• Мәдениет
  • 02 Тамыз, 2012

Көк байрақ күллі әлемнің жанарында

Өткен жұмада төрткүл дүние халқы назарын салған Лондон олимпиадасы салтанатты жағдайда ашылды. Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстанның көк туын балуанымыз Нұрмахан Тінәлиев алып шықты. 200-ден астам мемлекеттің ішінде әріптік кесте бойынша 94-ші болып шыққан спортшыларымызды бүкіл әлем көрді. Қазақстан құрамасы өткен кезде стадиондағы мың-сан қошемет білдірушілер қатарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болды. Сүйінші қоржынымызда қазірдің өзінде үш алтын жүлде бар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Лон­донда болған жұмыс са­пары аясында Ұлыбританияның экс премьер-министрі Тони Блэрмен кездесті. Жеке-дара жүздесу кезінде тараптар Қазақстанның әлеуметтік жаңғыру стратегиясын жан-жақты талқылады. Мемлекет басшысы ІІ Елизавета патшайымның қабылдауында болып, Британ елінің басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді. Елбасы, сондай-ақ, Лондонда Ха­лықаралық велошабандоздар ода­ғының президенті, Халықаралық Олимпиялық Комитеттің мүшесі Пэт Маккуейдпен кездесті. Кездесу барысында Пэт Маккуейд Мемлекет басшысының бас­тамасымен салынған «Сарыарқа» рес­пуб­ликалық велотрегі бірегей заманауи спорт нысандарының бірі екендігін атап өтті. Пэт Маккуейд Қазақстан Республикасы­ның Президентіне Халықаралық велошабандоз­дар одағының алтын төсбелгісін тапсырды, сондай-ақ әлемде велосипед спортының дамуына, 2011 жылы Астанада тректен Әлем кубогының ­бірін­ші кезеңінің өткізілуіне қосқан үлесі үшін және «Астана Про Тим» велокомандасын қол­дағаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар кездесуде Астанада 2014 жылы тас жол жарысынан және тректен Азия біріншілігін, 2015 жылы тректен жасөспірімдер арасындағы Әлем біріншілігін өткізу туралы шешім қабылданды. Ал Ұлыбританияның Премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен кездесу барысында екіжақ­ты қарым-қатынастардың ахуалы мен келешегі, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды. Кездесуде Британ инвесторларын Қазақстанды индустрияландыру бағдарламасына қатыстыру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Ал дүбірлі доданың жарысына келер болсақ, Лондонда күні кеше жалауын көтерген ХХХ Жазғы Лондон олимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына бірінші алтын түсті. Велоспорттан тас жолдағы ерлер арасындағы жарыста Александр Винокуров алдына жан салмады. 248 шақырымдық жарыс жолының соңғы сәттерінде алдына жан салмаған Винокуров Лондон олимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына алғашқы алтынды салды. Екінші орынды колумбиялық Ригоберто Уран, ал үшінші орынды норвегиялық велошабандоз Александр Кристов иеленді. Жерлесіміз Александр Винокуров қазір «Астана» командасында өнер көрсетеді. Ол 2000 жылы Сиднейде өткен олимпиадада күміс жүлдеге ие болса, ал 2003 жылы «Тур де Франс» көпкүндік жарыста қола жүлдеге ие болған еді. Зілтемірші Зульфия Чиншанло Әлем рекордын жаңартып, ХХХ Жазғы Лондон олимпиадасының чемпионы атанды. 53 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан Зульфия жұлқа көтеру сайысында 95 келіні бағындырып, үшінші орынға тұрақтаған болатын. Серпе көтеру сайысының екінші тапсырысында 131 келі көтеріп, әлем рекордын жаңартумен қатар, Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Ол екі сайыстың қорытындысы бойынша 226 келіні бағындырды. Ал екінші орын тайпейлік Хсу Ши-Шингке, қола медаль молдовалық Кристина Иовуға бұйырды. Айта кетерлігі, екеуі де қос жаттығудың нәтижесінде 219 келі көтерген болатын. Дегенмен, тайпейлік спортшының салмағы сәл жеңіл болғандықтан Олимпиада күмісіне ие болды. Зульфия Чиншанло бұған дейін екі дүркін әлем чемпионы атанған болатын. Көп ұзамай қоржынымызда үшінші алтынның сыңғыры естілді. Ауыр атлетикадан 63 келі салмақ санатындағы әйелдер арасындағы жарыста Майя Манеза Олимпиада чемпионы атанды. Жерлесіміз жұлқа көтеру сайысында 110 келілік зілтемірді бағындырып, екінші орынға тұрақтаған болатын. Ал серпе көтеруде біздің зілтемірші 135 келіні еркін көтерді. Қорытынды ұпай – 245. Күміс медаль 237 келіні бағындырған ресейлік Светлана Царукаеваға, ал қола медаль 236 келі көтерген канадалық Кристин Жерарға бұйырды. Олимпиада чемпиондарын құттықтады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның даңқты спортшысы Александр Винокуровқа тас жолдағы топтық жарыста Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алуына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. «Топтық веложарыстағы тамаша жеңісіңізбен құттықтаймын! Жолды жүріп өтіп, мықты қар­сы­ластарыңызды басып озуға Сізге өзіңізге тән мақ­саткерлік пен рухтың зор күші көмегін тигізді. Олимпиаданың алғашқы күніндегі Сіздің айқын жеңісіңіз Қазақстанның даңқын әлемге паш етті және отандық велоспорттың жоғары деңгейде екенін тағы да көрсеті. Сіз веложарысты зор қызығушылықпен және толқыныспен қадағалап, өзіңізге шын тілеулес болған барлық қазақстандықтарға және спорт жанкүйерлеріне тамаша тарту жасадыңыз. Біздің құраманың бұл алғашқы алтыны ХХХ Олимпиялық ойындардағы бұдан кейінгі жарқын жеңістеріміздің бастауы болсын» делінген жеделхатта. ** * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық спортшы Зульфия Чиншанлоға ХХХ Олимпиялық ойындарда жеңіске жетуімен және жаңа әлем рекордын жасауымен құттықтаған жеделхат жолдады. «Сені ХХХ Олимпиялық ойындардың ауыр атлетика сынындағы сенімді жеңісіңмен және алтын медаліңмен құттықтаймын! Сен әр спортшының өміріндегі ең маңызды марапатты жеңіп қана алған жоқсың, сонымен қатар, әлемнің үздік спортшыларын артқа тастап, әлем рекордын жасадың! Сенің табандылығыңның, еңбекқорлы­ғыңның және спортқа құмарлығыңның арқа­сында Қазақстан қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты. Сен әлемге тағы бір рет өзіңнің мүлтіксіз шеберлігің мен жеңіске деген жігеріңді паш еттің. Қазақстан сені мақтан етеді. Саған табыстар және алда үлкен жеңістер тілеймін. Сенің үлкен жеңістеріңнің әлі де көп болатынына сенімдімін» делінген жеделхатта. *** Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық спортшы Майя Манезаға Лон­дон­дағы ХХХ Олимпиялық ойындарда алтын медаль жеңіп алуымен және олимпиада ре­кор­дын жасауымен құттықтап, жеделхат жолдады. «Лондондағы ХХХ Жазғы олимпиялық ойындардың ауыр атлетика сынындағы тамаша және өте айқын жеңісіңмен құттықтаймын. Алтын медаль жеңіп алып, сен өзіңнің әлемнің үздік спортшыларының бірі екеніңді баршаға тағы бір рет дәлелдедің. Өз шеберлігіңнің, мақсаткерлігіңнің және жеңіске деген жігеріңнің арқасында сен қарсы­ластарыңның үлкен құрметін, миллиондаған жанкүйердің тәнті көңілі мен қолдауын шынайы иелендің. Қазақстандықтарды бұдан әрі де өзіңнің спорттағы жарқын жеңістеріңмен қуанта беруіңе тілектеспін» делінген құттықтау жеделхатта. Нұрлан ҚҰМАР

3174 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5766

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5453

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3189

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2577

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2537

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2515

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2249

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2232

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы