• Руханият
  • 28 Ақпан, 2013

«Ұл туғанға күн туған» немесе ұл баланың орны жөнінде

Ата-бабаларымыз баланы өмірінің мәні санаған. Иманды ұл, ибалы қыз тәрбиелеуді өз өмірінің басты қағидасына, міндетіне жатқызған. Сондықтан да қазына толы байлығымен емес, өмірінің жалғасы болған ұрпағының көптігімен мақтанған. Әсіресе ұл баланы ерекше бағалаған. Өмірге ұл бала келсе «атқа мінер туылды» деп сүйіншілеп, «ұл туғанға күн туған» деп ұлдың беделін асқақтата түскен. Әрине, болашақта ана болып, өріс кеңейтер қызды да қадірлеген, алақанына салып, аялаған. Ал ұл баланы шаңырақтың иесі, ұрпақ жалғастырар тұяқ санаған. Ен жайлауды мекендеп, кең даланы ұрпағына аманат етіп, батырлығымен, ақындығымен, көсемдігімен, шешендігімен ерекшеленетін бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударған даналығымен де дараланған. Оның ішінде қызды қылығымен қызықтыратын, инабаттылығымен риза ететін, тәрбиелілігімен тәнті ететіндей ұлттық тәлім-тәрбие нәрін сепсе, ұлға ертеңгі күні ел қорғайтын ер, ұлт намысын жанитын жігерлі азамат болуға, әділдігімен, қайсарлығымен, өрлігімен, ерлігімен, мергендігімен, ата алдын көргендігімен танылатындай, ақ бата алатындай етіп тәрбиелеуге тырысқан. Шындығында ата алдын көрген ұл ешқашан «көргенсіз» дегізбеген. Бір өкініштісі бұл сөздер өткен күндер еншісінде қалып қойғандай. Ал бүгінгі күні әсіресе ата-ананың болашағынан үміт күттіріп отырған ұл тәрбиесі қандай деңгейде? Әр отбасы ұлтжанды ұл тәрбиелеп отыр ма? Жоғарыда айтып өткеніміздей өмірге ұл бала келгенде ата-ананың қуанышында шек болмайды. Өздерін ертеңгі күні бағып-қағатын да, немере-шөберемен сүйіндіретін де сол ұл деп есептейді. Бірақ еркелетіп жүріп, тәрбиенің тізгінін босатып алатын ата-аналар да жоқ емес. Бұл – әсіресе бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналуда. Қазақ қоғамында «жетімдер үйі», «қарттар үйі» деген түсінік әсте болмаған. Бірақ жаһанданумен бірге, батыстық тәлім-тәрбиемен бірге осы ұғымдар санамызға шегелеп еніп алды. Жетімін жылатпаған, жесірін жатқа тастамаған ұлы қазақтың ұрпағы бүгінде ата-ана мейірімінен айырылып, «жетімдер үйінің» терезесінен телміріп, қариясы қауқарсыз болып, «қарттар үйінің» босағасын паналап жүр. Міне, мұның бәрі ұлттық тәрбиенің әлсіздігі мен батыстық тәрбиенің теріс әсері екендігі анық. Ақтан қарт пен Айымгүл апаның арыстай үш ұлы мен екі қызы бар еді. Жылдар өткен соң қос қызы бойжетіп, жатжұрттық болып, өзге шаңырақтың түтінін түтетті. Бір-бір үйдің отанасы атанып, үлгілі отбасы бола білді. Ал ұлдарының үлкені теріс жолға түсіп, біреулердің ала жібін аттап, ақыры қаза тапты. Ортаншы ұлы жұмыс бабымен көрші Ресейге барып тұрақтады. Қос қарияның көзінің қарашығындай болып кенжесі Ғани қолдарында қалды. Азамат болған Ғани да үйленіп, балалы болады. Бірақ екі жыл өтпей-ақ әйелі мен баласын алып, қалаға көшіп кетеді. Төрт қабырғаға телміріп, қос қария қала берді. Білсек, Ғани қалаға барып, жұмыс істеп, ақша табатынын, ауылда тұрғысы келмейтінін айтқан екен. Ақтан қарт «Төрімізден көріміз жақын. Біз кетсек қарашаңыраққа кім ие болады?» деп ұлын жібермеуге тырысып көрген. Бірақ азар да безер болған ұлы қаладағы тіршіліктің артықтығын, ауылда тұра алмайтынын айтып кете барған. Бүгінде сексенді алқымдаған қос қария даңғарадай үйде екеуден-екеу тұрады. Ұлының жайын ойлап, соған күйініп жүріп, Ақтан қарт ауруға шалдықты. Оны күтіп-баптауға да бір жан керек. Әрине, ол – жанындағы алпыс жыл бірге отасқан жары. Ал кіші ұл ат ізін салмайды. Одан да бірі Өскеменде, бірі Таразда тұрса да қыздары шырылдап ай сайын келіп, жағдайларын біліп, кір-қоңын жуып, бірер күн болса да жандарында болып кетеді. Одан артық не істей алсын? Өздерінің отбасы, бала-шағасы бар болғандықтан көпке аялдай алмайды да. Міне, қартайғанда қолымыз жылы суға малынып, көсегеміз көгереді, ұлдарымыз ұшпаққа шығарады деген Ақтан қарияның жайы осындай. Тағы бір мысал. Бибісара апа да ерінен ерте айырылып, жалғыз ұлы – тұяғын жұмысқа жанын жалдап жүріп, өзі жеткізді. Барды аузына тосып, ел ішпеген тамақ, ел кимеген киім сол Серіктің үстінде болатын. Қиын кезеңдерде де сол Серік елден ерекше марқайып, бай баласындай шалқайып жүретін. «Жалғыз ұл» деп еркелетіп, бетінен қақпай өсірді. Мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсірді. Бірақ Серік мұнда көп тұрақтамады. Сан сылтау айтып, оқудан шықты. Ал Бибісара апай болса бұған мән берген де жоқ. «Біреулер ұрыпты, күн көрсетпепті» дейтін де қоятын. Одан кішігірім колледж болса да оқып алсын деп, оған жіберді. Тағы да қайтып келді. Келді де шалқасынан түсіп жатқаннан басқа түк бітірмеді. Алпысты еңсерсе де базарда күннің суығы мен ыстығына шыдап, азын-аулақ сауда жасайтын анасына ең болмағанда қолұшын беруге де жарамады. Оған анасы да «жалғыз ұл ғой» деп қарап, тағы да бәз-баяғыша барын алдына тосты. Бибісара апа Серігін аудан орталығындағы бір жұмысқа кіргізді. Серігіміз ол жерде де екі айдан артық тұрақтамады. Екінші жұмысқа орналас­тырды, «баяғы жартас, сол жартас», ол жұмыстан да шығып кетті. Сөйтіп жүріп, жылдар өтті. Жалғыз ұлы үйленем деген соң жиған-тергенін алып, болашақ құдасының алдына барды. Қызды алды, дүркіретіп тойын да жасады. Бір үміті үйленсе, Серігіне ес кірер деген арман еді. Бірақ «жалғыз ұлдың» қарт анасына жаны аши қоятындай сыңайы болмады. Тіпті ауыл ішінде ұрлық жасап, істі болды. Жылап жүріп қолындағы барын беріп, баласын темір тордан босатып алды. Бірақ жалғыз ұлға ес кіре қоймады. Әйелін сабап, тағы да үйінде жатты да қойды. Ақыры келіні де бір баланы алып төркініне кетіп қалды. Ал Серік болса қаннен-қаперсіз үйінде барды ішіп жата береді. Анасының зейнетақысына ортақтасып, күндігіне ауызы ішімдіктен босамай, масыл болып жатқаны. Бибісара апай болса біздің үйге келіп көз жасын көл қылып, ішіндегі шерін айтып кетеді. «Жалғыз ұл» деп бетінен қақпай өсірген ұлдың жүрісіне іші қан жылайды, тым еркелетіп, тәрбиенің тізгінін босатып алғанына өкінеді. Кейде отырып «ең болмағанда бір қызым болғанда мұндай қорлық көрмес пе едім» деп те жасын төгеді. Сөйтеді де, құр сүлдерін сүйретіп, үйіне қарай қайта кетеді. Өмірде мұндай мысалдар, ортамызда дәл осындай хал кешіп жүрген жандар қаншама? Осыдан кейін «ұл туғанға күн туар» деген мәтелдің растығына да шек келтіретін сияқтысың... Бүгінгі күні ата-ана жұмысбастылыққа салынып, ұл тәрбиесін босатып алды. Күнұзақ тәлім-тәрбиеден ада фильм­дер мен қаталдықты насихаттайтын мультфильмдерді көрген бала ертеңгі күні жоғарыдағы мысалдардағыдай болып шықпасына кім кепіл? Бұрындары әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеп келу үлкен абырой еді. Үстінде ер-азаматтың дене-тұрқына сай келетін жауынгер киімі де, аяғындағы әскери керзі етігі де құйып қойғандай жараса кететін. Әскерден келген әр ұланның жүзінде «Мен азаматтық борышымды өтеп, Отанымды қорғап келдім» деген мақтаныш сезімі де лаулап тұратын. Ал ауылдың қарадомалақ балалары «Менің ағам солдаттан келді», «мен өскенде солдатқа барам» деп өздерінше әңгіме құрып, әскерден келгендердің інілері болса ағаларының баскиімін киіп алып, ауыл балаларының алдында абыройы асқақтап-ақ қалатын. Олар да сол солдаттарға қарап, соларға ұқсауды мақсат ететін. Ал ата-ана болса әскерден келген ұлына көрші-қолаң, туған-туысты шақырып той да жасап жататын. Әйтеуір әскерге барған жас та, оның ата-анасы да ел алдында беделге ие болып, үлкен бір істің басын қайырғандай жүздері қуанышқа толы болушы еді. Үлкен ағаларымыз әскердегі қызықтарын айтып, ондағы темірдей қатал тәртіпті ертегідей әңгімелегенде, біз де аң-таң болып, әскери өмірдің ішіне қиялмен шомып кететінбіз. Олар тіпті сол жердегі көрген қиындығын да әсерлеп жеткізгенде әрқайсысымыздың әскерге деген ынта-ықыласымыз арта түсетін. Мұндай тұста ұлдар жағы «мен де сондай солдат болам» деп мұрындарын шүйіріп, мақтануға себеп тауып алатын. Ал біз болсақ, ұл болып тумағанымызға іштей өкінетінбіз. Бұл да отаншылдық рухтың, ұлтжандылық сезімнің мықтылығы болар... Әлде отбасында берілген тәрбиенің күші ме? Әйтеуір жастар әскер қатарында сапқа тұруға құштар болатын. Ал бүгінгі жағдай қалай? Бүгінгі жағдай ауыз толтырып айтарлықтай, мақтанарлық дәрежеде емес. Бірақ бес саусақ бірдей емес қой. Көпке топырақ шашуға да болмас. Ер-азаматтарымыздың арасында да Отаны үшін отқа түсуге дайын, қазақ десе қасқайып тұратын намысшыл жігіттеріміз жетерлік. Дегенмен, рухты, ұлтжанды азаматтардың саны күннен-күнге азайып бара жатқандығы да шындық. Себебі еліміздің қорғаны болар көптеген ер-азаматтарымыз Тәуелсіз мемлекетіміздің көк туын тік ұстап, кемел келешектің тыныштығын, ел амандығын сақтауға аса ынтызар емес. Әскер жасындағы бірқатар жігіттермен тілдескенде олардың көпшілігі әскерге барып, уақыт оздырғанша, жұмыс істеп ақша тапқанды артық санайды. Болмаса әскери билетті тамыр-таныс салып, ақшаға сатып алғанды артық көреді. Оларға «әскерге бармауға себеп бар ма?» деген де сауал тастап көрдім. Бірі денсаулығының жарамсыздығын айтып сылтауратса, бірі онда «жаңадан келгендерді ұрып-соғады екен, тіпті басын жарып, көзін шығарады екен» деген түрлі алыпқашпа әңгімелерге бола әскерге барғысы келмейтіндігін айтты. Енді бірі ондағы тәртіпке көндіге алмайтындығын да жасырмады. Осындай әңгімеден соң өз басым сол шалбар киіп, жігіт атанып жүргендерге жаным ашыды. Жаным ашыды да олардың осыншалықты ынжықтығына күйіндім. Ғасырлар бұрын он үште отау иесі атанып, он алтысында атқа қонып, жауға қарсы қол бастаған, шешен болып сөз бастаған бабаларымыздың бүгінгі ұрпағының енжарлығына жүрегім қан жылады. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, етікпенен су кешіп, ертоқымын жас­танып жауға жерін таптатпаған, ерін құлдыққа, қызын күңдікке бермеген батыр бабалардың ұрпағы бүгінгі бейбіт заманда қолына қару алып, елі мен жерін, Отанын қорғауға ынтызар емес. Батыстық менталитет қанымызға дендеп енген заманда Отан, ата-ана деген ұғымның бағасы арзандап бара жатқандай. Бұл – үлкен қауіп. Себебі ата-анасын қадірлемеген, елін сүймеген ер ертең ел қорғап, Отаны үшін отқа түсетін азамат болмасы анық. Сондықтан ұл мен қыздың бойына ұлтжандылық рухын сеуіп, отансүйгіштікке тәрбиелеуді бірінші орынға қою керек. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Бала – отбасының діңгегі. Бала – артыңда қалған ұрпағың, өміріңнің жалғасы. Қазақ қоғамында ата-ана, яғни отбасы иелері балаларының алдында өздерінің барлық адамгершілік қасиеттерін, үлгілі жақтарын, өзара сыйластығын көрсете білген. Себебі «ұлдың ұяты әкеде, қыздың ұяты шешеде» деп бағалаған. Ал қызы анадан, ұлы әкеден үлгі-өнеге алған. Сондықтан әрбір ата-ана балаларын тұрмыс пен салтқа, өмірге бейімдеп, шеше көріп тон пішуге, әке көріп оқ жонуға ерте жастан баулитын болған. Осылайша ұрпақтың отбасындағы тәрбиесі күн тәртібінен түспей, алдыңғы кезекте болған. Сол себепті де баланы жастан, жастан емес-ау бесіктен, тіпті «Сүтпен біткен сүйекпен кетеді» деп баланы ана құрсағынан тәрбиелеуге ден қойған. Міне, бүгінде біздің балаларымызға осы тәрбие жетіспей жатқандай. Бала ата-анадан гөрі көгілдір экраннан, қоғамнан көбірек тәрбие алып, теріс жолға түсіп, көрінгеннің жетегінде кетуде. Сондықтан шаңырағымыздағы ержеткен ұлымыз ізетті, бойжеткен қызымыз ұятты болсын десек, тәрбиені тал бесіктен бастайық. Сонда ғана «Ұл туғанға күн туатыны» анық. Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

16335 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9206

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7310

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5049

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4434

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4398

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4359

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4094

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4086

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы