• Қоғам
  • 14 Шілде, 2010

Қазақ қой соя алмайтын халге жетті

d0b1d0b0d180d0b0d0bd1

Жергілікті жұрт «Катализатор» атап кеткен қасапханаға жақындаған сайын қан-жынның иісі қолқаны қабады. Қорасы бар, қопсысы бар – бұл аумақ атшаптырымдай болғанымен, қасапхананың өзі аса үлкен емес. Төбесі жабылып, қақ ортасынан екіге бөліне салғаны болмаса, алқам-салқам, ашық-шашық. Көргендердің айтуынша, бұл жер бұрын бұдан да өткен былық болғанға ұқсайды. Әнеу жерде тілерсектерінен төмен қарата ілінген ірі қараларды төрт-бес жігіт сойып жатыр. Бер жағында бес-алты әйел ішек-қарын аршып отыр. Ішек-қарын аршып отыр дегеніміз болмаса, нені тазалап отырғанын болжау қиын. Үстеріндегі киімдерінен оның әу баста қандай түсті болғанын аңғара алмайсыз.

Жеңдерімен маң­да­йын­­дағы терді сыпырып тастап, ішек айналдырып отыр. Табақ пен тегене көзіңізге көрінбейді, есесіне тегенедей төңкерілген малдың қарындары сол күйінде самсап жатыр. Сылдырап аққан су мүлде көрмейсіз. Малдың қиы мен ұйыған қаннан аяқ алып жүру мүмкін емес. Ызыңдаған көк шыбын көзіңізге кірердей... Біздің әудем жерден бақылап тұрғанымызды көрген еңгезердей жігіт екі өкпесін қолына ала ентігіп, жетіп келді. Қолындағы жалаңдаған пышағымен өзімізді жайратып салардай. Есімі Нұржан екен. – Мал сойғызайын деп пе едіңіз? Ірі қара, қой, қайсысы? – Иә... Қой болса деп едік... Әңгімеміз «жарасып» жүре берді. «Қой болса, міне, мына жерде соя береміз» деп қасапхананың екінші жағына алып келді. Мұндағы көрініс мүлде үрейлі екен. «Толарсақтан саз болмағанмен, тобықтан қан кешуге» болады. Қып-қызыл қан ағып келіп бір шұңқырға құйылып жатыр. Ветеринар-мамандар мал еті таза сойылып, артық қан-жыны экологияны бүлдірмей жым-жылас етілуі керектігін алға тартады. Ал қасапхана санэпидстансаның барлық талаптарына сай болуы шарт. Сойылатын жер бетондалып, аққан қан арықшамен жабық құдыққа құйылуы керек. Біздің көрген шұңқырымыз сол болса керек. «Бұл қан қайда кетіп жатыр?» дейміз ғой баяғы. «Кетіп жатыр да жердің астына... сорып алады дейді ғой...» дейді қасапшымыз. Мамандардың айтуынша, малдың ішінен шыққан қан-жыны арнайы орынға көмілуі керек. Өйткені қан – нағыз инфекция тасушы орта. Ағзадағы бүкiл инфекция, құрттар сол қанда ұялайды. Сондықтан мал сойылатын жердің қан-сөлі тез арада жуылып, тазартылып отыруы тиіс қой. Керек десеңіз, бұл жердің едені де арнайы сол үшін бетондалған емес пе? Бұл ветеринарияның бұлжымас тәртібі және ет өнімдерінің адам өмірінің қауіпсіздігін сақтауға кепілдік беруі тиіс. Басуға батылымыз бармай, есіктен ене алмай тұрған бізді көріп: «Осы сіз СЭС-тенсіз-ау!..» – деп күдігін жасырмай күліп алды. «Бүгін жұма болғандықтан мал сойдыратындар көп. Сондықтан да бұл жер бүгін осындай. Құрбан шалатындар да жетіп-артылады. Бүгін таңнан бері 100-ден аса қой сойылды» дейді ақталған болып. Тап сол жердегі бұрышта үйілген мал терісін көзіңіз шалады. Бір замандары тулақтай төсеніш болып, талайдың табанын жылытқан бұл терілер бүгінде ешкімге керегі жоқтай төбе болып үйіліп жатыр. Құрбандық демекші, таза мұсылман­дық жолмен мал бауыздау, яғни сойдыру туралы сұрғанымызда: «Әрине, бауыздар алдында «Бисмиллаһи, Аллаһу акбары­мызды» айтып, білгенімізше барлық шариғат­тың шартымен соямыз. Керек десеңіз, молдамыз да бар. Қоңыраулатсақ, қазір-ақ жетіп келеді» дейді. Әсілі, құрбан шалар алдында сол ма­ңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жыны ашық-шашық далаға қалдырылмай, көміп тасталынуы тиіс. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құл­шылығына деген құрметтің белгісі. Дәл осы жердің бұл талаптарға тиянақты жа­уап бере алмайтыны айдан анық. Ал сонда жүздеген малдың қан-жыны араласқан жерге әкеліп сойылатын жерге молда қалай келеді? Тіпті бұл жерден сойылған малдың қан-жыны, боқ-сөлін арнайы ыдыс­тарға құйып көмуге әкетіп жатқан жан баласын да көрмейсіз. Бір бұрышта біреу қос пышағын бір-біріне жанып отыр. Таңғалдық. Бұрынғылар «Малдың көзінше пыша­ғың­ды қайрама» деуші еді. Дұрысы, союға әкеліне жатқан малдың бойында қорқыныш инстинктi пайда болмауы үшін ғой. Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару керек. Бұл да болса мал етінің адалдығына, яғни халалдығына қажет. Қасапшымыз: «Сіз дүйсенбі келсеңіз, қойыңызды тап-таза жерде сойып береміз. Ол күні бізде бастан бақайшаққа дейін тазалау жұмыстары жүреді» деп қояды сөз арасында. Оның сөзіне сенсек, осы жерден қасапшыны жалдап алып, қайда сойдырам десеңіз де – еркіңіз. «Көпқабатты үйлердегі қазақтардың ваннасы мен ас үйінде де сойып беріп жүрміз ғой» дегенін естігенде жағаңызды ұстайсыз. «2000 теңгені ұстатсам, бәрін қаты­ратын» қасапшыдан: «Мына жерде қазақ­тар ғана жұмыс істей ме?» деп сұрадық. «Иә». «Ендеше, әнебіреу не бітіріп отыр?» – дейміз түрі қалыпты адамнан гөрі қаңғыбасқа келіңкірейтін басқа ұлттың өкілін меңзеп. Түрі ұқсағанымен өзін БОМЖ-дан бақыттырақ санайтын бұл кісі қасапшының айтуынша, ішек-қарын тазалаушы екен. Сыр бермеуге тырысқанымызбен, ішіміз қылп ете қалды. «Ішек-қарынды қаласаңыз анау тәтелеріңіз де қатырып, тап-таза қылып аршып береді» деп қояды серігіміз. Халаты мен қолғабы жоқ, қала берді, жаулығы мен шұлғауы бірдей «түске» енген олар өздерін меңзегеніне маңғаздана қалыпты. Миығымызда – мысқыл. Жүзіміздің жадырамағанын сезді ме, «Әй, сіз бәрібір СЭС-тенсіз-ау...» – деп қояды. «Одан сіздің неңіз кетеді?». «Жоға, біздікі мал сою ғой. Қалай сойғызам де­сеңіз, еркіңіз. Қазақша десеңіз қазақша, корейше десеңіз балталап-ақ бере саламыз» дейді. Ал ірі қараны, мәселен, жылқыны 12-15 мың теңгеге сойып бе­ретін бұларыңыз, қаласаңыз, қазысын да осы жерден айналдырып беретінін айтады. Үстел я табағы жоқ, тіпті Құдайдың қара суы сылдырап ақпайтын жерде қалай қазы айналмақшы дейтініңіз рас. Қалтамды қаққысы келетіндей қа­сапшы да қасымнан қалмай, мені қа­сапхананың жанында жиырма-отыздай қойды қамап ұстап отырған үш жігітке әкелді. Әңгелек сатқан сарттардай саудаласып тұрған бұл үшеуі «Шайнауға шандыр да жарай береді» десеңіз ілмиген, арық-тұрықты көрсетіп, «15 мың теңге» сұрайды. Ал «Ет – етке, сорпа – бетке» деп отырып, жылы-жұмсақтан жегіңіз келсе, қалтаңызда 25 мың теңгедей ақшаңыз болу керек екен. Иә, бұларыңыз – алыпсатарлар. Ауылдағы малшыны алты ораса да амалын табатын алыпсатарлар бұл жерде де айласын асырып әлек. Қазының келісін 1500 теңгеге сатып алып отырған қазақ тағы қаналды. Бірақ бұдан ауылдағы қойшы да қарық болды деп айтуға ауыз бармайды. Қойын я етін қалаға әкелетін олар түрлі анықтама қағаз жинаудан қа­шып, ауылдарына қайтуға асық. Баяғы бұл жерде ортада жүріп теңгені теңгеріп алатын да – делдалдар мен осы алыпсатарлар. Білесіз бе, қалай десек те, сол етті сатып алатын күйге жеттік. Енді ше? Басқалардан қара үзіп, ет жеуден тек қасқырмен ғана қатарласа алатын қазе­кемде бүгінде бұ­рынғыдай буын бұрқы­ратып, қазан асатын хал жоқ. Атамыздың күнделікті азығы болған асылған ет мейрамхананың мәзірінде атасының құнын сұрап тұр. Осыдан соң ұлттық тағамды ұртың тойып жей аласың ба? Өкініштісі сол, «Ет бар ма? Ет дегенде бет бар ма?» деп әзілдейтін қазақ қой соя алмайтын халге жетті. Рас, қанжар ұстағанның бәрі қасапшы емес десек те, басқа – басқа, мал союды қазақ­тай меңгерген ұлт бар ма еді?! Бірақ қазір бәрі басқаша. Қазіргі қазақ қолы қал­тырайтындай «қан шығарудан» қаша­тын болды. Әсіресе, жастар жағы. Қала емес, қазір ауылға барсаңыз да қош­қарын қонағының алдына әкеп, жығып салып, қол жайып, бата сұрайтын қазақты емес, көше-көшені шарлап, қой соятын адам іздеген қожайынды көресіз. Қала берді, бүгінгі қазақ бас үйіте алмайды. Үлкендерден келе жатқан үлгілі үрдіс жоғалып барады. Қазақ пен қасапхананың арасындағы қазіргі хал – осы. Ал Сіз не дейсіз? Динара ІЗТІЛЕУ

8252 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5820

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5486

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3224

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2610

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2571

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2550

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2283

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2265

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы