• Ақпарат
  • 19 Шілде, 2012

Теміржолдағы жолсыздықтар

«Қазақстан Темір Жолы» Акционерлік Қоғамының назарына!

Адам орнына – қауын-қарбыз... Журналист деген халықтың өкіліміз ғой. Көлік таңдамаймыз. Не болса да, ілгері жүре бергенді дұрыс көреміз. Үстіміздегі жылдың 10 шілдесі. Қазалыға баруымыз керек. Қызылорданың теміржол вок­за­лына келсек, сәлден кейін біз беттеген жаққа баратын №615-ші «Түркістан-Сексеуіл» поезы келеді екен. Кассаға барсақ – билет бар. Биле­тімізді алдық. Поездың жүретін уақыты – 20.40. Күткен поезымыз да келді. Жолаушы көп. Жапа-тармағай вагонға ұмтылып жатыр. Көппен бірге біз де вагон есігінен аттадық. Ішке кірсек тығылысқан жұрт. Бір орында үш-төрт адамға дейін отыр. Билетіміздегі орынға келсек... Мәс-са-ға-а-а-н... Купе лықа толған қаптар. Жеміс-жидек... Қауын-қарбыз... Бергі жағын матамен қапсыра жауып қойыпты. Жанымыздағылар да шулап жатыр: – Масқара ғой... – Бұлар әбден басынған. – Көзімізді бақырайтып қойып, мыналары несі... Біздікі №2 вагондағы 24-ші орын еді. Жанымыздағы ерлі-зайыпты Ринат пен Жаннұрдікі – 22 және 23-ші орындар екен. Олар да мына көріністі көріп, жағаларын ұстады. Жол­серікке барып, орындарды босатуды талап еттік. Ол «Орын тауып береміз, орын тауып береміз» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Шектен асқан сорақылыққа шыдай алмай, вагоннан түсіп вокзал кезекшісіне болған жайды түсіндірдік. Онымыз да аспайтын-саспайтын біреу екен. Бұл жайтқа аса таңданыс білдіре қоймады. Вагонның жанына келіп, жолсеріктерге «Не жағдай?» деді. Аналар «Орын тауып береміз» деді. Осымен бітті. Вокзал кезекшісі тарапынан «Бұлардың заңды орындары бар. Сендердікі дұрыс емес. Орындарды босатыңдар» дегендей сөзді күткен едік. Өкінішке қарай, олай болмады. Қасымыздағылар «Бұлардың бәрі бір-бірімен байланысты» деп қалды. Қайдан білейік. Көзіміз анық жетпегеннен кейін бұл сөзге сене алмадық. Облыс орталығындағы үлкен вокзал ғой. Темір­жол полициясы бар. Вокзал кезекшісінің бір шара қолдануға мүмкіндігі бар еді. Ол үміт ақталмады. Ақырында өз орнымыз өзімізге бұйырмады. Тең-тең қаптар да міз бақпастан сол орыннан қозғалмады. Жолсеріктердің бұл не басынғаны? Тәртіп қайда? Жолаушы құқы неге бұзылады? Осыған жауап берер біреу бола ма екен? «Джамбулы» несі? Редакцияға телефон шалған оқырманымыз реніш-өкпесін ақтарыла айтты. Бір назар аударарлығы – бұл жеке бастың мәселесі емес. «Биылғы жылдың 9 шілдесінде Астананың теміржол вокзалынан №076-шы поезға билет алғанмын. Тараздан Астанаға жету үшін. Билетті қарасам, онда «Джамбул-Астана» деп жазылған. Джамбулы несі? Жамбыл қаласының Тараз болып өзгергеніне пәленбай жыл болды емес пе? Мұндай келеңсіздікке неге жол беріледі? Осыны газет бетіне жазуларыңызды өтінемін» деді. Сәлден кейін әлгі кісі факспен билеттің көшірмесін жіберді. Расында да билеттегі – «Джамбул» деген жазу. Біз де таңырқадық. Жамбылдың Тараз болып өзгергелі қашшан! Бұл жөнінде Мемлекет басшысының 1997 жылы 8 қаңтарда Жарлығы шыққан. Жамбыл қаласын Тараз деп өзгерту жөнінде. Содан бері табаны күректей он бес жыл өтті. 2001 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығы анау-мынау емес ЮНЕСКО көлемінде дүркіреп тойланды. Бұл бір. Енді «Джамбулдағы» «Д» туралы. Бұл жөнінде 1993 жылдың 4 мамырында ҚР Жоғарғы Кеңесі Президиумының арнайы қаулысы шыққан. Яғни «Джамбул облысы» дегендегі «Д»-ны алып тастауға байланыс­ты. Қаулыда тайға таңба басқандай жазылған: «Бұдан былай Джамбул облысы дегеннің орнына Жамбыл облысы болып аталу керек» деп. Одан бері де аз уақыт өткен жоқ. Аталған қаулы қабылданғаннан бері де жиырма жылға жуық мерзімді артқа тастаппыз. Сонда қалай дейміз ғой. Еліміздегі теміржол басшылығы мемлекеттік маңызы бар шешімдерге құлақ аспай, өз дегендерімен жүре беретін болғаны ма? Әйтпесе, жоғарыдағыдай жолсыздықтарға неліктен жол беріліп отыр? Нұрперзент Домбай

2519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5799

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5471

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3209

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2595

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2556

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2534

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2268

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2250

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы