• Мәдениет
  • 28 Наурыз, 2013

Ізденіс жемісі

Тыныштық Жүмәділқызы әкесі майданға аттанып кеткен соң үш айдан соң, 1943 жылы 14-қаңтарда қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай (бұрынғы Семей облысы) ауданының Максим Горький ұжымшары аумағында, Доланғара тауының баурайында өмірге келген. Жеті айлық болып туған баланы әжесі Дәмежен үлкен әкесі Жұмажанның тымағына салып асырап, адам қатарына қосқан екен. Әкесі, Жұмажанның жалғыз баласы Жүмәділ майданнан қайтпады, жаумен соғысқа кіріскеннен кейін отбасына жолдаған екі хаты ғана қолға тиіп, кейін ол «хабарсыз кеткендер» қатарына енді. «Мен әкеммен үшінші сыныпта оқып жүргенімде түсімде ғана жүздестім. Еуропа үлгісіндегі өзінің бойына шақ, жарасып тұрған жолақты қоңыр түсті костюм киген, орта бойлы, бұйра шаш, қара торы әкем менің қарсы алдымда маған мейірлене қарап тұрды» деп еске алады ол. Майданға дейінгі өмірінде ол жинақы жүретін, өз уақытындағы сауатты, ұжымдық шаруашылық басшылығында болған азамат екен. Әкеден үш бала –Тыныштық және оның ағалары Сләмбай, Дәуірбек қалады. Бірқатар әкесі соғыстан қайтпаған балалар тағдырымен салыстырғанда немерелер бақытына орай, олардың үлкен әкесі Бақы ұлы Жұмажан 1957 жылға дейін жандарында болған. Ол өңір аумағы құрмет тұтып қадірлейтін, «Жүке ақсақал» аталып кеткен, биік бойына қыр мұрынды аққұба өңі жарасып тұратын, аса инабатты жан, мінезі қаталдау болғанымен, әділдікті ұнататын, талғампаз, пірадар адам болған екен. Ол кісінің ақылынан шыққан лебізге тек отбасы мүшелері ғана емес, көрші-қолаң, туыс-ағайын, ауыл адамдары иланатын, оның маңайында қатты немесе балағат сөз айтылмайтын. Жұмажан ақсақал танымал шежіреші болғандықтан ауыл үлкендері оның төңірегіне жиі жиналып, ұзақ уақыт бойы оны тыңдаудан жалықпайтын еді. Тыныштықтың балалық шағы табиғат аясында, малды ауыл қоныс­танған қыстақтар мен жайлауларларда, Қызылтас, Тарбағатай баурайларында, әлі өз қалпын жоғалтпаған ерке де сәнді табиғи құбылыстар ортасында өтті. Төрт жасынан атқа қонып, 6 жасынан атан түйеге мініп, кейде өгізге де мініп алып, мал бағушылар арасында, ауыл-ауылдарды қыдырушылар арасында жүре беретін. Қыз бала болғанымен атасының еркелетуімен ермінезділеу болып өсті. «Табиғат қате жіберіп алған, біздің Тыншекең ұл болып туы­луы керек еді» деп қалжыңдайтын екінші ағасы Дәуірбек. Ағасы Слямбай аңшылық жасап, арқар атып, қақпан құрған шақтарында да жанына қарындасын жиі ертіп шығатын. Тыныштық мектепке 8 жасында барды. Мал фермасында анасы мен үлкен ағасы еңбек ететін шауашылық мектебі бар «Үш төбе» деп аталған жер орталықтан шалғай орналасқан еді. Жеті жасында мектепке баруға сұранып, көзінен жасын төгіп жылап отырған немере қызына атасының айтқаны мынау болды: «Менің көккөзім, сені біреудің үйіне тұрғызып, бөтен адамға қабағыңнан қақтырмаймын. Шыда, келесі жылы мектебі бар ауылға өзіміз біржола көшіп барамыз». Солай болды да. Өкпеті тауының бауырын ала орналасқан жайлы қоныс «Үш төбеге» 1951 жылы жаз айында отбасы қоныс ауыстырды. Қазақша көйлек киіп, шүберектен тігілген «портфелін» мойнына асынған сары шашты қыз мектеп есігін ашып, білім бұлағынан сусындауға аяқ басты. 1962 жылы мектепті аяқтаған соң Семей медицина институтына емтихан тапсырғанымен балы жетпей, оқуға ілікпеді. Аққөңілділік пен ауыл қызының аңқаулығы, емтихан барысында көмек сұрағандарға қол үшін бергені емтихан комиссиясының назарына алынып, бір емес екі емтиханнан бағасы төмендетілген еді. Ұялғанмен қайда барсын, ауылға – «Үш төбеге» қайтуға тура келді. Ауылға келген соң үшінші сы­ныптың мұғалімі болып қызмет ету, мектеп өміріне етене араласу кәсіби таңдау жолында түбірлі өзгеріс енгізді. Ол 1963 жылы Семей педагогикалық институтының тарих факультетінің студенті болып бірақ шықты. Сөйтіп жүріп, қызығы мол студенттік кез де өте шықты. Институттан кейінгі еңбек жолын Семей қаласындағы №16 қазақ орта мектебінде бастады. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды әрі тарих пен география пәнінің мұғалімі қызметін қатар атқарды. Мектепте жүргенде екі жерге қызметке шақырылды. Бірі облыстық комсомол комитеті, екіншісі институт. Ол Семей педагогикалық институтын таңдады. Семей педагогикалық институтында, кейінірек Семей мемлекеттік университеті аталған оқу орнында қатардағы оқытушыдан бастап профессорлыққа дейінгі жолдан өтті. Тамаша тұлға, ұлағатты ұстаз, танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Абдрашид Рахимұлы Ахметовтің ғылыми жетекшілігімен өндірістен қол үзбей жүріп, 1983 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде диссертация қорғап, тарих ғылымдары кандидаты дәрежесіне ие болды. Инс­титут ұжымының ұсынысымен 1987 жылы «Қазақстан ағарту ісінің үздігі» мәртебесі берілді. Ол институттың «Құрмет тақтасынан» түспейтін ұстаздардың бірі болды. 1988 жылы Мәскеудегі Жоғары аттестациялау комитетінің шешімімен «доцент» атағы берілді. Үш баланың анасы, қадірлі жар, құрметті ұстаз ендігі жерде докторлық диссертациялық зерттеу жұмысына ден қоя бастады. Таңдау үзіліссіз білім саласына түсті. Біршама еңбек жасалып, ендігі жерде әлемдік тәжірибелермен танысу мақсатында 1990 жылдың аяғында Мәскеудің ірі кітапханаларына жол тартты, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университе­тінің социология кафедрасында тәжірибеден өтті. 1991 жылы Т.Қалдыбаеваның жаңа бағыттағы зерттеуінің алғашқы қарлығашы – «Дошкольное образование: теория, методика и практика» деген шағын еңбек өмірге келді. Сол материалды алып ізденуші Н.А.Аитовтың алдына барады. Н.А.Аитов – танымал әлеуметтанушы, философия ғылымдарының докторы, 24 монографиялық еңбектің авторы! Екі күннен кейінгі қайта кездесу барысында Нариман Абдрахманұлы «Өте қызықы еңбек екен» деп бірнеше рет қайталады. Сонымен жолы болып, социология кафедрасының шешімімен кафедра ізденушісі, ал Н.А.Аитов ғылыми кеңесші болып тағайындалып, зерттеу тақырыбы бекітілді. Осылайша ізденушінің мазасыз да ізденісті тіршілігі жалғасып кете барды. 1994 жылы Алматы қаласында оның докторлық диссертациялық зерттеуінің туындысы ретінде «Детский сад и жизнь: социальные проблемы развития детских дошкольных учреждений в Казахстане» атты 9 баспа табақ көлеміндегі монографиялық еңбегі жарық көрді. Бұл еңбек отандық қоғамтану ғылымында бұған дейін байқала қоймаған біраз ерекшеліктерімен көрінді. 1999 жылы Тыныштық Жүмәділ­қызы Өскемен қаласындағы гума­ни­тарлық институттың «Әлеумет­тік жұмыс» мамандығы бойын­ша сабақ беруге, кафедра меңге­рушілігіне ша­қырылды. Қазақстан­да жаңа жұмысын бастаған бұл маман­дық алдымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мем­лекеттік университетінде Несіпбеков Құралдың ұйымдас­тыруымен не­гізделген еді. Екінші болып ол істі жалғастырған өскемен­діктер де бір­шама жетістіктерге қол жеткізді. Т.Қалдыбаева тек институттағы ма­мандығына байланысты жұмысты атқарысып қана қойған жоқ 4-5 жыл КарМУ-да құрылған осы ма­мандықтың республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі бола отырып, «Әлеуметтік жұмыс» мамандығының институттануына, мемлекеттік стан­дартының бекітілуіне, әдістемелік базаның жасалуына өзіндік үлесін қосты. Институт басшылығының қол­дауымен Ресейдің Саратов қаласындағы Саратов мемлекеттік техникалық университетінің ««Әлеуметтік жұмыс» факультетіне білім көтеруге жіберілді. Дәл осы жер өзінің докторлық жұмысын қорғау үшін ең қолайлы орта болар деген үміт пайда болған. Білім көтере жүріп, осы ортаның докторанты ретінде тіркелді, докторлық диссертацияның жоспарын бекіткізіп елге оралды. 1998 жылы Нариман Абдрахманұлы дүниеден өтті. Ендігі жерде ғылыми кеңесшілікке социология ғылымдарының докторы, профессор, «Әлеуметтік жұмыс және социология» кафедрасының меңгерушісі Елена Ростиславовна Ярская-Смирнова бекітілді. Сөйтіп, Саратовта «Инс­титут дошкольного образования: социологический анализ (на материалах Республики Казахстан)» атты монография жарық көрді. 2000 жылы «Рухани өмір социологиясы» мамандығы бойынша «Социологическая концепция дошкольного образования (на материалах Республики Казахстан)» тақырыбындағы докторлық диссертациясын табысты қорғап шықты. Зерттеуші өміріндегі аса табысты кезеңнің бірі оның Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде ұстаздық еткен жылдары болды. Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың шақыруын қабыл алды. Осында «Теориялық және қолданбалы әлеуметтанулық зерттеулер зертханасының» ғылыми жетекшісі болды. Сөйтіп, университет басшылығы іргелі ғылыми зерттеулермен шұғылдануға зор мүмкіндік берді. Нәтижесінде 4 ізденуші социлогия ғылымдарының кандидаты атағына диссертациялық зерттеулерін қорғады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының тапсырысы бойынша екі дүркін тың тақырыптар бойынша әлеуметтанулық зерттеулер іске асырылып, отандық қоғамтанудың жаңа бағытын бейнелейтін екі монографиялық еңбек жарық көрді. Осы жылдары «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемелекеттік грантының иегері болды. Бұл оның 2003 жылдан бастап жалпыға бірдей орта білім беретін орта мектепте «Орта мектеп-әлеуметтік өзара байланыстар­дың жүйесі» тақырыбында жүргізген әлеуметтік-эксперименттік жұмысының нәтижелерін одан әрі тереңдетуге мүмкіндік берді. Ендігі жерде назарға мектеп мұғалімдерінің кәсіби даярлануы мен олардың өзекті әлеуметтік мәселелері назарға алынды, терең әлеуметтанушылық эмпирикалық зерттеулер іске асырылды. Нәтижесінде «Бәсекеге қабілетті Қазақстан Республикасы тұрғысындағы ХХІ ғасыр мұғалімі: теория, методология, эмпирика и праксеология. Социологиялық талдау және тұжырымдама» атты кітап жазылды. Бұл еңбек 1997 жылы жарық көрген оның «Білім социологиясы» монографиялық еңбегінің өзіндік жалғасы. Жалпы айтқанда, әлеуметтанушы ғалым қазақстандық үлгі негізінде француздық білім социологиясы дәстүрін жалғастырды, тереңдетті, дамытты. Білім социологиясының әдіснамалық негізіне терең талдау жасай отырып, оны жаңа заманның талабына сәйкестендірді. Оның неғұрлым нақтылануы, жүйеленуі оның жақында ғана жарық көрген «Дошкольное образование: социология и межнаучные аспекты» атты монографиялық еңбегінде іске асырылды. Ғалымның соңғы онжылдықта баса назар аударып жүрген мәселелерінің бірқатары қоғамның әлеуметтік мәдениеті, қоғамдық сана, этносаралық қатынастар мәде­ниеті, азаматтық және әлеумет­тік қоғам құрудың алғышарттары мен оны дамытудағы үкіметтік емес ұйымдардың орны мен рөлі, мемлекеттік тілді орнықтырудың әлуметтанулық қырлары. Оның Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша 2004-2009 жылдар аралығында Қазақстанның этнодемографиялық тұрғыдағы ерекше өңірінде жүргізген әлеуметтанулық зерттеулерінің әлеуметтік – ­саяси мәні зор. Оның ғылыми және ғылыми-практикалық сипаттағы еңбегі Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Рес­публикасы ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен атап өтілген. Үш бала өсіріп тәрбиелеген ана, немерелерінің әжесі, қадірлі және парасатты ұстаз, әлеуметтік әділдік жолында талмай күресіп келе жатқан қайраткер, жақын және алыс шетелдерге танымал ғалымның бір қарағанда қарапайым тіршілігі осындай. Бүгінде 70 жасты алқымдаған ардақты жанның ғылымға, ел мәдениеті мен рухына, жаңашылдық ойы дамыған білікті мамандар даярлау ісіне қосары әлі де алда. Раушанбек Әбсаттаров, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың магистратура және PhD докторантура институтының саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,философия ғылымдарының докторы, профессор

4813 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8781

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7071

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4815

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4201

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4163

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4124

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3854

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3854

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы