• Ақпарат
  • 20 Наурыз, 2013

Әлеуметтік мәселе – ұдайы назарда

Жуықта Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев есеп беру кездесуін өткізді. Кездесуде өңірдің 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайлы сөз қозғап, Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауына орай атқарылатын шаруалар жайлы айтты. Қызметке келгеніне көп уақыт болмаса да әкім облыстың аудандарын, қалаларын аралап, ондағы жағдайлармен танысып, өткен жылы атқарылған шараларды сүзгіден өткізді. Әкімнің айтуынша, Маңғыстаудың былтырғы жалпы өңірлік ішкі өнім 1,9 трлн. теңгені құраған. Қара алтыны арқылы алдыңғы қатарларда жүретін Маңғыстауда соңғы жылдары мұндай белсенділік көрсетпепті. Мұнай мен газ өндіру әдеттегіден төмен көрсеткішке түсіп, 2012 жылы өңірдегі мұнай-газ өндіретін 23 кәсіпорынның 9-ы ғана жоспарын орындаған. Өңірде өткен жылы 3 мың орындық 29 балабақша қолдануға берілген. Сөйтіп, балабақшалардың жалпы саны 177 болған. Балабақшадағы балалар саны 25 мыңды көрсетсе, кезекте тұрған сәбилер 31 мың болып тұр. Бұл балабақшалардың әлі де болса салына беру керектігін меңзейді. Әкімнің айтуынша, облыстағы өңдеу өнеркәсібінің дамуы көңіл қуантарлық емес. Қазір бұл көрсеткіш 84,3 пайызды құрап тұр. Мұның деңгейін көтеру үшін дамудың нақты жоспары жасалып, тиімді шешімдер қабылдануы керек. Денсаулық сақтау саласындағы айтарлықтай жаңалықтардың бірі облыста 4 нысан салынды, 12 ғимарат жөндеуден өткізілді. Балалар мен аналар өлімі азайып, аурулар саны төмендеді. Білім беру саласына келер болсақ, 21 нысан күрделі жөндеуден өтті. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 76 пайызға жетті. Облыста инвестициялар көлемі 100,6 пайыз, тұрғын үйді іске қосу 112,4 пайыз болып, орташа жалақы көтерілгені байқалды. Жұмыссыздық 5,6 пайызға төмендеді. Қазіргі кезде облыс бюджеті 125 млрд. теңгені құрап отыр. Индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында 25 540 жұмыс орны ашылып, 5000-нан аса адам жұмыспен қамтылған. Облыс тұрғындарымен кездесу барысында әкім жұмыспен қамту, тұрғын үй жетіспеушілігі, жаңадан салынған үйді сумен, газбен, жарықпен қамтамасыз ету деген сияқты бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. Мұндай мәселелер аз уақыт ішінде шешіле қоймайтынын айтты. Жоспар бойынша бірқатар мәселелер биыл шешімін табу керек. Содан соң Алик Айдарбаев Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауына тоқталып, онда айтылғандай әлеуметтік жаңғыртуға баса назар аудару керектігін атап өтті. Осыған орай алдағы уақытта атқарылатын шаруалар тізбесін жасады. Әкімнің берген мәліметіне сүйенсек, облыстағы білім беру саласының бюджеті былтырғыға қарағанда 35,2 млрд. теңгеге артып, 2013 жылы 40 млрд. теңгені құрап отыр. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында биыл қаражаттың көп бөлігі басталған нысандардың құрылысын аяқтауға, үш ауысымды мектептер санын азайту үшін мектептер салуға, көптеген мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалмақ. Осы жылы 16 балабақша қолдануға беріліп, 6 мың орындық 10 мектептің құрылысы аяқталады. Денсаулық саласында да жоспарлы жұмыстар аз емес. Биыл облыстық ауруханадан кардиоло­гиялық орталық ашылып, Жаңаөзен қалалық перзентханасының, Ақтаудағы №2 емхана мен Мұнайлы аудандық емханасының, өзге де 9 ауылдық дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы аяқталады деп күтілуде. А.Айдарбаев жұмыссыздық мәселесін шешу үшін қандай шараларды қолға алу керектігін сөз етті. Жұмыссыздықты еңсеру Елбасы Жолдауындағы талаптарға сәйкес келеді. Ол үшін шағын кәсіпкерлікті дамытып, жаңа мамандықтарды игеру керек. Кәсіпкерліктің дамуы өндірістің кеңеюіне, жұмыс орындарының көбеюіне жол ашады. «Ол үшін нақты құралдар да бар. Дегенмен, тұрғындар өз бетімен әрекет етуі керек. Біз барлық адамды мұнай саласындағы жұмыс­пен қамтамасыз ете алмаймыз. Мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Мамандығы болмаса немесе сәйкес келмесе, қайта даярлаудан өтіп, кәсіби білікті мамандық алу қажет. Біз биыл кәсіпорындарда жұмыс орнын қысқарту, жалақыны уақытында төлемеу фактілерін болдырмау бағытында жұмыс істейміз» деді әкім. Облыстағы 57 елді мекеннің қазір 15-інде ғана ауызсу мәселесі шешілген. Бұл бағытта биыл «Ақ бұлақ» бағдарламасы қолға алынып, 10 жоба жүзеге асырылып, сол арқылы 22 мың адам ауызсумен қамтамасыз етіледі. Ақтау қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған 4 мыңнан астам адам бар екен. Облыс әкімі осы мәселені де назарда ұстайтынын айтып, биыл 15 көп тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, 395 адам жаңа пәтердің кілтіне ие болатындығын, облыс орталығындағы апатты жағдайда тұрған үйлердің орнына көп пәтерлі тұрғын үйлер бой көтеретінін тілге тиек етті. Көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне келер болсақ, «Бейнеу-Жезқазған» темір жолының құрылысы, «Ақтау-Атырау» автомагистралінің, «Бейнеу-Шетпе» жол учаскесінің жөндеу жұмыстары жалғасады. Айта кетерлік тағы бір жаңалық, Елбасы Н.Назарбаев «Астана-Ақтау» автомобиль жолын салу туралы сөз қозғаған болатын. Бұл жол салынатын болса оның тиімді тұстары да көп. Есеп беру кездесуінде облыс тұрғындары өздерін мазалаған сұрақ­тарды ортаға салып, әкімге бірқатар ұсыныс-тілектерін де жеткізді. Мұнайлы ауданы, Баян­ды ауылының тұрғыны Нұрболат Зәуреш алғашқы сұрағын мектеп жайлы мәселемен байланыстырды: «Осы уақытқа дейін 3 ауысыммен оқытатын Баяндыда мектеп қашан пайдалануға беріледі?» – Мұнайлы ауданында 2013 жылы 4 жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Атап айтсақ, Маңғыстау-4, Маңғыстау-5 тұрғын массивтеріндегі және Басқұдық селолық округіндегі 960 орындық мектептер және Баянды селосындағы 960 орындық мектеп. Осы мектептер іске қосылған кезде үш ауысымда оқитын 6 мектептің 5-еуінің мәселесі шешілетін болады. Содан соң тұрғындар Ақтау қаласы шетіндегі Приморский ауылын әлі күнге дейін газ берілмегенін, сосын үлескерлердің мәселесі шешімін таппай тұрғандығын алға тартты. Әкім оған жауап ретінде бұдан былай жер телімін беру ісіне тәртіп енгізу керектігін ескертті. Өйткені бос жерлерге үй салып, тұрақтанып алған тұрғындар аз уақыт ішінде газ, су, жарық сұрай бастайды екен. Мәселенің туындауы осы жерден басталады. Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта бос жерлерге газ, су, жарық апарып, дайын болған соң ғана жер телімі үлестірілетін болады. Сондай-ақ Приморскийге биыл газ апарылатын болып шешілді. Ал үлескерлер мәселесі назардан тыс емес. Ақтауда үлескерлер үшін «Заветная мечта-1», «Заветная мечта-2» тұрғын үйлерінің құрылысы жалғасуда. Бұдан соң тұрғындар денсаулық сақтау саласына, соғыс ардагерлеріне қатысты шешімін таппай жүрген мәселелерді ортаға салып, әкімнен нақты жауап алды. Исатай ҚОРҒАНБАЕВ

5542 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8752

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7056

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4800

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4186

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4148

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4109

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3839

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3839

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы