• Руханият
  • 17 Қаңтар, 2013

«Дос-Мұқасан» және Алтынбек

Дос...Сахнада «Дос-Мұқасан» ансамблі ән шырқауда. Өзіне жас­тайынан құлағына таныс «Той жырынан» бастап «Құдашаға» дейін бірінен соң бірі шырқалуда. Уақыт өз дегенін істейді. Оған байлау жоқ, тек артында өшпес із қалдырады. Ансамбль мүшелерінің арасында өмірден озғандары да бар. Ансамбльдің құрылып, қазақ өнерін шарықтатқанына да 45 жыл толыпты. «Дос-Мұқасан» ансамблінің қазақ эстрадасына жаңалық, қазақ жастарының санасына ұлттық өнерге деген үлкен құлшыныс пен құмарлық әкелгенін, сол жылдардың студент-жастары үшін оның әнін тыңдау, мүшелерімен жүздесу бақытты сәт болды! Бұл ансамбльдің бүкіл Қазақстанды дүрілдетіп, дүркіретіп сахнаға шыққаны күні кеше ғана емес пе еді. Бүгінде оның мүшелері толысқан. Бірі танымал ғалым болса, екіншісі ірі мемлекет қызметкері, үшіншісі елімізге танымал әнші, ұстаз, ең бастысы – азамат. «Дос-Мұқасан» ансамблінің өнерін тамашалауға деген ұмтылыс Жамбыл студенттерінің есінде мәңгі қалды. Сол 1972 жылдың студенттерінің ансамбльге, ұлттық өнерге деген құлшынысы үшін сол кездегі Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтының механика факультетінің 5-курс студенті Алтынбек Тындыбеков жаза алып, жапа шеккенін де екінің бірі біле бермейді.

Ол студенттер арасында беделді де, қоғамдық жұмыста белсенді болды. Оқуды да үздік оқыды. Ғани Мұратбаев атындағы стипендияның иегері ретінде мақтаулылар қатарында жүрді. Сондықтан да оны факультеттің жалақы төленетін комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлаған. Ол сол кездің кейбір әдеттерімен келісе бермейтін азамат екенін танытып та үлгерген. Таразда туып, осында орыс тілінде мектепте оқығанына қарамастан, ол ұлтжанды азамат болып қалыптасты. Комсомол хатшысы, КПСС мүшелігіне кандидат ретінде жиналыстарда сөз сөйлеп, ауылдан келген студенттер үшін орыс тілінде дәріс алу қиын екенін талай айтқаны үшін «көкезу», «ұлтшыл» атанған. «Мұны алғаш айтқандар қатарында өзімнің қара көз бауырларым, ағаларым болды» деп еске алады ол. Ал оның ұлтшылдық және ұйымдастырушылық қабілетін «Дос-Мұқасан» ансамблі Жамбылға келіп, драма театрында өнер көрсетеді» деген хабар айшықтай түсті. Бұл хабар сол кезде Жамбыл студент-жастарының арасында үлкен желпініс әкелді. Алдын ала концертке билет алу үшін кассаны жағалағандар өте көп болды. Алдымен қаржы іздестірді. Алтынбек факультеттің студенттері концертке түгел барса деп армандады. Бірақ студенттің қалтасы тоқ емес. Ол химия зауыттарының құрылысын жүргізіп жатқан Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс штабына барды. Жағдайды айтып, көмектесуін өтінді. Ақыры 10 студентті уақытша, түнгі жұмысқа орналастырып, демалыс күндері бүкіл факультет жастары зауытта еңбек ететін болып келісті. Сол қаржыға концертке билет, тіпті музыкалық аспаптар алуға шешім қабылдады. Алайда студенттерге драма театрының есігі жабық болды. Ансамбль келмей жатып билет жоқ болып шықты. «Билетті қалалық партия комитеті бөліп жатыр» деген хабар алды. Алтынбек жүгіріп, қалалық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысына барды. – Бұл қалай болғаны, әшейінде мәжбүрлеп алдыртатын билеттеріңіз осы жолы студенттерге жетпей қалды ма? – деп ентігін баса алмай сөйлеген Алтынбекті хатшы тұқыртып алмақ болып; – Сонда қалай болғаны, сендерден басқа концертті тамашалаушы лайықтылар қалада жоқ па? – Олардың басым көпшілігі партия, совет қызметкерлері, бастықтар... қолдарына билет тиіп жатқандардың арасында қарапайым адамдар өте аз. – Сен елді арандатпай әңгімені көп соза берме! Сен КПСС мүшелігіне кандидат екеніңді ұмытпа. Бар! Әңгіме осымен бітті! Бірақ әңгіме осымен бітпеді. Бұл шын мәнінде сол кездегі билік пен жастықтың шын мәніндегі текетіресінің басы ғана болатын. Институтқа келісімен Алтынбек өзінің әріптестері экономика факульте­тінің комсомол комитетінің хатшысы Әлімқоджаев пен студенттер кәсіподағы комитетінің төрағасы Үсеновтың басын қосты. Қаңтар айында Жамбылға «Дос-Мұқасан» ансамблінің келетінін, оған студент-жастарға билет сатылмайтындығын жеткізіп, өзінің қалалық партия комитетінің хатшысына өтініш жасап барғанын да айта келіп, әңгіменің түйінін тоқ еткізді. – Бір рет біздің қандай күш екенімізді көрсетіп, бір ғана талаппен, яғни «Дос-Мұқасанның» жастар алдында концерт беруін сұранып, орталық алаңда студент-жастардың митингісін өткізейік. Жігіттер келісті. Митингіні өткізу тәртібін белгіледі. Әркім бес адамға айтып, оның тізімін өзіне айтқан адамға жеткізу керек деп шешті. Анығын айтқанда, митингіге шақыру пирамида үлгісімен жүргізілді. Ең алдымен тәртіпке бағынышты көпшілік болуы қажеттілігі қатты ескертілді. Алтынбек Тындыбеков басқарған жігіттер сол заманда митинг өткізу мүмкіндігі өте аз екенін еске алмады. «Компартияның айтқандары айдай анық, бұл біздің конституциялық құқымыз, солай істеуге болады» деп ойлады. Өздерінің ойынша партияның көп айтатын сөз бостандығы айнымас темірқазық деп ұқты. Осы қағиданы басшылыққа алып, облыстық ішкі істер басқармасының комсомол комитетінің хатшысынан митинг болып жатқанда жасақтарын қоюды да өтінді. Бір қызығы жалғыз ішкі істер басқармасының комсомол комитеті ғана емес, хабар тиген өзге мекеме жастары да олардың өтінішін қабыл алған. Алтынбектің тобы аудандарға да хабарласып, сол күні Жамбылға өнерпаз­дарымен келуді өтінді. Тіпті оларға дауыс күшейткіштерімен келуді, көліктеріне жанармай беретіндерін де жеткізді. Олардан ешқандай қарсылықтың болмауы – мұның бәрі жоғары жақпен келісілген іс екен деп ойлаған болулары керек. Екі апта бойы ұйымдастыру жұмыстары ширақ жүргізілді. Енді олар тек «Дос-Мұқасанның» келер күнін ғана күтті. Ойламаған жерден Алтынбекті институттың партия комитетінің хатшысы Ишмурзин шақырды. – Жатақханаларда студенттер апыр-топыр қайдағы бір митинг туралы әңгімелейді. Кім біледі? Қандай митинг? Кім, не туралы өткізбек? Партком хатшысы жиналғандарға көз тастады. Жым-жырт. Ешкім үн қатпайды. Әлден соң Алтынбек орнынан тұрды. – Митингіні өткізу туралы бастама көтерген мен. Бұл ешқандай заңдылыққа қарсы іс емес. Тек студенттер «Дос-Мұқасанның» концертін тыңдағысы келеді. Ұлы Лениннің «Өнер халықтікі» деген сөзін басшылыққа алдық. – Сен өзің ақылыңнан адасқансың ба? Қайдағы заңдылық, қайдағы халық, қайдағы концерт?! Бұған митингінің қатысы не? Фрунзе қаласында өткен олардың концертінен кейін үлкен дүрбелең болған. Бізде бас бостандығына шартты түрде айырылғандар көп. Егер олар да сен сияқты талап қойса іс насырға шаппай ма? Сен кімсің ондай жауапкершілікті мойныңа алатын. Бәрін тоқтат! Сенің мәселеңді одан кейін қараймыз! Осылай деген парторг намысқа тиетін сөздерді төпеді. Алтынбек Ишмурзин қалалық партия комитетінің хатшысының сөзін айтып тұрғанын түсінді. Болмаса парторг өзін жақсы көретін. Сол жерде Алтынбек еттен өткен таяқтан, сүйектен өткен сөз жаман екенін жете түсінді. Сөз таластырғысы келіп еді сөйлетпеді. Күресуге, ісінің әділ екенін дәлелдеуге дәрмен болмай тапталғандай, талықсып шықты. Бірақ ол бұл әпербақандықтың басы ғана екенін білмеді. Сол жерде парторг белсенділерге әртүрлі тапсырмалар берді. Студентердің арасына коммунистерді жіберді. Ал түс қайта қалалық комсомол комитеті ­Алтынбек Тындыбековтің ВЛКСМ жарғысының талаптарын орындау жөніндегі тәртібін қарап, қатаң сөгіс беріп, факультеттің комсомол комитетінің хатшылығынан шығарды. Бірақ облыстық комсомол комитетінің бюросы бұл шешіммен келіспейтіндерін сол күні-ақ жеткізіп үлгерді. Екі-үш күннің ішінде Алтынбектің айналасындағы әңгіме ушыға түсті. Тіпті оны соттау туралы әңгімелер көтеріле бастады. Институттың қабырға газеттері оны Троцкіге теңеген мақалалар жазды. 22 жасар Алтынбек ақ ойының қараға, өз басына пәле болып жабысқанына таңғалды және ренжіді. Ұлттық эстрада өнерінің қарлығашының концертін тамашалауға жастардың ұмтылысында қандай сөкеттік бар екенін ол түсіне алмады. Ақыл айтар азамат таба алмады. Осы сәтті пайдаланып, тез арада бұрын алған жолдама бойынша Мәскеуге диплом алдындағы тәжірибе жинақтауға аттанып кетті. Мәскеуге өзінен бұрын Жамбылдан екі жеделхат жетіпті. «Тез арада Жамбылға қайт! Партком» деген сөздер ғана жазылыпты. Тотиян жегендей іші... жо-жоқ жан дүниесі өртенді. Қаршадай баланың сәл-пәл әрекетіне соншама күйгелектейтіндей не болып қалды? Осындай сауалдар оның жанын жегі құрттай жеді. Оның үстіне кезінде қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған әкесінің абыройын ойлап, ойы сан-саққа кетті. Істің насырға шауып бара жатқанын Алтынбек бұрынғыдан да жете түсінді. Сүмірейе бермей, күресу керек екенін ол алғаш рет осында, барлық әрекеттің қалыбы жасалатын орталықта – Мәскеудің жерін басып тұрғанда, қолына Жамбылдан келген жеделхаттарды алғанда сезінді. Ертеңіне айтар ойын бір емес бірнеше рет саралап, жас жігіт ВЛКСМ Орталық Комитетіне барды.Москваға бұдан бұрын да келген. Студенттердің Бүкілодақтық слетіне делегат болып қатысқанда елдің бас коммунисі Брежневті де, бас комсомол Тяжельниковті де көрген, сөздерін тыңдаған. Комсомолдың бірінші хатшысымен Жамбылда сөйлесіп, қолын алған сәті де болған. Ол кезде Жамбылда химия кәсіпорындарын салу Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыстың штабы жұмыс істейтін. Тяжельников осы штабтың мәжілісіне қатысқаны да есінде. Сол кезде жалындап тұрған жас жігітке ол назар аударып, өзін комсомолдық қызметтің резервіне қоятынын да айтқан. Оның үстіне студенттердің сол слетінде Алтынбекке комсомол басшысы Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай шығарылған мерекелік медальді омырауына қадаған. Осының бәрі оның ВЛКСМ Орталық Комитетіне сенімді түрде келуіне итермелеген еді. Алдымен жоғары оқу орындары бойынша хатшы Владимир Житеневтің кабинетін ашты. Ол Алтынбектің әңгімесін тыңдап болғаннан кейін бірден: – Адамдардың қақтығысы болды ма? – деді. – Жоқ, митинг болған жоқ. Жастар алаңға жиналған жоқ. Алтынбектің жауабы қысқа да сенімді шықты. Хатшы бір сәт ойланып қалды да: – Басыңды сұқпайтын жерге сұққансың. Өнбейтін істі бастарда ойланбадың ба? Бұған мен араласа алмаймын, – деді де телефон түймелерін баса бастады. Олар біраздан кейін Тяжельниковтің кабинетінде тұрды. Бас хатшы орта бойлы, маңдайы жарқырап тұрған, дауысы ашық, сөзі салмақты балаң жігітке біраз үнсіз көз тастап, ойланғандай сыңай танытты. Көзінде от бар екен. «Мен кінәлімін, кешір» деп тұрған жоқ. Талай марқасқалар имене кіретін болса, бұл есікті сенімді түрде ашып, бірден төрге озғанын да ой елегінен өткізіп үлгерген бас комсомол қазақтың жас жігітінің қайсарлығына іштей риза болды. – Білем, білем. Есіме түсті. Сені мен ұнатқанмын. Қақтығыс болмаса, қорқынышты ешнәрсе жоқ, бәрі орнына келеді. – Евгений Михайлович, сіз Орталық Комитеттің мүшесісіз ғой... Жас жігіт күйіп кетпесін. Тым болмаса түрмеден сақтап қалайық... Житенев жалынғандай үн қатты. – Әлбетте, мен КПСС Орталық Комитетінің партиялық бақылау комитетінің төрағасы Пельше жолдаспен, Жамбыл облысының бірінші хатшысы Бектұрғановпен сөйлесемін, мән-жайды айтамын... Соған қарамастан мен сені ұмытпаймын. Көрісетін күн болса еске салып, жолығып тұр. Жастар жалындап тұруы керек, бірақ партияның саясатынан алыс­тап кетуге болмайды... Алтынбек бас комсомолдың кабинетінен жеңілдеп шықты. Енді қорықпай-ақ Жамбылға қайтуға болады. ...Үйіне кірісімен телефон шырылдап қоя берді. – Ертең таңертеңгі сағат онда институт партия комитетінің бюро мәжілісі болады. Сенің партиялық және мемлекеттік тәртіпті бұзуың туралы мәселе қарайды, – деген дауысқа «барамын» деп қана жауап берді. Партия комитетінің бюро мәжілісіне барды. Партком хатшысы бұдан бұрын қалалық партия комитетінің хатшысы қойған «Не сонда концертке барғандар адам емес пе? Неге сен студенттерге олардан бөле қарайсың?» деген сауалды қайталады. Алтынбек болса: «Олардың басым көпшілігі басшылар» деген уәж айтты. Сіресіп отырғандар көп сөзге бармай Алтынбек Тындыбековті КПСС мүшелігіне кандидаттықтан, институттан шығару туралы шешім қабылдады.Оның алдында ғана комсомолдан шығарылған ол бірден үш жаза алды. Мұндай жағдайда сол кезде ол сотталу тиіс сияқты еді. Алайда Е.М. Тяжельниковтің жас жігіттің тағдырына араласуы оны бұл жазадан сақтап қалғандай... ...Орта бойлы, қызыл шырайлы, маң­дайы жарқыраған жігіт ағасы айтар ойын асығыс жеткізуде. – Бұл 1972 жылдың желтоқсан айында болған оқиға еді. Студент-жастардың алдында «Дос-Мұқасан» концерт қоймаса да 1973 жылдың қаңтар айының басында облыстық драма театрында өткен концертке аз да болса студенттер үшін билет сатылды. Концерт болған күні жатақханалар мен қаланың алаңдарында милиция әдеттен көп болғанын да жақсы білемін. Осы бір оқиғадан кейін студенттерге өзгеше көзқараспен қарағаны да есімде. Ал менің санама өшпестей сілкініс әкелді. – Бұдан кейін өмірің қалай қалып­тасты? – деймін мен оған. – Құдайға шүкір, өмірде жақсы адамдар көп қой. Осы бір оқиғаның салдары болар менің жолымды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен түйістірді. Көмегі болды. Ел қатарына қосылып кеттік. Менің Елбасымен пікір алмасқан сәттерім де болды. Нұрекеңнің қазақ, қазақстандық үшін жасаған өлшеусіз жақсылығын айтып жеткізу мүмкін емес. Елбасы әрбір қазақстандықтың санасын оятты, берекесін молайтты, әлемдік қауымдастықта беделін көтерді. Біз де өз кезегімізде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жүзеге асыру үшін аянбай еңбек етіп, қызмет істеуіміз керек. Сонымен бірге Елбасының беделін көтеру және әлемге таныту мақсатында мен өз кезегімде Нұрекеңнің суреті басылған, құны өте жоғары екі пошта маркасын, бірін Германияның Мюнхен қаласының және Парижде Францияның ұлттық баспаханаларынан шығардым. Қазір бұл маркалар әлемдік айналысқа қосылды. Міне мына маркалар, – ол бізге өз туындысын қуана көрсетті. – Қазір мен қаржы рыногын зерттеу және саралаумен айналысамын. Бағалы қағаздарды зерделейміз. Осыған байланысты өз ойларымды Президент аппаратына жолдаймын. ...Заман-ай! Басқаны айтпағанда, ұлттық өнерді де тұқыртқан сол жылдардың нәубе­ті аз болмағанын тарих біледі. Еркін ойдан, еркін сөзден қаймығып, қашанда жаңа­шыл топ – жастарды тұқыртып ұстау сол жылдардың әдеті болған ғой. Сол тұқыртудан Бостандыққа, Азаттыққа ұмтылған жас­тар әрқашанда Тәуелсіздік үшін күрестің алдыңғы қатарында болды. Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Бостандықты аңсаған жастардың Ұлы серпілісі болғаны анық. Сол жастардың Тәуелсіздікке деген армандарын нұрландырған, санасына саңылау түсірген Алтынбек Тындыбеков сияқты азаматтардың ақ ниеттерін жамандыққа бұрғандықтан, әділеттілік жоқтығына көз жеткен соң биліктің қалыбынан шығып, шындықты бар дауыспен айтуға ұмтылыстары үлес қосқаны сөзсіз! Бұл Тәуелсіздік алауына ұласқан ұшқындардың бірі болса керек. Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, Қазақстанның Құрметті журналисі ТАРАЗ

4450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9529

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7542

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5288

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4667

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4631

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4588

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4326

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4319

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы