• Мәдениет
  • 21 Шілде, 2010

Мәскеудегі "Мұрагер"

Мәскеудегі «Мұрагер» қазақ мәдениеті қоғамының жақсы аты жайылып, Ресейдегі өзге диаспора өкілдері арасында кеңінен мәлім болуына 2004 жылы құрылған Ұлтаралық футбол лигасы (ҰФЛ) белгілі бір дәрежеде ықпал етті деп ойлаймыз. Шаһарбасы Юрий Лужковтың бастамасымен құрылған ҰФЛ бүгінде бұқаралық спортты және салауатты өмір салтын дәріптеумен бірге, ең бастысы – ұлтаралық қатынастарды үйлестіруді, әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара жақындасуын, араласуын, басқа халықтардың мәдениетімен танысуын көздестіретін жаңа жұмыс нысаны ретінде орнықты. Осы бастама аясында алдымен «Мос­ковский ковчег» командасы құрылды. Оның құрамына ұлттық қауымдар мен бірлестіктердің басшылары енді. Құрама команданың қалыптасу кезеңінде айтарлықтай мәні бар жолдастық кездесу өтті. Алғаш рет «Московский ковчег» және Мәскеу Үкіметінің командасы доп сайысына шықты. Есеп 6:5 болып, Үкімет футболшыларының пайдасына шешілді. Бұдан кейін ҰФЛ «Московский ковчегтің» Мәскеу Қалалық думасы командасымен жолдастық кездесуін ұйымдастырды. Бұл кездесу 5:5 есебімен тең аяқталды. Бір айта кетерлігі – «Московский ковчег» сапында белгілі тележурналист Владимир Соловьев, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионы Илья Авербух, ал Мәскеу Үкіметінің командасы құрамында Мәскеу мэрі Юрий Лужковтың өзінің ойнағаны футбол лигасының жұмысына үлкен мән берілгендігінің айғағы болса керек. Міне, сол кезде «Московский ковчег» командасы сапында футбол ойнаған «Мұрагер» қоғамының мүшелері – Жәнібек Елекбаев, Ерназар Нұриев, Нұрлан Бекетов, Мұхтар Тубашев сынды жігіттер мәскеулік қазақтарды басқа жұртқа біршама танытып үлгерді.

ҰФЛ шеңберінде жа­рыс­қа қатыса­тын команда­лар­дың әрқайсысы Мәскеу қаласында тұ­ратын белгілі бір этностың ұлттық-қоғамдық ұйымдарының туын көтере отырып, сол ұлттың дәстүрі мен салтын, үрдісі мен үлгісін, қасиеті мен қайратын һәм стадион мінберін толтырған қандас жанкүйер бауырларының жеңіске үндеген үні мен үмітін де алаңға алып шығатыны мәлім. Түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір азаматтар бірнеше жылдардан бері өзара түсіністік рухында аяқдопты аспандатып, Мәскеу жұртшылығын тартысты ойындарымен тамаша әсерге бөлеуде. Міне қазақ диаспорасының туын көтерген «Мұрагер» футбол командасы – осындай ортаға олжа салған ұжымдардың бірі. Команданың пайда болуы – ең алдымен қазақтардың, сонымен бірге Қа­зақстанда туып-өскен, оқыған, еңбек еткен, өмір сүрген өзге де ұлт өкілдерінің Мәскеуде табысып, бірігуіне, сөйтіп, қазақ диаспорасы атынан жасыл алаң сайысына шығуына кең жол ашты. Футбол сайысы «Мұрагер» қоғамының ұзақ мерзімді көздейтін жобасы әрі бұқаралық спортты дамытуға қосып отырған нақты үлесі деп сеніммен айтуға болады. Ұлтаралық футбол лигасының бірінші чемпионаты 2004 жылғы маусымда ашылды. Бұған 16 команда қатысты. Алғашқы жылы «Мұрагер» «С» тобында болды. Іріктеу ойындарында «Чувашия» және «Дағыстан» командаларын ұтып, өз тобында екінші орынға шықты. Сөйтіп, ширек финалға шыққан «Мұрагер» ойынды әрі қарай жалғастыру үшін «Вайнах» командасымен кездесті. Өкінішке қарай, ойын нәтижесі 1:2 есебімен қарсыластар пайдасына шешілді. Ал жалпы финалда «Арарат» командасымен кездескен «Маккаби» чемпион атанды. Диаспора өкілдерінің алғашқы футбол сайысы басқа ұлттық қауымдар арасында да қозғалыс тудырып, келесі жылғы біріншілікке 24 команда қатысты. Олар мыналар еді: «Адыги» (адыг-черкес қауымы), «Әзербайжан», «Алания» (осетин қауымы), «Байкал» (бурят қауымы), «Батыр» (татар қауымы), «Вайнах» (ингуш қауымы), «Грузия» (грузин диаспорасы), «Даги» (дағыстан қауымы) «Даймохк» (шешен қауымы), «Калмыкия» (қалмақ қауымы), «КТ Крым» (Қырым-татар қауымы), «Курдистан» (күрді қауымы), «Курултай Башкир» (башқұрт қауымы), «Маккаби» (еврей қауымы), «Мұрагер» (қазақ диаспорасы), «Пахтакор» (өзбек диаспорасы), «Рома» (сыған қауымы), «Талыш» (талыш диаспорасы), «Ұйғыр» (ұйғыр диаспорасы), «Украина» (украин диаспорасы), «Чувашия» (чуваш қауымы), «Эллины» (грек диаспорасы), «Эльбрусоид» (қарашай-балкар қауымы), «Ялгат» (мордва қауымы). 2005 жылғы іріктеу ойындарында «Мұрагер» өз тобында 12 ұпай жинап, бірінші орынға шықты. Топтағы бес команданың төртеуін («Грузия», «Даги», «Рома», «Байкал») ұтып, біреуінен («Курдистан») ғана жеңіліс тапты. Сөйтіп, тағы да ширек финалға жолдама алды. Алайда ширек финалда өзбек бауырлармен кездесіп, «Пахтакордан» 0:2 есебімен ұтылуға мәжбүр болды. Осы жылы «Пахтакор» жартылай финалда «Украина» командасын да жеңіп, финалға жетті. Бірақ финалдық ойында «Грузия» командасынан жеңіліп, екінші орынды қанағат тұтты. Ұлтаралық футбол лигасы алғашқы жылдан бастап чемпионатпен бірге ҰФЛ Кубогы мен ҰФЛ Суперкубогы жолындағы футбол жарысын қатар жүргізуді тәжірибеге енгізді. Кубок жолындағы жарыстар әдетте чемпионат басталғанша, наурыз-мамыр айларында өтеді. Ал Суперкубок (кейде оны Достық кубогы деп те атайды) үшін күрес чемпионаттың жеңімпазы мен бұдан бұрын Кубокты жеңіп алған команда арасында өтеді. 2005 жылы мұның бәрін де «Грузия» командасы иеленді. Ол Суперкубок жолындағы айқаста 2004 жылғы чемпион «Маккаби» командасымен кездесіп, басым түсті. Кейін мұндай сайысқа «Мұрагер» де қатысты. Алдыңғы екі жылғы тәжірибе көрсеткендей, бұдан бұрын ширек финалға дейінгі шешуші айқастарға жетіп жүрген «Мұрагер» 2006 жылғы чемпионатқа тыңғылықты әзірленді. Бұл жолы ол бұрынғыдай ширек финалды шеп көрмейтіні белгілі болды. Команда чемпионатқа алдына нақты мақсат қойып шықты. Яғни, команда басшылығының талабы – биыл қалайда Кубокты жеңіп алу, чемпионатта бірінші орынға шығу, сөйтіп, «Мұрагердің» әлеуетті ұжым екенін әйгілеу. Мұрагерліктер сөзінде тұрды. Сөйтіп, бір жылда екі жүлдені жеңіп алып, ҰФЛ тарихындағы үшінші чемпион атанды. Ал 2007 жылғы 21 команда қатысқан чемпионатта «Мұрагер» тағы да финалдық бәсекеге жетіп, маусымды күміс жүлдегер мәртебесінде аяқтады. Чемпионаттың қорытындысымен әр номинация бойынша ұсынылған жиырмаға жуық үміткердің арасынан «Мұрагердің» үш ойыншысы үздік шығып, Сергей Жилкин – «Ең таңдаулы қақпашы», Сергей Тимофеев – «Ең таңдаулы қорғаушы», Андрей Курдюмов – «Ең таңдаулы шабуылшы» атанды. «Мұрагер» қатарынан екінші мәрте ҰФЛ Кубогының жеңімпазы атанды. Ұлтаралық футбол лигасының құрамында бүгінде отызға тарта команда бар. Мәскеудегі Камерун студенттерінің «Камерун», түрік диаспорасының «Мостурк», Латын Америкасы елдерінің «Реал Америка», армян диаспорасының «Арадес», бұрынғы Югославия республикаларының «Балканская звезда», Мәскеу қаласы және Мәскеу облысының «Русичи», татар қауымының «Батыр», қырғыздардың «Ала-Тоо» командалары соңғы жылдары ұйымдастырылып, ҰФЛ чемпионатына қатыса бастады. Бірақ кез келген маусымда отыз команданың түгелдей жарыс жолына шығуы мүмкін болып отырған жоқ. «Мұрагер» командасы «Мұрагер» қоғамының қойнауында пайда болды. Чемпионатқа қосылғанша жігіттер әртүрлі футбол жарыстарына қатысып, бәйге алып жүрді. Команданың аз ғана жылдар ішінде мәнерлі ойынымен елеулі жетістіктерге жетуі, белгілі ұжым болып қалыптасуы әлбетте осы істің басы-қасында жүрген берекелі азаматтардың абзал еңбегіне байланысты. Футбол командасының негізін қалаушылар және шын мәніндегі қолдаушылары «Мұрагер» қоғамының бұрынғы президенті Жәнібек Елекбаев пен ұжымның көп жылдардан бергі вице-президенті (қазіргі президенті) әрі команданың басшысы Ерназар Нұриев екені жұртшылыққа кеңінен мәлім. Сондай-ақ команданың қаз тұрып, қалыптасуына аға буын өкілдері – Исабай Арыстанбаев, Мұхтар Тубашев, Сергей Тимофеев, Нұрлан Бекетов, Андрей Курдюмов, Ерболат Айтжанов және басқалар елеулі еңбек сіңірді. «Мұрагер» туын көтеріп аяқдоп айқасына шыққан ойын саны мен жалпы доп соғу мөлшері жағынан команданың жетекші ойыншысы әрі жаттықтырушысы, Оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы Мұхтар Тубашев көш басында келеді. Мұхтар – кәсіби футболшы. Шымкент дене тәрбиесі техникумын, одан кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын футбол мамандығы бойынша бітірген. 1988 жылы Қазақстанның «Жетісу», 1992-1995 жылдары «Мелиоратор» командаларында ойнаған. ҰФЛ Хартиясының принциптерінде атап көрсетілгеніндей, кез келген команда түрі ұлттық болғанымен, мазмұны жағынан көп ұлтты болатыны белгілі. «Мұрагердің» құрамында қазақтардан басқа қазақстандық өзге де ұлттардың өкілдері аз емес. Ұлты басқа болса да, олардың бәрін «Қазақстан» деген қасиетті атау біріктіреді. Команда капитаны Андрей Курдюмов – қарағандылық, Қара­ғандының «Шах­тер», Санкт-Петербордың «Зенит» командасының бұрынғы мүшесі. Павел Свечников Атырауда туған, тоқсаныншы жылдары Олег Романцев басқарған Мәскеудің «Спартак» командасында өнер көрсеткен. Ақтөбелік Сергей Куленко – «Ақтөбе» командасының бұрынғы ойыншысы. Қазақтар командасы сапынан сондай-ақ ақтөбелік Денис Беляевты, қарағандылық Роман Канды, ақтаулық Антон Нефедьевті, тулалықтар Сергей Стефаненко мен Максим Осиповты, мәскеуліктер Сергей Бакастовты, Сергей Маркинді, Ринат Валиахметовты, Константин Матвеевті, читалық Евгений Сосулинді көруге болады. Шабуылшы, түбі павлодарлық Сергей Тимофеевтің жөні тіпті бөлек: ол Владикавказдың «Алания» командасы құрамында ойнап, 1995 жылы Ресей чемпионы болған; Мәскеудің «Динамо», Алматының «Қайрат» командаларында ойнаған, Павлодардың «Ертіс» командасының сапында жүріп Қазақстан чемпионы атанған, 2005-2006 жылдары футболдан Қазақстанның құрама командасын жаттықтырған есімі де, ісі де елге белгілі азамат. Футболшылар арасында «кәсіби қақпашыны қанша жаттықтырсаң да одан шебер шабуылшы шықпайды» деген сөз бар. Мұның мәні әркім өз деңгейінде, өз орнында болуы керек дегенге саяды. Мысалы, «Мұрагердің» майталман қақпашысы, 2007 жылғы Ұлтаралық футбол лигасы чемпионатының ең таңдаулы қақпашысы атанған Сергей Жилкинді кезінде атағы жер жарған Константин Бесковтің өзі Мәскеу командасында ойнауға шақырған. Сергейдің қақпашылық өнері мен тәжірибесі «Мұрагердің» жеңіс сатыларымен өрлеу кезеңінде өз жемісін беріп келеді. «Мұрагер» командасының алғашқы капитаны, кейін жаттықтырушы лауазымына ауысқан алматылық Нұрлан Бекетовті де кәсіби футболшы деуге болады. Ол орта мектептен соң Мәскеу тау-кен университетін екі мәрте – тау-кен инженері және инженер-экономист мамандықтары бойынша бітірген. Бірінші сыныптан бастап футбол ойнаумен айналысқан, Ақтөбе облысының Хромтау қаласындағы спорт сыныбында спорттың осы түрі бойынша білім алған. Облыстың құрама командасында және Хромтаудың «Горняк» командасында ойнаған. Қазір Мәскеудегі Ұлтаралық футбол лигасында Бас директордың орынбасары болып жұмыс істейді. «Мұрагердің» алдында тұрған бүгінгі басты міндеттің бірі – құрамды жасарту үдерісі. Бұл болмай қоймайтын үдеріс дегенмен, оны күрт жүргізу шарт емес. Жаңа ойыншыларға ғана үміт арту жылдар бойы орныққан тәжірибе мен шеберліктен айырылып қалуға соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ командаға ұлт жастарын көбірек тарту да күн тәртібінде тұрған күрделі мәселе. Осыған орай басшылық әртүрлі жолдастық кездесулер өткізу арқылы болашақ ойыншылар құрамын қалыптастыру жұмысын қолға алды. Мәселен, «Мұрагердің» әр матчында төрт-бес жаңа ойыншы жүреді. Олар өздерінің футбол ойнай алатынын дәлелдеумен бірге, негізгі құрамға ену мүмкіндігін де ойынымен көрсетеді. Сондықтан «Мұрагер» үшін негізгі ойыншылардың әртүрлі себептермен ойынға қатыса алмауы өзгеше бір қиын жағдай тудырмайды не команданың ойын барысын түбегейлі өзгертіп жібермейді. Соңғы жылдардың тәжірибесі осыны анық көрсетті. Ең бастысы – жаттығу жүйелі жүргізіледі, мұрагерліктер әр жексенбі сайын Э.Стрельцов атындағы «Торпедо» стадионында жаттығады. Бүгінде «Мұрагердің» жанкүйерлер «командасы» да жасақталғанын айта өткен жөн болар. Футболшылар ұжымын құру арқылы «Мұрагер» қоғамы жеткен ең басты жетістік те осында. Бір қалада тұрса да, бірін бірі білмейтін қазақтарды «Мұрагердің» ойыны таныстырып, басын қосып, аралас-құралас қылды. Ол ресейлік қазақ балаларының бойына елім, жұртым, тарихи Отаным – Қазақстаным деген патриоттық сезімді сіңірді. Өйткені «Мұрагер» ойынға Қазақстанның көк туын көтеріп шығады, «Мұрагер» сынға түсер кезде Қазақстанның Әнұраны ойнайды, футболшылардың жейдесінде де, команданың жалаушасында да Қазақстанның мемлекеттік символдарына тән белгілер бірден көзге түседі. Ортаға олжа салып жүрген «Мұрагер» футболшылары жасыл алаңда теңбіл допты тербете теуіп жатқанда, мәскеулік қазақтардың жүрегі қоса тебіренетіні бәлкім содан шығар-ау! Мұғдарлы бір мезгілде «Мұрагердің» аяқдоп алаңындағы айқасын көрсеңіз, қарсылас командаларды артқа тастап, жеңіс тұғырына орныққан тұлғасын зерделесеңіз, сөз жоқ, доп ойнағанның озатынына сіздің де көзіңіз анық жетеді. «Мұрагер» футбол командасы 2004 жылдан бастап осы уақытқа дейін ҰФЛ аясында 32 матч өткізіп, cоның ішінде 22 рет жеңіске жетті, 6 мәрте тең түсті. Бес жылда төрт-ақ рет жеңілді. Мәскеудегі ұлттық диаспоралар футболшылары арасында екі мәрте ҰФЛ чемпионы және үш мәрте ҰФЛ Кубогының жеңімпазы атанған «Мұрагерден» басқа бірде бір команда жоқ. Бұл жетістік­ке бауырлас футболшылар ұлтжанды отандастарымыздың қайырымдылығы арқасында жетіп отыр. Команданың киім-кешегі, спорттық мүкәммалы, жаттығу алаңын жалдау қаражаты, турнирге қатысу үшін жыл сайын төленетін жарнасы күні бүгінге дейін жеке адамдардың, футбол жанашырларының, кейбір отандас кәсіпкерлердің қаржылай көмегі есебінен жүзеге асырылуда. Бір кезде: Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы... – деп басталатын қазақ әні Мәскеу аспанында қалықтап, оны орыс-қазағы аралас жиналған жұрт бірауыздан беріле шырқайтын. Бұл біраз уақыт «Мұрагер» командасын алаңға алып шыққан «Менің Қазақстаным» әні еді. Кейіннен бұл Қазақстанның мемлекеттік әнұранына айналған соң, енді «Мұрагер» футбол командасының дербес әнін, өзіндік ұранды маршын жазу қажеттігі туды. Сөйтіп, «Алға, «Мұрагер!» деп аталатын жаңа ән өмірге келді. Оның сөзін белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшесі Тұрсынай Оразбаева жазса, әнін Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Әбуислам Тұрсынбаев шығарды. Ел мерейін көтердің «Мұрагерім», Жеңістерге бастадың қыран-ерім. Өр намыстан жаралған өздеріңе, Табыс тілеп, қуанып тұрады елің, – деп басталатын осы ән кейін оркестрге түсірілгенде екпіндете айтылатын қазақ термелері тәрізді жігерлі, әуенді, жанкүйердің жасыл алаңмен арадағы байланысын бейнелей алатын бөлекше әуен, корпоративтік гимн сияқты болып шықты. Түйіндей келгенде: Мәскеудегі «Мұрагер» командасы футболшы­ла­рының жетістіктері мен бұқаралық спортты дамытудағы тәжірибесін зерделеп, мұны Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастарын одан әрі жетілдіру мақсатында, республикамызда футболды дамыту ісінде тиімді пайдалану реттерін қарастыратын кез келген сияқты. Қазақстанның мүдделі ведомстволары «Мұрагер» командасына әлі шындап бет бұра қоймағаны белгілі. Алыстағы Мәскеуде, тұтастай Ресей аумағында қазағының жақсы атағын шығарып жүрген әуесқой футбол командасы тарихи Отанының нақты қолдауын, моральдық әрі материалдық көмегін сезінгісі келетіні табиғи нәрсе. Айтпақшы, қазір «Мұрагердің» жі­гіттері бас болып, алда болатын Дүние-жүзі қазақтары құрылтайында басқа елдерден келетін қандас бауырлармен жасыл алаң төрінде бақ сынасу үшін Ресей өңірлерінде тұратын алаш ұранды ұландардан жаңа команда жасақтау үстінде. Серікқали БАЙМЕНШЕ, журналист, филология ғылымдарының докторы Мәскеу

3294 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8773

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7065

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4809

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4195

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4157

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4118

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3848

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3848

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы