• Руханият
  • 28 Наурыз, 2013

«Жансерігім – домбыра»

«Жансерігім – домбыра» деп төгілте күй төккен профессор Сапарғали Омарбеков туралы  Жаздың бір жайма шуақ кезі. Алатаудың баурайы құйқылжыта күй төгіп жіберетіндей демін ішіне тартып алған. Мәңгібақи үнсіз түнеріп тұрып алатын сұр тас та, тұңғиық ой түбіне батып кеткен шыңырау құз да әлдебір құпия сырдың ақтарылар шағын күтіп сақ тұрған тәрізді. Енді бірде ән шырқалып еді, айналаға жан біткендей бар тіршілік селт етіп тәтті ұйқысынан оянып кеткендей болды. Табиғат сан құбылып, құлпырып қоя берді. Далада, таудың баурайында ән тыңдағандарыңыз бар ма? Тегінде ән, өнер табиғи нәрсе ғой. Сол әнді табиғаттың төсінде еркін отырып тыңдағанға не жетсін. Әннің бар құдіреті, бар ләззаты сонда біліне ме деймін. Неткен тамаша! Ән әуені табиғаттың алуан түрлі әшекейімен астасып алысқа кетіп жатыр. Қыздар дауысы бара-бара үзіліп-созылып құлаққа әрең жетеді. Далада Татьяна әнін шырқап Барады белден асып қарындастар, – деген Сырбай өлеңінің екі жолы еріксіз еске түсіп, ойыңды алай-дүлей етеді. Ән сызылып барып үзілгенде тәтті сезімнен еріксіз айырылғандай, «Оһ, шіркін!» деп өкіне демаласың. Тағы да ән. Бұл жолы хор, көп дауыс тау аңғарларын күңірентіп жіберді. Алатаудың тамаша бір етегіне жайғасқан осынау топтың көңіл-күйі де дәл қазір та­биғат­тың құлпырмалы мінезіне дөп келіп, кілем түрін ашар жарқырама әшекейі жараса қалған. Бір мезгілде домбыраның жанға жайлы қоңыржай үні келді құлаққа. Манағы шулаған көңілді топ бір сәт тыныс алды. Сыбдыр қағып сусылдай жөнелетін «сөзшең аққайың жапырақтары» да саябырсып сабырлы қалпына түскен. Бір орында тұрақтай алмай, тынымсыз жортар шымшық та шоршып сол орнында қатты да қалды. Күллі табиғат: тау, тас, орман-тоғай, күллі алқап, бар тіршілік домбыра әуенін елти тыңдап, тәжім еткен тәрізді. Адамды баурап алғаны осыншалық – тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді. Күй сізді алысқа, қазақтың кең сахарасына жетелейді. Кең даладан орын таппай тынымсыз жортқан күй атасы Құрманғазы келеді көз алдыңа. Ол ақ жолды, әділет жолын өнерімен, өр кеудесімен өмір бойы іздеген, халық үшін қызмет еткен киелі баба. Алып тұлғасы, асқан өнерімен қазақтың ұлан-ғайыр даласын дүр сілкіндіріп, әрбір кеудеде адамгершілік, ерлік отын маздатқан. Мынау күйші жігіт тартып отырған күймен бірге Құрманғазының ұлы тұлғасы өсіп шығып, қалың топтың ортасында тұрғандай сезінесің. Күйші атаның бар өмір жолы алдыңыздан өтеді. Әне, ол халықты ту-талапайға салған ауызы алты қарыс шонжарлармен алысып кетіп барады. Ұлы күйшінің күреске толы өміріне қызығасың да, сол ортада жалғыз қара боп тыңдаушысын таба алмай ел кезіп жүрген ер адамды көріп көңілді мұң басады. Домбыраның екі шегін жебелеп, жеп қоярдай-ақ күйші саусақтары сағаға қарай шүйіліп барып, қия беттен құйылып кеп сұр қоянды іліп әкеткен қыран құстай қайқаң етіп өрлеп кетті де, кілт тоқтады. Күйге елтіген көпшілік маужырап кеткен. Әркім өз ойымен өзі боп, тәтті қиялдан арыла алмай отыр. Тек әлдекімнің: – Өркенің өссін, көп жаса, – деуі мұң екен, ду қол соғылған шапалақ кең даланы жаң­ғыртып, кәрі таудың заңғар биігіне ұла­сып кетіп жатты. Дуылдаған қол соғудың арасында: – Айналайын, рахмет! – Япыр-ау, саусағың толған күй екен ғой. – Шіркін, күй деген көп нәрсені айта алады екен-ау, – деген дауыстар естіледі. Күйші жігіт әлденеге ыңғайсыздана домбыраның қасында отырған кексе адамға ысыра берді. Бақса, күйдің әсерімен өзі де ешнәрсені аңдай алмай қалған екен, сонысынан ұялады. Бір бұл емес, бұдан бұрын да дәл осылай күйге елтіп, өзге дүниені ұмы­тарлықтай дәрежеге жеткен еді. Жас жігіттің қиялы шарқ ұрып, сан түрлі сезімнің әсерімен дүниені шарлап кеткендей болатын. Бүгін де дәл солай болғанын енді ғана аңғарып отыр. Онысын елер адам жоқ, тұс-тұстан сұрақтар мен ұсыныстарды жаудырып, өзді-өзі күйден алған әсерін айтысып кетті. – Өнер институтына неге түспедің? – Жоқ, осынысының өзі дұрыс, ғылым кандидаты әрі өнер иесі. Ғажап емес пе? – Тек, қол үзіп қалмасын деңіз! – Е, шіркін, мұндай өнерім болса, өзге дүниені қояр едім. Осылай деп жамырасып әлі біраз отырар ма еді, егер егде тартқан көсем кісі: – Жә, немене түге, өзді-өзді дауры­ғып…Көп сөзден күйдің өзін тыңдаған артық. Қане, Сапар бұған не айтасың? – демесе. Қайтып ұсынылған күрең домбыраны күй­ші жігіт биязы қимылмен сыпайы алды да: – Енді не тартсам екен, – деп домбыраны олай-бұлай аударып, тиегін түзеп, жан жағына ілтипатпен қарады. Әркім әртүрлі күйді ұсынып жатыр. Біреу Құрманғазының «Серпері» десе, енді біреу Тәттімбеттің «Сықылдағын» айтады, ал үшіншісі Қазанқаптың, Динаның күйлерін де ұмытпа дейді. Не керек бұл күні қазақ күйлерінің қазынасы ақтарылды. Сан күй тартылып күллі қазақ жерін аралап, халқымыздың өткен өмір жолын, тарихын шолып шыққандай болды. Күйші кім, күйші жігітті қоршаған адамдар кім? Бұл ғылым дүниесінің өкілдері еді. Апта бойы, ай бойы, жылдар бойы мұрағат қазынасын ақтарып ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуші лингвист, әдебиетші ғалымдардың тобы еді. Олар қайсыбір жексенбіде тау бөктеріне сейілге шығып серуендеп өнер, ғылым жайында әңгіме шертіп, демалысты көңілді өткізіп қайтатын. Сылдырап аққан бұлақ басына алқа-қотан отыра қап ән шырқайтын, күй шертетін. Бұл алғашқы серуеннің бірі еді. Ғылым соңында өзімен-өзі боп қияли ойда жүретін адамдар мұндайда басқа бір қырынан көрінеді. Оның адамгершіл қасиеті, ерлігі, қайраттылығы, өнері әйгілі болады. Тіпті қызмет бабында жүріп біле алмаған нәрсеңді біліп, көре алмаған нәрсеңді көріп, еңбектес жолдасыңның өзгеше қыры мен сырын танып, біліп, бағалап қайтасың. Жаңағы күйші жігіт осы көптің жаңа тауып, жаңа танып отырған адамы. Бұл жолы олар Сапарғали Омарбековты Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми хатшысы ретінде емес, үлкен өнер иесі, күйші азамат ретінде танып отыр. Адам көңілін ырза ету әркімнің қолынан келе бермейтін іс қой. Ол өнерлі адамның ғана қолынан келеді. Тегінде өнерлі азаматы мол ел әрқашанда әлеуетті. Қилы-қилы мінезді адам баласын бір қалыпта ұстап, бір күйге келтіріп, уысынан шығармай үйіріп әкететін өнерден күшті, одан сиқыр не бар екен, дүниеде. Сол өнерлі елдің өкілі, өнерлі көптің бірі Сапарғали. Ол алғаш мектеп қабырғасын аттасымен-ақ есіл-дерті домбыра, ән-күй болды. Қазақтың кез келген қара баласы сияқты ол да, ең алғаш «Елім-ай»ды салған еді. Бұл бір елдің елдігін, қайғы-қасірет, мұң-шерін қабырғаңды қайыстыра, өзегіңді өртей, сай-сүйегіңді сырқырата жырлайтын бүкіл халықтық ән, мұң, шер еді. Сондықтан да кез келген қазақ баласына бұл әнді үйрену парыз іспетті боп кеткен. Сапарғалидың да өнерге сапары осы әнге байланысты. Оның ол кездегі ұстаздары өнер сүйген өрендер – мұғалімдер, ауыл қарттары еді. Қарттардан халық күйлерін үйренді. Дегенмен, Сапарғалидың өнерге, өмір жолына сапары университет қабырғасында басталған еді. Қазақстанның жер-жерінен жиылған, өнер-білімді аңсап келген жастар келе оқуды еңсеріп, өнерді де меңгере бастады. Оларға Астананың өнер қайраткерлері көмекке келді. Өнерпаздар коллективі ұйымдастырылды. Әйгілі домбырашы артистер Қали Жантілеуов, Үрістембек Омаровтардың басшылығымен ҚазМУ-де халық аспаптар оркестрі ұйымдасқан болатын. Сапарғали осы оркестр құрамында жүріп, тек күй үйреніп қана қоймай, домбыра дегеннің халық қазынасы екеніне, оны көздің қарашығындай сақтап, қастерлеу қажет екенін түсінді. Әсіресе Динаның шәкірті Ығылман Әлжанов Сапарғалидың күйші ретінде қалыптасып, шеберлігін арттыруда зор еңбек етті. Сапарғали көптеген күйді осы кісіден үйренді. Мысалы, Ұзақтың «Ақжелеңі», Қазанқаптың «Торы аты», Динаның «Бұлбұлы» мен «Көген түбі» осының айғағы. Сапарғали Тәттімбет, Дәулеткерейдің күйлерін де сылқылдата шерткенде айызыңыз қанады. Күйшінің бұл күнде өзіндік орындаушылық стилі қалыптасқан. Әрбір күйді бабымен шебер тартуға тырысады. Талғамы күшті. Университетті бітірген соң Сапарғали Қазақ ССР Ғылым академиясына қызметке келді. Өзінің күйшілік өнерін мұнда да тоқтатқан жоқ. Қайта репертуарын толықтыра түсті. Сапарғалидың кейбір жолдастары ғылым ордасына келген соң домбыраны қояр, ол жастық шақтың ермегі ғой деп те ойлады. Бірақ олай болмай шықты. Сапарғали өнер мен ғылымды қарсы қойған жоқ, қатар ұстап, қабат алып жүрді. «Қайта домбыра шертсем, басым тынығып шабыттана түсем. Ғылыми жұмысқа ерекше жігермен кірісіп кетемін. Мен үшін домбыраның көмегі мол. Бұл менің жансерігім» дейді ол. Мұнысына кәміл сенемін. Ол осы ұстанымынан өле-өлгенше айныған жоқ. Өнерін де өрлетті, ғылымын да селдетті. Домбырада күйлерді қалай шебер шертсе, ғылыми ізденістерге келгенде қаламын да солай көсілте жөнелуші еді. Ол екі тілде (қазақ, орыс тілдері) бірдей еркін жазатын. Сапекең «Дарақ бір жерде көгереді» деген тәмсілді өз өмірімен дәлелдеген ғалым. Бар саналы өмірі осы Тіл білімі институтында өтті. Осында көктеді, өсті, жетілді, жетекші ғалым дәрежесіне еңбекпен көтерілді. Шығарған кітаптары халық тілінің құбылыстарын тарихи-салыстырмалы аспектіде байланыстыра сөйлейді. Лингвистикалық география саласындағы ізденістері тұңғыш лингвогеографиялық монографияға айналды. Диалектологиялық сөздіктер (1996 жылы) мен «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» (2005 жылы) кітабының негізгі авторларының бірі. Ол лингвистиканың бір саласымен ғана шектеліп қалған жоқ. Оның ғылыми өрісі кең болатын. Тіл білімінің сан саласында қалам сілтеп, ой тастады. Сапарғали Омарбеков қазақ тіл білімінің нәтижелі еңбек еткен, ойлы да зерек сардарларының бірі еді. Марқұм профессор Е.Жанпейісов көбіміздің көкейіміздегі бір кезде Ғабит Мүсірепов айтқан Ілияс Омаров туралы «Үлкендер арасында кіші емес, кішілер арасында үлкен емес» деген сөзін дөп келтірген екен. Сапарғалидың ғылыми, адами өмірі де осы сөздің шындығын әйгілейді. Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, ҚР ҰҒА академигі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор

5352 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8757

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7059

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4803

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4189

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4151

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4112

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3842

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3842

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы