• Ақпарат
  • 22 Желтоқсан, 2012

Тілге көзқарас – елге көзқарас

Осы аптада Тәуелсіздік күніне орай Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Алматыдағы «Достық үйінде» «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік тірегі» атты дөңгелек үстел болып өтті. Жиынға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқа құрамы, қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, тіл мамандары мен тіл жанашырлары, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары, белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлы қатысты.  – Тәуелсіздік пен мемлекеттік тіл екеуі егіз ұғым. Бүгінгі басқосуда Қазақстандағы қазіргі тілдік ахуалды, Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудегі орны мен маңызын жан-жақты әңгіме арқауы етуді жөн көріп отырмыз, – деп сөз бастаған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы мемлекеттік тілдің мемлекет пен қоғамды ұйыстырушы күштің бірегейі екенін атап көрсетті. – Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы күресі қазақ тілінің қоғамдағы лайықты орнын талап етуден басталған болатын. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебені әперу оңай болған емес. Осы жолда қаншама тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Сөйтіп, елім, тілім деп күрес майданына шыққан көптеген асыл азаматтардың зор қажыр-қайратының арқасында туған тіліміз өз тұғырына қонды. Бұл істердің қай-қайсысының болсын басы-қасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болғанын тағы жақсы білесіздер. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тіліміз де елмен бірге жетіліп, қолданыс аясын кеңейте түсті. Оның әрбір сатысынан Мемлекет басшысының қолтаңбасын көруге болады. Елбасы дәстүрге айналған жыл сайынғы Жолдауларында да, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында да мемлекеттік тіліміздің тірегі ретінде қазақ тілінің өрісін кеңейту, ел халқының мемлекеттік тіл аясына ұйысуын қадағалап, осыны ұдайы айтып келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын құрғандағы мақсаты да ел халқын тұтастандыру болатын. Ол, әрине, мемлекеттік тіл арқылы іске асады. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарын бұрынғыдан да қарқынды жүргізіп, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тіл аясында топтасуына ұйытқы болғандары жөн дегім келеді, – деп ой түйген Өмірзақ Айтбайұлы одан әрі мемлекеттік тілге жеткілікті мән бермеушілік ел бірлігіне қатер төндіретінін, өзге ұлт өкілдері тілдерінің де құлдырауына ұшырататынын баса айтты. «Елбасының «Үш тұғырлы тіл» жобасы ел болашағын баянды етуден туған, алысты көздеген мақсат. Осы жобаны түсіндіруде және іске асыруда түрлі жансақтықтарға жол беріп алып жатамыз. «Үш тұғырлы тіл» – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар қойып, жарыстыру емес. Керісінше, бұл әр тілді өзіне лайықты орнымен қажетіне қарай лайықты пайдалану деген сөз. Мұнда мемлекеттік тілдің орны тіпті бөлек. Оған ешкімнің таласы жоқ. Оның мәртебесі мен қызметі арнайы заңдарда нақтыланған. Ал орыс тілі ТМД кеңістігіне жол ашса, ал ағылшын тілі бүгінде ғылым мен білімнің, жаңа технологияның, бизнестің тілі болып отыр. Ол халықаралық кеңістікте бәсекеге қабілеттігімізді нығайтуға ықпал етеді. Мәселеге осы жағынан қарау керек. Үш тұғырлы тілді желеу етіп, мемлекеттік тілді ығыстыру мүлде дұрыс емес» деді. Ө.Айтбайұлы мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясы мен өрісі күннен-күнге қанатын кеңге жайып келе жатқанын, мемлекеттік тілде білім алушылардың саны жетпіс пайыздан асқанын, мемлекеттік тілді меңгерген, меңгеруге ұмтылған өзге ұлт өкілдері көп екенін тілге тиек етті. Осыған байланысты ендігі кезде тіл үйреніп қою аздық етеді. Қазақ тілінде қалай шешен, қалайша сауатты сөйлеуге болады, қалай сауатты жазу керек деген мәселелер бой көтеру керек. Енді осындай көкейкесті мәселелермен айналысу қажеттігі туып отырғанын жеткізді. Белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы жетекшісі Әбдуали Қайдар еліміздегі «Қазақ тілі» қоғамының қалай құрылғаны, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне қалайша ие болғандығы туралы әңгіме қозғады. – Қазақ тіліне қатысты айтыс-тартыс, қамқорлық, әртүрлі ұсыныстар бұрын да болған еді. Сонау Ахмет Байтұрсынов заманынан басталған дүние күні бүгінге дейін келе жатыр. Неге олай? Өйткені қазақ тілінің мәселесі ол мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс дүние. «Қазақ тілі» қоғамы қалай құрылды? «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына Тіл білімі институты қызметкерлерінің, жалпы қауымның түгел қатысуына тура келді. Мен осы институттың директоры болып қызмет істеп жүргенде маған «Неге біз әлі күнге дейін өзіміздің ғылымымызды орыс тілінде жазамыз, орыс тілінде неге айтамыз? Неге осыны бастан-аяқ қазақша айтуға болмайды?» деген мәселе ойға келді де әрі ойланып, бері ойланып келген бәтуамыз – қазақ тілі туралы бір қоғам құрып, сол қоғам арқылы жұмыс істеу деген мәселеге тоқтадық. Жиынға қатысқан «Түркия» қоғамы мәдениет орталығының төрағасы Қазақбай Касимов: «Тілі өркендемеген ел ешуақытта ұлттық мемлекет болып салтанат құра алмайды. Тіл бірлігі болмаса, не мемлекет, не тәуелсіздік баянды болмайды. Бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздігімізді қорғап, сақтау үшін, мемлекетімізді өркениетті, дәулетті ел қатарына көтеру үшін біз біріншіден мемлекеттік тілді меңгеруіміз керек. Барша қазақстандықтарды ұйытып, жұдырықтай жұмылдыратын негізгі күш - ол мемлекеттік тіл» деді. Дөңгелек үстел барысында А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтының директоры Мырзаберген Малбақов, Халықаралық Адам капиталы институтының директоры Жанұзақ Әкім, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқа мүшесі, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек және тағы басқалар мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағы жайында өз ойларын ортаға салды. Шара соңында Алматы қаласы Алатау ауданының мүгедектер қоғамының төрайымы Әсел Оразбаева «Үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне мемлекеттік тілді енгізу» жобасын іске асыру бойын­ша мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосқан тіл жанашырларын арнайы дипломдармен марапаттады. Дәуіржан Төлебаев

3156 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8974

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7175

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4916

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4301

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4266

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4225

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3956

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3955

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы