• Қоғам
  • 02 Тамыз, 2012

Сәбиді де саудаға салғанымыз ба?

Жақында көптен көрмеген бір танысымды кездестіріп қалдым. Айтқан сөздерінен төбе шашым тік тұрды. Ештеңе бүлінбегендей, сондай жағдайларды естіп, еті үйреніп кеткендей ме қалай? Көптен бір перзентке зар болып жүрген ерлі-зайыптылар аяқастынан бала асырап алуға шешім қабылдапты. Бұған дейін талай табалдырықты тоздырып, тіпті шетелге дейін барып қаралып келген жас ананың бұлай шешім жасауына, сірә, енесінің ақылы әсер еткен болар.

Жетім балаларды асырап алатын мекемелерге барып та көреді, неге екені белгісіз, нәтиже жоқ. Сол екі ортада таныстары арқылы бір жас қыздың аяғы ауыр екенін, шешесі ғана білетінін, ал сол қыз бойындағы нәрестесінен құтылғысы келетінін естиді. Жас ерлі-зайыптылар шыққан тегі қандай адамдар екенін көріп, білуге барады. Әп-әдемі, көздері оттай жанған қазақтың ару қызы. Бірден шешім қабылданады: «Нәрестені біз аламыз». Қыздың шешесі жылап-еңіреп: «Бізге ештеңе керек емес. Әкесі білмейді, қызым екеуміз ғана білеміз. Маған қызымның денсаулығы қымбат, алдырып тастауға кеш қалыппыз, ешкімге айтпаңдар, ешкім білмесін» деген өтінішін жеткізеді. Бұлар да өз тарапынан өмірге нәресте әкелгенше қыздың барлық жағдайын жасауға және перзентханадан шыққаннан кейін 1000 доллар беруге уәде етеді. Сол келісім бойынша нәрестені алуға келіскен ерлі-зайыптылар қызға 3 айға пәтер жалдап, пәтерақысын төлеп, жағдайын жасап бөлек тұрғызады. Хабарласып тұрулары үшін қымбат бағалы телефон да әпереді. Айы-күніне жетпей, бір айдан кейін толғақ қысып, дүниеге қыз бала келеді. Айта кететін нәрсе, баланы асырап алуға әрекеттенген келіншек қыздың ауырып жатқанын ести сала алып-ұшып жалдамалы пәтерге келеді. Келсе қызды «жедел жәрдем» көлігі алып кетіпті, пәтердің іші темекі тұқылы, сыраның иісі қолқаны жарады. Қыздың жалғыз болмағаны белгілі. Келіншек мұңайып қалады. Перзентханаға барған қыз өзінің төлқұжатын жоғалтып алғанын айтып, асырап алуға ниеттенген келіншектің аты-жөнін тіркетеді. Перзентханадан шыққан бойда ерлі-зайыптылар құжаттарын толтырып, нәрестені өз аттарына жаздырып алады. «Кейін мінезі жаман екен деп баланы қайтарып беріп жүрмеңдер» деп, мүләйімсіп тұрған қыздың анасы бір кезде: «1000 долларға кім нәрестесін береді дейсің, бұл аз, үстіне тағы ақша қосыңдар» деп өктем сөйлей бастайды. Жігіт ағасы 2000 доллар беріп, бұдан былай енді мазалайтын болса нәрестесін сатты деп заң орындарына шағымданатынын, жазаға тартқызатынын, енді мүлде мазаламауларын ескертіп айтады. Сонымен екі жақ та тынышталады. Жас ерлі-зайыптылардың өмірі қуанышқа толы. Тіпті ай сайынғы балаға берілетін жәрдемақыны да алып тұрады. Іңгәлаған бала даусы. «Балалы үй – базар» деген. Үйде бір жылылық пайда болады. Қымбат киім, қымбат ойыншық, балаға қажеттің бәрі осында. Осындай қуанышты күндердің бірінде сәбилерін құшақтаған ата-ана қаладағы ірі сауда орындарының бірінен нәрестені өмірге әкелген қызды сыртынан көріп қалады. Жүрегі дір етеді. Содан бері мазасыз, көңілде бір кірбің бар. Қазір ойнақтап жүрген қыз тоғыз ай көтерген нәрестесін іздей қоймас. 10-15 жыл өткен соң, тым болмаса бір көргісі келетіні ақиқат. Сол кезде бауыр еті баласына өзінің жағдайын қалай түсіндірер екен? Туған баласының жүрегін бір жараласа, бағып-қағып мәпелеп өсірген бұларға да оңай соқпасы анық. Танысымның әңгімесі осындай. Ойыңды сан-саққа жүгіртеді. Соңғы кезде осындай жағдайларды көп еститін болдық. Осы мәселелерге байланыс­ты Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке хабарласқан едік. Ол соңғы он жылда бала сату фактісі бойынша қылмыс тіркелмегенін тілге тиек етті. Реті келіп тұрғанда психолог маманның пікірін білуді жөн көрдік. Белгілі психолог Анна Мергенбайқызы өз ойын былайша сабақтады: – Біріншіден, мен ол қызды аяймын. Жігіті үйленемін деп тұрса, әке-шешесі қарсы болмаса, онда сол нәрестені өзі-ақ бағып-қағып өсіретін бе еді?! Менің түсінгенім, ол бейшара бейбақ жас қыз. Жігіті алдап кеткен шығар... Ал күйеусіз тууға өзінің әке-шешесі қарсы болып тұр. Қыз нәрестесін сатты деп тұрсыз. Ол мәжбүрліктен, шарасыздықтан. Зейнетақысы жоқ, жалақысы жоқ, жұмысы жоқ. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген әдемі сөз бар. Жағдайы бар отбасы болса ол нәрестені мүмкін алып қалатын ба еді. Сондықтан «әттең-ай, әттең-ай, әттең тонның келтесі-ай» деп, мәжбүрліктен барып отыр. Ол нәрестесін өлтіріп тастаған жоқ. Менде бірнеше клиент бар, сондай әке-шешелер бар. Қыздың қарсылығына қарамастан зорлап, ішіндегі 9 айлық баланы тұншықтырып өлтіріп, қоқысқа лақтырып тастаған. Көзі ашық, оқуы, дипломы, жұмысы бар, осы Алматыда тұратын қазақ азаматтары соны жасап жатыр. Ал мына баланы ешкім тұншықтырған жоқ, өлтірген жоқ, қайта оны әжептәуір бір үй бағып алып отыр. Әркімнің пікірі әр алуан. Біздің ойымыз басқаша. Ана­сы­ның ақ сүтін еміп өскен қыздар неге осыншама қатыгез болып кетті? Арын, намысын таптатпаған асыл аналарымыздың, әжелеріміздің үлгі-өнегесі қайда? Түптеп келгенде осының барлығы отбасы тәрбиесінен бас­тау алары сөзсіз. Расында да, тәрбие жағын осалдатып алған секілдіміз. Бұл ретте академик апамыз Әлия Бейсенованың мына пікірі де көңілге қонатындай: «...Ұлттық дәстүріміздегі жақсы мінез-құлықты, отбасының бірлігі мен ағайынның тұтастығы үшін қызмет ететін ақылгөй аналарды дәріптей отырып, қызға ана сүтімен, мектептен бас­тап тәрбие берілуі керек. ...Ал енді қазір біз жезөкшелік, тастанды бала, қыздардың осындай жағдайға жетуін кімнен көреміз? Осының бәрі біздің қоғамдағы идеологиялық жұмыстың олқылықтары. ...Тәрбие мәселесіне көп жағдайда көңіл бөлмей, уақыт жетпей, ақша табу керек дей жүріп, біз ұрпағымыздың рухани әлеміне көңіл бөлмеуге айналдық. Рухани байлық – ұлттың тірегі, мемлекеттің тірегі, елдің қалыптасуының тірегі». Халқымызда «Қызға қырық үйден тыйым» деген жақсы сөз бар. Осының өзі қыз бала тәрбиесіне жауапты қарауды талап ететіндей. Тәрбие босаса, оның аяғы өкінішке апарып соқтыратынына өмірдегі келеңсіз жайттар дәлел. Бағдагүл Балаубаева

3103 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6960

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6083

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3823

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3214

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3170

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3144

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2872

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2860

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы