• Қоғам
  • 05 Маусым, 2009

Тәртіпке бас иген адам құл болмайды

Жас келсе – іске» дегендей, қазіргідей технологияның қарыштап, дамыған заманында уақыт ағымына ілесіп, өзін жан-жақты жетілдіріп, қатардағы жай маманнан ұжым басшысына дейінгі барлық сатылардан өткен, қызметте ысылған, айтар ойы, пікірі нақты, саласын ұршықша үйірген жетекшілер баршылық. Солардың бірі қырықтың қырқасына да жете қоймаған жас басшы Балтабек Халық. Балтабек Сағындықұлы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы болып еңбек етеді. Біз жақында ол кісінің жұмыс орнында болып, әңгімелескенбіз. Аз-кем тілдескен сәттің өзінде-ақ қазақ тілінің майын тамызып, мақалдап-мәтелдеп сөйлейтін сөзге шешен жан екендігін байқатты. Осы арада біз де сауалдарымызды қойдық. – «Туған жерге туың тік» дегендей, он жылдың үстінде кіндік қаныңыз тамған Қызылорда өңірінде еңбек етіп, ысылып қалғаныңыз әр сөзіңізден айқын аңғарылады. Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметкер қандай болу керек? – Олардың ең алдымен күнделікті пайдаланатын қызмет этикасына, атап айтқанда, жүріс-тұрысына, әріптестерімен қарым-қатынасына, сөйлеу мәнеріне басты назар аударылады. Сонымен бірге өздерін қарапайым ұстауы тиіс. Әрине, мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап жоғары, әр қимылы шектеулі. Айлық жалақылары да қанағаттандырмауы мүмкін. Күнделікті жұмыс барысында оларға тағылатын сын да аз емес. Дегенмен тәрбиесі мол. «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Б.Момышұлы айтқандай, еңбек тәртібін сақтап, заңды құрметтеп, тыныш жүрсе, одан ешкім де ұтылмайды. Мен бүгінгі мемлекеттік қызметкерлерді оқыған – тоқығаны мол, дүниеқоңыздылықтан аулақ, ары таза, жаны пәк, бір сөзбен айтқанда, рухани жағынан бай адамдар қатарына қосар едім. – Бос орындар бойынша лауазымдық қызметтерге газеттерде конкурстар жарияланып жатады. Ал сол тілек білдіргендерді қабылдау кезінде «әттеген-ай» дегізетін жәйттар ұшыраспай ма? – Мен бұл қызметке бүгін келген адам емеспін. Сондықтан күнделікті жұмыс барысындағы тыныс-тіршілігіміздің қандай көріністеріне де егжей-тегжейлі назар аударып отырамын. Конкурс тест тапсыру арқылы өтеді ғой. Ал оның жинақы түрде, әділ, таза ұйымдастырылып, ешқандай бармақ басты көз қысты деген сияқты тамыр-таныссыз өтетінін сеніммен айта аламын. Қарға тамырлы қазақпыз ғой. Осында қызметке келгелі көптеген жақсы достар, тілеулес ағалар, жанашыр жерлестер таптым. Бірақ менің қызмет бабында олардың ешқайсысына да бүйрегім бұрмайды. Есігімді қағып «танысымды жұмысқа алыңызшы» деп өтініш айтып, жұмыс орныма да ешкім келмейді. – Сәтін салып, байқаудан өткендер мемлекеттік қызметті әрі қарай алып кете ала ма? Тіпті кейбіреулері басқа саладан келуі мүмкін. Шетелдерде мемлекеттік қызметке алмастан бұрын оларды үш-алты ай мерзім арнаулы біліктілігін арттыру курстарынан өткізіп дайындайды. Ал бізде жәй адам бірден келіп күмп ете қалады... – Өте орынды сұрақ. Шынында мемлекеттік қызметке келген жай адамға алғашқы көмек қолын ұсыну ұжымдағы әрбіріміздің парызымыз. Өйткені жаңаның аты жаңа – көпшілігі жай нәрсенің өзін түсінбеуі мүмкін. Әрине, екі білекті сыбанып кірісіп кетсе, түйсігі бар адамдар көп қиналмайды. Ал бұрынғы «жағасы жайлау» еркін жүріп қалған адамдарға қатаң тәртіпке бірден мойынсұну оңай емес. Ал енді мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселесі өте қажет нәрсе. Біз үш жыл сайын оқытып отырамыз. Бұл мерзім мені онша қанағаттандырмайды. Сынаптай зымыраған мынау заманда күн сайын пайда болып жатқан жаңа технологиялар ағымына ілесіп отыру да мүмкін болмай барады. Оқыту мәселесінде де олқылықтар бар, таңдап алынған тақырыптар сұранысқа сәйкес келе бермейді. Жағдай жетіп, материалдық жағы көтерсе біліктілікті арттыру курстарын ең кемінде жылына бір рет өткізіп тұрса жаман болмас еді. Маған Жапония, АҚШ, Канада сияқты шетелдердің іс-тәжірибелері ұнайды. Мысалы, Жапонияда қаржы саласын алсақ маман алғашқы екі-үш жылында бухгалтер, одан кейін экономист болып бір ғана есеп саласын жан-жақты меңгереді. Сонан соң ғана қаржы саласындағы жауапты қызметтерге кәсіпқой маман етіп жіберіледі. Ал бізде мұндай көлденең ретпен бір саланың төңірегінде қалыптастырып дамыту пайдаланыла бермейді, вертикалдық ретпен не бірден өсіп кетеді немесе бірден төмендеп кетуге жиі ұшырап жатады. Ал көптеген мамандар бір қызметте тапжылмай отыз-қырық жыл отыра береді. Бұл біздің жүйені дамыту тұрғысында мәселе бар екендігін аңғартады. – 2008 жыл қорытындысы бойынша «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясының ұйымдастыруымен мемлекеттік органдардың арасындағы сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ең үздік жұмыстарды анықтау негізінде «Ең үздік департамент» (басқарма, бөлім), «Өз мамандығының озаты», «Жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметші» номинациялары бойынша конкурс нәтижесі шықты. Осы байқаудың үш номинациясы бойынша да Сіздің өзіңіз тікелей қатысып жүлделі үш бірінші орынды жеңіп алдыңыз. Демек мұндай деректер облыста мемлекеттік қызметші-кадрлардың сапасы жақсарып, іс алға басып келе жатқандығының куәсі емес пе? – Қоғам өзгерді. Жалпы жұртшылықтың көзқарасы қазіргі заман талабына сай деуге болады. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз ұлттық менталитеттің мән-мағынасын терең түсіне білді. Бұған қуанамыз. Бұқара халық өз қалауын талап ете бастады. Бұл да сананың оянғаны. Әр азаматтың өз үні болу керек. Сонда ғана қоғам сілкініп, оянады. Ал қоғамның оянғаны жауапкершіліктің артқаны. Жауапкершілік туралы ондаған, жүздеген мысалдар келтіруге болады. Айталық, бұрын мемлекеттік органдарға арыз-шағымдарын жолдаған жай адамдар оған мардымды жауап ала алмайтын. Ал қазір олай емес. Заң күшейді. 2007 жылдың қаңтарында «Жеке және заңды тұлғалардың арыз, шағымдарын қарудың тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа заңы шыққаннан кейін, он бес, егер тексеру шараларын талап ететін болса бір ай ішінде хат иесі толық жауап ала алады. Біз ондай мәселелерді тәртіптік кеңесте қарап, сынап алып отырамыз. Біздерді сынаушы қызмет мамандары дейтіні де сондықтан. Бұл-бір. Екіншіден, біреуден зәбір көрген жан құзырлы органдарға шағым жасай алады. Бұрын «бас жарылып, көз шыққан» жоқ қой деп жүре беретінбіз. Қазір өз құқын талап етуде тың серпіліс бар десек болады. Дегенмен де әттеген-ай дейтін кемшін тұстарымыз да бар, мәселен біздер халық пен билік тізгінін ұстап отырған азаматтардың арасын байланыстыратын «Сенім телефонын» да дұрыс пайдалана алмай келеміз. Байланыс жүйесінің мұндай ең қарапайым түрі Германияда бұдан екі жүз жылдай бұрын өмірге келген. Соның өзінде күні бүгінге дейін маңыздылығын жоймай келеді. Бір мысал ретінде айта кетейін, қала сыртындағы тақтайдай тас жол бойымен заулап келе жатқан көлік иесі темекісін тартып болып, тұқылын терезеден лақтырып жіберді делік. Оны артынан өкшелеп келе жатқан келесі көлік иесі көріп келеді. Ол сол бойда мұндай көрініс тас жолдың нешінші шақырымында орын алды, көлік түсі, нөмері қандай – бәрін полицияға баяндайды. Заң қызметкерлері дереу іздеу салып, тауып алып, айыптайды. Кімдікі дұрыс, кімнің әрекеті қоғамға пайдалы екенін өзіңіз пайымдай беріңіз. – Тәртіптік кеңестің төрағасы ретінде атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасай кетсеңіз. Тіл мәселесі қалай атқарылуда? – Кеудесінде намысы бар әр қазақ өз тілін, ділін, салт-дәстүрін ұмытпауы керек. Кең байтақ Қазақстанның нанын жеп, суын ішіп отырған өзге ұлт өкілдері алдында мейлінше өз ұлтыңның беделін көтеріп, асқақтатып отыруға тиіссің. Өйтпесең, «Көп қорқытады, терең батырады» дегендей, солардың ыңғайына ілесіп, жүре беруің де мүмкін. Мен өзім басшылық ететін ұжымымда да мемлекеттік тілді бірінші орынға қойып келемін. Басқосуларды, жиналыстарды қазақша өткіземін. Тәртіптік кеңес отырыстары да мемлекеттік тілде өтеді. Негізгі заң жұмыс жасап тұрған соң, барлық жерде осылай болуға тиіс те. Тәртіптік кеңестің биылғы жылға жұмыс жоспары өткен жылдың желтоқсан айында жасалып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасына жіберіліп, бекітілді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 77 мекемені тексерсек, оның 47-сі соңғы сәуір айының үлесіне тиіп отыр. Тәртіптік кеңестің мүшелері ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары. Сонымен қатар кеңестің тоғыз мүшесінің үшеуі негізінен журналистер. Сондықтан біздің әр отырысымыз ашық та, әділ өтіп, мемлекеттік қызмет тәртібін бұзғандар тиісті жазасын алып жатады. Бұрындары тәртіптік кеңес атына «сіздер шабақтарды ғана қарпып қаласыздар, шортандарға тістеріңіз батпайды» дегендей орынсыз сын айтылатын. Былтыр осы кезеңде 94 материал қаралса, биыл ол 120-ға жетіп отыр, яғни ілгерілеу бар. Бұл жерде, әрине, сан емес, сапа жағы да біздерді толық қанағаттандырады. Өйткені осы қаралған материалдардың 80 пайызға жуығы бірінші деңгейдегі басшылар үстінен түскен арыз –шағымдар. Оларды алып-жұлып тастау міндет те емес шығар (жазасы ауыр болса, сөз жоқ), қып-қызыл болып, көпшілік алдында ар-ұяты төгіліп, терлеп-тепшіп, сөгіс, қатаң сөгіс алып шығуы да түсінген адамға сабақ болар деп ойлаймыз. 2009 жылдың екінші тоқсанында тағы да 122 мекемені тексеру міндеті тұр. – Нартай ақын, Тұрмағамбет жырау, «Халық қаһарманы», күйші-сазгер Нұрғиса ағамыздың «Әке туралы жыр» әнінің өзегі болған атақты күрішші, екі рет Еңбек ері атанған Ыбырай атамыздың жерлесі екендігіңізді айқын дәлелдей отырып, осы шағын ғана сұхбаттың өзінде сөз мәйегі мақал-мәтелдерді өз орындарында әдемі қолданып, мемлекеттік тілдің майын тамыза сөйлеп отырсыз... – Ана тіліміздің ертеңіне, болашағына басшы болсын, қосшы болсын үлкен жанашырлықпен, терең сезіммен, жас сәбиге мейірім төккендей ниетпен қарауымыз керек. Дүние жүзінде жер көлемі жағынан алғанда тоғызыншы мемлекетпіз. Ал осынша ұлтымыздың дарқандығындай ұшы-қиыры жоқ шексіз кеңістік бізге қалай жетті, кім берді? Оны да естен шығармауымыз керек. Кешегі ата-бабаларымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен жаугершілік заманда қасық қанын аямай осындай алып даламызды қорғап қалғанын үлгі тұтайық. Ұрпақтарымыздың санасына сіңіріп айтудан жалықпайық. Әттең олар бүгінгідей тәуелсіздіктің, еркіндіктің салтанат құрғанын көре алмады, соны өмір бойы аңсап өтті. Туған жердің тау-тасы оларға қысылғанда қайрат берді, қиналғанда қисая кетсе құс жастықтан кем болмады. Ұшқан құс па, жүгірген аң ба – әйтеуір тіршілік атулыны қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай қызғыштай қорғады. Мұны айтып отырған себебім – сол ата-бабаларымыз қаймағы бұзылмаған, ажарлы да, бай қалпындағы тілімізді бізге аманат етіп тапсырып кетті. Енді сондай рухани байлықты уыстан шығарып алмайық. Ол үшін әрқайсысымыздың бойымызда намыс, патриоттық сезім болу керек. Қазір не көп, тілдер көп. Көп халық аз халықтың тілін сіңдіріп алады. Сондықтан біздің қазақ тілі сол көп тілдердің бірі ретінде жұтылып кетпеуі тиіс. САҒЫНДЫҚ НИЯНҚҰЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі АҚТӨБЕ

18369 рет

көрсетілді

358

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5836

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5498

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3234

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2619

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2581

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2559

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2292

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2275

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы