• Руханият
  • 25 Қазан, 2018

Баба есімі - ел жадында

Ұлы ойшыл, орақ тілді шешен, көріпкел әулие Мөңке Тілеуұлы туралы аңыз-әпсаналар ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, бүгінгі күнге жетті. Ахмет Байтұрсынұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытов, Балқы Базар, Саршолақ шайыр, Нұрпейіс Байғанин және басқалары ел аузындағы тарихи тұлғаны өз шығармаларына арқау етіп, баға жетпес мұра қалдырды. Десек те, баба бейнесін толық танып білуге, жарқыратып көрсетуге  еліміздің Тәуелсіздігі кеңінен жол ашты. 

Жазушылар мен ғалымдардың, жур­на­листердің, зиялы қауым өкіл­де­рінің биік мінбелерде, мерзімдік басылым­дар­да жұмыла қимылдап, ой қозғауы нәти­жесінде Қазақстан Республикасы Үкіме­тінің жанындағы мемлекеттік оно­мастика комиссиясының 2001 жыл­дың 11 сәуіріндегі №1043 ұйғарымы негізінде Ақтөбе облысының Шалқар ауда­нындағы Қайыр ауылы Мөңке би есіміне өзгертілді. Облыс әкімінің 2002 жылғы 28 қарашадағы №379 өкімімен Ақтөбе қаласында бабаның ескерткішін орнату белгіленді. Келесі жылы 3 қазан­да облыс орталығында «Мөңке би Тілеуұлы – дана ойшыл, әйгілі жырау, ке­мең­гер би» атты ғылыми-танымдық кон­­фе­ренция өткізіліп, Әбілқайыр даңғы­лы мен 101 атқыштар бригадасы көше­сінің қиылысындағы алаңда ескерт­кіш салтанатты жағдайда ашылды. 2006 жылғы қыркүйек айының 22-23-і күндерінде тарихи тұлға есімі берілген ауылда (Шалқар ауданы) рухына тағзым ету ретінде ас берілді, ұлттық спорт түр­ле­рінен жарыстар және ақындар айтысы ұйымдастырылды, жұртшылық өнер ұжымдарының концертін тамашалады. Сол бір қуанышты күндерде ұлы ойшыл мүсінін өзінің есімімен аталатын өңірде орнату жөнінде идея ортаға салынды. Мүсінді суретші Сағынтай Әлімбетовтің портреті негізінде Қордайдың гранитінен мүсінші Алтай Бейсенов пен сәулетші Бақытжан Қосанов жасады. Тұрғылықты халық арасында үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізуді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры Мұқанбетқали Бүркітбаев, кәсіпкерлер: Еркін Ержанұлы, Сағитжан Серікбайұлы, Аманғазы Бақтыбаев, Бақытжан Ержанов міндетіне алып, алғашқылар санатында қаржылай үлес қосты, оларға Жоламан Алдияров, Жұманазар Асанов және басқалары қолдау жасады. Ескерткіш орнатылатын орынға ауыл ортасында жаңадан ашылған демалыс саябағы ұйғарылды. Айта кету керек, саябақты елді мекенде Мұханбетқазы Тәжин атындағы орта мектепті әр жылдары бітірген түлек­тер «Туған жерге тағзым» аясында өз күшімен жасап, жабдықтаған болатын. Мөңке би ауылында ескерт­кішті ашу салтанаты жұртшылықтың белсене қатысуымен кең ауқымда өткізілді. Баба аруағының қолдауы, халықтың ықыласы дейік – табиғат ерекше мейірім шуағын төкті. «Тойхана» ғимаратында, жағалай тігілген киіз үйлерде ас берілді, Мұқанбетқазы Тәжин атындағы орта мектепте «Мөңке Тілеуұлы – би, болжампаз, ұлы ойшыл және дала данышпаны» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. «Жастар» саябағында ескерткішті ашу құрметіне қойылған театрландырылған көрініс қойылды. Онда Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының және «Екі езу» миниатюралық театрының актерлері Толағай Қарасаев, Жасұлан Симанов, Гүлзат Ермағанбет Мөңке бидің, Сырым Датұлының, Мөңкенің қызы Шынардың шынайы бейнелерін сомдап, тарихи тұлғаларды асқақтатты. Шалқар ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жанболат Жидеханов (әкім Бауыржан Қаниев жылдық еңбек демалысында – Ж.Қ.), бидің ұрпақтары атынан еңбек ардагері Базарбай Сәрсенов сөйлегеннен кейін ескерткіш жамылғысы түсірілгенде жиналған қауым кемел тұлғаның жарқын бейнесіне қуана қол соқты. Конференцияда мөңкетанушы, филология ғылымының докторы, профессор Жұманазар Асанов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бердібай Кемал тартымды баяндамалар жасап, ғалымдар мен жазушылар туындыларынан айшықты мысалдар келтірді, мұрағат деректерін ортаға салды. Көпшілікті қуантқан жағымды жаңалық – даңқты өнер тарланы Тұяқберді Шәмеловтің тынымсыз ізденістері нәтижесінде Мөңке бидің төрт күйінің Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің репертуарына енгізілуі болды. Танымал күйшілер, республикалық конкурстар лауреаттары Талаптан Хамзин мен Нұрболат Жанаманов орындаған Мөңке бидің және Қазанғаптың күйлеріне жұртшылық сүйсіне қол соқты. М.Тәжин атындағы орта мектептің мұғалімдері мен оқу­шылары айтулы шараға ықыласпен дайын­далған. Мұғалім Жанар Қорған­бай­қызының сөзіне Есенжол Өтебасов әуенін шығарған ән тыңдарман жүрегіне жол тапты. Баяндамашылар мен өзге де сөйлеу­шілер бұған дейін бабаның ұлықтау шара­­ларының басы-қасында жүрген Кемейдулла Төлеубай, Төлебай Құр­маналин, Сматолла Беркімбаев, Жолдыбай Жүсіпов, Болат Тәмпенов және бас­қаларына ризашылық сезімдерін білдірді. Ақтөбе облысында қанат жайған шаруаның бірі – «Туған жерге тағзым» акциясы. Ас қарсаңында кәсіпкер Бақытжан Ержанов он төрт миллион теңгеге орта мектеп ауласында футбол алаңын салып берген болатын. Осы алаңда бірнеше ауылдық округтердің командалары кездесулер өткізіп, шеберліктерін көрсетті. Аламан бәйгенің, құнан бәйгенің, тай жарысының жеңімпаздарына алды алты жүз мың теңге – соңы жүз елу мың теңге аралығында бәйгелер тапсырылды, ұлттық спорт түрлерінен жарыс жеңімпаздары да құр қалған жоқ.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, Қазақстанның Құрметті журналисі Ақтөбе

1701 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9043

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7216

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4955

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4342

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4305

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4266

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4000

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3993

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы