• Руханият
  • 20 Наурыз, 2013

Абай рухының мұрагері

Қоғам қайраткері, көрнекті қаламгер, ұстазым Ырысхан Мұсаұлына тағзым Жер шалғай. Жас айырмашылығы бар. Қоян-қолтық араласып кете алмайсың. Сырттай сұрап, біліп жүресің. Парасатына бас иесің. Күнделікті тіршілікте, әрине, көзден таса. Бірақ көңіліңде жүреді. Тәлім-тәрбиесін естен шығармайсың. Қамқорлығына разысың. Қарыздар екеніңді ұмытпайсың. Қайтаруың қиын. Өнегесін ұстансаң, оны өзіңнен кейінгіге дарыта алсаң, жарадың. Алатаудай ағамыз емес пе?! Інілік парыз көкейде көптен жүрген еді. «Жаз да жаз» деп мазаны алады. Бірақ жеме-жемге келгенде көңіл дауаламайды. Еске алсаң-ақ елегізіп, сағынышты ойдың сәйгүлігіне қалам ілесе алмайды. Сөйтіп жүріп, уақыттың қалай өтіп кеткенін де білмей қаласың. Күні кеше ғана шығармалар жинағын «Болат ініме...» деп ақ көңілден ұсынған Ырысхан ағаның алдына барған шәкірт шақтан бері де отыз жылдан асып кетіпті. «Бізге тағдыр жомарт екен...» Шынында да, тағдыр жомарт екен бізге. Ырысхан Мұсаұлының тәрбиесін көргендерге. Біз көппіз. Әріптес дос­тарым Еділ Асылбек пен Мұрат Дүйсен­баев және өзім соның бір ғана шоғырымыз. Біз алтын ұямыз «Семей таңының» табалдырығынан аттағанда «буыны бос, қабырғасы қатпаған» тілшіміз. Қаламымыздың да «тәй-тәй» басқаны енді ғана. Үкілеп жазу – арман. Тапсырманы уақытылы орындап, күнбе-күн шығатын газеттің көшіне ілесе алсаң, жарадың. Сөз өнерінің маманы ретінде жазуымыздың өз жорғасын тауып, жетілетін күн әлі алда. Әйткенмен редакторымыз Мусин бастаған ұстаздарымыздың арқасында шабыттың Құлагерінің тізгініне қолы­мыз тезірек жетті. Ғазекең – Ғазиз Ибраимов, Қабаң – Қабидолла Шотанов, Ілекең – Ілияс Исаханов... сол кезде-ақ ең кемі бір-бір газеттің білдей редак­тор­лығына лайық азаматтар. Ырысхан аға бастап бәрі де әрі басшы, әрі қиялы ұшқыр қаламгерлер. Бірақ үш орын­басардың мінездері үш түрлі. Ал табиғаттары таза, көңілдері ақ, жақсыға тілекші жандар. Жанашырлықпен жа­ныңа батыра қамшылап, алға оздырады. Олардың жеке бастарының өнегесі-ақ бойға жігер құйып, ойға қанат бітіріп, шы­ғармашылық бәйгесіне қосты да жіберді. Иә, қалам ұстап, қиялымыздың самғауына Ырысхан аға ұйытқы болған қасиетті орта баулыды. Туған халқымен талай «тар жол, тайғақ кешулерден» бірге өткен, қазағымен мыңдаған мәрте қауышып, сыр бөліскен Ертістің Семей өңірінің шежіресі. Біздің жалынды жастық шағымыздың базары. Еркелете отырып, есейте де білген... біздің облыстық «Семей таңы». Біздің Ырысхан ұстазымыздың арқалы да адал серіктері мен ізетті іні-қарындастары... Борекең, Әшекең, Кәкең, Шакең, Бекең, Мекең ағаларымыз, әрине, Ғиффат, Хапиза мен Тұрсынғайша апаларымыз. «Қазақ тілі», «Жаңа ауыл», «Қы­зыл дала», «Социалды шығыс», «Ек­пінді»... Алғашқы редакторларымыз – Мәннан Тұрғанбаев, Шаймардан Тоқжігітов. Газетке қаламымен атсалысқан қазақтың біртуар перзенттері Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Дө­нен­таев. Біз ол заманда еліміздің бір­туар ерлерінің көпшілігінің аттарын ғана білдік. Төл әдебиетімізден там-тұм­дап қана хабардар болсақ, Алаш арыстарының бай мұрасынан мақұрым қалдық. Алайда облыстық үнжарияда Алаш­тың азаткер рухы тұнып тұрған. Оны да біз бірте-бірте ғана сезініп, білеміз. «Семей таңының» есігін ашып, Ырысхан ағамыздың батасын алған­да шын мәнінде шығармашылық ортаға тап болған едік. Соған лайықты болуға жетелейтін әділ та­лапты сезіндік. Редакторымыздың басшылық тізгінін уысында қымтай ұс­тағанының арқасында мұнда ауажайы­лушылық дегеннің «иісі» де жоқ. Тәрбиеге көнгенімізді желкілдете аяласа, бірен-саран тоңмойындарды «жолына» салды. Басшымыз әрқайсысымызды еңбегімізге қарай «еркелетіп», ағалық, ұстаздық алақанын үнемі сезіне алдық. Жоқ, бұл сағыныштан лекілдеген көңіл-күй емес. Босқа лапылдамауға да бізді «Семей таңының» басшысының байсалды мінезі мен әділ жүрегі үйреткелі қашан. Алайда Ырысхан аға туралы айтқанда, қалайша ағынан жарылмассың... «Еділ есіме сал, Мұрат мүлт кетпейін» деймін ішімнен. Жас адамға аға мейірімі мен тәрбиесінің орны ерекше. Бірақ тірліктің мәні еңбек пен ізденіс десек, ұстазымыздың шығармашылық шарты өзім үшін соның бәрінен де қымбат. Бұл жағынан редакторымыз Ырысхан Мұсаұлының қасаң жазуға қаны қас. Талапты түсінетін-ақ сияқтымыз. Амал қайсы, деректерді ойната өрістетуге және тамырларына қан жүгіртіп, жалындата жазуға тәжірибе аз. Асау қаламның құлағында ойнауға өнер жетпей, ауып қала жаздайсың. Ал бастықтың, онда солай дейміз ғой, талабы «фактілерді құр тізбелей бермей, оларды тек айтар ой-пікірді негіздеу мен дәлелдеу үшін ғана қолдану керек». Сол сияқты партия ұйымдарының есеп беру, сайлау науқандарын жазғанда да «көшбасшының» қызметін талдап, сараптай көрсетіп, сынды сына­лай қа­ғуға тиіссің. Баяндамалар­ды «...деп атап көрсетті, ...назар аударды» се­кілді қосымшалармен көшіре салсаң, жазғаның кері қайтарылады. Осы талапты газеттегі тұңғыш ұстаздарым әрі бастықтарым Оспанов Нариман мен Рахимов Сиязбек ағаларым қалтқысыз қадағалайды. Баптауларында мін жоқ: тақырып ұсынады, жазғаныңды түзетеді. Қызметте қатаң, үнемі сергек отырасың. Редакторымыздың талабы сондай. Алғашқыда Нәкең ағам жазған­дарымды қызыл қаламымен емін-еркін әлемештейтін. Сөзін қор қылғысы, әлде көзбе-көз қызартып, ұялтқысы келмейтін шығар. Кесек тұлғасына мінезі сай, кеңпейіл жан. Жақсылығыңды көргенше асығып тұрады. Бірге қуанады. Ұсақ-түйекпен шаруасы жоқ. Көп оқып, редакторымыз Мусиннен бастап өзі тұрпатты ізденімпаз әріптестерімен пікір бөлісіп жүреді. Өнеркәсіп, құрылыс және транс­порт бөлімі... оперативтілікті талап етеді. Қиын. Бірақ пайдасы да көп. Күніне 200 жол автор материалын беру жоспарын орындамасыңа қоймайды. Күні-бүгінге шейін есімде. Ұйықтап жатқанда оятып жіберсе де судырата жөнелер едім... «Өнім сапасы – өндіріс айнасы!», «Артта қалушыларсыз жұмыс жасайық!», «Бесжылдықты мерзімінен бұрын!» ...қарайлауға мұрша жоқ. Оның үстіне өз тұсыңнан да тақырып тауып, танылуың керек. Автор мақалаларын дайындау бір басқа, журналист екенсің, суреттеме, очерк жазып, оқырманның жанын жадырату ғанибет. Оның ар жағында «гонорар» деген тағы бар. Қаламақысыз қалмауыңа да редакторымыз қамқор. «Риясыз мақтанып, мәртебе тұтасың» Ырысхан аға «Семей таңымен» егіз жаралғандай, әбден біте қайнасты. Газеттің қат-қабат шаруасы қашанда жіті назарында. Әр аптаның дүйсенбісінде өтетін лездемеде газеттің мазмұны мен ұжымның қызметін жан-жақты таразылайды. Талапшыл, бірақ әділетті. Егер өз дүниелеріңді ғана дүркіретіп, газеттің қара жұмысынан қашқалақтасаң, аямайды. Себебі күнделікті баспасөз еркелікті көтермейді. Сый-құрмет те еңбегіңе, газетке қосқан үлесіңе қарай. Міндетіңе адал екенсің, жанына жақын тартып, көмегін береді. Редакторымыз өз қарауында­ғыларға ғана осылай талапшыл, әді­летті емес. Бұл оның өмірлік айнымас қағидасы еді. Онда Компартияның құрығы ұзын: «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс». Соған қарамастан, облыстық партия және атқару коми­теттеріндегі «дөкейлермен» қыз­меттік қарым-қатынаста да бірқалыпты. Ілтипатты, құрметтейді, олардың тым құрыса лауазымдарын сыйлайды. Алайда ешкімге де – «анау екенсің» деп өтірік жалбақтамайды, газетке қоқаңдатпайды. Оңай емес, әрине. Бірақ жаратылысынан талантты, талғампаз, талапшыл әрі жаны жарқын азамат үшін тірліктің табиғатын тану қиын болып па?! Алла тағала берген сабырлы мінезі мен жасымас жігері Ырысхан ағаның адал серіктері еді. Аса беделді. Біліміне қарай, мәдениетіне қарай. Байсалды ақыл-ойы мен байыпты басшылығына қарай. Ақиқатты саудаға салмайтын турашылдығына қарай. Ағамыздың перзенттері, танымал азаматтар Рымхан мен Нұрлан бауырларымыз да сондай талант пен талап бәйгесінің жүрегіміздегі жұлдыздары. Сол риясыз тәлім-тәрбиені шәкірт ретінде біз де сезіне алдық. Аудандарға іссапарларға шыққанда, қаладағы еңбек ұжымдарына барғанда олардың жетекшілерінің «Семей таңына», оның редакторына деген құрметі айқын байқалып тұрар еді. Жұртшылық сенің ортаңның, ұстаздарыңның қадірін біліп жатса, жас адамның мерейі өсіп, қанаттана береді. Жазғаныңа бөгет жоқ. Түзетеді, түзеткізеді, кейде тіпті «дайын» қағазыңа қайта телміресің. Жиырмадан енді асқандар әр мақаламыздың шыққанына мәзбіз: «Армансыз адам», «Жаңа адам – жанды адам ба еді?», «Терістеуді терістеу», «Қазақ байы кім болған?», «Баспайдасыз баспайды», «Өзенді бұру», «Ұрланған ұрпақ»... Ырысхан ағаның тәрбиесі, ұстаздың ұлағатының арқасы. Соңдарына өлмейтін сөз, өшпейтін із қалдыратындар аз. Біреу келіп, енді біреу кетіп жатқан өмір ғой. Санаулы саңлақтың бірегейі қаламгер әрі қайраткер Ырысхан Мұсаұлы болатын. Адамгершіл, терең парасат иесі. Айтып, тауыса алармысың: Ырысхан ағаның айналасына шапағатын. Дос­тар кездескенде таласа, тармаса еске аласың. Білімі мен біліктілігін. Тәлім-тәрбиесін. Ізгілігін. Қамқор көңіл, кең пейілін. Адал еңбегін. Ұстаз өнегесін осылайша өз ортаңда тамсана жыр етіп, сыртта жүргенде мәртебе тұтасың. Сонда ең алдымен ауызға түсетіні қаламгер Ырысхан Мұсаұлының қанатты өнері! Шығармашыл тұлғаның арқасында Қазақстан Компартиясы Семей облыстық партия комитетінің органы, облыстық «Семей таңы» газеті республикадағы өзі сияқты 19 облыстық үнжарияның арасында үздігі болды. Ал 85-тің сәуірінде қайта құру басталғанда өзінің «сенбілік нөмірлерімен» Ырсекеңнің «Семей таңы» әріптестерін мойындатып, оқырмандарын өзіне одан сайын бауыр бастырды. Ырысхан аға редакцияның күнделікті қара жұ­мысына басшылық жасай отырып, өзінің төл шығармашылығынан да қол үзбеді. Ағаның көзіндей екі томдық шығармалар жинағы шарапаты дарқан ұстаздың өнеріне әрдайым тәнті етеді. Салыстырасың, мақтан етесің. Қуана арқа тұтасың. Талғампаз тереңдігін. Көреген парасатын. Мәртебе көресің. Жанында бірге жүргеніңді. Жақсылығын көргеніңді. Тәрбиесін алғаныңды. Республикалық «Халық кеңесі» газетінде жұмыс жасағанда. Ал­матыда қала әкімдігінде қызметте жүргенде. Сол кездегі астанамыз Алма­тыдағы республикалық бұқаралық ақ­парат құралдарының жетекшілерімен аралас-құралас бола отырып, Ырысхан Мұсаұлының тұлғасы көз алдымда биіктей берді. Ол да заңды: 1987 жылы көк­темде Алматыда біз бір топ інілері Ырыс­хан Мұсаұлының «Социалистік Қазақ­стан» газетіне редактор болып тағайындалатынын асыға күттік. Лайықты таңдау еді. Дарынды қаламгер, білікті басшы келе жатқан. Соңғы сәтте өзгеріп кетті. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратынан «СҚ»-ға басқа бір азамат тағайындалды. Ол да жақсы адам, партияның сүзгісінен өткен, парасатты жан. Бірақ редакторлығы Ырысхан ағамен салыстырғанда жер мен көктей. Әділетсіздік пе, олай деу дұрыс болмас. Тағдырдың жазуы ғой. Бұл «адасқан» таңдауда да бәрібір қазақ баспасөзі ұтты: «Абай» рес­публикалық журналы өз оқырманымен қауышты. Сағына қауышты. Ұлы ақын­ның рухы ортамызға оралды. Алаш ардақтылары төрімізге озды. Менің көз алдымда қазағымыздың біртуар қайраткерлері Әлихан Бөкей­хановтың, Мұстафа Шоқайдың, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұма­баевтың, Міржақып Дулатовтың, Смағұл Сәдуақасовтың тұлғалары тұрды. Абай рухының мұрагері Ырысхан Мұсаұлы еліміздің сол бір кемеңгер, туған ұлты үшін бастарын бәйгеге тіккен жұлдызды ұрпағының жалғасы еді. Еркіндік сүйгіш, батыр, намысшыл қазақтың азаткер рухының үзілмеуі де Ырысхан секілді ағаларымыздың арқасы болатын... Жақында өзім еңбек етіп жатқан «АЛЖИР» мұражайынан сталиндік зобалаңның жазықсыз құрбандары болған Ұлы Абайдың ұрпақтарына (14 адам) арнап жеке көрме аштым. Осы бір жаныма жағымды шаруаға да ұстазым Ырысхан Мұсаұлының «Аға сұлтан» романы мұрындық болып, оның алтын арқауына айналды. Бізге тағдыр жомарт екен... мақ­танып, мәртебе тұтатын ұстазымыз бар! Болат ЖҮНІСБЕКОВ, «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін құрбандары мемориалды мұражай кешенінің директоры Астана

4389 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8778

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7069

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4813

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4199

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4161

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4122

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3852

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3852

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы