• Мәдениет
  • 19 Шілде, 2012

Қартау бөктеріндегі қала

Бүгінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жыл санап жақсарып келеді. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен болып өткен жалпы ұлттық телекөпір барысында да үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламалардың орындалу барысымен танысуға мүмкіндік алдық. Бұл өңірлердегі өркенді өзгерістердің орын алып жатқандығының айқын белгісі. Осы тұрғыдан алғанда еліміздегі «Шағын қалаларды дамыту – 2020» бағдарламасы уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі «Қуатты Қазақстан дегеніміз ең әуелі өңірлердің қуаттылығы» деп Елбасы атап өткеніндей, өңірлердің дамуы түптеп келгенде мемлекетіміздің дамуына ықпал етері сөзсіз.

Елімізде қабылданған шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бірнеше жылға арналған кешенді жоспар болса да, өңірлерде қазірдің өзінде қолға алынып жатқан істер ертеңге үлкен үмітпен қарауға негіз болып отыр. Олай дейтін себебіміз, шағын қалалардың дамуына бөлініп отырған қаржы бұрын-соңды мұндай көлемде болып көрген емес. Жыл басында Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі шағын қалалардың жағдайын жақсартып, жаңа өндіріс орындарын ашып, халықтың тұрмыс деңгейін көтеруді Үкіметке ерекше тапсырған болатын. Осы орайда еліміздегі шағын қалалардың бірі – Жамбыл облысының Талас ауданында орналасқан Қаратау қаласына да Үкімет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. Көшелер тазаланып, қала маңы абаттандырылып, ескі үйлер жаңар­тылып, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ең алдымен айтарымыз, Қаратау – бұл өндіріс қаласы. Қаланың іргесі сонау 1946 жылы Шолақтау кенті болып қаланған. Жоғары сұранысқа ие фосфор шикізатын өндіре бастаған Қаратау қаласы КСРО аумағында жақсы танымал болды. Былайша айтқанда, фосфорит кен орындары қаланың пайда болып, өндіріс ошақтарының ашылуына негіз болды. Бұл жылдары кен орындарындағы фосфориттердің қоры 2 млрд. тонна деп бағаланған. Кен орындарын анықтауға байланысты зерттеу жұмыстарын 1937-1946 жылдары П.Л.Безруков, Б.М.Гиммельфарб, А.С.Соколов деген ғалымдар жүргізді. Олар бұл өңірден 40-тан аса кен орындарын анықтаған. Сөйтіп, Қаратау қаласы өзінің алғашқы өнімін 1946 жылы бере бастады. Ал 1963 жылы кен байыту фабрикасы іске қосылып, 1960-90 жылдары КСРО және республика экономикасының дамуына үлес қосты. Өндіріс саласымен қатар, қалада республикалық деңгейдегі құрылыс ұйымдарының салааралық кәсіпорындарының жұмысы жанданды. Бұл Қаратау тарихындағы жарқын кезеңдер еді. Қаланың дамуына 90-шы жылдар­дағы ауыр кезеңдер өз әсерін тигізбей қоймады. Жаппай қиыншылықтар басталған кезде, фосфор шикізатына деген сұраныс күрт төмендеп, халықтың негізгі жұмыс орны болып отырған өндіріс ошақтарының жұмысы қиындап кетті. Қызметкерлер жалақыдан қағылып, жан бағу жайы өзекті мәселеге айналды. Осыдан келіп, жұртшылық үйлерін тастап, көше бастады. Бұл Қаратау қаласының еңсесін төмендетіп, ертеңге деген сенімін мүлдем жойып жіберді десе де болады. Қаңырап қалған үйлердегі есік-терезелер, жақтаулар мен бөлме арасын жалғап тұратын темір арқалдықтар қолды болып кеткен. Осындай жағдайлар қаланың ішкі және сыртқы мазмұнын солғындатып, Қаратау қаласы нағыз экономикалық қиыншылықтарға тап келді. Қала ажарынан айрылып, «гүлденген қала болған кезеңі» ғана ел жадында сақталып қалды. Енді не істемек керек? Тығырықтан қалай шығуға болады? Қаратаудың о бастағы келбетін қалай қалпына келтіреміз? Бұл мәселемен қазіргі таңда ел Үкіметінен бастап, облыс басшылығы, жергілікті әкімдер айналысуда. Бағдарлама бар. Тиісті қаражат бөлініп отыр. Енді жүйелі жұмыс болса, көңіл көншітерлік нәтижелер де мол болмақ. Статистикалық мәлімет бойынша, қаланың соңғы жылдағы экономикалық белсенділік деңгейі 78,3 пайызды көрсетті. Үдемелі индустриялық-инновациялық жобалар да қалаға серпін әкелді. Ауызсудың азабы Қаратау қаласын қайта жаңғырту мақсатында орындалып жатқан жұмыстар туралы Талас ауданының әкімі Айтқазы Қарабалаев әңгімелеп берді. Аудан жетекшісі бүгінде Қаратау қаласын дамыту бойынша кешенді бағдарлама қабылданғанын, әрбір кезеңге сәйкес маңызды шешімдер тиісті деңгейде орындалып жатқанын жеткізді. А.Қарабалаевтың айтуынша, Қаратау қаласында жоспарланған жұмыстар таяу уақыттағы және болашақты қамтып отырған көрінеді. Өзекті болып отырған мәселелердің бірі – қаладағы ауызсу мәселесін тәулік бойы берілуін қамтамасыз ету. – Коммуналдық-шаруашылық нысандарының ескіруі ауызсу мәселесінде өз әсерін тигізуде. Қаратау қаласы тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындар жүйесінің 65-70 пайызы ескіргендіктен суды тәулік бойы беру әзірге мүмкін болмай отыр. Ауызсу қаратаулықтарға үш сағаттан күніне екі мезгіл ғана беріледі. Қаланы ауызсумен тәулік бойы қамтамасыз ету үшін ұзындығы 12 шақырымдық сыртқы су жүйесінің, ұзындығы 102 шақырымдық ішкі су жүйесінің негіздемелері дайындалды. Ол барлық сараптаулардан өтіп, республикалық уәкілетті органдар тарапынан мақұлданды, – деді А.Қарабалаев. Басты назар – баспанада Қаратау қаласы тәрізді шағын қалалардың бас ауруына айналып отырған негізгі мәселе – қаңырап қалған бос үйлердің жағдайы. Ол үйлердің арасында қалпына келтіруге жарайтындары да, жарамайтындары бар болып отыр. Біз бұл мәселені аудан әкімі Айтқазы Қарабалаевтан арнайы сұрап білдік. Әкімнің айтуынша, қайта жөндеуге келмейтін үйлер бұзылып алынып тасталынады да, жөндеуге келетіндері сақталады екен. – Жас мамандар мен кезекте тұрғандарға 90 пәтерлік үйді тапсырдық. Бұдан бөлек 44 пәтерді тек қана Қаратау қаласының мектеп мұғалімдеріне бердік. 2006-2007 жылдары 14 үй аукцион арқылы сатылып кеткен. Бірақ оларды біз бұзуға рұқсат бермей отырмыз. Егер ол қалпына келтіруге жарайтын үйлер болса, олар неге бұзылуға тиіс? Шынтуайтына келгенде, аукцион арқылы сатып алған азаматтар кезінде ол үйлерді қалпына келтіреміз деп алды ғой. Бұзылуы тиіс үйлердің мәселесіне келетін болсақ, ондай үйлердің саны – 18. Қазіргі таңда тиісті құжаттары дайындалды. Арнайы мамандар келіп өз қорытындысын жасады, – дейді аудан әкімі. Әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысын жүргізу Қаратау қаласында соңғы уақыттары жақсы қарқынмен қолға алынуда. Жаңа мектептер мен балабақшалар салынып, пайдалануға берілген. Қалада кезінде 18 балабақша жұмыс істеп тұрса, қазіргі таңда 5 балабақша ғана қалған. Мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған 280 орындық балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта 3 балабақша тұрғызу да жоспарланған. Шағын және көпқабатты үй аулаларына ойын алаңдарын орнату, қала тұрғындарының сұранысы бойынша 4 шағын стадион, жүзуге арналған бассейн салу, көшелер мен саябақтарды көріктендіру тәрізді жұмыстардың легі мол. Сонымен қатар қала көшелерін талапқа сай жөндеу, кейбір көшелерге газ құбырларын тарту қолға алынбақ. Қаладағы кәріз желілерін қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінуде. Мақсат – айқын, міндет – зор Елбасының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнес құрылымдарын дамыту Қаратау қаласында да қолға алынған. Бүгінде қалада 49 шағын кәсіпкерлік тұлғалар, 308 жеке кәсіпкер еңбек етуде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Талас ауданында екінші деңгейдегі банктерде түрлі жоба әзірлену үстінде. Солардың бірі қалада цианид натрий өндіретін «Таласинвестмент компани» кәсіпорынын ашу көзделген. Бүгінде зауыт құрылысына арнайы жер телімі де бөлініп қойылған. Зауыт 2013 жылдың қараша айында іске қосылып, 274 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар бағдарламаның бірінші бағыты бойынша өндірістік индустриялдық инфрақұрылымды дамыту, теміржол бекеттерін, электр тарату желілерін салу жұмыстары да қолға алынған. Шағын және орта бизнесті қолдау ниетінде қалалық Бағдат Жүсіпов есімді кәсіпкер тәулігіне 1 тонна сүт өңдейтін шағын цех ашуды жоспарлап отыр екен. Ал қаладағы «Нұрбек» шаруа қожалығы болса, тәулігіне 200-220 баллон оттегі және азот шығаруды қолға алмақ. Бүгінде аталған өнімді шығаруға арнайы құрал-жабдықтар сатып алынған. Шығарылатын өнімдер Қаратаумен қатар Жаңатас, Тараз қалаларына жөнелтілмек. «Алтын-Темір-Тараз» ЖШС болса, қаланың инфрақұрылымдық жүйелеріне қажетті өнімдер шығаратын металлургиялық цехты іске қосып, жұмыстарын бастаған. Қазіргі уақытта темір балқыту пештері орнатылып, электр қуатының мәселесі шешілген. Бүгінгі таңда ол жерде 30 адам тұрақты жұмыс істеуде. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылғандай, Қаратау қаласында ресейлік «Еврохим-Удобрения» компаниясы өз жұмысын бастамақ. Кәсіпорында екі мыңға тарта адам еңбек етеді деп күтілуде. Олар негізінен жергілікті тұрғындардан құралады. Кәсіпорын жылына 2,0 млн. тонна азот, фосфор тыңайтқыштарын өндірумен айналысады. Қаратау қаласында өнімді жұмыс істеп жатққан кәсіпорындардың қатарына мұнай өнімдерін шығаратын «Sіnur-Oil» зауытын жатқызуға болады. Зауытқа жергілікті тұрғындардан 62 адам жұмысқа тартылған. 2011 жылы зауыттың шығаратын өнімін халықаралық «Евро-2» стандартына сәйкестендіру мақсатында қосымша қондырғылар орнату жоспарлануда. Жұмыспен қамту – 2020 Елімізде жүргізіліп жатқан әлеу­меттік жаңғырту саясатының не­гізгі бөлігі – халықты жұмыспен қамту мәселесі. Қазақстанда «Жұмыс­пен қамту – 2020» бағдарла­масы қабыл­данып, бағдарлама бойынша көптеген азаматтар тұрақты жұмыстарға қол жеткізуде. Кейбіреулері қайта даяр­лықтан өтіп, жаңа кәсіп түрлерін игеруде. Мұның барлығы екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің санын едәуір азайтып, жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешуге ықпал жасайтыны белгілі. «Қаратау қаласында жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселесіне үлкен көңіл бөлініп отыр, – дейді аудан әкімі А.Қарабалаев. – Жұмыс іздеп өтініш білдіргендер бүгінде 926 адам болса, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен 530, әлеуметтік жұмыс орындарына 13, жастар тәжірибесі бойынша 148 адам қамтылған». Аудан басшысының айтуынша, қолға алынып жатқан жобалар іске асқан жағдайда Қаратау қаласынан орта есеппен 2366 адам жұмысқа тартылмақ. Бос тұрған 26 көпқабатты тұрғын үйлер жөндеуден өткізіліп, жаңадан ашылған өндіріс ошақтарына жұмысқа келген адамдарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де шешілмек. Қаратау қаласында 2 кітапхана, 4 мәдениет ошағы, 8 мектеп, 1 кәсіптік лицей, 1 өндірістік ком­бинат, балалар интернаты, балабақшалар, екі спорт мектебі, аудандық аурухана, туберкулез ауруханасы, №3 қарттар мен мүгедектер үйі, тіс емханасы, санитарлық-эпиде­­миологиялық қадағалау бас­қармасы, Талас ауданының са­ни­тарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығы, педагогикалық, ме­дициналық, психологиялық консультация орталығы бар.

Түйін: Бүгінде Қаратау әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің алдында тұр. Қабылданып жатқан бағдарламалар, әзірленіп жатқан нақты жобалар осының айғағы. Еліміздегі шағын қалалардың жақсаруымен онда өмір сүретін халықтың да еңсесі тіктеліп, әлеуметтік қиыншылықтарды артқа тастайтыны сөзсіз. Қазіргі таңдағы ең басты міндет те – осы. Бұған жергілікті кәсіпкерлер, осы өңірден шыққан қалталы азаматтар да өз үлестерін қосып жатса құба-құп.

Дәуіржан Төлебаев, Азамат ҚҰСАЙЫНОВ (фото) «Ана тілінің» арнаулы тілшілері АЛМАТЫ – ҚАРАТАУ – АЛМАТЫ

3116 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6314

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5764

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3504

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2886

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2848

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2827

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2557

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2542

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы