• Тарих
  • 22 Желтоқсан, 2012

Батыс Қазақстан облысы

Ақсай – шағын өзен және аудан орталығы. Ақсай және Ақсу топонимдері бір негізден шыққан деп ойлаймыз. Ақсай атауының семантикасы көпке түсінікті болса да, бұл топонимді көне атаулар санатына қосуға болады. Ақсу топонимін Э.М.Мурзаев «ақсу – белая, чистая вода» деп қарайды. Бұл пікірді Е.Қойшыбаев қолдамайды. Шынында да, Э.М.Мурзаевтың Ақсай, Ақсу атауларының құрамында түске байланысты «ақ» сын есімі бар деп есептеген пікірімен келісуге болмайды. «Ақ» сөзі бұл гидронимнің құрамында түсті емес, «ағу» ұғымын, яғни «ағын су» немесе «ағын сай» ұғымын беріп тұр. Осындай пікір А.Н.Кононов пен В.Н.Попованың да еңбектерінде берілген. Бұл атау көне дәуірде, оғыз-қыпшақ тіл бірлестігі кезеңінде қалыптасқан. Оның басты дәлелі – Ақсу, Ақсай гидронимдерінің қырғыз, татар, түркімен, әзірбайжан топонимиясында да кездесуі. Ол тілдерде де «ақ» сөзі судың ағуы мағынасын береді. Сай термині жыра, өзен, жылға мағынасын береді. Демек, Ақсай – ағынды өзен, жылға деген сөз. Өлеңті – Батыс Қазақстанның шығысындағы өзен мен елді мекен атауы. Өлең деген шөптің (осока поникшая, осока ранняя) көп өсетіндігіне байланысты пайда болған атау. Өлең – малға жұғымды шөп. Қазақтар «өлеңді жерде өгіз семіреді» деген мақалды осы шөпке байланысты айтқан. Өлеңті топонимі түсінікті болса да, бұл сөздің құрамындағы -ті жұрнағының бүгінгі тілдік нормаға бағынбай жалғануы, топонимнің көне дәуірде, түркі тілдерінде қосымшалардың варианттары қалыптаспаған кезде пайда болғандығын, демек көне форманың реликтілік көрінісі екендігін білдіреді. Шідерті – Сырым ауданындағы өзен мен елді мекен атауы. Бұл топонимнің алтай диалектісіндегі сүдерлү варианты «имеющий покров, защиту, тень» мағынасын береді. В.Радловтың сөздігінде де сүдер сөзіне «покров, тень» деген түсінік берілген. Сөйтіп, түркі тілдеріндегі көне -сүдер, -седер, -шідер сөзі «жабын, көлеңке» мағынасын білдіреді де, туын­ды сын есімнің жұрнағы арқылы «жабынды, көлеңкелі» ұғымы пайда болған. Шідерті атауы Қазақстанның басқа да аймақтарында (Павлодар облысында) кездесіп, негізінен жағасы қалың, көкорай шалғынды немесе өзенді жер ұғымында қолданылады. Қазақ тілінің топонимикалық лексикасында сол тілде сөйлеуші халықтың қоғамдық қатынастарындағы болып жатқан өзгерістер, туыстас тілдер арасындағы белгілі бір атауға байланысты айырмашылықтардың кездесуі топонимдердің лексико-семантикалық өзгермелілігін көрсетеді. Дегенмен, түркі тілдерінің көне негіздері топонимдер бойында да сақталғаны байқалады. Мысалы, Шақат, Шақабай. Шақат – Жалпақтал ауданындағы өзен атауы. Бетіне ақ соры шығып жататын, өсімдігі шамалы жерді осылай атаған. Атау екі компоненттен тұрады: Шақа+т. Бірінші бөлімі қазақ тілінде «қызыл шақа ет, қызыл шақа бала» деген тіркестердің құрамында кездесетін ескі түркілік шақа-чақа түбірі «еті жоқ, тақыр» мағынасын береді. Осыған көптік мағыналы -т топоформанты қосылған. Қазіргі қазақ тілінде «еш нәрсе өспеген», «қағы кепкен сортаң жер» деген мағынаны білдіретін шақат сөзі бар. Осы гидрониммен мағыналас болып келетін Шақабай өзені Қаратөбе ауданында да кездеседі. Бұл өзендер атауына олардың осы мағынасы негіз болған деп қарауға әбден болады. Райым – Жәнібек ауданындағы елді мекен. Араб тілінде «кейіп, көңілдің қошы, тартымды» мағынасындағы рай сөзі мен -ым жұрнағы арқылы қалыптасқан атау болуы мүмкін деп қараймыз. Шайтанкөпір – Ақжайық ауданындағы елді мекен. Шайтан – діни ұғым бойынша, «көзге көрінбей өмір сүретін жын, ібіліс» деген мифтік ұғымдағы араб тілінен енген сөз. Базаршолан, Базартөбе – бұл топонимдерінің мағыналары «қақпа алдындағы төбе немесе шолан» ұғымына сәйкес келеді. Бұл топонимнің құрамындағы шолан сөзі. Батыс Қазақстан территориясында қазір де «сарай» мағынасындағы диалектілік ерекшелік ретінде сақталған. Демек, Базаршолан – «қақпа алдындағы елді мекен, сарай». Шолан сөзінің елді мекен атауы бола алатынын осы маңайдағы Ақшолан атауымен салыстыруға болады. Облыс территориясында дәл осылай аталатын елді мекен де бар. Түмен – Жаңақала ауданындағы елді мекен. «Түмен» сөзінің моңғолдық төркіні алғаш 1898 жылы шыққан В.Катаринскийдің «Грамматика киргизского языка» деген еңбегінен бастап анықталған. Ендеше, Түмен топонимінің этимологиясы «сансыз, көп» мағынасын беретін моңғол сөзімен байланысты. Мұқыр – Жаңақала ауданындағы елді мекен және ұзындығы өте қысқа 30-ақ шақырым өзен аты. Өзеннің моңғол тілінде «мохоо» – қысқа, тұйық, доғал, ұшы жоқ, ал «мухар» – қысқа, мұқыл, тұйық мағыналарында қолданылады. Демек, топоним «қысқа өзен, тұйық өзен» ұғымын береді Көрсетілген зерттеулердегі пікір бойынша, Мұқыр топонимі Қазақстанда, сол секілді мұндай атаудың Моңғолияда да жиі кездесуі оның түркі-моңғол тілдеріне ортақ сөз екендігіне дәлел болады. Моңғолша сөздікте «мухар» сөзінің екінші мағынасын «тұқыл, мұқыр, мұқыл» деп аударған. Осылайша жүргізілген салыстырулар бұл сөздің түркі-моңғол тілдеріне ортақ екендігін және осы сөз мағынасының географиялық обьектінің сипатына дәл келетіндігін анықтайды. Егіндікөл – Қаратөбе ауданындағы елдімекен, кеңшар орталығы. Бұл топонимге негіз болған егін сөзі – моңғолдың эхен, экендь сөзінен шыққан, яғни бастау, басы деген мағынаны береді. Біздіңше, бұл атаудың қазақ тіліндегі егін сөзіне еш қатысы жоқ. Себебі қазақта егіншілік кәсібі беріректе басталған. Бұл атаудың қалыптасуына негіз болған ауылдың іргесінен бастау алған бұлақ болса керек. Осы бұлақтан аққан су жиналып көлге айналған. Демек, бұл топоним де көнеден келе жатқан түркі-моңғол тіл бірлестігі заманында пайда болған. Қалдығайты – Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы өзен атауы және кеңшар орталығы. Сөз түбірі моңғолдың Хандағай сөзі болуы ықтимал. «Моңғолша қазақша сөздікте» хандағай – бұлан – (бұғының бір түрі) деп түсіндіріледі. Демек, Хандағай сөзі мен осы гидронимдегі қалдығай сөздері тым жақын, айырмасы н~л дыбыстарының алмасуында ғана. Проф. С.Аманжолов мұндай дыбыс алмасуларының батыс говорларына тән екендігін айта келіп, ғандел-ғанден, жамалдат-жамандат болып айтылуы н~л дыбыстарының алмасуының белгісі деп есептейді. Ендеше, хандгай~қалдығай алмасуын да осы негізде түсіндіруге болады. Қазақша бұлан деп аталатын бұл жануардың Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай облыстарында кездесуі аталған гидронимге мұндай аттың қойылуы заңды екендігін дәлелдейді. Сондай-ақ Қалдығайты бассейніне жақын аймақта Бұлан деп аталатын елді мекеннің болуы да бұл жерлерді бұландардың мекендегенін дәлелдей түседі. Ал сөз соңындағы -ты тұлғасы – түркі тілдеріне тән туынды сын есім жасайтын көне жұрнақ. Бұл жұрнақтың Батыс Қазақстан облысындағы кейбір гидронимдерге буын үндестігі заңына бағынбай жалғануы да Хандығай~Қалдығай атауының көне екендігін білдіреді. Сонымен Қалдығайты атауының этимологиясы Хандыгай+ты ~ Қалдығай+ты ~ Бұланды. Шаған – Жайық өзенінің оң жақ саласы. Қазақстан территориясына кең таралған моңғол атауы. Е.Қойшыбаев «Шаған (чаган, саған, сақан, цахан) тұлғасы – түркі және моңғол тілдерінде құмдақ жерлерге тән өсімдік аты, түйе малының азығы» деп көрсеткен. Б.Қалиев шаған атаулы шөптің қазақ тілінде төрт түрінің кездесетіндігін айтады. Ал Г.Қоңқашбаев шаған сөзін моңғолдың өзгертіліп айтылған цаган – белый(ақ) деген сөзі деп қарайды. Алайда біз қарастырып отырған өзен жағалауында шаған деп аталатын шөп өспейді. Өзеннің бұлай аталуы оның жағалауына терек ағашының көп өсетіндігіне байланысты емес пе екен деп болжаймыз. Себебі жаз айларында теректен ұшатын ақ мамықтан өзен беті көрінбей кететінін ескерсек, өзен атауының қалай пайда болғанын анықтау қиын емес. Жоғарыда көрсеткеніміздей, моңғолша-қазақша сөздікте цагаан – ақ деп аударылған. Моңғол-қазақ тілдеріндегі ц~ш дыбыстық параллелі - заңды құбылыс: цацаг ~ шашақ, цулбуур ~ шылбыр. Қазір Шаған атауының бастапқы мағынасы мүлде ұмытылып, тек өзен атауы мағынасы ғана қалған. Ә.Әбдірахманов оны моңғол тілінен енген, мағыналық информациясы жоқ кірме атау деп санайды. Казарма – Жаңақала ауданы Маштексай кеңшарының бөлімшесі. Еділ-Жайық ара­лығын ғасырдан астам қоныстанған торғауыт қалмақтары 1771 жылы Жоңғарияға көшеді. Осыдан кейін орыс патшасы 1794 жылы Жайық казактарына жаңа бекініс шебін белгіледі. Оның төрі – Кіші өзеннің Сарыкөл Самарға құяр тұсындағы Глинянск бекінісі болды. 1813 жылы Орал әскери кеңесі өз билігімен Сарыөзенінің батыс жағалауын, яғни Қамыссамар жерін өз меншігіне айналдырды. 1866 жылы Глинянск бекінісінен Оралға дейін әрбір 30-35 км сайын бекеттер орналасты. Соның бірінен қалған атау Казарма деп аталады. Жайық орыс-казактарының алғашқы бекіністерінің бірі болып саналатын осы ауданда Кордон атауы да бар. Қарғалы – Жәнібек ауданындағы өзен. Қазақстан, Батыс Моңғолия, Сібір, Тува, Солтүстік Европаға кең тараған атау. Е.Қойшыбаев бұл атау­дың тарихи-семантикалық негізін «сандықтас» ұғымымен байланыстырады: Қарғалы – тас­тар мол үйілген жер. Алайда, Э.М.Мурзаев бұл терминнің қазіргі кезеңде бастапқы мағынасынан ауытқып, тайыз және табаны тасты өзен мәнін беретінін айтады. Бұл атау түркі-моңғол тілдеріне ортақ топонимдер қатарына кіреді деп есептейміз. Бұл топонимнің моңғолдың негізін сол тілдегі «карга ~ харгаа – тасты жердегі өзен салыстырулары арқылы анықтауға болады. Моңғолдар харгаа деп атаған өзендердің табаны мен жағасы тасты, суы тайыз келеді. Көне моңғол тілінде «харгил» – өзеннің тайыз жері, тува тілінде «харга» – тасты өзен, якут тілінде «харгы» – тайыз су мағыналарын береді. Қазақ топонимиясында да таулы жердегі өзенді Қарғалы деп атау дағдысы қалыптасқан. Демек, Қарғалы өзенінің атауы судың тайыздығын сипаттайтын «харгилаа» сөзінен шыққан деген пікір дұрысқа келеді. «Ақ жайық» өңірінің топонимиясы кітабы бойынша дайындаған Ұлдай Ержанова

7709 рет

көрсетілді

17

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8950

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7161

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4902

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4287

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4252

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4211

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3942

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3941

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы