• Қоғам
  • 29 Шілде, 2010

Көп қабатты үй немесе күрмеуі көп мәселелер

Әлхисса, бұл мәселені әлеуметтік емес, мәңгі тұрмыстық мәселе десе де болғандай. Жетпісінші – сексенінші жылдары «хрущевка» деп аталатын аядай-аядай бөлмелері бар үйлер салынып, қала тұрғындары бірінің үстіне бірі тоғытылған тоқтыдай топырлап қоныстанған болатын. Сол жылдары боз даламыздың бір бозторғай ақынына облыстың бірінші хатшысы тоғызыншы қатардан үй беріп, оның «өзім кішкентай адам едім, енді тоғызыншы қабаттан торғайдай болып көрінетін болдым» деген ащы мысқылы осы күнге дейін жадымызда жатталып қалды. Одан бері талай жылдар жылжып өтті. Еліміз сан ғасырлар аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Егемендік алған өтпелі ке­зеңдерден кейін, қаланың эконкомикалық хал-ахуалы күрт жақсарып, аз мерзімде қайта өрлеуді бастан өткерді. Соған байланысты тұрғын үй құрылысын салу қарқындап, жан-жақтан келіп қоныстанушылар саны күрт артты. Осы тұста, жерінің көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынды иеленетін дарқан даланы мекендеп, еркіндікке үйренген халқымыздың менталитеті тағы да ескерілмеді. Тіпті кешегі кеңестік кезең салып кеткен соқпақпен, сәулетшілеріміз қабат - қабат үйлердің құрылысын жобалауға жарыса жармасып, жаңа мөлтекаудандар саңырауқұлақтай қаптап бой көтерді. Соның нәти­жесінде күнделікті тұрмысқа ыңғай­лы жеке үй мен сәулетті сарай салып алуға қалтасы таяз қарапайым қара халық сол үйлерге амалсыз тұрақтап, лифтісі жарамсыз болса, айында-жылында аяғы жерге бір тигенге мәз болып, өмір сүріп жатқан жайы бар. Әрине, бұрын өзге ұлттың өкілдері басым болған шырайлы шаһарларға өз ұлтымыздың қоныстануы қуанарлық өзгерістер. Бұл жердегі мәселе, көк бөрінің бөлтіріктерін қанша асырасаң да далаға қарап ұлып, еркіндігі мен туып-өскен ортасын аңсап, ұзақ жылдар азапқа түсетіндігінде болып отыр. Сондай-ақ олардың, көпшілік қолда­нысындағы мекен-жайда тұруға дағды­ланбағандығынан, оны ұстап-тұтыну талаптары мен тәр­тіптеріне бірден көндігіп кетуі­нің қиындығында болып отыр. Соның бүгінгі күні байқалып отырған кейбір көкейкесті мәселелерін атап өтер болсақ, бітпейтін бір жыр. Рас, бұл орайда тек қана көп қабатты үйдің тұрғындарының ғана емес, бүкіл қоғам­ның тұрмыстық хал-ахуалы мәдениетінің өзекті проблемасына айналғандығын да ескеруге тура келеді. Сол себептен көпшілік қоныстанған үйлердің тыныс - тіршілігін осы күннен бастап зерттеп, зерделеп күндердің күнінде үлкен әлеуметтік тығырыққа тірейтіндей етпей шешіп отырудың қажеттігі туындауда. Мысалы, шарлы қалалардың тұрғын үйлері, күнделікті көлік жүретін көшелер мен айқұш-ұйқыш су жүретін жер асты құбырларының үстіне, көгілдір отын тартылған желілердің ортасына орналасқан. «Жазатайым жер астының құбырлары істен шықса, тұрған үйіміз құрдымға түсіп кетсе ше, газ құбырлары жарылып, көп адам қоныстанған үйлердің күлі көкке ұшса ше?!» деген ойдың да мұндайда маза бермейтіні бар. Жасыратыны жоқ, осындай қауіп - қатерді ойласақ, төбе шашымыз тік тұрады. Бүгінгі таңда қала тұрғындары­ның қауіпсіз тұрмыс-тіршілігі жан-жақ­ты ой­ластырылмағандықтан, коммунал­дық қыз­мет көрсетуші­лердің салдыр-са­­лақ­тық­та­рынан орын алған өкініштерден де да құр алақан емеспіз. Соның бір көрінісі: осыдан бірер жыл бұрын Ақтөбе қаласының Тургенев көшесіндегі құбыры ойылған апанға 12 жасар Данияр есімді бала түсіп кетіп, оның денесі бірнеше күн өткен соң, су сүзгілерінің бірінен табылған-ды. Оның бер жағында, есігі ашық тұрған лифтінің шахтасына түсіп, ажал аузынан қалған мектеп оқушысының басынан кешкен оқиғасының өзі неге тұрады?! Осындай аяқ астынан болатын қайғылы оқиғаларды болдырмаудың, алдын алудың амалдары бар ма?! Мұндай апатты оқиғаларға алдағы уақытта тосқауыл қойылып, жауап беретіндер табылмайтын болса, қалада өмір сүру қауіп-қатерінің күн санап өспейтіндігіне кепілдік беру де қиын. Тағы бір өзекті мәселе, шатыры мен шарбағы, суы мен жы­луының құбырлары бір-бірі­мен қиылысып, тоқсан тараумен тоғысатын осындай ортақ үйді пайдаланудағы тұрмыстық міндеттердің бастысы – тазалықты сақтау екендіктерін бірқатар тұр­ғындардың түсінбейтіндігі. Әсі­ресе, бірқатар ағайын­дар «са­нузель­дерді» қолдану тәр­тібін, тазалақты сақтауға құлық білдір­мей, майлы тағамдар қалдығын қуық­тай құбыр тесіктеріне құя салудан, қоқыстарды көрінген жерге тастай салудан жалығар емес. Сонымен қатар, үйлердің кіре берістерін күл-қоқысқа толтыратын көршілерге «ә дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмауынан, әу бас­та пайдалануға берілгенде мұнтаздай подъездердің, араға уақыт салғанда, қандай күйге түскенін көргенде, жағаңызды ұстайсыз. Ал, шынтуайтқа келгенде, көпшілікке арналған мұндай баспаналар салдыр-са­лақ­тыққа төтеп бере алмайды. Оның тұрғындары ең бірінші жан-жағындағылардың ескерт­пе­лерімен санасуды үйренуі тиіс. Мұндай үйлер тек қана бір пәтер иесінің жеке меншігі емес, барша пәтер иелерінің ор­тақ меншігі, ортақ- байлығы, тұрса бас­панасы, сатса ақшасы, сондықтан оның күтіміне барша тұрғындар бір кісідей үлес қосып, жекеменшігі ретінде, көздің қарашығындай көріп, сақтауды үйренуі керек. Бүгінгі күні «үй менікі деме, үй артында кісі» бар деген қазақы әдептіліктен де жұрдаймыз. Се­бебі жоғары қатардағылар «тө­менде үй бар-ау» деп, оларға ізет­тілік білдірмейді, төмендегілер «жо­ғарыда өзіміздей адамдар тұрады-ау, олармен санасайық» деп сыпайлық сақтамайды. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, ортақ төбе ортаға түсіп, тұтас қабырға құласа да бәрібір дегендей, кез келген уақытта, кезкелген пәтерге еурожөндеу жүргізілетін болды. Осындай бәсекелестікпен көп қабатты үйлердің, олардың осындай жөндеуді жүргізуге жататын-жатпайтындығына қара­мас­тан, тіреулері жылжытылып, қабыр­ғалары құлатылып, төбеден дүрсіл, төменнен гүріл кетпейін тірші­лікке кенелдік. Өз кезегінде осы «дизайнерлердің» бірінің балтасы мүлт кетсе, бірімен-бірі матасып тұрған тас бетондар опырылып кетіп, алаңсыз отырған көрші-қолаңдар астында қалса ше?! Бұл да ықтимал нәрсе. Тек «бір құдай сақтасын» деп құлағын түріп, жарды тескен гүрілге, еденді дүрілдеткен дүрілге елеңдеп отыратындардың саны күн санап өсуде. «Сақтанғанды сақтармын» дегендей, мұндай бейбастықтар түптің - түбінде бір пәлеге ұшыратып, сосын барып кінәлілерді іздемесек болғаны. Сөз орайында айта кету керек, тағы бір шешілмей келе жатқан мәселе, көпшілік тұратын үй­лердің бірқатар пәтер иелері еурожөндеу жасап, ішін қымбат жиһаздарға толтырып қойса да, ай сайынғы коммуналдық қызметке төлейтін төлемақыға келгенде, түрлі сылтау айтып, сынаптай сырғуды әдетке айналдырған. Осындай есік алдын сыпырушыға, басқа да ұсақ-түйек қажеттіліктерге міндетті түрде төлеуге тиісті төлемдерді берсе қолынан, бермесе жолынан алуға құзырлы органның қажеттігі де әлдеқашан сезілуде. Осылайша көп қабатты үйлер­дің қазіргі жағдайын, алақанда­ғыдай етіп, алда­рыңызға жайып салуыма тура келді. Себебі өзім де осындай үйлердің бірінде тұ­рамын. Осыдан келіп ескеретін жай, жүздеген адамның өмірі бір желіге көгенделгендей, төбесі мен едені тұтас, суы мен жылуы бір, көп қабатты үйде тұрып жатқандардың көкейтесті сауалдарына уақытында көңіл бөлетін мемлекеттік мекеме­лер­дің жұмысын жандандыру керек. Зияш Телеуова Ақтөбе

3129 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5890

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5531

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3268

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2653

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2614

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2591

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2325

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2308

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы