• Ақпарат
  • 24 Қаңтар, 2013

Сирияның тағдыры не болмақ?

Сирияның тағдыры не болмақ?Үстіміздегі жылдың 11-қаңтарында Женевада болған БҰҰ-ның Сириядағы арнайы өкілі Лахдар Брахимидің, АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Уильям Бернстің және Ресей Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Михаил Богдановтың арасында болған келіссөз нәтижесіз аяқталды. Келісімге келе алмаса да Сирия мәселесін осы бағытта ары қарай талқылай беруге уәделесіп тарқасты. Лахдар Брахимидің ойынша халықты ауыр дағдарыстан алып шығудың бірден-бір жолы – өтпелі мемлекеттік орган құру. Оған оппозиция өкілдерінің де, Башар Асадтан басқа билік өкілдерінің де кіруге құқы бар. Өтпелі орган жалпы халықтық сайлау өткізіп, соның қорытындысы шыққанша атқарушы билік жүйесі ретінде толық жұмыс істеуі тиіс. Мәскеу БҰҰ-ның арнайы өкілі қабылдаған шешімін асығыстық деп бағалап, оны қолдамай отыр. Ресей өкілі БҰҰ-нан Башар Асадпен ортақ келісімге келуді талап етіп отыр. Кремльдің ұстанымына құлақ түрсек, Сирия ішкі мәселесін өзі ғана шешуі керек. БҰҰ, АҚШ және көптеген батыс елдерінің Дамаскке қатысты ұстанымдары ұқсас. Олар оппозициялық және революциялық күштердің Ұлттық коалициясын Сирия халқының легитимді билік өкілі ретінде өткен жылдың желтоқсан айының басында мойындаған еді. Содан бері бұл елдер көтерілісшілерді қаржылай, гуманитарлық көмекпен, материалдық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп келеді. Башар Асад НАТО-ны және оның бірқатар мүшелерін сириялық көтерісшілердің қолтығына су бүркіп отыр деп айыптауда. Ресми Дамаскінің ашу-ызасын тудырып отырған елдердің қатарында Түркия, Ливия, Сауд Арабиясы, Катар сияқты елдер де бар. «Әл-Каида», «Мұсылман бауырлар» тәрізді экстремистік ұйымдар көрші ислам елдерінен күш жинап келуде. Көтерілісшілерге керекті қару-жарақтар да сол елдер арқылы келіп отыр. Женевадағы басқосудан 5 күн бұрын Сирия басшысы Башар Асадтың халыққа Жолдауында дағдарыстан шығудың үш кезеңі жайында үлкен бағдарлама ұсынылған еді. Асадтың пікірінше біріншіден, өзге мемлекеттер көтерісшілерді қаржыландыруды тоқтатуы керек. Екіншіден, ұлттық келісім бойынша үкіметтік конференция шақырылады. Ал үшінші кезеңде ұлттық үкімет құрылып, көтерілісшілерге рақымшылық жасайды. Сонымен қатар ол сыртқы оппозиция­мен бір үстелдің басында отырмайтынын, тек ішкі оппозициямен ғана келіссөз жүргізетінін мәлімдеді. Башар Асадтың ұсынысын Тегеран ғана қос қолдап қуаттады. Ресей мен Қытай Сирияның келіссөзге шыққанына ризашылық білдіріп қана қойып, бейтарап саясат ұстанып отыр. Ал БҰҰ, АҚШ, Ұлыбритания, Франция мемлекеттері Асадтың жолдауын біржақты деп бағалап, дағдарысты шешуге жарамсыз деп таныды. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун болса бұл бағдарламада халықтың саяси құқығы ескерілмеген деп сынады. Сириядағы соғыстың себептерін әркім әрқилы түсіндіруде. Кейбір сарапшылар соғыстың басталуына елдегі этникалық құрамның күрделілігі себеп болды деп санайды. Башар Асад билікке келісімен-ақ маңайына өз діндестерін, яғни алауиттерді жинаған. Қолға түскен деректер бойынша алауиттер Сирия халқының 3 пайызын құрағанымен осы елдің әскер құрамындағы алауиттерден шыққан офицерлер 70 пайыз екен. Алауиттер сүннитерден гөрі шейіттермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сирия халқының 87 пайызын құрайтын сүнниттер бұл саясатқа наразы. 1982 жылы Хафез Асад (Башар Асадтың әкесі) Хама қаласында көтеріліске шыққан сүнниттерді аяусыз жаныштап, басқан болатын. Қанды қырғынды кешіре алмаған Хама қаласы арадан 20 жыл өткен соң қайтадан дінаралық қақтығыстың ошағына айналып отыр. Саясаттанушылардың енді бір тобы соғыстың шығу себебін Башар Асадтың әлсіз саясатынан деп біледі. Ресейдегі стратегиялық бағалау және талдау Институтының қызметкері Сергей Демиденконың ойынша Башар Асадтың бүгінгі саяси реформаларының ескіруі бүгінгі ахуалға әкеліп соғып отыр. Ол билікке келген кезде әлсіз болғандықтан тек әкесінен қалған ескі гвардияға сүйеніп жұмыс істеді. Жаңа реформа жүргізу үшін мемлекеттік құрылымдарды ескі гвардиядан тазартуға мәжбүр болды. Башар Асад билік құрылымындағы этно-конфессиалды балансты назардан тыс қалдырып, олардың орнына технократтарды тағайындап жіберген. Ал Асадтың өзі көтерілістің шығу себебін сыртқы күштерден көреді. Ол Ресейдің «Pravda.ru» сайтының тілшісіне берген сұхбатында былай дейді: «Батыстың көрсетіп жатқан қысымы бізге жаңалық емес. 2001 жылы Джордж Буш терроризмге қарсы күрес жариялаумен қатар АҚШ-тан тәуелсіз саясат ұстанған барлық елдерге жорық бастаған болатын. Бірінші Ауғанстанға, сосын Иракқа қысым көрсеткен соң Сирияның басына да қара бұлт үйіріп, бізді «зұлымдық белдеуі» тізіміне қосу туралы мәселе көтерді. Әсіресе 2003 жылы АҚШ пен оның одақтастары Саддам Хұсейін режімін құлатқан соң, олардың сая­саты тіпті үдеді. Сол кезде Сирияға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл келді де Ресеймен арадағы байланысты қайта қарауды сұрап, Дамаскінің Мәскеуге қатысты ұстанған саясатын 180 градусқа өзгертуді талап етті. Олай болмаған жағдайда Иракта тұрған американдық әскери техника мен әскери авиацияны Сирияға қарсы қолданатынын айтып қоқан-лоқы көрсетті. Біз сонда да Колин Пауэллдің ұсынысын орындаудан бастарттық». Батыс қалай десек те Сирияны Башар Асадсыз қайта құруға білек түре кіріскен сияқты. Олар 2011 жылдың наурызынан бері Сирияда 60 мың бейбіт тұрғын қаза тапқанын, 600 мың адам өзге елдерге босып кеткенін тілге тиек етіп отыр. Осыншама халық қанының төгілуіне себепші болған диктатордың билікке қайта оралуы жағдайды одан ары ушықтырады. БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Лахдар Брахими қаңтар айының соңына дейін Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің қарауына Сириядағы саяси жағдай туралы мәліметтерді ұсынатынын айтып отыр. Егер Қауіпсіздік Кеңес бұған назар аударар болса, халықаралық ұйымдар тарапынан Сириядағы шиеліністі біржақты шешу үшін нақты қадамдар жасалары даусыз. Бейбіт Нәлібаев, саясаттанушы

3566 рет

көрсетілді

37

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9499

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7521

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5267

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4646

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4610

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4567

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4304

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4298

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы