• Мәдениет
  • 20 Наурыз, 2013

Қыз ұзату

Күні бүгінге дейін береке-бірліктің ұйытқысына айналып отырған дәстүріміздің бірі – Қыз ұзату. Қыз ұзату дәстүрінің түп негізіне тоқталсақ. Ұзатылатын қызды дәстүр бойын­ша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», жастар «Жар-жар», «Ау жар», «Аушадияр» айтады. Әсілінде, қыз ұзату дәстүрі бойынша орындалатын өз жөн-жоралғысы бар. Қалыңдықты алып қайту үшін жеті не одан да көп адам қыздың ауылына келетінін есіттік. Ауылға жарты шақырымдай жол қалғанда күйеу бір жолдасымен қалады да, қалғандары ауылға барып күйеудің келгендігін хабарлайды. Қыз-келіншектер оның алдынан шығып қарсы алады. Ауылға келген күйеу жолдастарымен оңаша отау тігеді. Отау тігуге ауыл адамдары тайлы-таяғымен түгел атсалысып, жеңгелері мен балдыздары «кереге керер» жоралғысын жасайды. Ал шаңырақты сол ауылдың елге сыйлы кәрі күйеуіне көтерткізеді. Бұл жас күйеуге де соның жолын берсін деген ырым. Тігілген ақ отауға ең алдымен қалыңдықты, одан соң күйеуді кіргізеді. Қалыңдық отаудың ас-су тұратын сол жақ босағасына барып, оң аяғымен жерді бір теуіп сыртқа шығады. Бұл «отаудың иесі біз боламыз» дегенді білдіретіндігі еді. Осы ғұрыпты күйеу де қайталайды. Отау тігілгенге арнайы сойылған малдың еті осы жаңа отауда желініп, ас үстінде қойдың омыртқасын әйел күйеуіне ұсынады. Ол оны жібек орамалға түйіп, отаудың шаңырағынан сыртқа лақтырады. Бұл ғұрып «жас отаудың шаңырағы биік, босағасы берік болып, түтіні түзу шықсын» деген ырымды сипаттайды екен. Қыз ұзату тойының тағы бір ерекшелігі – сәукеленің дайындалуы. Оны Сәукеле кигізу деп жеке өткізеді. Оның өз жөн-жоралғысы болады. Сәукеле әйел киімдерінің ішіндегі ең асылы ғана емес, оның жұбайлық өміріндегі елеулі кезінің естен кетпес ыстық сәті. Бұл салтанатқа құда-құдағилар шақырылады. Шашу шашылады. Ақ бата арналады. Жас отау, сәукелелі келіншек, ойын-сауық, көңілді күлкі жаңа өмірдің бақыт есігін ашқанның белгісі. «Алтынмен апталып, күміспен күптеліп» дегендей, ол інжу маржан, гауһар, лағыл, жақұт сияқты асыл тастар тізбегімен әрленіп, әшекейленеді. Көрсе көздің жауын алатын осы бұйым тек келіншек сәні ғана емес, той салтанаты мен құдалар беделін де көтере түсетін ерекше көрініс. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін Кенесары ханның ағасы Саржан төре бес жүз байталға бағалаған екен. Одан әрі қыз ұзату дәстүрінің аяғы мерекелік ән-жырмен ұласады. Бізде «Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болғаны артық» деген сөз бар. Халқымыздың қазақы дәстүрлері бұлжымас, бұзылмас қағидамен тазалықтың нышанына айналып отырған еді. Ұрпақтарға берер ата-ананың тәрбиесі өз алдына, дәстүрлеріміздің үлгісі, тәлімі ерекше маңызға ие болып отыратын. Ал қазіргі уақытта саналы түрде қабылдау мен орындаудан ада, түсініктен жаттанып бара жатқандаймыз. Қыз ұзату дәстүрінің қандай жағдайда, қандай күйде жасалатынын бірі білсе, бірі білмей жатады. Кейінгі уақыттарда таңғалдырып, тамсандырып жүрген «жаңа дәстүр» немесе «Қыз ұзату дәстүрінің жаңа нұсқасы» қолданыста жүрген жайы бар. Әулеті бейхабар болып, қызды (келісімді түрде кейде келісімсіз түрде) алып қашқан жағдайда, қыз жағы «Қыз ұзату» жасамайтын-ды. Артынан төсек-орынын апарып жататын-ды. Бүгінде, алып қашқан қыздың ертеңінде кешіріміне келіп, бүрсүгүні қыз жақ «ұзатып» жатады. Бұл қаншалықты ақылға қонымды? Тозғанның озғаны осы болып отыр ма деген аңғал сұрақ туындайды осындайда... Бойымыз үйреніп келе жатқан тағы мынадай қисынсыз дүние бар, қызды үйден шығарып саларда төселетін тазалықты, адалдықты білдіретін ақ мата «Ақ жол» үстіне кейінгі кездері раушан гүлінің гүлжапырақшаларын шашу пайда болды. Бұл бәзбіреулерге әсемдіктің бейнесі сияқтанып көрінетін шығар десе де, осы жайында кезінде этнограф, зерттеуші ғалым Жағда Бабалықұлы: «...Қазақтың әрі-бері тарихында көкті жұлғанды кім көрді? Және сол жұлып-жұлмаланған «тірі организмді» ұзатылып бара жатқан қыздың аяғының астына төсеу деген не сұмдық?.. Гүлді шашқанды қою керек. Қазақта «көктей солған» деген сөз тіркесі бар. Ырым жаман ғой» деп айтып кеткендігін есіткен едік. Сонымен қоса осы дәстүрге қатысты басы ашылмай келе жатқан мәселенің бірі, Қытай, Түркия қазақтарында сақталған қыз ұзату дәстүрі кезіндегі некені қыздың үйінен қиып жіберетін өзіндік салты бар-тын. Бізде жігіттің үйіне барғанда неке қию дәстүрін өткізеді. Бұл мәселенің де қисыны келісіп тұрғаны шамалы... Өзгеріске ұшырап, мән-маңызынан ауытқып баратыны тайға таңба басқандай білінеді. Алты жыл аш болсақ та атамыздың салтын сақтау парызымыз. Оның өзінде өз қалпында, бар болмысынан ажырамай сақталып, соны көзінің қарашығындай алып жүретін ұрпақ болса игі еді... Еркежан ЖҰМАТАЕВА

9377 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8750

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7055

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4799

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4185

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4147

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4108

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3838

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3838

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы