• Қоғам
  • 29 Шілде, 2010

Оңтүстік өркен жая береді

Оңтүстік Қазақстан -- республиканың оңтүстігінде, Сырдария алқабында орналасқан, терістігінде Қарағанды, батысында Қызылорда, шығысында Жамбыл облыстарымен, ал оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Және де ұлтымыз үшін, қала берді дін мұсылман баласына қастерлі рухани орталықтар да осында шоғырланған. Бірақ айтпағымыз ол емес. Жер көлемі шағын --117,3 мың шаршы шақырымды құрағанына, яғни Қазақстан аумағының 4,3 пайыз бөлігін алып жатқанына қарамастан бұл өңір әлеуметтік өсімдері зор еліміздегі ең бір экономикалық белсенді аймақтардың біріне жатады. Ендігі тақырыбымыз сол туралы болмақ. ӘРТАРАПТАНДЫРУДЫҢ ТӘТТІ ЖЕМІСІ Дүниежүзiн шарпыған дағда­рыс тұсында мұнай өнiмдерi мен шикiзаттың әлемдiк бағасы күрт құлдыраған болатын. Сол кезде-ақ Қазақстан экономикасындағы келешегi мол сектордың бiрi ауыл шаруашылығы екенiне көз жеткiзген едік. Шын мәнiнде осы маңызды саланың елiмiздi тығырықтан шығаруға септiгiн тигiзiп, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру саясатын пәрмендi жүргiзуге серпiн бергенi сөзсiз. Ал аграрлық өнеркәсiп кешенiнiң кейбiр позициялары бойынша оңтүстiк өңiрi республикамызда жетекшi орындарды иеленiп те жүр. Облыстың аграрлық өнер­кәсiптiк кешенiнiң мүмкiндiктерi орасан зор екенiн баса айту керек. Ауыл шаруашылығына қолайлы жер көп, әрi ауылдардағы еңбек әлеуетi де жоғары. Өйткенi, облыс халқының 50 пайыздан астамы елдi мекендерде тұрады. Облыс ауа райының климаттық жағдайы ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерiн өсiруге мүмкiндiк бередi. Мәселен, оңтүстік өңіріне негізінен тән суармалы алқаптың қайтарымдылығы тәлiмi жерлерге қарағанда анағұрлым артық. Одан қалса, агротехникалық талаптар толық сақталған танаптарда өсiрiлген дәндi дақылдардың әр гектарынан орта есеппен 26 центнерге дейiн өнiм алуға қол жетсе, ал суармалы алқаптан бастырылған дән 50 центнерден айналады. Ылғалды аймақтарда осылайша егiс көлемiн екi есеге дейiн қысқартып, өнiмдiлiктi 50 центнерден кемiтпей астық молшылығын жасауға әбден болады. Осы орайда облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтiң тiкелей басшылығымен көптен берi егесiз жатқан әрi күтiмсiздiкке ұшыраған каналдар мен су жүйелерiн тазалап, ретке келтiру қолға алынды. Ол үшiн қыруар қаржы жұмсалды. Нәтиже көңiл қуантады. 1196 шақырым канал мұқият тазаланып, 44 мың гектар суармалы жер қайта айналымға қосылды. Облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының бастығы Қанат Ыдырысовтың айтуынша, биыл дәндi дақыл былтырғыдан 28 мың гектарға артық егiлген. Астықты алқап 220 мың гектардан асады. Оның 153,8 мың гектарына күздiк, қалғанына жаздық бидай егiлген. Бәйдiбек, Түлкiбас, Қазығұрт, Сайрам және Төлеби аудандарының диқандары тәлiмi жердегi егiннiң әр гектарынан орта есеппен 15-18 центнерден дән бастыруды көздеп отыр. Ал, суармалы алқаптың қайтарымы мұнан да жоғары болуы тиiс. Жалпы, облыс бойынша кемiнде 340-350 мың тонна аралығында дән бастырылады деген болжам бар. Жердiң құнарлылығын арттырып, ауыспалы егiс жүйесiн сақтау мақсатында мақтаның көлемi жылда­ғыдан 3,7 мың гектарға кемiтiлiп, аумағы 136,4 мың гектарды құрады. Ал, қысқарған танаптарға дәндiк және малазығындық дақылдар егiлiп, өсiрiлуде. Майлы дақылдарға да басымдық берiлiп, биыл өткен жылдағыдан 22,6 мың гектарға артық орналастырылды. Жалпы көлемi 97,5 мың гектарды құрады. Атап айтқанда, егiстiктiң 87,4 мың гектары — мақсары, 10,1 мың гектары күнбағыс болып тұр. Бұдан бөлек, облыс диқандары 25,8 мың гектарға көкөнiс өсiруде. Бұл өткен жылғыдан 300 гектарға көп деген сөз. Ал, ерте пiсетiн көкөнiс 8,6 мың гектарды алып жатыр. Оңтүстiк өңiрi солтүстiк облыстарға ерте пiсетiн қырыққабат, қияр, қызанақ, басқа да көкөнiс түрлерiн алдымен жөнелтудi дәстүрге айналдырған. Үстiмiздегi жылы да бұл үрдiс жалғасуда. Бақша дақылдарының да көлемi ұлғайған. 2009 жылы 25,7 мың гектар жерден өнiм жиналса, биыл ол 36 мың гектарға көбейдi. Облыс бойынша 1317 гектарға жемiс-жидек, 1094 гектарға жүзiм егiлдi. Жалпы, жемiс-жидек 16900 гектарды, жүзiмдiк 8200 гектарды құрайды. Жемiс, көкөнiс және бақша өнiм­дерiнiң молшылығын жасаудың бiрден-бiр төте жолы – озық технологияны өндiрiске кеңiнен енгiзу. Соның бiрi — тамшылатып суару тәсiлi. 2009 жылы облыс бойынша 2136 гектар алқап осындай тиiмдi әдiске көшiрiлсе, биыл 10 мың гектарға жоспарланған болатын. Қазiргi таңда 3 мың гектарында бұл тәжiрибе нақты жүзеге асты. Тағы бір қуантарлық жаңалық, соңғы жылдары жылыжайларды салу кеңiнен қанат жайып келедi. 2008 жылы 90 гектарда ғана жылыжай болса, өткен жылы бұл көрсеткiш 134 гектарға ұлғайды. Биылғы бес айдың өзiнде тағы 34 гектар қосылып, облыс бойынша барлығы 168 гектар жерде көкөнiс өсiрiлiп жатыр. Жыл соңына дейiн оның көлемiн 180 гектарға жеткiзу көзделiп отыр. Әрине, көкөнiс пен бақша өнiм­дерiн бүлдiрмей, таза әрi сапалы кү­йiнде тұтынушыларға жеткiзудiң ма­ңызы зор. Бұл мақсат үшін де облыс әкiмi бастамасымен жер-жерде көкөнiс сақтайтын қоймалары салынуда. Күнi бүгiнге дейiн жалпы сыйымдылығы 15 мың тоннадан асатын қоймалар салынып, iске қосылды. Жыл соңына дейiн бұл көрсеткiштi 35 мың тоннаға ұлғайту жос­парланып отыр. Аудандарда құрылған сервистiк дайындау орта­лықтары бұл күндерi шаруалардың қолын ұзартуда. Олар диқандар өсiрген өнiмдердi тиiмдi бағамен сатуға септiгiн тигiзедi. Үкiмет тарапынан берiлетiн мемле­кеттiк қолдау диқандарға үлкен демеу болып тұр. Биыл барлық бағдарламалар бойынша республикалық бюджеттен 7,6 млрд. теңге қаржы бөлiндi. Оның 2 млрд. теңгесi облыс егiншiлерiне тек субсидия ретiнде төлендi. Мал шаруашылығы саласын­да­ғы жағдай да оңалып келедi. Өсiм бiр­қалыпты. Егер 2008 жылы облыс бо­йынша iрi қара 716 мыңды құраса, биыл жыл басында ол 765,3 мыңға жеттi. Қой мен ешкi 3415,5 мыңнан 3591 мыңға, жылқы 114 мыңнан 151 мыңға, түйе 15 мыңнан 16400-ге, шошқа 32900-ден 35400-ге, тауық 2125,2 мыңнан 2332,7 мыңға көбейдi. Ет, сүт, жұмыртқа және жүн өндiру бiршама артты. Аудандар мен қалаларда ветеринария бөлiмдерiнiң құрылуына байланыс­ты малдәрiгерлiк қызметтiң де сапасы жақсара түсуде. Мұның өзi мал мен құстың жұқпалы ауруларының алдын алуға септiгiн тигiзетiнi анық. Әсiресе, 1 шiлдеден бастап күшiне енген Кеден одағы аясында олар атқаратын жұ­мыстардың жауапкершiлiгi орасан зор. ЕКІ АУДАННЫҢ ЕРЕН ІСТЕРІ Облыс әкiмi Асқар Мырзахметов жылдағы дәстүр бойынша берiлген тапсырмалардың орындалу барысын бақылау, өзектi мәселелердiң жер-жерде нақты шешiмiн табуына септiгiн тигiзуді басты ұстаным еткен. Бұл ретте облыс басшысы жуырда Ордабасы ауданында iссапарда болды. Алғаш Бадам елдi мекенiндегi «Керемет-Центр» ЖШС-iне атбасын бұрған облыс басшысы мұндағы игiлiктi iстерге көңiлi толды. Аталмыш серiктестiктiң атқарушы директоры Т.Ерментаевтың айтуынша, 125 гектардың 80 гектарына тамшылатып суару тәжiрибесiн енгiзiп, жемiс бауын еккен. Бiр жерден екi рет өнiм алу үшiн жүйек арасына қауын, қызанақ және бақша өнiмдерiн өсiрiп отыр. Болашақта жиналатын 800 тоннадай экологиялық жағынан таза өнiмге қазiрдiң өзiнде Ресейден тапсырыс түскен. Бiр қуанарлығы, жемiс-жидек сақтайтын 10 мың тонналық қойма құрылысы да басталыпты. Қазiр оның қазандығы қазылып жатыр. Ал, күнiне 30 мың дана күйдiрiлген кiрпiш шығаратын және қиыршақ тас өндiретiн зауыттың жұмысы туралы әңгiме өз алдына бөлек тақырып. Тағы бiр таңқаларлығы «Керемет-Центр» ЖШС-iнiң Сэндвич-панель шығару жөнiндегi жоспарын облыс басшысы қызу мақұлдады. Банктерден несие ақша алмай-ақ, өндiрiстi өз қаржысы есебiнен ұлғайтуды көздеген кәсiпкер ендi тағы да 200 гектар жер сұрап отыр. Облыс басшысы аудан әкiмi Ш.Кенжеевке бұл мәселенi шұғыл әрi оңтайлы шешiп берудi тапсырды. Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қ.Ыдырысовқа егiлген бау үшiн бөлiн­ген субсидия қаржысын серiктестiк­тiң есепшотына шiлде айының алғашқы бес күндiгiнде аударып берудi жүкте­дi. Сонымен қатар бақша дақылдарына да субсидияны белгiлеу туралы елiмiздiң Ауыл шаруашылығы министрлiгiне арнайы ұсыныс жасауды тапсырды. Үндiк етiн өндiретiн кешендi «Ордабасы-құс» фабрикасының құ­ры­лысы елiмiздегi индустриялан­дырудың 2010-2014 жылдарға арналған картасына енгiзiлгенi мәлiм. Бұл Қазақстандағы серпiндi 8 жобаның бiрiнен саналады. Жобаның жалпы құны — 3 млрд. 294 млн. теңге. Оның iшiнде 550 млн. теңгесi кәсiпкердiң өз қаржысы есебiнен жүзеге асырылмақ. Жоба «Қазагроқаржы» АҚ арқылы қаржыландырылуда. Күнi бүгiнге дейiн 506 млн. теңгесi құрылыс жұмыстарына жұмсалып, 1 980 млн. теңгесi қондырғы сатып алуға жаратылып, қаржы шетiнен игерiлу үстiнде. 7 мердiгер компания құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзiп жатыр. Үстiмiздегi жылдың 4 тоқсанында 200 орындық жаңа жұмыс орны iске қосылмақ. «Ордабасы-құс» ЖШС-нiң директоры М.Тағаев кешендегi атқарылып жатқан жұмыстармен толық таныстырды. Әкiм жол-жөнекей егiн орып жат­қан «Ынтымақ» өндiрiстiк коопе­ративiне де соқты. Мұндағылар әр гектардан орта есеппен 18-20 центнер аралығында дән бастыруда. Шұбар ауылындағы «Шұбар» асыл тұқымды кешенi жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң шошқа базасын аралап көрген облыс басшысы мұнан кейiн Аманкелдi ауылында «Қайнармай» ЖШС-нiң салып жатқан демалыс аймағында да болды. Келешекте жерасты табиғи жылы су көздерiн пайдаланып, сауықтыру-емдеу санаториясы өз жұмысын бастайды. Қазiр құрылыс саласында 50-ден астам жұмысшы еңбек етуде. Аталған ЖШС директоры Қ.Сарманов құрылыс барысымен таныстыра келе, орын алып отырған олқылықтарды да жасырмады. Санаторий маңында өз бетiнше салынған үйлердi бұзуға жәрдем сұрады. Ал, Ақпан ауылындағы жалпы ұзындығы 8,7 шақырымға созылатын автомобиль жолдары құрылысының аяқталғанына мұндағы тұрғындар дән ризашылықтарын бiлдiрдi. Кездесуге жиналған елдi мекен халқы облыс басшысына алғыс айтты. Бұл жұмысты «Корпорация «Олжа» ЖШС сапалы атқарыпты. Облыс әкiмi А.Мырзахметов аудан­дағы таяуда атқарылатын мiндеттерге кеңiнен тоқталып, тиiстi тапсырмаларды жүктедi. Ендігі кезекте Қазығұрт ауданының жетістігіне кезек берсек. Әуелі мынаны айтқан жөн. Аудан экономикасын көтеру мақсатында үш жылдық бағдарлама түзiлдi. Оған да облыс әкімі ұдай назар аударып отырады. Құнды инновациялық жобалардың бiрi — ауданның таулы аймақтарында тамшылатып суару арқылы Алматының апорт алмасын өсiру. Кейiн одан қақ, ұнтақ жасап, адам ағзасына аса пайдалы азық дайындайтын, тәулiгiне 50 тонна жемiс пен көкөнiстi өңдейтiн зауыт салынады деп күтiлуде. Биыл ауданда тұңғыш рет апорт алмасын егудi тұрбаттықтар бастады. Ауыл округiндегi «Өндiрiс» шаруа қожалығының төрағасы Анарбай Қасымбеков 200 түп апорт көшетiн ексе, «Нұркен» шаруа қожалығының төрағасы Сайын Бөлебаев 1,6 гектар жерге жемiс ағаштарын отырғызумен қатар, 107 түп апорт алмасын қон­дырды. Хасан Мубаров басшылық жасайтын «Пәрпi ата» шаруа қожалығының негiзi 1995 жылы қаланған. Әуел баста 4,5 гектар жерi болған. 2002 жылы оның жер көлемi 10 гектарға жетiп, ақтүйнек, қауын-қарбыз секiлдi бақша дақылын өсiрумен айналысып келген. Өткен жылы жерiнiң жартысына семиренка алма, өрiк, алхоры секiлдi жемiс ағаштарын отырғызып, 2 миллион 127 мың 305 теңге субсидия алған. Ағымдағы жылы Х.Мубаров Алматыдан әрi 80 шақырым қашықтықта орын тепкен Саймасай елдi мекенiндегi арнайы лицензиялы питомнигi бар Марат Айдаровпен келiсiмшартқа тұрды. Әрбiрiн 300 теңгеден 2080 түп апорт алмасының екпе көшетiн әкелiп, жаңа субсидиялау ережесiне сәйкес 5 гектар жерге қондыруда. - Менiң бұл шаруаны қолға алуыма облыс әкiмiнiң қолдауы оң әсер еттi. «Югирригация» ЖШС-iмен бiрлесiп, таудағы бұлақ көздерiнен келетiн суларды пайдаланып, 10 гектар жерге тамшылатып суару әдiсiн енгiзу үшiн 3 миллион 731 мың 104 теңгеге келiсiмшартқа тұрдым. Израильдiк “NAN DAAN” компаниясының тамшылатып суару әдiсiнiң артықшылығы көп. Әрi суды үнемдейсiң, әрi жемiс ағаштарын уақтылы ылғалдандырасың. Өнiмдi де екi-үш есе көп бередi, - дейдi қожалық төрағасы Х.Мубаров. Ауданда биыл Жiгiрген мен Көкiбел ауыл округтерiндегi агроқұрылымдар 10 гектардан, «Алтынтөбе» ЖШС-i 50 гектарға апорт алмасын егудi жоспарлапты. АЙМАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР Мемлекет басшысы Н.Назарбаев­тың 2005 жылы «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойғаны белгiлi. Аталмыш құрылым оңтүстiк өңiрде мақта-тоқыма кластерiн жасау жөнiндегi алғашқы қадам екенi даусыз. Оның ең бiрiншi кезектегi мақсаты – осы iске сырттан инвесторлар тарту едi. Сөйтiп, «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймақ iшкi тоқыма тұтыну рыногының өсуiн қамтамасыз етiп, тауарлы өндiрiстi экспортқа бейiмдеп, оның өнiмдерiн шығаруды жолға қоюы тиiс болатын. Содан берi бес жыл өттi. Аз уақыт емес, әрине. Осы уақыт iшiнде не iстелдi? Бұл заңды сауал болса керек. Айталық, арнайы экономикалық аймақ үшiн Шымкент қаласына жақын, көлiк және отын инфрақұрылымдарына тиiмдi Сайрам ауданының аумағынан 200 гектар жер телiмi бөлiнiп берiлдi. «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймақтың директоры Бақыт Мәуле­новтiң айтуына қарағанда, мұндағы барлық жұмыстар жоспарлы түрде жүргiзiлiп жатыр. Атқарылған тiрлiк аз емес. «Даму» бағдарламасына сәйкес ол үш кезеңге бөлiнген. Атап айтқанда, 2007-2009 жылдар аралығын аймақтың инфрақұрылымдар құрылысы салынған уақыт деп есептеуге болады. Ал, 2010-2012 жылдардағы кезеңде аталмыш аймақта кәсiпорындар құрылысы толық аяқталып, iске қосылады деп есептелген. 2013-2015 жылдарға арналған үшiншi кезең — өндiрiстi одан әрi кеңейту, тоқыма өнеркәсiбi тауарларын әлемдiк нарыққа алып шығумен ерекшеленбек. Инженерлiк инфрақұрылымдар құрылысын жүргiзуге республикалық бюджеттен 7,8 млрд. теңге бөлiнiп, ол толығымен игерiлiптi. Атап айтқанда, «Оңтүстiк» АЭА-ның аумағы түгел қоршалған. Жаңа әкiмшiлiк үйi салынып, пайдалануға берiлдi. Маңызды нысандар газбен, жарықпен, сумен және канализация жүйелерiмен, телефон желiлерiмен толық жабдықталды. Екi шақырым болатын автомобиль жолы салынып, Бадам өзенiндегi көпiр жөндеуден өттi. Былайша айтқанда, сырттан келетiн инвесторларды қабылдауға толық дайын. Мұнда жұмыс iстейтiндер үшiн корпоративтi, табыс, жер және мүлiк салықтары түрлерiнен көптеген жеңiлдiктер жасалынады. Елiмiздiң жедел индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында биыл шiлде айының басында «Хлопкопром-целлюлоза» ЖШС-i және «Oxy Textile» кәсiпорындары iске қосылғаны мәлiм. Жалпы, «Oxy Textile» ЖШС-нiң кешендi авто­мат­тандырылған жiп иiру-орау фаб­рикасының құрылысы 2008 жылы басталған-ды. Әлемдiк қаржы дағ­дарысының қыспағында қалдыр­мастан мемлекет бұл кәсiпорын жұмысының орта жолда қалмауының бар амалын жасап бақты. Соның нәтижесiнде елiмiз тоқыма өндiрiсiндегi ең соңғы жаңа технологиямен жұмыс iстейтiн қуатты өндiрiс орны Шымкентте, осы «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында пайда болды. Ол 1 шiлдеден бастап жұмыс iстеуде. Кәсiпорынның өз қаржысы 1809,3 млн. теңгенi құрады. Ал, «БРК-лизинг» акционерлiк қоғамы арқылы 4070,3 млн. қаржы тартылды. Жылына 6 мың тоннадан астам мақта талшығын өңдеп, 20-дан 80-ге дейiн жiп түрлерiн әзiрлей алатын өндiрiс орны болашақта оңтүстiк өңiрiнiң мақтанышына айналмақ. Қазiрден бастап мұның өнiмдерiне тапсырыс түскен. Екi жылдық тауарлардың барлығын Германияның «Бимеко» кәсiпорны «құда түсiп» қойыпты. Жiп иiру қондырғыларын Жапониядан, Швейцариядан, Германиядан әкелiп орнатқан. Кәсiпорында қазiрдiң өзiнде 260-қа жуық жұмысшы еңбек етуде. Ал, «Хлопкопром-целлюлоза» ЖШС-нiң президентi Ермек Абасов­тың ай­туына қарағанда, мұндай кәсiпорын Қазақстанда бiреу әрi бiрегей саналады. Аталмыш кәсiпорын «БРК-лизинг» акционерлiк қоғамы арқылы 2190 млн. теңге несие алды. Ал, өз қаржысы 1660 млн. теңге болды. Мақта қалдықтарын өңдейтiн кәсiпорыннан алатын өнiмдер ерекше. Мәселен, гигроскопиялық мақта кез келген мемлекетте шығарыла бермейдi екен. Бұл мақта медицина өндiрiсiнде кеңiнен пайдаланылады. Косметология үшiн де қолданылады. Кәсiпорынның екiншi бағыты целлюлоза өндiрiсi болып отыр. Ол жылына 6 мың тоннадай шикiзат өңдеуге қабiлеттi. Тазартылған целлюлозаны фармацевтика саласында, мұнай өңдеу өнеркәсiбiнде қолдануға мүмкiндiк мол. Бiр сөзбен айтқанда, кәсiпорын қалдықсыз технология бойынша тиiмдi жұмыс iстейдi. Үшiншi нысан – «Ютекс-KZ». Ол да «БРК-лизинг» акционерлiк қоғамы арқылы 11685 млн. қаржы алды. Ал, өзiндiк қаржысы 3664,8 млн. теңгенi құрайды. Аталған кәсiпорындар шикiзаттан тапшылық көрмейтiн болады. Мәселен, «Oxy Textile» ЖШС-нiң Мақтаарал ауданында мақта плантациялары бар. Мұнда 145 мың тоннаға дейiн «ақ алтын» жинауға әбден болады. Ал, «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймақтағы» үш кәсiпорынның жобалық қуаты 125 мың тоннаны құрайды. Жасыратыны жоқ, бүгiнде оңтүстiк мақташылары үшiн «ақ алтын» өсiру­мен қатар, жиналған өнiмдi өткiзу­дiң өзi проблемаға айналып тұрғаны рас. Жоғарыда айтып өткенiмiздей, «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағындағы» ашылған «Oxy Textile» мен «Хлопкопром-целлюлоза» жауап­кершiлiгi шектеулi серiктестiктерi бұл қиындықтан құтқаратыны сөзсiз. Олар жұмыс iстей бастады. Ал, осы жылдың аяғына дейiн «Ютекс-KZ» кәсiпорны iске қосылмақ. Егер үш фабрика толық қуатында жұмыс iстейтiн болса, облыста өндiрiлетiн барлық мақтаның 40 пайызын өңдеуге мүмкiндiк беретiн көрiнедi. Бағалай бiлген кiсiге оның өзi үлкен жетiстiк. Мамандардың айтуынша, мақта кластерiнiң алғашқы қарлығашы саналатын кәсiпорындар қызметiн бас­таса, облыстағы 1 миллионға жуық мақташылардың мүддесiн көздейтiн басқа да ұтымды жобалар кезегiн күтiп тұрған сыңайлы. ҚАРЖЫНЫ ТИІМДІ ИГЕРУ Әлемдiк қаржы дағдарысының сал­қыны оңтүстiк өңiрде аса сезілiп жатқан жоқ. Өйткенi, облыс экономикасы қаржыдан пәлендей тарыға қоймады деуге болады. Облыстық қаржы басқармасының мәлiметiне сүйенсек, биылғы алты айда облыс бойынша бюджеттiң кiрiстер бөлiгi 101,1 пайыз өтелдi. Жоспардағы 129224,1 млн. теңгенiң орнына 130665,5 млн. түстi. Оның iшiнде жергiлiктi бюджетке түсетiн салықтар мен басқа да түсiмдер 22971,3 млн. теңгенi құрап, 107,7 пайызға орындалды. Сөйтiп 1636,3 млн. теңге кiрiс артық түстi. Осылай жергiлiктi бюджетке түсетiн салықтар мен басқа төлем көздерiнiң жылдық жоспары 4,6 млрд. теңгеден астам қаржыға ұлғайтылды. Бұл құптарлық қадам, әрине. Ал, бюджеттiң шығыстары 97,3 пайызға орындалды. Сөйтiп, облыс бойынша 2,7 млрд. теңгеден астам қаржы игерiлмей қалды. Рас, былтыр осы кезеңде жаратылмаған қаржы 4,6 млрд. теңгенi құраған едi. Өткен жылғыдан едәуiр алға жылжушылық бар деп өзiмiздi өзiмiз жұбатқанымызбен, орнын таппаған қаржы ойландырмай қоймасы анық. Игерiлмеген қаржының көп мөлшерiн республикалық бюджеттен бөлiнген нысаналы трансферттер құрайтыны көңiлдi күптi етiп тұр. Мәселен, бiлiм беру саласында 501,5 млн. теңге жаратылмады. Республикалық бюджет есебiнен бiлiм беру нысандарының құрылысына бөлiнген қаржының 128,6 млн. теңгесi атқарылған жұмыстардың көлемi жетпегендiктен жұмсалмапты. Атап айтқанда, игерiлмеген қаржы Шымкент қаласында 86,5 млн. теңге. Оның 33 миллионы «Қайтпас-1» мөлтекауданындағы 1200 орындық мектепке, 38 миллионы «Самал-3» мөлтекауданындағы осындай типтi мектепке, 15,5 миллионы «Асар» мөлтекауданындағы 280 орындық балабақшаға тиесiлi. Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылындағы 1200 оқушыға арналған Фуркат атындағы мектепке қаралған қаржының 34,7 млн. теңгесi, Бәйдiбек ауданындағы Н.Арапов атындағы мектептiң құрылысы бойынша 6,6 млн. теңге жаратылмаған. Осындай миллиондармен, тiптi миллиардтармен есептелетiн сандарды одан әрi таразылап көрсек, оның объективтiк және субъективтiк себептерiн тап басып, кiмнiң кiнәлi екенiн анықтауға да болады. Жалпы, құрылыс барысында басы артық шығындарды кемiтудiң жолдары табылады. Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ Оңтүстік Қазақстан облысы

3493 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5873

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5520

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3257

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2641

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2602

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2580

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2314

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2297

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы