• Ақпарат
  • 05 Қыркүйек, 2012

Журналист жауапкершілігі

Облысымызда өткен «Журналистиканың дамуы: өзекті мәселелері мен болашағы» атты медиа-форумға қатысқан қауым ой бөлісіп, тәжірибе алмасты. Биыл үшінші жыл ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға республикамыз бен көрші Ресей елінің іргелес аймақтарының журналистика саласының майталмандары жиналды. Форумға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арслан Әбдіхалықов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім, ҚР «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Кенжеболат Жолдыбай, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, Ресей елінен «Халықаралық Еуразиялық телевидение, радио және баспасөз академиясының» вице-президенті Кипрас Мажейка, Новосібір облысы Журналистер одағының төрағасы Андрей Челноков, Еуразиялық зерттеулер институтының медиа-жобалар директоры Анатолий Строев, сондай-ақ, өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел айналасына жиналған кәсіби мамандар қазіргі журналистиканың жетістігі мен кемшін тұстарын таразылап, жас қаламгерлерге бағыт-бағдар берді. Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары А.Әбдіхалықов БАҚ-тың қоғамда алар орнының ерекше екенін атап өтті. Бүгінде облыста әртүрлі меншіктегі 110 БАҚ тіркелген, оның 85-і – баспасөз. Тіркелгендердің 20 пайызы – мемлекеттік меншікте. А.Әбдіхалықов билік пен БАҚ арасындағы байланыстың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын, заманға сай кәсіби шеберліктің өскенін бөле-жара атады. «Төртінші билік» иелері қоғамдық пікір қалыптастырушы орта екенін ескере отырып, журналистер қауымына жауапкершілік пен әдепті естен шығармаса деген бұйымтайын бүгіп қалмады. Бұл ойды К.Жолдыбай өзге бір қырынан сабақтай түсті. Ол қалам­герлер кез келген мәселені халыққа бүкпесіз жеткізуі керек деген пікірін ортаға салды. «Дегенмен, ортақ мүдде – сапалы өмір сүру үшін барша халық күш біріктіруі тиіс. Өңірде үшінші рет осындай форумның өтуі аймақта билік пен БАҚ арасындағы байланыстың беріктігінің белгісі» деді Кенжеболат Махмұтұлы. Ол ресейлік меймандардың алқалы жиынға қатысып, тәжірибе бөліскендеріне алғысын білдірді. «Бүгінде журналистика саласы нақтыдан виртуалды ақпарат айдынына өтіп жатқанын, осы орайда, халықтың ақпарат алу көздерінің ауқымы артқаны қуантады» деді ол. Оның пікірінше, екі бірдей өзекті мәселені назарда ұстау керек. Бірі журналистердің кәсіби деңгейі болса, екіншісі – жауапкершілік. Мәскеу қаласынан келген журналист К.Мажейка ТМД елдерінің ақпарат айдынындағы ерекшеліктер мен ұқсастықтарға тоқталып, өзінің тәжірибесімен бөлісті. «Мұндай кездесулер қос елдің достығын нығайтып, салты мен дәстүрін жақындастыра түсетіні анық» деді ол. Ал академик-сенатор Ғари­фолла Есім журналистер қауымы қазіргі ұрпақтың қажеттілігін ескере отырып қызмет етуі керек деген ойын жеткізді. «Сондықтан, жас журналистер шолақ ойлаудан аулақ болып, нені қалай жазу керектігіне баса мән бергендері, әрбір істері ізгілікке негізделгені жөн» деді. Дәстүрге айналған жиын өз жемісін беретініне сенім білдірген «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Ж.Кенжалин қарымды қаламгерлер Ә.Нұршайықов, А.Шәмкенов, А.Жақсыбаевтарды өмірге әкелген Кереку өңірінің бүгінгі журналистикасына оң баға­сын берді. «Аға буыннан сабақ алған ізбасарлар алдағы уақытта үмітті ақтайтынына сенім мол» деді. Сондай-ақ, жергілікті билік өкілдерінің рухани құндылықтарға көңіл бөліп жатқанын ерекше атап өтті. Елбасының бағдарламалық мақаласында қарапайым еңбек адамдарының жұмысын насихаттау жөніндегі тапсырмасын орындауға журналистер қауымы жұмылдырылуы қажет деген ойын жеткізді. «Сонымен қатар, ат үстіндегі азаматтар қаламгерлердің әлеуметтік мұң-мұқтажына құлақ асулары тиіс» деді. Айта кету керек, форум барысында бірқатар азаматтарға әртүрлі марапаттар табысталды. Атап өтер болсақ, медиа-форумды ұйымдастырушылардың бірі, ҚР Бас редакторлар клубының вице-президенті, Павлодар облысы бойынша «Бас редакторлар клубының» төрағасы Мұхит Омаровқа «Халықаралық Еуразиялық телевидение, радио және баспасөз академиясының» толыққанды мүшесі дипломы табыс етілді. Ал көп жылғы еңбегі үшін ҚР Журналистер одағы атынан «Альта-ТВ» телестудиясының бас редакторы А.Чернятевичке «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы берілсе, «Қазақстан-Павлодар» телеарнасының директоры А.Ибраев пен «Наша жизнь» газетінің редакторы Е.Ва­сильченко дипломдармен марапатталды. Форум аясында шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Мәселен, К.Мажейка журна­листикадағы әдептік-құқықтық нормалар, БАҚ өкілдерінің қоғамдық институтпен өзара байланысы, шетелдік тәжірибе төңірегінде ойын ортаға салды. Ж.Кенжалин, К.Жолдыбай «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымымен кездесіп, ой бөліссе, ресейлік меймандар «Звезда Прииртышья» газетінің редакциясында медиа-форум аясындағы жұмыстарын жал­ғастырды. Форум барысында айтылған ұсыныстар бойынша арнайы қарар қабылданып, қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ Павлодар облысы

4335 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9130

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7270

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5010

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4394

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4358

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4319

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4053

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4046

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы