• Қоғам
  • 27 Қазан, 2010

«Екі тілде сөйлейтін сирек Президенттердің бірі шығармын»

11-1Елбасы Ассамблеяға мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді тапсырды

«Еліміздегі татулық пен тұрақты­лықтың алтын арқауына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 15 жыл толды. Осыдан 15 жыл бұрын іргесі қа­лан­ған Ассамблея өркениетті әлем­ге өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді. Қоғамдық келісімнің кепілі болған Ассамблея еліміздегі тұтастықтың тұтқасына, бірліктің діңгегіне, достықтың дәнекеріне айналды». Елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Ынтымақтық ұйытқысы – Ынтымақты ырысқа, алуан­дық­ты байлыққа балаған біз бірліктің қа­зақстан­дық бірегей үлгісін қа­лыптастырдық. Бұл «Біз, Қазақстан хал­қы...» деп басталатын, Ассамблея­мен тұстас өмірге келген келелі Конституциямызда берік көрініс тапты. Біздің дұрыс жол таңдап, ізгілік пен сенімге негізделген парасатты саясат жүргізгеніміз­ді сара уақыт­тың өзі дәлелдеп берді. Бей­бітшіліктің белдеуі болған қазақ жерінде бабалар аңсаған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» орнады. Өнегелі ізгі бастамаларымен жаһандық бейбітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжірибелері әлем жұртшылығына үлгі болды. Бағзы мен бүгінді жалғаған қа­зақ жері адамзаттық ауқымдағы игі істердің ұлағатты ұйытқысына айналды, – деп Елбасы үлкен мақтанышпен атады. Расында, Қазақ елін өздерінің Ота­ны санайтын сан түрлі этнос өкіл­дерінің бір жерге жиналып ақыл­дасар, ой түйер қоғамдық мін­бері­нің осы жылдар ішінде өз дамуы­ның жаңа биігіне, жаңа сатысына көтерілгені анық. Заңдық негізде орны белгіленген Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің жоғары өкі­летті органы – Парламентке депу­тат сайлайтын құқықты иеленді. Бұл күнде Қазақстанның осы ұста­нымына қызыға қарайтындар көптеп табылады. Осы уақыт аралығында Ассамблея қабырғасында діни наным еркіндігі тура­лы, тілдер туралы, қоғамдық бір­лес­тіктер, Қазақстан халқы Ассам­блеясы туралы заңдар жүйесін қамтитын этносаралық және конфессияаралық теңдіктің құқық­тық базасы, елдің даму жолын айқындайтын Ассамблея стратегия­сы, Қазақстан Рес­публикасының тілдерді қолдану мен дам­ытудың мемлекеттік бағдарламасы, “Қо­ғам­ның идеялық ұйысуы – Қазақстан дамуының басты шарты” тұжы­рымдамасы, Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы сынды іргелі құжаттар қабылданыпты. Сонымен қатар мемлекеттің этнос­ара­лық саладағы саясаты береке-бірлік қағидатымен жүр­гізіліп, ол тіл саясатында ба­рын­­ша айшықты көрінді. Бүгінгі күні мемлекеттік тіл­де оқы­татын мектептер желісі ке­ң қанат жайды. Қазір таза қазақтілді мектептердің саны төрт мыңға жетіпті. Бұл 90-шы жылдардың басындағыдан 2 есе көп. Одан бөлек, мемлекеттік тіл үйренемін деушілерге қазақ тілін оқытатын жүзден аса ор­талықтың жұмысы жолға қойылды. Қазақтілді БАҚ-тарға жан-жақ­ты қолдау көрсетіліп, оның саны 7 есе көбейген. Елімізде өмір сүріп жатқан этностардың тілдері мен мәдениет­терін мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесі де ойдағыдай жұмыс істеп келеді. Этносаралық қатынастардың қаржылық және материалдық базасын нығайтып, соңғы 9 жылда ұлттық театр­ларды мемлекеттік қолдаудың көлемі 4,5 есе дерлік өскен. Сондай-ақ Ассамблеяның ин­фра­құрылымы кеңейген. Бүгінде елі­міз­дің барлық өңірлерінде 820 этно­мә­дени бірлестік табысты жұмыс істеуде. Осылайша Қазақстанда қазіргі кез­де ұлтаралық және конфессия­ара­лық келісімнің тиімді жүйесі қалыптасқан. Сөйтіп, Ассамблеяның тарихы халық пен елдің шынайы қуаты неде екенін көрсетіп берді. Ассамблея азаттықтың жаршысына айналуы керек Президент келер жылы Ассамблея алдында ұлттық бірлікті нығайтумен байланыс­ты бірқатар жаңа міндеттер тұрғандығын атап, нақты тапсырмалар берді. Солардың ең алғашқысы – еліміз Тәуелсіздігінің  20 жылдығына қадам басуы.  Бұл мерейтой – Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға. Сондықтан да Елбасы Қазақстан халықтар Ассамблеясының бұл бағыттағы шаралары патриоттық тұрғыда жар салған сөздерден емес, нақты істер мен жауапты қадамдардан көрінуі тиіс екендігін атады. «Қазіргі кезде Үкімет Тәуелсіздіктің 20 жылдығына Жалпыұлттық дайындық жоспарын жасап жатыр. Ассамблея оны дайындауға белсене қатысуы тиіс». Ассамблеяға сондай-ақ Қазақ­стан­ның табыстарын насихаттау, таяудағы он­жылдыққа арналған мін­деттерді түсіндіру жүктеліп, Білім және ғылым министрлігі­мен бірлесіп білім беру мекемеле­рінде – балалар бақшасынан бас­тап жоғары оқу орындарына дейін – Қазақстан­дағы этносаралық қатынастардың тарихы туралы, патриотизм туралы арнайы бағдарламаларды жасап, енгізу міндеттелді. Сондай-ақ Мем­ле­кет басшысы 1 мамырды бұқа­ра­лық тойлау туралы бастаманы жария етті. «Бірінші мамыр – Қазақстан хал­қының бірлігі күнін ел этностары достығын жаппай көрсету мерекесіне айналдыру керек». Н.Назарбаев Ассамблеяға Мәдениет ми­нистр­лігімен бірлесіп, жас­тар үшін біз­дің қоғамымыздағы төзімділік пен келісім тақырыбын ашып көр­сететін көркем фильмдер сериясын жасауды да тапсырды. Бұл фильмдерде Қазақстан қоға­мында нағыз келісім орнағандығы, адамдардың бір-бірін наным-сеніміне, ұлтына және басқа да белгілеріне қарап, кемсітпейтін­дігі, төзіммен, түсіністікпен қа­рай­тындығы жан-жақты көрсе­тілуге, тақырыбы ашылуға тиіс. Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның құзырымен ұлттық театр­лар фестивалін ұйымдастыру, телевизияда жаңа Қазақстан­ның қалыптасуына үлес қосқан түр­лі этностардың көрнекті өкіл­дері туралы әңгімелейтін хабарлар циклі шығуы да басты назарда болмақ. Елімізде жуырда ғана ашылған Ұлттар театрына қолдау көрсетіледі. Үкіметке осы театрға ықпал ету тетігін қарастыру тапсырылды. «Қазіргі кезде сондай-ақ этнос­ара­лық қатынас мәселелеріне ар­нал­ған ғылыми зерттеулер жүйесін дамыту да маңызды. Біздің төзімділік моделімізді ортақ түсіну мен жетілдірудің жаңа тетік­терін жасау мақсатында бұл мәселеде терең де жүйелі көзқарас қажет. Ассамблея Хатшылығына осы мәселелермен нақты айналысатын құрылымдардың жұмысын саралау керек», – деген Президент олардың әлеуетін біріктіріп, Еуразия университетінің жанынан Этносаралық қатынастарды зерттеу ор­та­лығын құруды ұсынды. Астанада этникалық ауыл бой көтереді Өзінің жаңа ұсыныстарын жария еткен Мемлекет басшысы Ассамблея Хат­шылығына, «Са­мұ­­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қо­рына Астана әкімдігімен бірле­сіп, Астанада этностық ауыл құру жөнінде тапсырды. Қазақстан халқының эт­ни­калық және мәдени әралуанды­лы­ғын және өзіндік ерек­шелігін сақтаудың жаңа тәсілдерін із­дес­­тіру керек, – дейді Нұрсұлтан На­зар­баев. Ел басшысы осындай этноауыл жасаудың жақсы тәжіри­бесі Шығыс Қазақстаннан та­­былатындығын атады. Дәл қазір қазақ елінің бас қаласында «Атамекен» Қазақ­стан картасы» этномемориалдық кеше­ні бар, одан айырмашылығы жаңа этно­ауыл ұлттық нышандарға мей­лінше қанық болатынға ұқ­сай­ды. Барлық ұлттық мәдени ор­талықтарды жаңа этникалық ауылды құруға атсалысуға ша­қыр­ған Президент: «Бұл ас­та­налықтар үшін де, қаланың қо­нақ­тары үшін де барып қы­­зықтаудың және туризмнің жақ­­сы орны болады» деп түйді. Тіл – достықтың алтын көпірі Елбасы тапсырмаларының ішіндегі ең өзектісі, ойға қонымдысы мемлекеттік тілді дамыту туралы айтқаны болды. «Мемлекет­тік тілді дамы­ту маңызды басымдық болып қала береді. Біздің мақсатымыз – мемле­кет­тік тілді Қазақстанның барлық аза­маттарының меңгеруіне қол жеткізу. Бірақ басқа этностардың құ­қық­тарына қысым көрсетілмеуі тиіс. Түрлі қарым-қабі­лет, адамның жасы, мүмкіндіктері – осының бар­лығы ескерілгені жөн. Жақында менің тапсырмам бой­ынша қазақ тілінде хабар тара­татын «Балапан» балалар телеарна­сы ашылды. Кезекте – «Мәдениет» және «Білім» телеарналарын құру міндеті тұр». Елбасы бүгінгі күні дайындалып жатқан «Тілдерді пайдалану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жобасын Ассамблея мү­ше­лерінің, қоғамдық бірлестік­тер­дің қатысуымен мұқият талқылау қажет екендігін атады. Ұлт көшбасшысының бұл сөзін сессия барысында мінберге шығып сөз алған азаматтар да қолдап, ана тіліміз­дің айбынын асқақтатты. Қазақ ешкімнің маңдайынан шерткен емес Жалпы, сессиядағы жарыссөз кезінде Мемлекет басшысы қазақ тілінің тағды­рына қатысты ойларын бірнеше жерде ортаға салды. Мәселен, Қазақстан корейлері ассоциа­циясының президенті Роман Ким мемлекеттік тілді үйрету мен үйре­ну жайына баса мән берді. Оның айтуынша, қазақ тілін үйренуге тіпті сонау Корея елінде де ықылас бар көрінеді. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары күштеп көшіріліп, осында қоныстанған корейлерге қазақтардың қалай пана болғанын айтқан ол: «Тілді үйрену – барша қазақстандықтардың парызы. Тілді үйрену бұл біздің міндетіміз ғана емес, моральдық және адамгершілік қасиетіміз бо­луы тиіс» деген сөзіне, «Тәуел­сіздіктің жиырма жылына жуық уақыттың ішінде Қазақстан барлық азаматтарға мемлекеттік тілді меңгеруге байланысты бірдей мүм­кіндік берді, біз кей елдердегідей тілімізді білмегендерге елден кетіңіздер деген талап қойған жоқпыз. Біз олай етпейміз. Біз басқаша бітімдегі халықпыз. Біз жұрттың бәрін түсінуге тырысатын, жұрттың бә­рін құшағымызға алуға дайын тұра­тын халықпыз. Ешкім де қазақ­тарды өзгелерді тілді білмегені үшін кемсітті деп кінәлай алмайды. Ортақ тілді білу қай-қайсымызға да қажет. Осылай ету арқылы біз бір халыққа – Қазақстан халқына бірі­геміз, бір-бірімізге жақынырақ бола түсеміз. Алайда қазақтар өз тілінің болашағына алаңдаса, оны басқаша түсінетіндердің табы­ла­тыны бар. Егер Ассамблея мүше­лері мемлекеттік тіл мәселесіне көбірек түсіне қараса, біз нағыз біртұтас елге айналамыз. Шынында, көп тіл білген адам – нағыз бай адам. Бұл үшін тиісті жағдай жасау, қажетті орта қалыптастыру, тілді түсінікті, оңайлатылған тәсілдермен үйрету керек. “Ұлтаралық қарым-қатынас­тарда, тіл саясатында қазір бізді өзгелерге үлгі етеді. Өйткені біз бұл мәселелерге өте сергек қарап келе­міз. Тіл мәселесімен күнбе-күн ай­на­лысу керек. Бұл – өте нәзік мате­рия», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасының арманы Елдегі тілдің үштұғырлылық тұжырым­да­масына байланысты мемлекеттік тілді барша жұрттың меңгеруге міндеттілі­гін, сонымен бірге ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі орыс тілінің, әлемдік ақпараттың, жаңа технологиялардың тілі ретіндегі ағылшын тілінің маңызын әңгімелегенде Елбасы: «Егер Қазақстан хал­қы Ассамблеясының мүшелері мен бү­кіл көпұлтты Қазақстан мемлекеттік тілге бет бұрса, біз бұдан бір-бірімізге жақын бола түсіп, бір-бірімізді жақсы түсінетін боламыз... Мен, сірә, екі тілде бірдей сөйлеуге тура келетін сирек Президенттердің бірі шығармын. Ал мен тек мемлекеттік тілде ғана сөйлейтін және бәрі мені түсіне­тін күнді армандаймын», – деп көкейінде жүрген арманын да ашық айтты. Сосын Нұрсұлтан Әбішұлы ана тіліміздің қазіргі шешілмеген мәселелерінің бірқатары, оның беделі, қолданылу аясы көбіне-көп мемлекетке де, Үкіметке де, министр­лік­ке де емес, қандастарымыздың өзі­не, ұлтжандылығына, намысшылдығы­на қатысты екендігін баса айтты. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін деп мен қашанғы айтамын? Арамызда өзге ұлттың бір адамы отырса сол тілге көшуге мәжбүр болатын кешегі күніміз өтті ғой. Талайлар жұмыста да, үйде де, көшеде де өз тілінде сөйлемей, сорлы күйде жүргеніне қалайша қаның қайнамайды?! Мынандай уақытта да әлі күнге талай қазақтың баласы, немересі қазақ мектебіне, қазақ балабақшасына бармайды. Басқа ұлттың балалары қазақ мектебіне барып жатқанда да бұрынғы қалпынан қайтпайды. Сонда біз өз тілімізді кімге міндет қыламыз?» – деп ашынды. Сессияға қатысушылардың баянда­ма­ларында Ассамблеяның қоғамдық келі­сім мен бейбітшілікті қамтамасыз етудегі рөлі аталып, Мемлекет басшысының қой­ған жаңа міндеттері қолдау тапты. Жиын соңында Мемлекет басшысы, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Назар­баев осы ұйымдағы өзінің жаңа екі орынбасарын тағайындады. Олардың кандидатурасын Ассамблея кеңесі енгізген. Сонымен ҚХА төрағасының орынбасары болып Юрий Тимошенко мен Ахметжан Шардинов тағайындалды. Тиісті жарлыққа Елбасы жиын үстінде қол қойды. Ел бірлігін нығайту, мәдениетаралық диалогты және қазақстандық патрио­тизм­ді дамытуға қосқан үлесі үшін бірқа­тар Ассамблея мүшелері «Ассамблеяның қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен» марапатталды.

Анатолий БАШМАКОВ, Парламент Сенатының депу­таты:

Кіндік қаным тамған жер

– Қазақтарда кіндік қаны тамған жердің қасиеті бар, адам сол жерге кіндігінен бай­ланады деген тамаша ұғым бар. Мен оған то­лық қосыламын. Менің кіндік қаным осы жерде тамды. Әке-шешем мен үлкен ағам осы жерде мәңгілік тыныстап жатыр. Мен тәрізді адамдар көп. Олардың барлығы өзін осы елдің ұл-қызы деп таниды. Олар – қазақ­стан­дықтар. Біздегі түрлі ұлт өзінің ерекшелігімен, мәдениетімен, тілімен қымбат. Олар бір оркестрді құрайтын аспаптар тәрізді. Ал Елбасы Ассамблеяны құруды ойластырғанда осы ұстанымды алға тартты. Бұл қағидат біздің Ата Заңымызда да өз орнын тапты. Конституцияның 98-бабының 11-і этностар арасындағы қатынас­тарды реттеуге бағытталған. Оны Қа­зақ­стан бірлігінің Конститу­ция­сы деп атауға толық құқымыз бар.

Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің бас редакторы:

Қазақ тілі ешқашан жойылмайды

90-шы жылдары Қазақстандағы жағдай мүлдем басқа, өте күрделі еді. Дәл бүгінгідей жағдай тіпті түсімізге де кірмейтін. Өмір тез өзгерді. Өзгергенін көз көрді. Қазақ намысқа тырысып, әлем халықтарымен бәсекеге түсіп отыр. 2008 жылы бізге – бір топ қазақ бас редакторларына арнайы сұхбат бердіңіз. Сонда «Біз үйренетін ұлттан үйрететін ұлтқа айналуымыз керек» деген болатынсыз. Сол сұхбатта «Тәуелсіздікті күн сайын қорғау керек, ай сайын қорғау керек, жыл сайын қорғау керек, нығайту керек, өркендету керек» деп шегелеп айттыңыз. Тәуелсіздікті күн сайын бекіте түсетін тегеурінді тетік бар екенін де атап көрсеттіңіз. «Қазақ тілі – Қазақстан халқының басын біріктіруші бірден-бір фактор» деген сөзіңіз – соның айқын дәлелі. Өзіңіз жиі айтып жүрген бір ел, бір ту, бір тіл, бір діл қағидатын ұстану – жас ұрпақты елдікке, ерлікке жұмылдырады. Елдің бірлігі мен достығына жаңа мазмұн, жаңа серпін береді. Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін ел оқушыларының 22 пайызы ғана қазақ мек­тептерінде оқыған болса, қазір мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар саны 77 пайызға жетті. Соңғы 19 жыл ішінде жаңадан 1000-ға тарта қазақ мектебі ашылды. Қазіргі таңда отыз мыңға жуық басқа ұлт өкілдерінің балалары қазақ мектебінде оқып жатыр. Бұл – шын мәнінде үлкен жетістік. Соңғы Халық санағында «мемлекеттік тіл­ді білемін» деген адамдардың саны 65 пайыз болды. Соның 57 пайызы «қазақша оқи аламын» деген екен. Діні бір, ділі бір өзбек, ұй­ғыр, түрік, әзірбайжан, татар, қырғыз, башқұрт халықтарын қоса алсақ, олардың қатары арта түседі. Яғни бұл азаматтардың көпшілігі мемлекеттік тілді біледі, түсінеді деген сөз. Қа­зақ тілін меңгеру ісінде бiздiң мемлекеттік қыз­метшілер Президентімізден үлгі алуы тиіс. Қазақ тiлiнде майын тамызып сөйлейсiз, орыс тiлiнде сөйлейсiз, елуден асқанда ағыл­шын тiлiн үйренiп алдыңыз... Тіл мәселесі кезең-кезеңімен жүйелі шешіліп келеді. Тiлге қатысты көп сөзден гөрi айқын да нақты iстер керек. Қазақстанда тiлдi дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Ендiгiнiң бәрi өзімізге байланысты. Ал қазақ тiлiнiң болашағына күмәнмен, күдiкпен қарайтын писсимистерге айтарым: осыған дейін жойылмаған қазақ тілі өз елі, өз Мем­лекеті барда ешқашан жойылмайды.

Елена ПАВЛОВА, Қазақстан волейбол ұлттық құрамасының экс-капитаны:

Мен – қазақтың келінімін

– Мен қазақ елiнде өмiр сүрiп, көп жетiстiк­терге жеттiм. Алматы – менiң туған қалам. Мен – қазақ елiнiң келiнiмiн. Ал менiң жұбайым Асхат Житкеев Пекин Олимпиадасының жүлдегерi атанды. Сондықтан қазақ елiнiң осы саладағы жетiстiктерi – бiз үшiн үлкен қуаныш. Шетелге ел үмiтiн арқалай жетiп, барымызды салып, бақ сынасқанда бiз үшiн бiр ғана арман – «гимннiң даусы шарықтаса екен» дегенмен ұштасып жатады. Қай жерде жүрсек те, бiздiң жүрегiмiз халықтың тiлеуiмен бiрге. Бүгiнгi тұрақтылық тiлге тиек етiлген жиында менiң айтарым, волейбол құрамасында әртүрлi ұлт өкiлдерi жиналсақ та, ақтық сында тiлегiмiз бiр, бiр ортадан табыламыз. Үлкен жетiстiктерге де бiр ниет пен күштiң арқасында жетемiз. Қашанда қазақ елiнiң туы желбiресе екен деген арман-тiлекпен жүремiз. Бiз келешегiн бүгiнмен ұштастырған ел болғандықтан, бала тәрбиесiн де назардан тыс қалдырмаймыз. Мен үшiн Отан алдындағы жауапкершiлiк пен отбасы бақыты бiрiншi кезекте. Сондықтан ұрпақ тәрбиесi қай кезде де маңызды. Ұлтын сүйген ұл мен қыз қашанда ел игiлiгi үшiн еңбек етерi сөзсiз. Сол ұрпақты тәрбиелеуге әрбiр қазақстандық үлес қосуға тиiс. Дайындаған Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

3891 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6114

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5663

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3404

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2785

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2749

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2724

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2456

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2442

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы