• Ақпарат
  • 07 Наурыз, 2013

«Мақсат – елге қалтқысыз қызмет ету»

«Қазақстан» Телерадиокорпорациясы акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджановамен сұхбат  – Нұржан Жалауқызы, «Қазақстан» ұлттық арнасының 55 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Жалпы «Қазақстан» телерадиокорпорациясы үшін биылғы жыл жағымды жаңалықтармен басталды. БАҚ-та Ұлттық арнаның отандық телеарналар арасында көш бас­тауы қазақ тілінің жеңісі деп бағалануда. «Қазақстан» ұлттық арнасының табысқа жету құпиясымен бөліссеңіз. – Рахмет! Бұл «Қазақстан» телеар­насының ғана емес, бүкіл ел телеви­зиясының мерейтойы. Өйткені 1958 жылдан 1990 жылдардың басына дейін елімізде бір ғана мемлекеттік арна «Қазақ телевизиясы» жұмыс істеді. Тәуелсіздік алған 1991 жылдан кейін ғана елімізде бірнеше жекеменшік және тәуелсіз телеарналар дүниеге келді. Жаңадан ашылған телеарналарға қазіргі «Қазақстан» ұлттық арнасының мектебінен өткен журналистер тартылды. «Қазақстан» телеарнасы сол дәуірдің өзінде көшбасында тұрды. Бүгінде де сол тұғырынан аласарған жоқ. «Қазақстан» телеарнасы тек қазақ тілінде ақпарат тарататын бірегей арна. Елбасымыз «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп шегелеп айтты. Бұл тұжырым қазақ тілінің мәртебесін ғана көрсетіп қоймай, мемлекеттік тілді қоғамдық өміріміздің барлық саласында қолдануға мақсатты түрде жұмыс істейтінін айқындап берді. Соның бір дәлелі – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан» телеарнасының 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап 100 пайыз тек қазақ тілінде хабар таратуына тікелей ықпал етті. Телеарнамыздың рейтинг бойынша көш бастап, табысқа жетуінің еш құпиясы жоқ. Ұлттық арна сапалы телевизиялық өнім беру, көрермен сұранысына ие отандық телехикаялар түсіру, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді дәл тауып, дер кезінде және қаз-қалпында көрсететін әлеуметтік жобалары арқылы көрерменді көптеп тарта білді деп ойлаймын. – Жарты ғасыр тарихы бар «Қазақстан» ұлттық телеарнасының кешегісі мен бүгінгі келбетінің арасында қаншалықты айырмашылық бар? – Даму бар жерде кешегі мен бүгінгінің айырмашылығы болатыны сөзсіз. 1958 жылы 8-наурыз күні тұңғыш рет Алматы телестудиясы эфирге шықты. Зұлхия Жұматова мен Нэлли Омарова көрер­менді Қазақ телевизиясының алғашқы қадамымен құттықтады. Соңынан «Үкімет мүшесі» атты көркем фильм көрсетілді. Сол кезде Алматыда 4 мың, ал облыстарда 1 мың 700 телевизор болған екен. Алғашқы хабарлар сол кездегі елдің әлеуетіне қарай сол дәуірдің сұранысын қанағаттандырды. Ал бүгінгі ұлттық арнаның келбеті мүлде бөлек. Өйткені ол тәуелсіз елдің бет-бейнесі. Әрі оның техникалық мүмкіндігі де бүгінгі күн талабына сай келеді. Қазір «Қазақстан» ұлттық арнасы заманауи құрылғылармен жабдықталған Астанадағы «Қазмедиаорталығынан» хабарлар таратады. Оның өндірістік базасы бірыңғай жоғары сапалы (HD) форматқа көшті. Бір ғана жаңалықтар қызметін алып қарасақ, ол шетелдік беделді ақпарат агенттіктерінің ғана мәліметтерін пайдаланбай, Еуропа, Ресей, Түркия, Қытай секілді мемлекеттерде де өз тілшілері арқылы жедел ақпарат алып отыр. Әрі алдағы уақытта бұл мемлекеттермен шектеліп қалмай, шетелдегі тілшілер қосының санын арттыруды көздейді. Қазақ телевизиясы дүниеге келгенде Қазақстанда 5000-ға жуық отбасы ғана теледидар тамашалай алса, қазір әр қазақтың үйінде бір емес, бірнеше көк жәшік тұр. – Қазақ телевизиясының тарихында шоқтығы биік, есте қаларлық қандай бағдарламаларды атап өтер едіңіз? – Қазақ телевизиясының өркендеп дамыған кезеңi – 70-ші жылдардың ортасы мен 80-ші жылдардың аяғына дейiнгi аралық. Осы кезеңде халық үзбей көретiн «Алтыбақан», «Қымызхана», «Тамаша», «Айтыс», «Терме» сияқты хабарлар дүниеге келдi. Сұлтан Оразалиннiң «Сұхбат», Iлия Жақановтың айтулы қазақ сазгерлерi мен күйшiлерiнiң шығармашылығына арналған «Iнжу-маржан», Ақселеу Сейдiмбек пен Жәнiбек Кәрменовтiң Абай және халық композиторларының әндерiне арналған «Асыл мұра», Қынабек Аралбаевтың айтулы спортшылар туралы «Кездесу», Сағат Әшiмбаевтың «Қарыз бен парыз», Нұртiлеу Иманғалиұлының «Көкпар» хабарлары көрермен көңiлiнен шықты. Бұл хабарлар қазiргi авторлық телебағдарламалардың алғашқы сәттi нұсқалары едi. Бұдан кейiн 90-шы жылдардың басында «Таңшолпан», «Тұлға», «Әншi балапан», Бейбiт Құсанбектiң «Өмiр – өзен», Ұлбосын Айтөленнiң «Желтоқсан мен тәуелсiздiк», «Еске алу» деректi фильмдерi, Мұрат Ерғалиевтiң «Азия дауысы» хабарлары ел назарына iлiктi. Олармен бiрге «Шарайна» ақпараттық бағдарламасындағы Өмiрсерiк Жұман, Майра Әбдiрахманова, Сағындық Нұрекеев, Абдолла Сүлеймен, Ерлан Бекхожин, Ерлан Қожабергенов сынды белгiлi журналистер өзiндiк шеберлiктерiмен дараланды. Олардың Елбасының алғашқы шетелдiк iссапарлары туралы жасаған репортаждары сапалы шықты. 2000 жылдардың басында «Күлтөбе», «Бар мен жоқ», «Ақжүнiс», «Шынның жүзi», «Ән мен әншi», «Түнгі қонақ» хабарлары ел есінде қалды. Басқа арналардағы сапалы қазақша хабарлардың да қатары көбейе түстi. «Қазақстан» арнасындағы үздiк хабарлар «Көкпар», «Сен сұлу», «Сегiз қырлы», «Арнайы репортаждар бөлiмi ұсынады», «Қолтаңба» бағдарламалары, «Дарабоз» реалити шоуы да жаңаша iзденiстiң жемiсi болды. – Ал бүгінгі бағдарламалардың ішінен қай жобаны ерекше бөліп атар едіңіз? – Бүгінде «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетіліп жүрген «Жаңалықтар», «Айтуға оңай», «Жан жылуы», «Телқоңыр», «Алаң», «Қазақтың қол өнері», «Apta.kz», «Алаш алыптары», «Қылмыс пен жаза», «Ақсауыт», «Жарқын бейне», «Ғибратты ғұмыр», «Иман айнасы», «Көкпар», «Жиһанкез», «Жайдарман» бағдарламалары көрермен ықыласына бөленген сәтті жобалар. Бізде әлеуметтік проблемаларды көтеріп қана қоймай, оның түйткілді мәселелерін іс жүзінде шешуге көмектескен маңызды жобалар бар. Мысалы, «Айтуға оңай» ток-шоуын алайық. Бағдарлама эфирге шыққан үш айдың ішінде шығармашылық топ хабарға қатысқан бірқатар кейіпкерлерге қол ұшын беріп, кейбір мәселелердің оң шешім табуына ықпал етті. Ток-шоудың бірінші бағдарламасына қатысқан ақын Сәбетай Сыпатаевтың кітабы жарық көрді. «Терезенің ар жағы» атты жетімдерге қатысты бағдарламадағы Александр мен Алексей есімді қос жетімге Алматы қаласында орналасқан «Жастар» үйінен баспана мәселесі қарастырылып, студияда ақшалай көмек ұсынылды. Осы хабарға қатысқан Тимур Бақыт есімді екі аяғынан айырылған азаматқа көрермендер мүгедек арбасын алып берді. Жуырда ғана көрсетілген «Тілсіз жау» тақырыбының кейіпкерлері, өрттен жапа шеккен Гүлзира мен Гүлмира Селақыноваларға республиканың түкпір-түкпірінен хабарласып, жеке есепшот нөміріне қаражат жіберуді қарастырып жатыр. Сонымен қатар «Асыл-Арман» емдеу орталығы тегін ем-дом жасайтындарын, күйік шалған жарақаттарынан айықтырып беретінін жеткізді. Кәсіпкер Серікбол есімді азамат қаржылай көмектесіп, дәрі-дәрмек жағынан көмектесетінін айтты. «Сұлулық синдромы» деген санында бетін күйік шалған Шолпан Көбесоваға жоғары санаттағы пластикалық хирург Мақан Тынышбаев тегін операция жасап, көмек көрсететін болса, «Ән қалықтап барады көшеменен» тақырыбындағы Сәкен Таласпаев есімді азаматтың жағдайын сазгер Қалдыбек Құрманәлі назарға алып, құжатын жасап берді. «Дәрігердің қателесуге қақысы бар ма?» атты бағдарламадағы бір қолынан айырылып қалған екі жасар Әдемі Нұрымоваға академик Камал Ормантаев протез алып берсе, осы бағдарламаның келесі бір кейіпкері Жайлау Құбашевқа Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Тілепберген Алдамжарұлы қаржылай көмек көрсетті. «Жұмыс таппай жүрмін» атты бағдарламамызда Алматы қалалық Мәслихатының депутаты Қанат Өскенов екі кейіпкеріміз Аида Сәмиева мен Ілияс Шалбаевтардың жұмысқа тұруына септігін тигізді. «Қорғансыздың күні» атты хабарымыздағы Елдос Ахметжанов есімді зәбір көруші азаматқа құқық қорғаушылар көмектесіп, сол бағдарламадан кейін «Нұр Отан» ХДП-ның өкілдері азаматтың мәселесін нақты қадағалауына алды. Бұл «Айтуға оңайдың» шапағаты тиіп, атқарылып жатқан шаралардың бір парасы ғана. – «Қазақстан» ұлттық арнасының бауырынан «Балапан», «Мәдениет» телеарнасы өз еншілерін бөліп, жеке телеарна болып қалыптасты. Болашақта тағы осы сияқты салалық телеарна ашу жоспарда бар ма? – Елбасының қолдауымен 2010 жылы «Балапан» арнасы, 2011 жылы «Мәдениет» арнасы ашылды. Қысқа мерзімнің ішінде бірін-бірі қайталамайтын, өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан арнаға айналып үлгерді. Олардың әрқайсысының көтеретін жүгі мен бағыты әртүрлі. Екі арнаның ашылуы да тарихи елеулі оқиға. Мысалы, «Мәдениет» арнасы насихаттайтын әдеби қазынамыз да ауыз толтырып айтарлық. Ауыз әде­бие­тін қалыптастырған жыраулық дәстүр, айтыс өнері секілді ұлттық құндылықтарымыз бен бүгінгі классиктерімізді, әдебие­тімізге құнды еңбектерімен үлес қосып отырған замандас жазу­шыларымызды да тек насихаттап қоймай, олардың пікірлері мен мәдениетімізге қосар үлесін тас­паға түсіріп, сақтай білуіміз керек. Келер ұрпақ үшін, өзі­міздің елдік стратегиямызды, ұлттық идеологиямызды нақтылауда кезек күттірмейтін, дәл бүгін атқарылуы тиіс міндеттерді «Мәдениет» арнасы өз мойнына алды. Ал «Балапан» арнасы бүгінгі күні отандық анимацияның дамуына елеулі үлес қосып отыр деп сенімділікпен айта аламыз. Арнамыз ұлттық анимация мектебінің заңды жалғастырушысы ретінде заманауи анимация нарығының қалыптасуына, жекелеген студиялардың құрылуына ұйытқы болуда. «Балапан» арнасы алғашқы балалар телехикая­сын түсірді. Мысалға, «Санжар мен Қайсар» телехикаясын алайық. Расында да, бұл телехикаяны елімізде барлық балалар сүйсініп отырып тамашалады. Баланы алдау мүмкін емес. Бұндай жетістікке жетудің өзіндік сыры бар. Біз телеөнім түсірудегі жаңа тәсілдерге жүгіндік. Компьютерлік графиканы көп пайдаландық. Кейіпкерлердің образын қалыптастыруда, декорация құруда тәжірибе жасауды батыл қолға алдық. Мәселен, бас кейіпкерлер Санжар мен Қайсардың бөлмесі кемеге ұқсатып жасалды. Үйде ата-анасы осындай бөлме жасап беремін десе, кез келген бала қарсы болмайды деп ойлаймын. Өйткені ол қиялда ғана болатын дүние. Біз тек бала қиялын жүзеге асырдық. Ал апасының бөлмесі киіз үй іспеттес. Осылайша, жаңа заман мен ұлттық мәдениетті қабыстырып, жаңа бір әлемге есік аштық. Санжар мен Қайсардың бейнесінен бүгінгінің балалары өздерінің мінез-құлқын, болмысын таныды. Телехикаяны үзбей көретін балғындарды салауатты өмірге баулып, бүгінгі қазақ баласының бейнесін айшықтай түскен бірден-бір көркем туынды болды. Енді биыл жаз айында «KAZSPORT» спорт арнасының тұсауын кесеміз. Бұл қазақ жанкүйерлерінің жылдар бойы күткен арманы. Телеарнаның басшысы, талантты спорт журналисі Есей Жеңісұлы. – «Қазақстан» телеарнасын 55 жылдық тарихында алғаш кімдер басқарды? – 1956-1957 жылдары – Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігі Радиоақпарат бас басқармасының бастығы болып Қанапия Мұстафин  тағайындалды. Одан кейін Құрманбек Сағындықов пен Кенжеболат Шалабаев басқарды. Жалпы корпорация­ны ұзын саны 18 адам басқарған екен. Солардың арасында Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза сияқты қазақтың айтулы тұлғалары бар. Олар қазақ телевизиясының дамуына соны үлес қосып, көшін өрге сүйреді. Бір ғана Шерхан Мұртазаның өзі 1992 жылы желтоқсанда жоспарда жоқ, қаржылай мәселесі шешіліп, бекітілмеген «Таңшолпан» бағдарламасын бір апта көлемінде ашуы үлкен ерлікке пара-пар еді. Тарих ондай көзсіз ерліктерді әлі ұмытқан жоқ, ұмытпайды да. Ал Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қарызын» зиялы қауым әлі күнге аузының суы құрып, әңгіме етіп отырады. Кеңес дәуірінің тұсында да пікірін өткір айтқан бұндай жобалар телевизия тарихында қадау-қадау қазық болып қағылды. Сол Қанапия ағамыз іргетасын қалап, Камал, Сағат, Шерхан ағалар керегесін керіп, түңлігін ашқан қара шаңырақ өзінің басты мақсатынан бір сәтте айныған жоқ. Ол мақсат елге адал да қалтқысыз қызмет ету, ұрпақтың ұлтын ойлайтын, отансүйгіш санасын қалыптастыру, ел тыныштығын сақтау мен ұлтты ұйыстыру. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Аяжан ТІЛЕУБЕРГЕН

4706 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9261

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7345

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5088

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4470

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4434

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4394

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4130

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4122

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы