• Ақпарат
  • 05 Қыркүйек, 2012

Тіл заңы орындалуымен маңызды

Таяуда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Семей қаласына арнайы соғып, Абай атындағы театр­да Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласына орай халықпен кездесу өткізді. Кездесуде Мемлекеттік хатшы тарихқа терең үңіле отырып, Жамбыл қаласының екі мың жылдық, Тараздың бір жарым мың жылдық тарихы барын, олармен салыстырғанда Семей тарихы жағынан жас қала екендігін ел есіне салды.  «Солай дегенмен Семей жиыр­­масыншы ғасырдағы қазақ руханиятының ор­та­лығы, «Қазақстанның Санкт-Петербургі» деп атауға әбден лайық. Өйткені XIX ға­сыр­дың екінші жартысында Қа­зақстанның Ресейге қосылуы біржола анықталғаннан кейін ұлт зиялылары заман ғылым мен білімнің дәуірі екендігін сезініп, балаларын Ресейдің аса ірі ғылыми орталықтарында оқыта бастады. Соның ал­ғашқыларының қатарында данышпан Абай тұр. Абайдың ет жақыны Әбдрахманды Пе­тербордың Михаил артиллерия училищесіне жіберуі – осының дәлелі. Осы дәстүр жалғасын тауып, орыстың жоғары оқу орындарында, Варшава, Берлин университеттерінде қазақ жас­тары білім алды. Кейін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды Алаш ардақтыларының іздері қалған осы Семейдің көшелерінде жас Мұхтардың шәкірттік шағы өтті емес пе? Семейде танылған сол кезеңдегі қазақ зиялылары ренессанстық кезеңді тудырды. Сол кездегі Алаш зиялылары арман еткен Тәуелсіздікке біздің қолымыз жетті. Қазақстан бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаткерлігінің арқа­сында ел таныған, әлем мойын­даған мемлекетке айналды» деп сөзін сонау тарихтан тарта сөй­леген Мемлекеттік хатшы жер­гілікті халықпен жылы жүздесті. Кездесуде облыстық Нев­зоровтар отбасы атындағы мұражайдың директоры Т.Стромская, ғалым А.Еспен­бетов, ардагер Х.Матаев, журналист-жазушы Д.Сей­сенұлы сөз алды. Алайда со­лардың арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының мү­шесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс және Солтүстік аймақтары бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаевтың сөзі жиналған жұртшылықтың көкейіндегісін дөп басты. «Тіл төңірегіндегі түйткілдерді шешуде бәріміз бір кісідей жұмылуымыз керек. Сондықтан Тіл заңы талқыланбауы тиіс. Ол орындалуы керек! Бұған басшыдан қосшыға дейін жауаптымыз» деп мәселені төтесінен қойған Орал Шәріпбаев былтыр Көкшетау қаласында өткен Құрылтайда көтерілген кей мәселелердің өз шешімін таппай жатқанын атап өтті. «Мен сол жиында Шығыстың рухани шырайын келтірген Ж.Кәріпжанов пен Б.Сапарбаев сынды әкімдерді атап өтіп, бірінің Өскемен қаласына Тәуелсіздік, бірінің Астана көшесін беруге тікелей атсалысқанын айтып едім, – деді О.Шәріпбаев. – Ономас­тика саласындағы қордаланып қалған ойларымды ортаға салып, бір жүйелі істің керектігін келтіргенмін. Білгенге ономастика мәселесі – бұл үлкен идеология. Кезінде Шығыс Қазақстан облысына қарасты Лениногорск қаласының атауы халықтың сұрауы бойынша Риддер қаласы деп өзгертілді. Сөйтіп, бүкіл қала тұрғындары мен қаланың құжаттары Риддер қаласы деп өзгертілген. Алайда әлі күнге дейін Астана қаласына қатынайтын теміржол пойызы өз бағытының атауын Риддер деп ауыстырмай, Лениногорск деген ескі атаумен атап жүр. Осы әділдік пе? Осыған жауапты құзырлы органдар қайда қарап отыр? Тағы бір мысал. Қазір әр жерде Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Бірақ сол жердегі халыққа қызмет көрсететін нота­риус мамандар мемлекеттік тілді қажетсініп отырған жоқ. Былтыр мынадай бір жағдай болды. Өмірден өткен қария тірісінде немересіне мұрагерлікке үйін қалдырған екен. Құжат қазақша жазылған, сот қазақша шешім шығарған. Ал Халыққа қызмет көрсету орталығында отырған қазақ қыздары «Біз қазақша түсінбейміз» деп құжатты қабылдамай қойған. Сөйтіп, қаланы аралап жүріп, қазақша қаріп танитын бір нотариусті әрең тапқан. Бұл жайында жәбірленушінің бізде жазбаша шағымы да бар. Сондықтан Халыққа қызмет көрсету орталықтары мемлекеттік тілді меңгерген мамандармен толықса екен. Осы мәселеге Әділет министрлігі көңіл бөлетін кез жетті емес пе? Қостанай облысының Абай ауылындағы қазақ мектебіне жабылып қалу қаупі төніп тұр. Бұл мәселе де бізді мазалайды. Бұған дейін де біраз айтылған мәселе – Байқоңыр қаласындағы қазақ мектептері қашанға дейін Ресейдің оқу бағдарламасымен оқи бермек? Қазір олар Ресейдің бағдарламасының қазақшаға аударылған нұсқасымен білім алуда. Бұл туралы Қызылорда облысында өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының көшпелі жиынында да мәселе қойып едік. Қала берді, Байқоңыр қаласының «Қазақ тілі» қоғамы бірнеше жыл бойы тиісті орындарға хат жазумен келеді. Нәтиже қайсы? Біз бүгінде Елордамыздың Түркі әлемінің астанасына, әлемді аузына қаратқан Бейбітшілік мекеніне айнал­ғанына қуанамыз. Көркі талайды тамсандырған астанамыздың төрінен «Тіл сарайы» болмаса «Тіл академиясы» ашылса деген ойымызды Елбасыға жеткізе оты­рып, осы игі істің жүзеге асуына өзіңіздің ұйытқы болуыңызды сұраймын. Биыл Қызылорда облысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алқа жиыны өткенінен хабардарсыз. Қазақстанда ең алғаш құрылған ұйым «Қазақ тілі» қоғамы болатын. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Түркияның президенті Димерельден кейін «Ана тілі айбары» белгісін еліміздің тұңғыш Президентіне – Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырған еді. Сондықтан сол жиында «Елбасы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болса» деген ұсыныстар болды. Оған қоса Астанада «Қазақ тілі» қоғамының өз кеңсесі ашылса деген ұсынысымыз да бар. Бұл министрліктермен тікелей байланыста болып, әдістемелік көмек алмасып, Меморандумға отырып, Тіл бағдарламаларын бірлесе дамыту үшін жүйелі жұмыс істеуге қолайлы жағдай туғызар еді» деп тәмамдады сөзін «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс және Солтүстік аймақтары бойын­ша вице-президенті. Тіл жанашырының сөзін мұқият тыңдаған Мемлекеттік хатшы «Құрметті, Ореке! Айтқан ойларыңыз өте орынды, көтерген мәселелеріңіз дұрыс. Бәрін қолдаймын. Астанаға келіңіз. Арнайы қабылдаймын. Басшыңыз Өмекең – Өмірзақ Айтбаевпен бірге келіңіз» деп елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Алқалы кездесуге жиналған әлеумет «Мемлекеттік тілге мемлекеттік көзқарас деген осы емес пе» десіп тарасты. Кеңес РАЙЫМБЕКОВ, Халық ағарту ісінің үздігі, ардагер-ұстаз Шығыс Қазақстан облысы

3003 рет

көрсетілді

31

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9131

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7271

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5011

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4395

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4359

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4320

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4054

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4047

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы