• Ақпарат
  • 22 Қаңтар, 2009

Қазаққа ұлттық намыс ауадай қажет

«Қазақстандық ұлт» идеясы арқылы жүзеге асқан Үкімет қаулысы – халықты есептен шығару, яғни намысымызды аяққа таптау, азаматтық, ұлттық құқығымызды белден басу екенін мойындауымыз керек. Жаңа төлқұжатта ұлт жазылмасын, яғни «қазақстандық ұлт» деген жалпылама сөзді қолдану керек деген не сандырақ?! Сонда біз Отанымызға әрқилы сұрқия саяси идеялар арқылы көшірілген келімсектермен теңестіріліп, тамырсыз, тексіз өскен елге айналуымыз керек екен ғой. Біз жер түбінен кемемен көшіріліп келген, өз туған жерлерінен орын таппаған, Отанынан қуылған босқындардың жиынтығынан құралған американдықтар емеспіз. Біз басқыншылықпен ешкімнің жерін жаулап алған жоқпыз. Қазақ жері – біздің Ата мекеніміз. Сондықтан да «Қазақ» деген сөз төлқұжатта ғана емес, бар тау мен тасқа қашалып жазылуы керек. Ал мына жымысқы әрекет астарында үлкен күмән тудыратын бір пәлекет жатқанын білу үшін тым данышпан болу да керек емес. Солақай саясатқа соқыр идея араласса көбіне көп ұлттық мәселе көтеріледі, бір ұлт бір ұлттан қиянат көреді… Оған трагедияға толы қазақ халқының тарихы куә.

Алысқа бармай-ақ ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы алпауыт ашаршылықты еске алайық. Құдай емес, дүлей күш емес, адам қолынан жасалған жалмауыз жылғы ашаршылық үш миллионнан астам қазақты қырып кетті. Бұл «Қазақ» деген ұлтқа жасалған геноцид еді. Ал осындай нәубат қырғынды ұйымдастыруға шешім қабылдаған қанішер билік үшін біздің момын табиғатымыз, «законшыл» тәртіптілігіміз, «сен тимесең мен тимен» деген көнбістігіміз, алдануға бейім көңілшектігіміз бірден бір басты фактор болды. Сол кездегі билік бізді Ұлт, халық ретінде жер бетінен құртуды, содан қойнауы толған ен байлық сахара даламызды, тау-тасымызды, өзен-көлдерімізді иеленуді көкседі. Ашаршылықтың ең қасиетті, ең қымбатты асыл қорын отады. Ақмаңдай перзенттерімізді қара тізімге тіркеді. Салқар білім, биік өре, тума талант, жалын жүректі, асқақ мұратты арыстарымызды атты, айдады… Тіпті үрім-бұтағын қаңғыртып, ата-тегін білместей етіп тарыдай шашты. Егерде бар жоғалтқандарымызды есепке алсақ қасіретке толы қара тізім том-том кітап болары анық. Халық біртуар ұлдарын әлі жоқтап жүр. Ардақтыларының орындалмаған армандарын әлі іздеп жүр, олардың «елім, жерім» деген мақсат-мүдделерінің орындалмауынан әлі сорлап, зарлап жүр. Өйткені олардың орындарын толтыруға еш құдірет-қайраны жоқ. Дәл осындай перзенттер дүниеге қайта келеді-ау деген үміттері де алданыш. Себебі – орны толмас қазалардан кейін рухани катаклизм басталады. Жандүниені бойлаған үрей сананы билейді. Қорқыныш пен үрейден туылған ұрпақ еркін, ерке, ойлы, намысшыл, батыл бола да алмайды.

Желтоқсан қырғыны да соған айғақ. Ақ қар, көк мұзда жастарымызды қайламен соғып, тепкіге салып, итпен қуып, түрмелерде қорлап, зорлап жатқанда бірді-екілі болмаса, барша жұрт бұғынып жатты емес пе? Ең сорақысы – қазақты қазақтың қолымен қырғидай құртты ғой. «Көпұлтты достық лабораториясы» атанған Қазақстан достықтың шынайы бейнесін сонда көрді. Әй-шәй деспей араласып жүрген орыс көршілер балаларын балаларымызға айтақтап, өздері төбемізден ысқырып жүрді емес пе? Қазақ жерінде неге қазақтар көп тұрады, қазақ институттарында неге қазақтар көп оқып жүр, неге қазақтар басшы болуы керек дегендей сандырақтарын да солар айтпады ма? Саусақпен санарлық қазақ мектептері жабылып, ұлттық мәдени мекемелері қысқартылды. Айта берсек сөз жетпейді…

Біз көрші отырған Ресейге еліктеп, олардың жақсы-жаманын талғамай кей-кейде қабылдай саламыз ғой. Бүгінгі ресейлік телеарнадағы жарнама-ұрандарға көңіл аудардыңыздар ма: «Россия для русских!», «Русские не сдаются», «Россия вперед!», «Русские побеждают!» деген сипаттағы сөздер. Олардың шектен шыққандары соншалық тіпті патриоттығы фашизмге ұласып бара ма деп шошисың. Бүгіндері ел арасында «баламызды Ресейде оқытқаннан Англияға жібергеніміз қауіпсіз» деген пікір қалыптасты. Тақырыптан ауытқымау үшін ол жағына бармайын. Әңгіме – патриотизм туралы. Біздегі патриотизм қандай? Насихатымыз қандай? «Үштұғырлы тіл, қазақстандық ұлт болайық, әлемдік діндердің орталығы болайық, аралас некелі болайық…» Тағы не қалды? Зерделеп ойласақ бұл шаралардың тереңінде теріс пиғыл, астыртын даярлық бар ма деген қауіптің туындауы да заңды. Сондықтан қазақ халқына да ұлттық патриотизм, ұлттық намыс ауадай қажет деп ойлаймын.

Ел болып еңсемізді көтеріп, мақтанышпен: «Біз Қазақ деген халықпыз. Ғасырлардан ғасырды асырған тарихы, шежіресі бар елміз. Ата-бабамыз мирас етіп қалдырған кең байтақ жер, мол қазына, сән-салтанатымыз бар», – деп айту бәрімізге жарасымды. Өйткені біз текті ұлттан тараған адамдармыз. Десек те… кей-кейде өзімізге өзіміз қайран қаламыз. Қара саннан кесек-кесек ет кессе де қыңқ етпейтін төзім бізге қайдан жабысты? Әлде бұл ұлтымызға лайық жанкештілік пе? «Түні бойы жоқтапты да жылапты, таң атқанда «өлген кім?» деп сұрапты» демекші ертең ұлты жоқ ел атанудан құдай сақтасын. Ұлты жоқ ұрпақ өсіру – Алла тағала алдында да, ата-бабаларымыздың рухы алдында да кешірілмес күнә. Және де «Қазақ» деген ұлттан бас тартқан қазақ бар болса, оны қазақ топырағы да көтере алмас…

Айгүл Асылбекова

АЛМАТЫ

3449 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8344

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6821

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4569

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3950

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3918

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3877

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3606

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3605

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы