• Руханият
  • 27 Қазан, 2010

Сөз төркіні тереңде

«Төрт көз» дегеніміз не? Қазақ тілінде «төрт көзіміз түгел жиналыппыз» деген сөз бар. Бұл – бірлікті, ұйымдасуды, яғни бір жерден табылуды білдіретін терең ұғым. Көбінесе риза болғанда, сәтімен бас қосылғанда айтылады. Ал осы сөздің мағынасы қандай? 1960 жылдарға дейін әр ауылда көпті көрген, бұрынғы ел жақсыларының көзін көріп, сөзін түйген қара шалдарымыздың төрт көздері түгел еді ғой. Біздің ауылда Қоңқа деген қарт атамыз болды. Жалғыз емес, қатары да көп еді. 1943-1945 жылдардағы соғыстан кейін Тұрмағамбет, Әміржандар келді. Алайда елдің күткен нар жігіттері майданнан оралмай қалды. 15-20 бала әкесіз қалдық жаутаңдап. Сол жаутаңкөздерді балық аулап асырайтын Қоңқа атамыз «Шәрменнің көзі», «Тайшыбектің көзі», «Садықтың көзі» деп бетімізден сүйетін. Сосын көзіне жас алатын. Сол атамыздың айтуына қарап біздер «көз» деген сөздің астарын ойымызға тоқып жүретінбіз. Сайып келгенде, «көз» деген атау заттық мағынаны, соның ішінде «ұрпақ», «адам өмірінің жалғасы» деген кең ұғымды білдіретін қасиетті әрі құдіретті сөз екені анық. Ал кейде қазақтың «көзімдей көр» дейтіні де бар ғой. Бұдан «өзімдей көр» деп есте ұстарлық ескерткіш ретінде ұсынғанда айтылатын түсінікті жайды ұғынамыз. Яғни «көз» ұғымы, бір сөзбен айтқанда, адамның өзі екенін де айқындайды. Енді «төрт көз» дегеннің құпиясына үңілейік. Кейде бір үйде, бір жерде ақылдасуға кездесе қалған адамдар «төрт көзіміз түгел отырғанда» деп марқайып қалатыны бар. Бұл жанашыр жақын адамдардың келгенін білдіреді. Сонымен төрт көз дегеніміз туыстық жақындықты айғақтап, ұлағатты ұғымға жататынын аңғару қиын емес. Сонда бұл төрт көз – ата, бала, немере, шөбере болып шығады. Бұл – отбасындағы төрт көз. Сол сияқты бұл атаудың туыстық пен жақындықты, үш жұрттық кең өрісті көрсететін де жерлері бар. Олар мынадай: Отбасы, ағайын жұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт. Қазақ елінде аттың жалы, атанның қамы, атаның данышпандылығы­мен келген өркенді өркениеттер көп екенін енді танып, енді біліп жатырмыз. Олар бай тілімізбен де, зерделі ділімізбен де, қасиетті дінімізбен де жинақталып, мыңдаған жылдар санамызға сіңірген еді. Кесірі көп кеңестік кезең ата-бабаларымыздың сол өнегелі істерін жоғалтып, өшіру­ге айналған еді. Ендігі мақсатымыз аталған ұлттық қасиеттеріміз бен үлгі, өнегелерімізді үйретуге бастайтын салт-дәстүрімізді кейінгі ұрпаққа және оның санасына жеткізе білейік, ағайын. Төрт құбыласы тең Дүние кейбіреуге кең жай беріп, Кейбірін тар қапаста зар жылатқан. Нұрхан Ахметбеков Ақын айтқандай, өмірдің жолдары мен қисыны әртүрлі болады. Соның ішінде біреуді «төрт құбыласы түгел (тең) адам» ғой деп айтылатыны бар. Бұл мал-жаны өзіне жететін, бала-шағасы көп, ағайын-туыстары бар, денсаулығы жақсы, өз өміріне өзі риза, парасатты, ақылды, беделді адамдарға арналған құдіретті, мадақ, марапат деуге әбден болады. Яғни ол бұл дүниеде армансыз, Құдай тілегін берген, ел-жұрты алдында ар-абыройы зор құрметті адам болғаны. Мұндай дәрежеге жету азаматтың өз басына, азаматтығына да байланысты болады. Ұрпақтарын халық дәстүрімен, халық ісіне тәрбиелеген, дініне берік, ел-жұрты үшін жанын аямайтын адал адамдар осындай әрқашан мақсатына жетіп, ел аузына ілігіп, сый-құрметке бөленеді. Жұрт алдында да мәртебесі де, ар-абыройы да биік тұрады. Рас, «армансыз адам болмайды» дегендей, төрт құбыласы түгел адамдар сирек болуы да мүмкін. Алайда өз ісі мен Тәңірінің бергеніне риза адамдар «бергеніңе шүкір» деп тәубесіне келіп отырады және олар өз өміріне риза болып қанағаттанып отырады. Бұл да – жақсы қасиет, үлгі-өнеге. Байдың, яғни ақшасы көп, дүние- мүлкі өте мол, жоғары дәрежедегі қызметі бар адамдардың бәрі «төрт кұбыласы түгел» қатарына жатпайды. Мұндай дүние, атақ қуған адамдар өмірі қанағатты, тәубені білмейді. Ең жаман қылық, мінез – осы. Олар өмір бойы мақсатына жетпейді, өмірі ешнәрсеге риза болмайды. Дүниені, ақшаны бәсекемен жинайды. Мұндай істің рахаты да, берекесі де болмайтынын бұрынғы көптеген данышпандар айтып кеткен және оны өмірдің өзі талай рет дәлелдеген. Халық құрметтеп, «төрт құбыласы түгел» деп айтатын жанға жоғарыда айтылған байлық, атақ-дәреже, шен-шекпен алғандардың бәрі жатпайды. Керісінше мал-мүлікке тапшы, атақ-дәрежесі болмаса да өмірде адалдықпен, жақсы үлгі-өнегесімен аты шыққан адамдар жатады. Осындай жақсы атаққа жету кейде азаматтың өз қолында екенін де айта кету керек. Ол үшін әр адам өнер, білімге құштарланып, әдепті, өнегелі, халыққа пайдалы істермен өмір сүрген жөн. Яғни, Абай данышпан айтқандай, «толық адам» болу керек. Ұлтымыздың ұлағатты ұғымда­рында «төрт құбыла» деп шығыс, батыс, оңтүстік және солтүстікті айтқан. «Төрт құбыласы түгел» деген тағылымды сөзде осы ұғымға сәйкес «қайда барса да жолы ашық» дегенді меңзейді. «Қабырғаммен кеңесейін» Бұрын жөн-жосықты жақсы білетін кісілердің «қабырғаммен кеңесейін» дегенін жиі еститін едік. Өкінішке орай кейінгі қазақтардың аузынан мұндай сөзді естімейтін болдық. Бұл сөз, әрине, «ойласайын», «ақылға салайын» дегенді білдіреді. Бірақ адам неге қабырғасымен кеңеседі? Неге жүректі, миды айтпайды? Ақыл, қасиет осы екеуінен шықпай ма? Енді осының жөнін айтайық. Қасиетті Ислам дінінде жер бе­тінің алғашқы адамы және тұңғыш пайғамбары Адам Атамыз құдіретті Алла Тағаладан өзіне серік тауып беруді сұраған екен дейді. Бұл тілекті қабыл алған Жаратушы сол Адам Атаның бір қабырғасын суырып а­лып, серік етіп Хауа Анамызды жарат­қан деген ұлы кітапта жазылған сөз бар. Демек, «қабырғаммен кеңесе­йін» дегеніміз «әйеліммен ақылдаса­йын» деген ұғымды білдіреді. Тағы бір айтарымыз, қазақтың әрбір тұспал­ды, астарлы сөзі өмірдің белгілі бір жай-жапсарын, оқиғаны сездіріп отырады. Күйеу мен жиен неге үлкен? Халқымыздың сыйласу, құр­меттеу жолы сан тарау. Және оның бәрі адамды құрмет тұту мен қадірлеудің жарасымды әрі көркем үлгісін көрсетеді. «Жұмақ ананың аяғының астында» деп ананы төбеге көтереді. «Қыздың жолы жіңішке» деп әлпештейді. «Шебердің қолы алтын, ақынның сөзі алтын» дегеннен артық қандай құрмет керек! Қазақта «күйеу жүзден үлкен, жиен мыңнан үлкен» деген қағида бар. Бұл сөз атаға, әжеге неге айтылмаған? Олар да үлкен емес пе? Демек, мұның өте терең мән-мағынасы бар екен-ау. Себебі күйеу мен жиен – бөтен елдің (рудың) адамы. Жай ғана «бөтен» емес, өзің қыз берген, яғни қимас жаныңды өз қолыңмен той тойлап берген адамың. Жиен болса – сол қызыңнан туған жақының, еркең, қандасың. Екеуі де ерке, еркін. Бұлар жамандығыңа емес, жақсылығыңа шын тілектес және оған мақтанатын адамдар. Олардың «азаматтығы ұстаса қайын жұртына, балалығы ұстаса нағашысына» жол тартатын жақсы әдеті бар. Елге күйеу келсе – ол да бір мереке. Балдыздары ұл болсын, қыз болсын, күйеумен қалжыңдасып ойнап-күліп қалады. Бұған жасы үлкендер де араласып, әзіл-қалжыңға жел беріп отырады... Мұндай жерде кек, ашу, қыжырту сияқты әдеттер болмайды. Бәрі де жарасымды көңіл көтеретін жағдайда өтеді. Ауылда қанша адам болса да күйеуге сый-сияпат көрсетеді. Жолын береді. Иә, ол төмен отырса да, дәрежесі жоғары тұрады. Қариялар «бұл қызымызды алған», «жаман болса қызымызды береміз бе?» деп қолпаштайды. Соған сай күйеу де жақсы атқа лайық болуға тырысады. Осындай сый, баға, құрметпен қарсы алу күйеуге жүзден үлкендік жол береді. «Мыңнан үлкен жиеннің» құқы тіпті жоғары. Оның еркелігі мен іс-әрекеті барлық нағашыларына, яғни бір руға түгел жүреді. Оның бетін қайыруға нағашыларының құқы жоқ. Өйткені «жиен назары жаман». Ұрсуға да, ұруға да болмайды. Оның себебі «жиенді ұрғанның қолы қалтырайды». Бұл аз болса жиен қалаған малын, затын нағашылардан сұрамай-ақ алып жүре береді. Бұл ғажап дәстүр «Жиенқұрық» деп аталады. Бұған ешкім қарсы сөз айта алмайды. Қазақ заңы осылай. Бұл Абай қатысқан «Қарамола» ережесінде де жазылған. Ақан сері әйгілі Құ­лагерін нағашысынан алған. Ар­ғын қырықмылтық тайпасындағы Мір­жақып деген атпаздың бүкіл Орта жүзге аты шыққан Ботай Шұбар деген жүйрігін жиені «жиен­құрыққа» алып кеткен. Ел ішінде кейбір малсыз жиендер «жиенқұрыққа» қыз алып кеткен уақиғалар да болған. Бұған шара жоқ. Өйткені ол «заң» бойынша, яғни халық дәстүрі бойынша әкетіп отыр. Қыз әкесі де оған тоқтайды. Егер ол қарсы шығатын болса билер мен ақсақалдар оны дауда қарамайды. Өйткені тағы да айтамыз: заң солай. Егер қыз біреуге айттырылып, қалың малы алынып қойса, онда, әрине бұл іс билер талқысына салынады. Осындай басқа өркениетте жоқ еркелік пен еркіндік жиенге, ха­лық қағидасында айтылғандай, «мыңнан үлкендік» құқық берген. Солай бола тұрса да жиен де, күйеу де шектен шықпаған. Орынсыз, жолсыз, жөнсіз іс-әрекеттер мен бейпіл сөздерге аяқ баспаған. Сейіт Кенжеахметұлы, жазушы, этнограф

17888 рет

көрсетілді

322

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8786

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7074

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4817

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4203

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4165

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4126

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3857

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3856

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы