• Қоғам
  • 23 Тамыз, 2012

Ой толғауда сөз талғау

Абдрахман Асылбеков – сөз білетін ақын, бірқатар елге таралған ән мәтіндерінің авторы, сөз қолданысына қатысты ара-тұра пікірін де білдіріп жүреді. Демек, сөзге бейжай қарамайды, ой толғауда сөз талғайды. Қалам ұстаған адамға бұл – басты ұстаным. Негізгі қаруың – сөзді дұрыс қолдана білмесең, айтпақ ойың да оядан шықпайды. Осы тұрғыда Абдрахман Асылбектің сөз қолданысқа қатысты талапшылдығы орынды болғанымен, кейінгі бірер пікірі әнтектеу болды. Қанша сөз біледі, сөз қолданысына талғаммен қарайды десе де, орнымен тұрған сөздерді орынсыз қопарыстырғаны жөн болмады.

«Аударылған» ба, әлде «жалт-жұлт еткен» бе?» деген мақаласында («Ана тілі», №30 (1131) 26 шілде – 1 тамыз, 2012 ж.) ақын осы сөздің қолданылған заманындағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға, яғни сол уақыттағы тұтыныс құрал-жабдықтарына мән бермей, бүгінгі таныммен ғана өлшеген. «Кеше құлын, бүгін тай, Қолда жоқтың қиыны-ай. Ұстараның жүзіндей Аударылған дүние-ай» дегенде А.Асыл­бектің түсінігіндегідей «жылдам­дықты, тездікті, оқыстықты бейнелеп» тұрған жоқ. Бұл – таңғалыс емес, заман, қоғам өзгерісінен туындаған қиындықтарға қапалық. «Ұстараның жүзінің аударылуы» дегенді түсіну үшін, әлбетте, ол құралды тұтыну керек, оны қайрай білу керек. Әрине, бүгінгі буын ұстараны ұмыта да бастады. Жұрт тұрмақ, кәсіби маман – шаштараздардың ілуде біреуінде ғана бар. Ал бұрын ер адамдардың бәрі: мұрт, сақалы бары да, жоғы да ұстара ұстаған. Бұл заманында ер адамның ең қажетті асай-мүсейлерінің бірі болған. Алайда осы ұстараны қайрап, шәшке түсетіндей етіп ұстау – үлкен өнер болып саналған. Егер ұстара дұрыс қайралмаса, жүзі бір бетіне аударылып кетіп, шәшке түспейді, мұртты қырқа алмайды. Пышақ, орақ, балта, шот тәрізді құралдарды қайрау да осындай бап тілейді. Қайрай білмейтін адам мұның бәрінің де жүзін аударып жіберіп, кәдеге жарамсыз етеді. А.Асылбек те өлең мәтінін талдауда сөздің жүзін аударып жіберіп, «орындаушылар мен жаттап алушылардан кеткен қателікке» жатқызыпты. Оларда кінә жоқ. Олар автор сөзін бұрмалаусыз айтқан. Осы әнді шығарған автор: «Ұстараның жүзіндей, Аударылған дүние-ай» демей, «Ұстараның жүзіндей, Қылпылдаған дүние-ай» деуіне де болар еді, дей алар да еді. Өткір ұстараны «қылпып тұр» десе, әлдебір іскер, қабілетті, шалымды жігітті «ұстараның жүзіндей қылпып тұр», ал айнымалы, тұрақсызды «ұстараның жүзіндей қылпылдап тұр» деп теңеген. Демек, «ұстараның жүзіндей жалт-жұлт еткен дүние-ай» деп айтатын болсақ, әннің тарихи мәнін мансұқ еткен боламыз. Ал Несіпбай Айтұлының ән мәтініндегі «жалт-жұлт» сөзі – «аударылғаннан» басқа реңктегі сөз. Бұл – өмір ағысына таңғалыс, құштарлық, әнтек бір сезім бұлқынысы, романтика сарынды лирика. «Шіркін-ай, шіркін-ай, Жалт-жұлт еткен дүние-ай. Ғашық ғұмыр тояр ма, Сенің жарық сәулеңе? Үміт қуған пендеңе, Жеткізбейсің сен неге? Жалт-жұлт еткен дүние-ай, Арман дүние-ай. Жалт-жұлт еткен дүние-ай, Жалған дүние-ай!» дегенде өмірдің қызығына арманды аңсар жатыр. Ал «аударылған дүние-айда» өткенді аңсаған өксік жатыр. Айтып отырғаны ұстара жүзінің, яғни өмірдің жалт-жұлты емес, тағдыр қыспағы, мұқалыс. Мұнда күрделі өмір драмасы жатыр. Сөздің сыртқы түрі мен қолданыс аясындағы ішкі мәнінде орайына қарай мағыналық тұрғыда өзгешеліктері болады. Осы ерекшелікті А.Асылбек «Абай сөзіне абай болайық» деген мақаласында да («А.Т.» №27.2012 ж.) ойға алмаған екен. Мұнда да «өлеңді көшірмешілердің кінәсі деп білуіміз керек» дей отырып, Абай сөзіне сын айтыпты. «Сегіз аяқ» өлеңіндегі мына бір шумақты оқып көрелік: Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ, Күлкішіл кердең наданның... Осындағы «Өзінде ой жоқ» деген жол нанымды емес секілді. Өйткені басында миы жоқ адамның, әрине, ойы да болмайтыны аян. Осыны біле тұра, Абай «өзінде ой жоқ» деп айтпаса керек еді. Оның орнына «өзінде сый жоқ» десе, орынды болатын секілді», – дейді. «Басында ми жоқ» дегені – ақылсыз дегені, «Өзінде ой жоқ» дегені – өз ой-пікірі жоқ дегені емес пе? Абайдың айтып отырғаны сыйсыздық емес, ойсыздық. «Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң, айтпа сөз» деп отырғаны да сол. Ойдың көзі не? Ақыл. Бастағы ми мен өзіндегі ойды бойдағы қайрат пен ойдағы көз айқындап, толықтырып, жеріне жеткізіп тұр ғой. Абай өз замандастары арасында «милы», «ойлы» – сыйсыз, «мисыз», «ойсыз» – сыйлы барын өлеңдерінде де, қарасөздерінде де айтқан ғой. Сыйлы деген ұғымның өзі салыстырмалы түрде ғана ғой. Біреуге сыйлы – біреуге сыйсыз. Қоғамға сыйлы – көпке сыйсыз, көпке сыйлы – қоғамға сыйсыз. Ал ми мен ой – нақты. «Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ, Күлкішіл кердең наданның. Көп айтса көнді, Жұрт айтса болды – Әдеті жаман адамның. Бойда қайрат, ойда көз Болмаған соң, айтпа сөз» дегенде сөз түгел, ой бүтін. «Екінші күдік – «Өлең – сөздің патшасы» өлеңіне байланысты: Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын Қазақтың келістірер қай баласы? Осындағы «сөз жақсысын» деген сөз тіркесі орынды қолданылмаған секілді. Өйткені іші алтын, сырты күміс болса, ондай сөз жай жақсы ғана емес, асыл саналмай ма? Әрі жақсы деген сөз ойды күшейтіп емес, сәл де болса әлсіретіп тұрғандай. Дұрысы: «іші алтын, сырты күміс сөз асылын» болса керек еді» дейді. Жақсы дегеннің сөздің қадірін қашырғанын бірінші естуім. Жақсы – қазақ ұғымындағы бағаның ең жоғарғысы. «Игі жақсылар», «ел жақсылары», «жақсы кісі», «жақсы жар», «жақсы әйел», «жақсы жігіт», «жақсы бала», «жақсыдан шарапат», «жақсының көзі», «жақсы сөз – жарым ырыс», «жақсылыққа жориық», «арты жақсы болғай», «жолыққанша күн жақсы» дегендей сөздерде қаншама мағына жатыр. Атқа да, затқа да, әнге де, сәнге де, биге де, күйге де жақсыдан тиянақты баға жоқ. Ризалықтың бәріне жақсы деседі. Көз жақсыға жолыққан «қал жақсыдан» «ал жақсыға» дейін бәрі жақсы сөзімен жарастырылады. Абайдың айтып отырғаны алтын мен күмістің асылдығы емес, сөздің жақсысы. Сонда жақсы сөздің іші алтын, сырты күміс болып тұр, яғни мағына сол алтын мен күмістің ішінде, мазмұнда. Мұны өлеңнің басқы жолында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп айтып отыр. Бұл тұрғыда сөз сарасы ұғымы сөз асылы дегеннен жоғары. Абай сөз таппағаннан емес, сөз жақсысын жақсы көріп қолданған. Лайығы да осы. «Үшінші күдік: Жаманға «жар» деген-ақ ән көрінер, Жақсы ән білсе, айтуға кім ерінер? Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп, Жабырқаған көңілің көтерілер», – деген шумақтағы «жарамды ән» деген сөз тіркесі ойға оралымсыз көрінеді. Өйткені, жарамды, жарамсыз деген атқа немесе затқа байланыс­ты айтылатын сөз. «Жарамды ән», «жарамсыз ән» деп айтылмайды. Дұрысы – «жақсы әнді» немесе «әсем әнді» болса керек. Өлең жолы «Жақсы әнді тыңдасаң, жаның еріп» немесе «Әсем әнді тыңдасаң, жаның еріп» деген де одан әрі сұранып тұрғандай» дейді. А.Асылбек «екінші күдігінде» «сөз жақсысын» дегенде жақсы сөзін әлсіз теңеу санаса, бұл «күдігінде» «жақсыны» қолдайды. Абай осы шумақта «жақсы ән» деген тіркесті қолданып отыр ғой. Бір шумақта оны екі қайталамайды ғой. Алдыңғы шумақта «Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен» деп те отыр. «Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй» деп те айтқан. Абайдың өзінде бар сөзді, қолданып отырған сөзін орынсыз орынға сыналау орайсыздық қой. Ән – «не?» деген сұраққа жауап беретін зат есім. Қандай ән? Жарамды ән. Сөздің жарамдысы, мінездің жарамдысы, ойдың жарамдысы, өлеңнің жарамдысы, ас-судың жарамдысы, киімнің жарамдысы, адамның жарамдысы, жердің жарамдысы, қағаздың жарамдысы, жарамды-жарамсыз қылық, әдет, әдеп болғанда, әннің жарамдысы неге болмасқа? Қай зат, нәрсенің болсын, өнердің де жарамдылық сапасы болады, сол арқылы олардың жарамды-жарамсыз сипаты анықталады. Абдрахман Асылбекте сөз қолданысын саралауда ұғым-танымның бүгінгі қалыбына сүйреу, жаттандылыққа, жылтыраққа тарту бар сыңайлы. Абай оған көнер ме? Оқырман бұған сенер ме? Иә, ой толғауда сөз талғау міндетті. Алайда сол талғаудың өзі қызыл сөзге, мәнсіздікке ұрындырмайтын болса деңіз. Сөздің сырт сымбат-сылдырына сүйініп, ішкі үнін ести алмай, бүккен сырынан көз жазып қалмайық. Абайға абай болудан бұрын өзімізге абай болайық. Абай – Абай, толық адам, кемел ақын, оның сөзі де кемел. Ретін тауып Абайға мін таға салу ешкімге абырой-атақ әпере қоймас. Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ, Республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері АСТАНА

«АУДАРЫЛҒАН ДҮНИЕ»және аңдаусыз айтылған сөз

«Ана тілі» газетінің шілде айындағы №30(1131) санында жарияланған Абдрахман Асылбековтің сөз мағынасына қатысты мақаласына қатысты өз ойымды білдіргім келеді. Мақала авторы сынға алған өлеңдегі «аударылған дүние-ай» тіркесі – меніңше, адамның сана-сезіміне жетіп, нысанаға дөп тиген сөз. Халықтың сан ғасырлар бойы басынан өткеріп, өзегі өртеніп, дүниенің парқы мен нарқын терең түсініп айтқан сөзі екеніне дау жоқ. Халық ешқашан көңіліне қонбаған сөзді қабылдамайды. Мысалға келтірілген: «Былтырғы мен биылдай, Қолда жоқтың қиыны-ай. Ұстараның жүзіндей, Аударылған дүние-ай» деген өлеңнің бірнеше нұсқасы бар, бірақ ешқайсысында «аударылған дүние-ай» тіркесі өзгертілмей сол күйінде берілген. Бала кезімізде көз нұры азайған аталарымыз ұстара жанып отырып «жүзін аударып алдым» деп өкініп, жани білетіндерге жүгініп жататын еді. Ал автор келтірген «жалт-жұлт» көру қабілеті арқылы пайда болған еліктеуіш сөз екенін мектеп оқушылары жақсы біледі. Сондықтан да ұстараның жүзін аударып алу мен оның жүзінің «жалт-жұлт» етуі екі түрлі мағына береді. Оған күдік келтірудің жөні жоқ. Бұл ретте Абдрахман Асылбековтің «әр туындыға жіті көзбен ойлана қарап, әр сөзді өз орнымен қолдануымыз керек» дегеніне толық қосыламын. Арман ХАСЕН

9264 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6085

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5647

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3388

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2769

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2732

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2708

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2440

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2426

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы