. Экономикалық пайда іздеген клиент­тердің, компаниялардың, солармен бірге салымшылардың және ақша ағын­дарының дәстүрлі банкингтен ислам банкингіне ауысуы әбден мүмкін. Бәсекелік күрестегі мұндай ұтыс экономикалық көзқарас тұрғысынан алғанда ғана емес, сондай-ақ ахлақтық жақтан да ақылға қонымды болады. Бұл жерде біз қазіргі таңда көпшілік жұрт үшін экономикалық пайда әлі басым болып отырғанын қаперге аламыз. Алайда уақыт өте ахуал руханилық жа­ғына өзгеріп, ақша табиғаты мен рөлі басқаша болады деп санаймыз. Сөйтіп, миллиондаған, тіпті миллиардтаған мұсылмандар мен мұсылман еместер ислам экономикасы мен қаржысына ыңғай білдіретініне, әлемдік шаруашылық үйлесімділіке қарай бет бұратынына кәміл сенеміз. Сөйтіп, пайыз қуу, болмаса пайызқорлық өз түбіне өзі жетеді! Экономикалық дәстүрлер Бір-бірінен қағидатты түрде алшақ экономикалық модель­дердің, түрлі қаржылар­дың, атап айтқанда дәстүрлі қаржы мен исламдық деп аталатын балама қаржының таралуы қазіргі заманғы экономиканың ақиқатына айналды. Осы орайда ақшаны ақылға қонымды қолданудың ұқсас тұжырымдары иудаизмде, христиандықта және исламда бар екендігін және олар дәстүрлі жүйеден тарихи тұрғыдан алғанда анағұрлым ерте талданып, ой елегінен өткізілгенін айта кету керек. Алайда бізді түрлі қаржы жүйелерінің мәні мен маңызы қызықтырып отыр. Бұл жүйелерді таза қаржылық-эко­номикалық көрсеткіштер бойынша, бә­секеге қабілеттік жөнінде салғастыру қалыпты жағдай. Алайда, экономика мен қаржының салыстырылып отырған модельдерін рухани негіз бойынша қатар қоюға болмайтыны қаперге алынбайды. Мұның алғашқысында, яғни дәс­түрлі модельде рухани негіз жоқ деу­ге болады, ол ертеде-ақ шайылып кеткен, ал екінші модельде оның тұғыры нық, босағасы берік. Экономикалық теория ұғымдарын қолдана отырып, осылардың айырмашылықтарына көз жүгіртіп көрелік. Теорияға сәйкес тауар мен қызмет өндіруді, өткізуді орағытып өтіп, өсімқорлық және алыпсатарлық жолмен ақшадан тікелей пайда табуға болады, тіпті мұның өзі тиімді де. Осыған орай көптеген дамыған елдерде қаржы секторы нақты экономикадан алшақтап кеткеніне таңдануға болмайды. Орасан көп ақша қаржы секторының ішінде айналып, бөлек бір «қан айналу» жүйе­сін құрған. Пайыздан пайда табуға құмарлық – пайызқорлық, яғни депозиттен, несиеден пайыз алу кең тарап отыр. Бұл орайда пайыз кемуі, сөйтіп, төмен болуы мүмкін деп уәж айтушылар да табылар. Иә, мәселе мұны жоққа шығаруда немесе оның ықтималдығы төмендігінде, пайыздың мөлшерінде емес, оның табиғатында болып отыр. Пайыз дегеніміз адамдар санасын «улайды». Либералдық сипаттағы нарықтық экономиканың серігі ретінде пайыз қуу зайырлы қоғамда әлеуметтік сырқатқа айналды. Егер қазіргі әлемдегі экономика­лық модельдерді – ағылшын-саксон­дық, континенталдық, скандинав­тық, оңтүстік-еуропалық, жапондық, қытайлық экономикалық модельдерді әлеуметтік әділдік және экономикалық тұрақтылық тұрғысынан салыстырып қарайтын болсақ, бұл модельдердің барлығы да қоғам мен экономиканың үйлесімді дамуын толыққанды қамтамасыз ете алмайтыны аңғарылып қалады. Оларға материалдық пен ру­ханилық арасындағы сәйкессіздік тән, мұның біріншісі екіншісінен басым түсіп отырады. Бұл пайыз қуудан көрініс табуда. Мұның экономика мен қоғамға қандай жағымсыз әсерлері бар? Жағымсыз әсерлерді былайша сипаттауға болады. Пайыздық табыс көздеу мұңсыз-қамсыз өмірге жол ашады, расында да егер дивидендтерге өмір сүруге болатын болса, жұмыс істеп қажеті қанша? Еңбек белсенділігінің төмендеуі тауарлар мен қызметтер өндірісінің кемуіне әсер етеді. Бұл сонау антикалық дәуірде-ақ белгілі болған жайт. Біз мұны дамыған аймақтардағы дағдарысты ахуалдан да көріп, байқап отырмыз. Пайыз банкирлерді кейде тіпті тәуекелі жоғары несиелерді көбейтуге итермелейді, өйткені олардың бонустары қызметкерлердің осындай экономикалық мінез-құлқына тәуелді болады. Жарнама атаулы жедел несие алу үшін клиенттерді банкке келуге үндейді. АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыс пайыз қуудың бітім-болмы­сын көрсетіп берді, қажеттіліктің, сұраныс пен ұсыныстың, пайданың жоғарылауының экономикалық заң­дарына сүйенген қозғалмайтын мүлік нарығына қатысушылар несие көлемін, оның пайыздарын, баспана құнын шырқатып жіберді. Адам санасындағы ішкі шектеудің жоқты­ғы себепті олар «сабын көпіршігін» қампайта үрлеп, ғаламдық қаржы дағдарысына жол ашты. Салымшылардың жеңіл, еңбексіз табыс алуын қамтамасыз ететін пайызы бар депозиттер адамды ақша мен материалдық игіліктерге құнығуға, қарақан бастың қамын күйттеуге итермелейтіні рас. Жеке тұлға санасының мұндай бұралаң-бұрылыстары қоғам үшін қымбатқа түсіп жатады. Мұның бір парасы – отбасы мен неке рөлінің төмендеуі, бала туудың азаюы. Әлемнің дамыған елдерінің барлығы дерлік қартаюға және ұлт санының абсолютті түрде қысқаруына душар болып отыр. Соғыс пен эпидемиясыз-ақ жойылу деген міне, осы. Бұл жағдайдың өзі-ақ па­йыз қуудың жағымсыз мән-маңызын түсініп-түйсінуге итермелесе керек. Әділ жүйе Ислам экономикалық мо­делінің мақсаты дәстүрлі жүйеден бөлек, ол қоғам мен экономиканың үйлесіміне апаратын жолдың бастауында тұр. Исламның экономикалық қағидаттары оларды толығынан қолданған жағдайда өзге экономикалық модельдерге тән әлеуметтік теңсіздіктерді жоя алады. Ислам экономикалық моделі эко­номиканың нақты секторының есе­бінен, сондай-ақ ішкі жалпы өнімді қайта бөлу жолымен экономикалық даму­дың қолайлы өсімін әлеуметтік әді­лет­тіліктің орнығуымен ұштастыра алады. Үйлесімге барар жол қоғам өмірін ұйымдастырудың бес негізгі қағидаты арқылы өтеді. Мұның барлығы Жаратқанның жарлығында көрініс тапқан. Яғни, сұраныс пен талап-тілек атаулыны арнадан асырмай, экономикалық қарым-қатынаста әділ болып, кедей, кембағал жандарға мейірім танытып, жеке адам мен қоғам мүдделерін тең ұстап, жекеменшікті қадірлеп, дамудың дұрыс жолына түсуге болады. Ұлттық экономикалық жүйені жаңғырту, жаңа типті әлеуметтік экономикаға көшу кезінде исламның қаржы банкингін дәстүрлі батыс моделімен ұштастыра пайдалануға болады. Қаржы жүйесінің екі модельдің кірігуі негізінде жұмыс істеуі мұндай биполярлық үрдісі бар елдердің тәжірибесіне қайшы келмейді. Мә­селен, моноконфес­сиялы араб мем­лекеттерінде экономиканың таза исламдық моделін жасауға бар­лық алғышарттары бар. Алайда осындай таза күйінде ол тек Пәкістан мен Суданда ғана қолданылып отыр. Өзге елдер болса өз халықтарының діни ерекшеліктеріне сәйкес әртүрлі модельдерді түрліше жағдайда ұш­тастыру жолымен жүріп келеді. Дегенмен, оларда халықтың конфес­сиялық құрылымының әрқилылығы­на орай жоғары үйлесімді экономика құру қиынға түседі. Бірақ бұл қиындықтарды болашақта еңсеруге болады. Қалайша? Түрлі діндердегі тұтас бір құнды­лықтар бір-біріне толық сәйкес келеді. Экономика үшін бизнестің адалдығы, шаруашылық қатынастардың әділдігі кез келген дінге тән екендігі маңызды, бұл орайда деструктивті секталар назарға алынбайды. Екіншіден, қазіргі заманғы несие, қор, валюта сияқты қаржы нарықтары тәуекелі жоғары болып, тұрақсыздық пен дағдарысқа ұшырап отыр, мұның өзі халықтың дәстүрлі қаржы құралдарына деген сеніміне селкеу түсіруде. Көптеген елдердің банк жүйелерінің клиенттері жаңа, балама қызметтерге мұқтаж. Міне, сондықтан халықтың ислам банкингіне, акцияларына, лизингіне, сақтандыруына деген ынта-ықыласы өсіп отыр. Түрлі елдердің тәжірибесі ислам қаржы институттарына мұсылмандар ғана емес, өзге дін өкілдері де көңіл аударып отыр. Англияда, Германияда, Францияда, Малайзияда және басқа мемлекеттерде ислам банктері клиент­терге олардың діни сенімдеріне қарамастан қызмет көрсетеді. Олар депозит базасын өздеріне деген сенім, тұрақтылық пен халықтың сапалы қаржы қызметтеріне деген сұранысы негізінде қалыптастыруда. Бизнестің ислам банкингі мен қаржысына, экономикасына деген көзқарасы жоғары маңызға ие. Компаниялар инвестицияларға пайызы бар несиелермен салыстырғанда анағұрлым зәру. Өндіріс мүдделерімен біте қайнасу берік рухани-адамгершілік тұғырдағы ислам экономикалық жүйесі дамуының басты факторы болып табылады. Өзге экономикалық модельдердің мұндай айырықша қасиеті жоқ. Ислам экономикалық моделі инвесторлар, банктер және өзге қаржы институттары мен компаниялар арасындағы өза­ра сенімнің жоғары болуымен сипат­та­лып, адалдыққа, ақиқатқа сүйенеді. Міне, осы қасиеттер қоғам мен экономи­ка өміріндегі жағымсыз құбылыстарға қарсы күресте барлық ізгі ниетті жандарды топтастыруға тиіс. Бизнес-құрылымдардан бөлек азаматтық қоғам институттары және билік органдары экономика мен қаржыдағы ислам қағидаттарын ұстанушылар жағында болуға тиіс. Түптеп келгенде, өз ақшасымен ислам институттарына, оның құнылықтарын әділ бағалауға дауыс беретін халық қолдауы шешуші мәнге ие болмақ. Бизнес пен банктер арасындағы сенімді, әріптестік қатынастарды ны­ғайту нақты экономиканы пайыз­сыз несиелеу, компаниялардың бә­секеге қабілеттілігін арттыру, тауарлар мен қызметтер бағасын кеміту үшін мүмкіндік туғызады. Ал, мұның өзі беймұсылман әлемінің ислам идеологиясының құндылықтарын қадірлеуіне, оның мәнін шынайы түсінуіне, исламға деген негізсіз қорқыныш сезімінен арылуға жағдай жасайды. Радикализм мен террор көріністері тыйылады, Батыс пен Шы­ғыс арасында әріптестік қатынастар орнығады. Ислам қаржысы мен эконо­ми­касының басты мәні, қазіргі заман үшін оның өлшеусіз маңызы міне, осында. Шариғатқа сәйкес несие үшін па­йызға, қайталама құнды қағаздарға, валю­та сатуға тыйым салынады. Бұл заң­нан тыс деп жарияланады. Мұсылман және беймұсылман халқы бар қоғамда ұлт­тық экономикалық жүйе екі модель­дің – ислам моделі мен дәстүрлі модельдің ұштасуы арқылы қалыптасады және аралас экономика сипатына ие болады. Таза тауар нарықтарымен қатар өзгертілген пайызсыз несие нарығы, валюта нарығының алып-сатуынсыз қор нарығы жұмыс істейді. Басқаша айтқанда, қаржы секторында «баға» категориясы шектелініп қолданылады, себебі Шариғатқа сәйкес ақша тауар болып саналмайды. Шығыс адамының өмірге көзқара­сын­да индивидуализм-жекешілдік пен коллективизм-көпшілдік бастаулары орын алған. Жеке адамда олардың арақатынасы әрқилы болуы ықтимал, бірақ руханилықтың, менталитеттің, әлеуметтік ортаның әсерімен жымдасып кетуі заңдылық болып табылады. Қаржы саласында, атап айтқанда ислам қаржысында адамның дүние­танымының екіұдай табиғаты бөлекше бітім алады. Мәселен, қаржы қатынастары кең тұрғыдан алғанда руханилықтың, атап айтқанда діннің әсерімен қалыптасады. Ислам қаржысында ақша тауар болып табылмайды, сатуға-сатып алуға жатпайды, несие сыйақысыз, пайызсыз беріледі, ақшаның алыпсатарлық айналымына, оны харам мақсаттарға, яғни ішімдікке, темекіге, есірткіге, құмар ойындарына, ойын-сауыққа қолдануға жол берілмейді. Ақша жеке адамның өзіндік мүдделеріне, сондай-ақ оның жақын-жуықтарына, жарлы-жақыбайларға жәрдем мен қолдау көрсетуге жұмсалады. Бұл үшін міндетті «зекет» салығы салынады. Мұсылман мейірбандылығы мұнымен шектеліп қалмайды. Ол өзінің басы бос ақшасының белгілі бір бөлігін бизнес­ке сыйақысыз, пайызсыз несие ретінде ұсына алады. Үнемдеу мен жинақтауға деген ұмтылыс исламда бар, жеке адам­ның табысы оның ақылға қонымды сұранысынан асып тұрған жағдайда басы бос ақша «үй банкінде» қозға­лыссыз жатпауы тиіс. Керісінше, ол ақша айналымға түсуі керек. Осы жағдай адамды банкке келуге, банк есебін ашуға итермелейді. Міне, сондықтан да клиент біздің ойымызша өзінің екіұдай мақсаттарына, яғни өзі және қарыз алушы үшін табыс алуға орай екі банк есебін – инвестициялық және несиелік есептер ашуға тиіс. Ең бастысы – руханият Рухани-адамгершілік құнды­лықтарға негізделген эко­номикалық жүйе эконо­ми­калық тұрақты өсімді әлеуметтік әділеттілікпен барынша тығыз ұштастыруға, байлар байып, жарлы-жақыбайлар күйзеліп отырған қоғамның табыс бойынша екіге жарылуын тоқтатып, кері кетіруге қабілетті. Кедейлік жоқ Оман мемлекетінің мысалы осыны көрсетеді. Дамыған елдердегі, атап айтқанда еуроаймақтағы, АҚШ-тағы әлеуметтік картина әлеуметтік екіге жарылу кемімей отырғанын, ал қазіргі дағдарыс жағдайында тіпті ұлғайып бара жатқандығын көрсетіп отыр. Осыған орай өркендеген мемлекеттердің бір­қатарында қолданылып жүрген эко­номикалық жүйеге деген халық қар­сылығы күшейіп келеді, мұнда ара­салмақ еңбекшілер жалақысынан мен­шік иелері мен топ-менеджерлер­дің, орта және кедей топтардан байлар мен ал­пауыттардың, рухани сұраныс­тар­ды өтеуден материалдық игіліктердің пайдасына көшірілуде. Қазіргі таңда пайызсыз несиелеуге қатысты алыпқашпа сөз көбейіп отыр. Ислам банктері пайыз деп атамай, ақша өсімін алып отырғаны айтылады. Банк пайызы мен тәуекелдерді және табыстарды бөлу ұғымдарының экономикалық мазмұны әрқилы болғанымен, қара­пайым көпшілік санасында мұның барлығы барабар қарастырылады. Сөйтіп, ислам банкингінің бәсекелестері ислам банктерінің мағынасын бұрмалап, клиенттердің ағынын тежегісі келеді. Міне, сондықтан да Шариғатқа сәйкес және таза прагматикалық тұрғыдан алғанда «исламның табыссыз несиелері» деген ұғымды қолданған жөн. Бұл несиелерге сыйақысыз, пайызсыз қысқа мерзімді, яғни бір жылға дейінгі несиелерді жатқызуға болады. Ұзақ мерзімді несиелер қысқа мерзімді несиелерден айырмашылыққа ие, олар тәуекел мен пайданы бөлуден гөрі коммерциялық табыс алынатын «инвес­тиция» ұғымына жақын. Практиканың жеткіліксіздігін, істі ұйымдастырудағы түйткілдерді, кадрлар біліктілігінің кемдігін алға тартып, ислам қаржысы атауының өзін жоққа шығарғысы келетін сыншылар да кездесіп қалады. «Шаш ал десе, бас алатын» қарсыластардың ауанына көніп, орныққан терминнен бас тарту орынсыз. Шарасыздықтан қолды бір сілтемей, шиеленіскен түйінді шешкен дұрыс. Парасат-пайым түбінде үстем болады деген пікірдеміз. Ислам банктері коммерциялық мін­деттен басқа өздерінің басы бос ақшаға мұқтаж клиенттеріне, кәсіп­керлерге ақысыз-пұлсыз қолдау көрсетуге тиіс болғандықтан, олармен әріптестік қарым-қатынастарға түсуі керек. Мұның өзі салымшылардың, сондай-ақ қаржы алушылардың инвестициялық және несиелік ресурстарын жинақтап, түрлі банк қызметтері мен өнімдерін бір қоржынмен беру дегенді білдіреді. Мұның маңызды мәні сондай-ақ шектеулі ресурстар адамдардың ақылға қонымды сұраныстарын қанағат­тандыруға бағытталып, кейбір теріс пиғылды жандардың зиянды әдеттерін әспеттеуге жырымдалмайды. Бұл жерде ислам қаржысының жақсылықты көбейтіп, жамандықтың жолын кесуге бағытталғаны көрініс тауып отыр. Жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделетін ислам қаржысы конфес­сияға және ұлтқа бөліп-жармастан халықтың барлығына бірдей жарамды. Бұл қаржыға қол жеткізудің бас­ты өлшемі адалдық, өзара көмек пен қол­дауға әзірлік, әділдік пен бизнестің мөлдірлігі болып табылады. Ислам қаржыландыруының жаң­ғыртылған түрі исламдық қысқа немесе ұзақ мерзімді инвестициялардың дәстүрлі жүйемен салыстырғандағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады, мұны қысқа мерзімді табыссыз, пайызсыз несиелермен ұштастырған дұрыс. Олардан экономика мен әлеуметтік саланы қаржыландырудың бірыңғай банк комплектісі қалыптасады. Аталған комплектіде компанияларды, олардың жобаларын қаржы алушының сұранысына қарай қаржыландыру түрі өзгертілуі ықтимал. Бірақ табыссыз несие өзгермейтін құрамдас бөлік ретінде қалады. Оның қаржы қызметтері мен өнімдер қоржынындағы үлесі инвестициялардың 20%-нан кем болмауға тиіс. Сөйтіп, ресурс салымшысы мен алушының тілектерін, мүдделе­рін ұштастыруға әбден болады, себебі мұның екеуіне де эгоист пен альтруистің екіұдай табиғаты ортақ. Қайда тұр­ғанына, қандай конфессияға қатысты болғанына карамастан адамның осы ерекшелігіне эгоистік, материалдық талпынысты қанағаттандыратын, ақшаны әспеттейтін дәстүрлі қаржы жүйесі жа­уап бере алмайды. Сөйтіп, ислам қар­жысы үйлесімді әрі адамгершілікті жүйе болып табылады. Банктің экономикалық мүддесі түрлі формаларда берілетін қаржының біртұтас комплектімен көрсетілетін табыссыз, пайызсыз несиемен ұштас­тырылуы арқылы қамтамасыз етіледі. Қаржыны тиімді пайдаланған жағдайда мұның біріншісінен алынған табыс екіншісінде болмаған жағдайда оның орнын толтырады. Сондықтан да «несие» мен «табыс» ұғымдарын жасанды түрде біріктірудің қажеті шамалы. Шариғатта несиеге жол беріліп, пайызға тыйым салынады. Шариғат бойынша бұлар бір-бірімен сыйыспайды, Жаратқанның жарлықтарына сүйенетін ислам қаржысының бірегейлігі де осында. Ислам қаржысының осынау мүмкіндігі пайдаланылмай отырғанына өкініш білдіруге болар. Міне, осы жаңа жүйеде, әсіресе па­йызсыз несиеде жаңа экономиканың, жаңа ойлау стилінің өскіндері жатыр. Мұның өзі әлемдік экономиканың ізгілік жолымен дамуына мүмкіндік жеткілікті екендігін көрсетсе керек.

Ораз БАЙМҰРАТОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қаржы-банк менеджменті институтының директоры

2677 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7259

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6230

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3971

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3361

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3320

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3289

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3017

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3005

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы