• Қоғам
  • 02 Тамыз, 2012

Төл тарихымызды оқытуда өзгеріс қажет

Жуықта баспасөзде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласы жарық көрген еді. Мақалада Елбасымыз елімізде қордаланып қалған және шешімін күткен бүгінгі таңдағы аса маңызды мәселелерді қозғай келіп, тиісті орындар шұғыл атқаруға тиісті іс-шараларды жүзеге асыру жөнінде нақты 20 тапсырманы қадап көрсетіпті. Солардың ішінде 13-ші тапсырмада былай деп атап көрсетілген: «ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарын талдаудан өткізсін, оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту жөнінде іс-шараларды жүзеге асырсын». Елбасымыздың өзге пәндерден бөле-жара тарих пәнін оқытуға ерекше мән беріп, оны өзгерту мәселесін көтеріп, оның шұғыл орындалуы үшін тиісті нақты тапсырма етіп белгілеуі бекер емес.

Жалпы Кеңес заманында еліміздің тарихы зерттелмегені, қазақ тарихын зерттеушілер жаппай қуғынға ұшырағаны баршаға белгілі. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары халқымыз ашаршылықтан жаппай қырғынға ұшырауымен қатар репресcия да пәрменді жүргізіліп, қазақ зиялылары жаппай қырылса, сонымен қатар 50-шы жылдары бүкіл Кеңес империясы бойынша тек Қазақстанда ғана әйгілі тарихшы Бекмаханов еңбегіне және Кенесары ханға байланысты өзге тарихшылар мен озық ойлы ғалымдарымыз тағы да қуғындалғаны баршаға мәлім. Сонымен қатар халқымыздың тарихы мүлде бұрмаланып, үстірт әрі жалаң жазылып, жастардың санасына Кеңес заманына дейін қазақтар жабайы өмір кешкен, қазақта тарих та, мәдениет те мүлде болмаған, қазақтарды өркениет көшіне тек Ресей империясы мен Кеңес Одағы идеологиясы ғана ілестірген дегендей түсінік терең сіңірілуімен болды. Сөйтіп, оқу орындарында қалыңдығы пышақтың қырындай ғана оқулықтар жазылып оқытылған еді. Бұл жайтты Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде былайша сипаттаған болатын: «Адамзат тарихында бұрын болып көрмеген идеологиялық машина 70 жыл бойы ұлттық рухани тіректерді күл-талқан қылып қиратып, оның руханиятын кесіп-пішіп, шұнтитты да, ортақ бір қалыпқа салып шегендеді» (Алматы, 2003 ж. 284-б.). Сөйтіп, біздің тарих саласындағы ғалымдардың басым көпшілігі Компартия тарихы мен Кеңес Одағы тарихын зерттеумен ғана шұғылданып, түрлі ұжымшарлар мен зауыттардың ашылғаны, дамуы мен партия-кеңес қайраткерлері өмірінен ғылым кандидаты мен докторы атағын алуға диссертация қорғап, профессор, академик дәрежесін иеленді. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жалпы қазақ тарихшылары халқымыздың тарихын тереңдеп зерттей алмайтынын айқын байқатып келеді. Сөйтіп, қазақ тарихы жөнінде тарихшылар емес, қаламгерлердің көркем шығармалар жазуы бел алды. Белгілі қаламгерлер І.Есенберлин, О.Сүлейменов, М.Мағауин, Қ.Жұма­ділов, С.Сматай, А.Сейдімбек, Қ.Сал­­ғара­­ұлы секілді қаламгерлердің шығармалары арқылы қазақ жас­тары тарихымызды танып білетін болды. Әрине, көркем шығармада көбінесе нақтылық болмайтыны белгілі жайт. Ал шынайы ғылыми тарихты әркім әрқалай зерттеп жазып жүргендіктен оқулықтарда шатасулар жиі ұшырасып келеді. Міне, соның салдарынан жастарымыз тарихымызды жете түсінбейтіні өз алдына, Кеңес идеологиясы шеңберінен шыға алмай жүрген ғалымдардың пікірлерінің жетегінде кетіп, қазақ тарихын жаңсақ насихаттау, ұшқары көзқарас танытқан оқиғалар да аз ұшыраспай келеді. Мәселен, Алматының 150 жылдығын тойлау, қазақ жерінде қазақтан бұрын орыстар қоныстанған дегендей көзқарастарды насихаттаған оқиғалар ұшырасқаны белгілі. Сондай-ақ батырлар мен хандарымыз, билеріміз, рулар туралы зерттеулерге үрке қараушылық салдарынан сайып келгенде халқымыздың құндылықтарына емес, орыстың, Батыс Еуропа елдерінің тарихы мен мәдениетіне табыну күшеймесе бәсеңдер емес. Мұның өзі елімізді, жерімізді, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін танып-біліп, құрметтей алуға кері әсер етіп жүр. Міне, нақ осы мәселені де Елбасымыз айқын аңғарып, сөйлеген сөздерінде, Жолдауларында ескертіп келе жатқаны да белгілі. Мәселен, былтыр ақпан айында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының XIII құрылтайында былай деп нақты айтты: «Патриот болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ өз тарихыңды, ана тіліңді, шығу тегіңді білмей, нағыз патриот бола алмайсыңдар» («Егемен Қазақстан», 12.02.2011ж). Ал бұл үшін, әрине, тарихымызды түгендеп, бірізге түсірмейінше оқулықтардың да дұрыс жасалмайтыны түсінікті болса керек. Ал біздің тарихымыз қалай жазылып келеді? Кеңес заманында жарық көрген 5 томдық тарихымыз 1996,1998, 2002-2010 жылдары «Қазақстан тарихы» деп, тек атын өзгертіп, кей тұстарын өңдеп қайта басылып шыққаны белгілі. Бұл басылымдардан төл тарихымыз туралы кеңінен мағлұмат алу мүмкін емес. Сондықтан тарихымызды толыққанды зерттеп жазу үшін тарихшы ғалымдарымыз кеңестер мен жиындар өткізіп, енді 10 томдық іргелі еңбек жазу мәселесі күн тәр­тібіне қойылды. Алайда атқарыл­ған іс-шаралар нәтижесі ойдағыдай емес. Бұлай дейтініміз, биыл сәуір айында осы көп томдықты шығару мәселесіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілгенде тарихшыларымыз «қазақ» деген сөзден үркектеп бұл 10 томдық еңбекті, тіпті Кеңес заманындағыдай «Қазақстан тарихы» деп атамай, «Отан тарихы» деп шығарғалы жатқаны айқындалды. Осы конференцияда М.Асылбеков, Қ.Жұмағұлов, М.Әбусейітова, К.Байпақов, Б.Көмеков, Б.Байтанаев, Б.Аяған секілді көптеген белгілі тарихшы-ғалымдар пікірлерін ортаға салғанда ұлтымыздың нағыз тарихын жазуда әлі де жаңа көзқарас қалыптаса қоймағаны байқалғандай болды. Осы конференцияда тарих ғылымдарының докторы, профессор, озық ойлы ғалым Талас Омарбеков қазақ жерінде құрылған хандық дәуірді баяндап жазғанда кеңестік кездегі көзқарастың салдарынан ру-тайпалар ескерілмей, ұмыт қалып келе жатқанын, шын мәнінде біздің тарихымыз ру-тайпалар тарихы екенін, сондықтан да зерттеулер жазғанда осы мәселе өзек болуы тиіс екенін, ашып айтса, белгілі тарихшы-ғалым У.Шәлекенов өзіміздің тарихымызды өзіміздің ғалымдарымыз жазуы тиіс екенін, алайда көптеген тарихшыларымыз шет жұрттардағы ғалымдардың мәліметтерін арқау етуі қателікке ұрындырып жүргенін айта келіп, 10 томдық тарих кітаптарының атауы «Отан тарихы» демей, бұрынғыдай «Қазақстан тарихы», тіпті «Қазақ тарихы» деп атау жөнінде жасаған ұсынысы айтарлықтай қолдау таба қоймағаны байқалды. Ал еліміздің тарихы дегеніміз тек қана хандық дәуірден бастау алмайтыны, қазақ тарихы рулардың қалыптасуынан басталатыны жөнінде пікірлер қазір аз қозғалып жүрген жоқ. Осы жиында Т.Омарбеков мұны нақты қозғап, мәселен, найман руының 5 мың жылдық тарихы бар екені қазір дәлелденгенін айтты. Жоңғар соғысында қол бастаған батырларды өсіріп шыңдаған өздерінің рулары екенін тарихшылар жете мойындамайтыны да ұшырасады. Сондықтан рулар тарихын тарихшылар емес, өзге сала мамандары жазуды қолға алып жүр. Мәселен, мамандығы сәулеткер Хайролла Ғабжалеловтің тарих ғылымынан кандидаттық диссертация қорғап, рулар тарихы жөнінде жүзге жуық том шығаруды жоспарлап, қазірдің өзінде оның 36 томы басылып шыққаны ескерілмей келеді. Сондай-ақ қазақ шежірелері мен рулар тарихы жөнінде өзге де авторлар арнайы кітап жазып, жарыққа шығарып жүр. Қазір жұртшылық 5 томдық тарих кітаптарын емес, осыларды оқуға ықылас танытатыны байқалады. Міне, осындай жайттардың салдарынан тарих пәні оқулығы да дұрыс жазылар емес. Әрине, химия, биология, физика, математика секілді ғы­лым­дар шет жұрттарда нақты зерттеліп орныққаны, бұл пәндер туралы оқулықтар жазуда ауытқулар ұшыраса бермейтіні айтпасақ та түсінікті. Ал өзіміздің төл тарихымызды өзге жұрттар жазып бермейтіні, оны тек өзіміздің ғалымдар ғана жазуы тиіс екені түсінікті болса керек. Алайда тарих ғылымы бірізге түспегендіктен, әр автор мәліметтерді әртүрлі жазып жүргендіктен оқулықтарымызда шатасулар жиі ұшырасып жүргені және шындық. Мұның өзі жас буынға тарих ғылымын оқытуда, патриоттық тәрбие беруде айтарлықтай зор олқылық болып келе жатқаны анық. Елбасымыз жоғарыда атап өткен мақаласындағы 20 тапсырманың бірі ретінде осы мәселені шұғыл шешуді талап етуін тек ғалым­дар мен мұғалімдер ғана емес, жалпы жұртшылық қызу қуаттағаны бекер емес екені енді түсінікті болса керек. Сондай-ақ мектеп оқулықтары мен оқу бағдарламаларын мектеп мұғалімдері емес, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ба­лалардың таным-түсінік ерекшелігін біле бермейтін ғылым докторлары мен профессор атанған ғалымдардың жазатыны бел алып кеткендіктен көптеген олқылықтар ұшырасқаны жөнінде баспасөзде жиі қозғалып келеді. Мәселен, химия, биология, гео­графия және өзге пәндер оқулықтары өте күрделі, тіпті балаларды былай қойып, мұғалімдер әзер игеретіндей болып жазылуы, мұндай келеңсіздікті жою қазіргі білім беру саласындағы жасалған реформалардың ойдағыдай жүзеге асуында айтарлықтай кедергі болып келе жатқанын жұртшылық қынжылыспен айтатын болды. Елбасымыз осы мақаласында жалпы білім беру саласын қазіргі заманауи тұрғысында жетілдіру мәселесін де қозғап, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын былай деп көрсетті: «Білім беру қызметтерінің қолжетімділігі мәселесі көкейкесті күйінде қалуда. Бұл орайда қосымша білім берудің интерактивті түрлерін дамыту қажет. Алайда менің интерактивті білім беруді дамыту жөніндегі алға қойған міндетім, өкінішке қарай, тар мағынада түсініліп, солай жүзеге асырылуда. Интерактивті тақталарды пайдаланумен интерактивті білім беруге қол жеткізе салмаймыз. Бүгінгі таңдағы онлайн-білім беру ұстаз бен шәкірттердің тікелей Интернет-араласуы режимінде де, арнайы жасалынған интерактивті оқу бағдарламалары мен ойындар түрінде де өтетін факультативтік интерактивті курстарды ұйымдастыруды қамтуға тиіс. «Онлайн-ұрпақтың» Интернетке табиғи ұмтылысын біз, интерактивті олимпиадалар, оқу турнирін, тағы басқаларды ұйымдастырып пайдалануға және жағымды арнаға бағыттауға тиіспіз. «Болашақ» бағдарламасына елдің барлық өңірлерінен, әсіресе, ауылдық жерлерден талантты жастардың қолы жетуін кеңейту маңызды мәселе болып табылады». Елбасы осы мақаласында білім беру саласында осы секілді мәселелерді жүзеге асыруды «соқырға таяқ ұстатқандай» түсіндіріп айтуы да бекер емес деуге болады. Жалпы қазір шенеуніктер мен мамандарымыз Елбасы тапсырмасын, нұсқауларын өз мәнінде терең түсіністікпен орындамай, үстірт, жалаң ұрандар арқылы жеңіл-желпі шаралар жасаумен шектеліп жүргені жұртшылыққа жақсы белгілі. Міне, нақ осындай жайтты Елбасымыздың біліп жүргенін осы мақаласынан да айқын аңғарғандай болдық. Елбасы тапсырмасы ойдағыдай орындалатын болса, онда еліміздің білім және ғылым саласы серпінді дамуға ие болып, әлемдегі озық елдердің алдыңғы шоғырынан көрінетініміз күмәнсіз. Ал тарих ғылымын зерттеу мен тарих пәнін оқыту мәселесіне келсек, төл тарихымызды жазу, оқыту мәселесі оңалатын болса жас ұрпақтың өз еліне деген мақтаныш сезімі күшейіп, патриоттық тәрбие беру жұмысы да пәрменді бола түсетіні даусыз. Қуанбек Боқаев

Гүлжан Рәшева, Қожа Ахмет Ясауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің жоғары санатты мұғалімі, тарих ғылымдарының кандидаты

Мектеп оқулықтарын жазуға мектеп мұғалімдері де қатыстырылса...

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласын бірнеше қайталап зерделей оқып, ризашылыққа бөлендім. Елбасымыз қазіргі мектептердегі тарих пәнін оқытудағы олқылықтарды көрсетіп, оны оңалту үшін нақты тапсырма беруі мектеп мұғалімдерінің де, жалпы жұртшылықтың да көкейінде жүрген ойларды дөп басқандай деп сезіндім. Шын мәнінде өзге пәндердей емес, Қазақстан тарихы пәні дұрыс жазылмағаны мұғалімдер үшін қандай қиындық тудырып келеді десеңізші! Еліміздің тарихы жете зерттеліп-зерделенбей, бірізге түспеуі салдарынан шынында да оқу жоспарлары, оқулықтар мен оқу құралдары көңілдегідей болмай жүргенін әркім-ақ айта алады. Міне, сондықтан да Елбасы Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту жөнінде нақты тапсырма бергені бұл мәселенің шұғыл түрде жөнделуін талап етіп отырғаны анық. Жалпы мектепке арналған оқу жоспарлары, оқулықтар мен оқу құралдарын жоғары мектеп ұстаздары мен мектеп қабырғасын көрмеген ғалымдар жазып жүргені, оқулықтарды былай қойып, оны сараптауға да мұғалімдердің қатыстырылмайтыны бұл салада өрескел қателіктерге ұрындырып келе жатқанын өз басым жақсы білем. Әрине, тарихшы-ғалымдар балалардың ұғым-түсінік ерекшелігін білмегендіктен оқулықты күрделі жазатыны өз алдына, әр автор тарихи оқиғаларды әртүрлі жазатыны жиі ұшырасып келеді. Ал балаларға арналған оқулық балалардың ерекшелігіне, таным-түсінігіне орайлас жазылуы тиіс қой. Жоғары мектеп ұстаздары болса, ғалымдар­ға, студенттерге арналғандай етіп өте күрделі тұжырымдарды оқулыққа тықпалай беруінің себебін мен өз басымнан да айқын сезінгенмін. Мен өзім Шымкент халықаралық қазақ-араб университетінде оқытушы болып біраз жыл қызмет еткеннен кейін Алматыға диссертация қорғау үшін ауысып келген едім. Сөйтіп, мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып орналасқанымда, әсіресе, төменгі сыныптардың балаларына студенттерге айтатындай сөз саптаулары арқылы сабақ түсіндірудің өзі айтарлықтай қателік екенін сезіне бастадым. Балаларға сабақты бала тілімен түсіндіру керек екен. Демек, оқулық та баланың таным-түсінік ерекшеліктеріне орайлас жазылуы тиіс. Тіпті қазіргі профессорлар жазғанындай студенттерге түсіндірілетін тұжырымдар мектеп оқушыларына мүлде айтуға болмайтыны өз алдына, 6-7 сынып оқушылары мен 10-11 сынып оқушылары арасында да сабақты түсіндіруде айтарлықтай айырмашылықтар болатынын қазір жете түсінгендей болдым. Жалпы мектеп оқулықтарында талдаулар, түрлі пікірлер мен ғылыми жаңалықтарды мәлімдеу ұшыраспауы тиіс. Балаларға тақырып нақты болып, бала түсінігіне сәйкескені жөн. Сондай-ақ түрлі оқулықтарда тарихи оқиғалар, деректер, мәліметтер түрліше болатыны да, жүйесіз жазылатыны да жиі ұшырасады. Педагогикада сабақ түсіндіруде қарапайымнан күрделіге дегендей талап бар. Ал біздің оқулықтарымызда әуелі күрделі мәселе қамтылып, керісінше жеңіл-желпі мәселелер соңынан берілетіні де балалар үшін де, мұғалім үшін де қиындық тудыратынын айтуға болады. Ал көптеген мұғалімдер оқулықтарда тіпті деректер мен оқиғалар жаңсақ жазылса да, оны өзгертпей сол бойынша сабақты түсіндіре беретіні байқалады. Бұл үшін оларды жазғыруға да болмас. Мұғалімдерге оқулықтардағы мәліметтерді өзгертпей оқыту жөнінде де талаптар қойылады. Көптеген мұғалімдер осыған дағдыланып кеткен. Мәселен, 8-сыныптың оқулығында Тәуке ханнан кейін таққа Қайыпхан отырды деп жазылса, 10-сыныптың оқулығында Тәуке ханнан кейін Болатхан отырды деп жазылған. Ал мұғалімдер болса осылай оқыта береді. Жалпы тарих пәнінің бағдарламалары айтарлықтай жүйелі жасалған деуге болады. Алайда мұнда тақырыптар да, мәліметтер де өте көп. Мұның бәрін балалар игере алмайды. Ал ҰБТ кезінде бағдарламада жоқ мәліметтер ұшырасатыны әлі кездеседі. Сондай-ақ мектепте тарих пәнін белгілі тарихшы Жарылқасын Қасымбаевтың оқулығымен оқыту міндеттелсе, ҰБТ сұрақтары Қабылдиев оқулығы бойынша жасалғаны көптеген қолайсыздықтарға ұрындырды. Тағы бір айта кететін жайт – Білім және ғылым министрлігі негізгі оқулықты бекітеді, ал балама оқулықты тек ұсынады. Мұның өзі мектепте бір ғана оқулықпен оқытуға мәжбүрлейді. Ал оқулық болған соң ол негізгі және балама деп бөлу дұрыс емес. Бір оқулықты негізгі деп беделін көтерсе, екінші оқулықты балама деп кемсіту де білім беру саласында мектеп реформасының терең түсіністікпен жүзеге асырылуы өз мәнінде емес екенін аңғартады. Жалпы тарих пәні бойынша бірнеше оқулық болғаны дұрыс. Алайда оқулықтардың бәрінде мәліметтер, деректер, оқиғалар бірізді болуы тиіс. Елбасымыз мақаласында осы мәселені де меңзеген деуге болады. АЛМАТЫ

3103 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6949

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6078

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3818

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3209

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3165

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3139

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2867

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2855

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы