• Руханият
  • 24 Қаңтар, 2013

Жаны жайсаң, арда дос...

Талай рет... шарасыздық жылатты, Көрдік талай қиянатты... сынақты. Жан шырқырап жетім тағдыр шоғында, Қаяу көңіл кей қиядан құлатты...­ – деген ащы запыран достың өзегін өртеген жолдармен басталған өлең шумақтарын оқи отырып, қырық жыл бойы сырлас, сыйлас болған Азаматтың жан жарасын қатар жүріп, көңіл жарасса да байқамаппыз‑ау! Шындығы сол, болаттай берік дос жүрегі байқатпады. Байқатпағаны, ол өмірдің асау ағынында да тым тәкаппар әрі өршіл еді. Сол өршілдігімен де заманында көпшіліктің қолы жете бермейтін шырқау шыңға қиналмастан, көпшілікке байқатпастан маңғаз қалпында тез көтерілді. Алайда биік мансап құрсауында да өзінің өзгеге деген сыпайылығын, досқа деген сыйластығын жоғалтпады. Арын да, қолын да таза ұстады. Өзгелер секілді жоғарыға жалтақтап жағымсымады, қызмет бабында да сатылап өсіп, Елбасының өмірде де, сан тараулы соқпақты, соқтықпалы жолында да сенімді серігіне айнала білді. Жығылғанмен жасымады, тасқа тиген маңдайын әке алақаны деп есептеп өзі сипап, жан жарасын өзгелерге байқатпастан жаза білді. Достың талай тақтан тайғанына да, басына бақыт құсы қайта қонған кезеңіне де куә болдық. Сол шақта да қысыла қиналғанын да, бой созып тасығанын да байқатпай, сыздаған жүректің бұлқынысын да, биші қыздар секілді бұраң қаққан қуаныш лүпілін де сездірмей, жағымды жылы жымиысымен күле қарап, әңгіме өзегін басқа арнаға бұратын. Қалған артта жасыра алмас қар ізді... Арда Ербол соңына тіршілік барда өшпес, мәңгілікке өлмес мол мұра қалдырды. Әр кезеңнің биік ойлы, парасатты ұрпақтары оның терең ойлы, мазмұнды һәм мағыналы жыр жолдары мен Мәңгілік формуласын парақтай отырып, өзіне де, уақытқа да аса қажетті мәліметтерді жүрегіне тұмар етіп тағар, өмір ағысында өзіңе бағдаршам етер. Ғасырлар сілемінде жер бетіндегі тіршілік иесі жинақтаған алуан ойларды қазақи қалпында ойната да, ойланта берудегі шеберлігінің өзі неге тұрады. «Адам туралы, оның тіршілігі туралы бұл баян кейде тым таныс, кейде мүлдем тосын күйлерге жетелейді. Адам баласының сан түрлі бояу­мен сәулеленген табиғаты туралы және ешбір өлшемге бағынбайтын бұралаң тағдыры жайлы ойлануға шақырады» деген көңіл толқынынан қалқып шыққан тұжырым‑түйіні ой‑қиянға бастайды. Қас қағым ғұмырында жасаған өлшеусіз еңбегі, уақыттың сындарлы белестерінде зиялы қауым тарапынан бағаланар, әділ бағасын да алар! Ербол өміріндегі аса бағалы әрі байлық жетпес асылы «екі жарты, бір бүтін» жан жары Күләш пен «қазанат пен жампозға» баланған балапандары – Ләззат, Гүлшат, Бақыт, тіршілігінде әрбір күнін «мерейлендірген» сүйікті немерелері – Әлихан мен Айтолқын. Жарық күнінде өзіне ет жақындарының қызығына жұмысбастылықтан тоя алмай, өзін тойындыра да алмай кеткені болмаса, тәубе дейтіндей‑ақ қой дейсің! Тірлігінде Ербол төре деп төрге оздырып, кіші болса да көсем сайлағанымыз да білімдарлығы мен парасаттылығын бағалаған ортаның досқа деген риясыз көңілі болар‑ау! Қазақ өзі тұрмақ өзгеге де қия бермейтін «төрелік» пен «көсемдікті» көтеріп жүруге де зиялылық керек. Жетім қозы, тас бауыр... шемен болып қатқан жүрек, тілім‑тілім болған жан дүние тіршілігінде ешкімге салмақ та салмастан, біреуге арқа да сүйеместен, сағаттар сыртылында, күндер сілемінде, уақыт жылнамасында есімін Мәңгілік тақтаға Алтын әріптермен жазып қалдырып, мынау жалған дүниемен «Қош айтысуға» да асыққандай кейіп танытты‑ау! Қайран, жарық та, қимас дүние‑ай!? Тірлігінде тынымсыздық танытып, көп ойланып, терең толғанып, шетсіз‑шексіз әлемге сапар шеккен Асыл достың екінші ғұмыры да Адамилық ауылымен қатар қонақтап, мынау жартыкеш өмірде қалған бүтіні Күләшқа «Беліңді бу, еңсеңді тікте, артымда қалдырған ұрпағымның қамын ойла» деп тұрғандай болады да тұрады. «Қош, қимас, жаны жайсаң, текті, арда дос! Бақилық тірлігің жәннаттың төрінде болсын!» Тәубе Ербол ШАЙМЕРДЕНҰЛЫ Сенсіз уақыт парағын санатқалы, Сенсіз, әке, күн батып, таң атқалы... Жылдар өтті... жабырқап, қиналғанда Қорғап, қолдап келеді Жаратқаным. Талай рет... шарасыздық жылатты, Көрдік талай қиянатты... сынақты. Жан шырқырап жетім тағдыр шоғында, Қаяу көңіл кей қиядан құлатты. Жығылғанмен жасымадық бірақ біз, Кейбіреуге жауабы жоқ сұрақпыз. Біреулерге ұнай алмай жүрсек те, Біреулерге кәдімгідей ұнаппыз. Сен үйреткен жақсылыққа құштарлық, Соны дәйім дәтке қуат ұстандық. Тағдыр-кемем келеді әзір айналып, Қара тасын, қайраңдайтын тұстарды. Шүкір деймін, тәубе деймін мен соған, Сол баяғы жер орнында, ел де аман, Өміріңді сенің жалғап келемін Аясында асқар тауым, кең далам. Қалған артта жасыра алмас қар ізді, Еске алады ел жан еді деп жаны ізгі. Адалдық пен әділдіктен аспаған Сенің үлгің темірқазық тәрізді. Кездеседі тіршілікте жол мың сан, Адам шіркін сан адасар... қалғыр сан. Адастырмас аманаты әкенің, Жүрегіңнің төріне әкеп қондырсаң. Сөзім осы... өзгермеген баяғы, Сезім осы... өзің жайлы аялы. Ұлыңменен бірге сенің рухың, Бір жатады, бірге ерте оянып. Дем береді кейде шаршап, талғанда, Көңіл шіркін құлазып бір қалғанда. Ұрпақтардың үміті мен сенімі, Озады алға арман қосып арманға. Сен де, әке, бөлшегісің бүтіннің, Мен де, әке, бөлшегімін бүтіннің, Тізе бүгіп тағдырымның алдында, Деймін іштей: жазғаныңа шүкір мың! Құдайберген Тұрсын, әл‑Фараби атындағы ҚазҰУ‑дың профессоры

4611 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9502

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7524

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5270

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4649

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4613

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4570

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4307

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4300

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы