• Ақпарат
  • 28 Маусым, 2012

Әріптестер әлемі

«Ана тілі» газетінде қызмет істейтін қызметкерлер жан-жақты. Олар тек іссапарда болып, мақала жазумен ғана шектелмейді. Арамызда жүрегін жыр тербейтін, сондай-ақ әңгіме әлеміне құштар әріптестеріміз де бар. Тамылжыта ән салып, күмбірлете күй төгетіндер де, спортпен шұғылданатындар да кездеседі. Журналистер мерекесі күні олардың бірқатарының шығармашылығына кезек беріп отырмыз.О, Жарық күн! Жарық дүние! Балдай балғын шақтарымнан іңкәр болдым өзіңе, Жалғаны жоқ. Расы сол. Сен жүректің сөзіне. Асық ойнап, доп қуалар Кезде алаңсыз шырынды, Өмір жайлы тәтті ойлар Тартатын-ды өзіне. Арасында мынау еді құдіреттен сұрарым, «Жағып, қайта сөндіресің неге өмір шырағын?». Сезгеніңде жарық дүние жалғандығын жылт етер, Үстімдегі көрпе астында талай өксіп жыладым. Көз алдымда көлбеңдеді тек арайлы армандар, Емексітіп ертеңіме жетелейтін нұр таңдар. Түсіп алған соқпағыма сенімді едім сенсеңіз, Ойлағам жоқ болады деп сағаттарым жол таңдар. Маңайымнан күттім пәктік, сұлулық пен адалдық, Біле білсең соларменен өмір де құт, адам құт. Ғұмыр-дүние ғажаптығы ғашықтық деп ұқтырған, Не деп саған кінә қоям бақытты шақ – балалық. Тіршіліктің пәтуасыз, өтетінін сан ұқтым, Айта-айта ағайынға осынымды жалықтым. Өмір – арман, өмір – сұлу деп келіп ем шыр етіп, Өгей қылық көрсетпеші айналайын, Жарық күн! Нұрперзент Домбай

Таң келеді ғажайып...

Бір жылдың төлдері саналатын Мырза, Алпысбай, Елдос үшеуі үлкен қорап үйдің әр қабатында тұрады. Бірақ мінез-құлықтары ғана емес, таңдаған мамандықтары да әр басқа. Сондай-ақ үй жағдайлары, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, әлеуметтік орталары да әркелкі. Соған қарамастан, олар өте тату. Әсіресе Мырза соңғы кезде студент болғанына да көңілі толмай, жабырқай береді. Ештеңеге зауқы жоқ. Балалық дәуренмен қоштасып, жігіттік шаққа аяқ басқанда, сан күйді бастан өткеруі неліктен? – Менің шешем ашушаң, күйгелек болып кетті. Өмірде жолы болмағанының кесірін менен іздейді. «Керегі ақша ма, мә, ал, өзіңмен-өзің бол, мазамды алма!». Жұмысбасты әкенің айтары осы. Баяғыша еркелегім, олармен шүйіркелескім келеді. Әттең... Ернін тістелеп отырып, Мырза отбасындағы ахуалды бүгін курстас-құрдастарына баяндады. Елдос Мырзаның жайын бұрыннан білетін-ді. «Құлыным, қайда барасың, қ­ашан келесің?» деп Елдостың анасы ұлын сарылып үнемі күтіп отырады. Ал Мырзаның шешесі ұлының төбесі көрінісімен: «Оу, қаңғыбас, тентіреп қайда жүрсің? Әкеңмен өмір бойы алысып келемін, енді сен қалып едің...» деп баласын қарсы алатынын талай рет өз құлағыммен естіген-ді. Мырзаның анасы үнемі айқай сап, ұлын, күйеуін қаралап қана қоймай, енді үйге қондырмайтын халге жетіпті. – Қайтесің енді, ата-ананы бала таңдамайды ғой. Елдос досының арқасынан қағып, әзер жұбатты. – Үйді көрмей, қаңғып кеткім келеді. Қалада сондайлар көп қой. Екі дос ағыл-тегіл сыр ағытып отыр­ған кезде көзін жыпылықтата беретін Алпысбай келді де, күлкі көбейді. – Мен әкемнің алпысқа келгенде көрген ұлымын. Дүние есігін көйлекшең, қарғы шашыммен келіп ашыппын. Демек, ырыс-береке, байлық менің еншімде. Алпысбай кеңкілдеп күліп, қашанда өзін-өзі мақтап сөйлейтіндіктен мынау беймаза тір­лікте жалғыз бақытты жан осы Алпысбай еке­ніне Елдос та, Мырза да, басқалар да сенімді. Таза ауа, аса жайдарлы Алпысбай мен тым ойлы жас Елдоспен бірге болу Мырзаның жанын сергітті. Қас қарайған соң олар жан-жаққа тарасты. – Анау сақау мұғалімің тағы хабарлас­ты. Куратор деген жайына қарап жүрмес пе? Оған керегі сен бе, әкең бе? Білмедік ол жағын. Анасы әдеттегіше айқайлап, діңкілдеп Мырзаның есін шығарды. Тамақ бергенде де құлағының түбінен ызыңдап, берекесін алды. Қасында қаздиып тұрып алып, құлағына әлемнің барлық сорақылығын басынан аяғына дейін құяды келіп. Нәтижесінде басы зеңгіп, өз үйінен пана таба алмай, жас жігіт далаға қарай атылған-ды. Қараңғылық қаланы тұмшалаған тұста, сәкіде шошайып жалғыз отырған Мырзаны терезеден көрді де, Елдос та тысқа шықты. – Ұйықтар алдында осылайша күнде-күнде серуендеп жүрейікші! Елдос елпеңдеп, досының іш-бауырына кіріп барады. Күйзеліп, ата-ананың мейіріміне зар болып жүрген Мырза емес, Елдос тәрізді. Әрқашан да ешбір оқулықта жоқ құнды деректерді қайдан тауып айтатынын қайтерсің. Елдос айтқан әңгімелер көкірегіне қо­нып, жанын жадырата түскенін қарай гөр. – «Сен дүниеге түрік болып келгенің үшін бақыттысың» – дейтін Ататүріктің сөзімен түрік ұландары арқаланып өседі екен. «Сенің ұлтың – Жапонияның ұлты» деген ұранды жапондар баланың санасына үш жастан бастап құятын көрінеді. «Болашақ Үндістан – сенсің, сен қандай керемет болсаң – Үндістан да сондай ғажап», – деген Джавахарлал Нерудің сөзі жас хиндустардың бойына өршіл рух сыйлайтыны анық. «Ұлы халықтың перзентісің» деп, орман орыс та, еврей де, шүршіт те балаларын қолпаштауға айтарлықтай мән береді. Бізде де ұлттық тәлім-тәрбие толассыз. Тек соны бүгінде кейбір аналарымыз білмейтіні өкінішті-ақ. Бәлкім, білсе де, жүзеге асыруға құлықсыз. Көбісі күйбең тірліктің қамы­тын киіп, тиын-тебеннің соңына түсіп кеткендей ғой. – Апыр-ай, Елдос неткен білгір жан. Менің тамырымды дөп басқаны қалай? Бола­шақ туралы болжамдарың қандай керемет. Мырза үйге шалт кіріп еді, анасы түн ортасында да тұтанып, есікті ашты. – Осы сен неге тентіреп өлмейсің? Әкең де келген жоқ. Мені көгертпей-ақ қойыңдар, тек ұйқы беріңдер, – деп долдана бастады. Шаңқылдаған дауысы миын шаққан соң, ол басын көрпемен тұмшалап жатты. Ішіне сыйған баланы сыртына сыйғызбаса, бауырына тартпаса, не шара? Мырзаның аузы кермек дәмді сезінді. Көз жасы! Апыр-ай, дардай студент, ертеңгі қара алтынның президенті де жылай ма? Ұят қой, мұным? Көмейіне бір тас тұрып қалғандай ғой. Содан соң өзін-өзі жұбатып, қыстығып, қиналып жатып тағы да көңілімен Елдосты іздеді. – Өмірде бір қайғы мен бір қуаныш қатарласып жүреді. Алда бізді жарқын келешек күтіп тұр. Таң келеді ғажайып. Елдостың үні құлағына ап-анық жеткендей болды. – Адамдар неге әртүрлі? Басқа басқа, туған ана неге баласын жек көреді? Осылайша басталған сауалдарға Мырза қайтіп жауап табады екен? Түн ұй­қысын ұрлаған сұрақтар неткен көп еді. Әнеки, оның ержетіп қалғанын, егес пен қайшылыққа толы есею кезеңіне қадам басқанын білдіріп, сібірлеп таң да атып келеді... Нұрлан ҚҰМАР

Суретші қыз

– Дұрыс! Осылай сыз. Қолыңды былай ұста. Міне, осылай... Маржан мұғалімнің айтқанын бұлжытпай орындап, өз көңіліндегі суретті сызып шықты. Әдемі салынған тәрізді. Өзіне ұнап тұр. Күннің көзін тым жарқыратып жібердім бе деп ойлады артынан. Бірақ, несі бар, күннің кейде шуағын молынан төгіп, мейірлене қалатын кездері болады емес пе деп жұбатты өзін. Ағып жатқан бұлаққа келгенде біраз қиналды. Оны қинағаны бұлақтың түсін беретін қарындаштың болмауы еді. Енді қайтпек? Не де болса, бұлақ түсін көкпен салайын деп шешті. Көк түс те жарап тұр екен. Ең бастысы, достары түсінсе болды ғой. Суретін мұғаліміне әкеле жатып, жолда тағы бір рет қарап алды. Жақсы салынды деп шешкенімен, әлі сенімсіз еді. Мұғалімім қалай бағалар екен деп жүрексініп келеді. Жұмсақ адам болғанымен, апайы өнерге келгенде талапшыл. Өзіне болашақ өнер иесі, суретші ретінде қарайды. Көңіліне ұнамаса, тіке айтады. Оған ешқашан ренжіген емес. Қайта, қуанады. Сурет салу кезінде Маржан ылғи да бір нәрсені байқайды: кескін ойында сайрап тұрғанымен, сол қалпы қағазға түсіре алмайды. Былай оңай көрінгенімен, қатты қиналады. «Қолың әлі жаттықпаған, – деді мұғалімі. – Суретті көбірек салу керек». Маржан сурет өнеріне кішкентайынан құмар. Алғашқы жұмысы үйдегі мысығын салудан басталды. Мысығы жанынан шықпайтын. Қайда барса, артынан еріп жүретін. Бір күні соны салайын деген ойға келді. Содан пырылдап ұйықтап жатқан мысығына қарап жұмысын бастап кетті. Соңынан байқаса, оның мұртын тым ұзын қылып қойыпты. Ыңғайсызданып қалды. Келесі жолы ол тышқанның кескінін салды. Оны даладан көріп, қатты қорыққан болатын. Бейнесі сол күйі есінде қалыпты. Сол бойынша сала бастады. Салып болған соң, алдында жатқан мысығы аяғымен тышқанның суретін түрткіледі. Маржан мысықтың бұл қылығына мәз болды. «Әй, ақымағым-ай, бұл жай сурет қой» деді оның басынан нұқып. Бәрібір мысық қағаздан көз айырған жоқ. Маржан суретті бітіріп, әкесіне көрсетті. Әкесі оны мақтады. – Мысықты тышқанның соңынан қуалатып қою керек еді. Ал мына суретте тышқан заулап барады, мысығың жайбарақат отыр. Келесі жолы осыны ескер. Сонда суретің қызықты шығады, – деді соңынан ескертіп. Маржанның бүгінгі салған суреті де жаман шыққан жоқ. Мұғаліміне көрсеткенде, ол мұқият қарап шығып, суреттің бір бұрышына бес деген баға қойды. Соңынан үйге жаңа тапсырма берді. «Келесі сабаққа аспанда ұшып бара жатқан ұшақты салып кел» деді. Маржан құп алып, басын изеді. «Ұшақты салуға көп қиналмайтын шығармын» деп ойлады, себебі қалада тұрады ғой, ал қаланың төбесінен күнде ұшақ ұшады. Дәуіржан Төлебаев

2818 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7093

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6147

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3886

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3278

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3233

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3207

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2935

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2922

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы