- Қоғам
- 24 Қараша, 2010
ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМГЕ ҮЛГІ БОЛАР МІНЕЗ КӨРСЕТТІ
Әділ АХМЕТОВ, ҚР Парламент сенатының депутаты:
– Әділ Құрманжанұлы, өзіңізге белгілі, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп жатқанына 11 айдың жүзі болды. Осынау беделі зор, алып ұйымды басқаруға неліктен Қазақстан таңдап алынды? – Әрине, ЕҚЫҰ – әлемдегі алпауыт ұйымдардың бірі. Әдетте бұл ұйым өзіне төрағаны Батыс Еуропа елдерінің ішінен немесе мұхиттың ар жағындағы Канада, АҚШ сынды мықтылардың арасынан таңдайтын. Қалай десе де, әлеуетті тізгін «ыдыраған Кеңес Одағынан егемендігін енді ғана алған жас мемлекеттердің біріне тиеді» деген ой ешкімнің өңі тұрмақ, түсіне де кірмеген. Содан болар «Қазақстанға төрағалықты неге бере салды?», деген сұрақ кімді болса да әлі күнге мазалап келеді.
Әрине, Мадридте шешім қабылданғанда еліміздің мәртебесі мен беделінің асқанына бүкіл ел болып қуандық. Екінші жағынан, «бұл үлкен жауапкершілік қой» деп, терең тебіренгеніміз де бар. Өйткені «бұған біздің әлеуетіміз жете ме, жетпей ме? Ұятқа қалмаймыз ба?» деген ойлардың болғанын жасырмаймыз. Бірақ, қазір өздеріңіз көріп отырғандай, 11 айдың да жүзі болып қалды. Ал осы уақыт ішінде еліміз бітірген шараларды таразылайтын болсақ, мынадай уәждерді айтпай кету мүмкін емес. Мәселен, Кеңес Одағының құрамында тұрғанда да Қазақстанның әлеуеті жоғары болатын. Жалпы, жер көлемі мен жер қойнауындағы байлығы жөнінен біздің ел Ресейден кейін екінші орында тұратын. Экономиканың негізгі салалары, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығының деңгейі немесе халықтың сапасы, ғылымы, білімі жағынан да Қазақстан ешкімнен кем түспейтін. Міне, осылардың бәрін де Батыс елдері назардан тыс қалдырған жоқ. Одан кейін Батыс өркениеті Қазақстанның энергетикалық қуат көздерінің мол екенін де бағалады. Демек, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен энергетикалық қауіпсіздікке де Қазақстанның үлес қоса алатынын олар білді. Өзіңіз ойлаңызшы, қазір әлемдегі ең үлкен мәселенің бірі энергетикалық қауіпсіздік пен азық-түлік қауіпсіздігі емес пе? Сосын Қазақстанның геосаяси кеңістіктегі орны. Мысал үшін, Еуропа мен Азияның арасында Қазақстанның «алтын көпір» болғаны кеше емес. Ол – бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Тіпті Марко Полоның кезінде де Жібек жолы Қазақстан арқылы өтті. Сондықтан ол жағын да есептеді. Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды жалғастыратын дәліздің Қазақстанның үстінен өтіп жатқаны – осының керемет бір дәлелі. Оның сыртында сырт көз біздің рухани мәдениетіміздің терең екенін де бағалады. Қазақ – ешуақытта есігін ешкімге жаппаған, ешкімді шеттетпеген, ешкімді кемсітпеген ел. Және де көпұлтты, көп конфессиялы ел. Өйткені Сталин заманында депортацияға ұшыраған, өз Отанынан зорлықпен шығарылып, біздің елге әкелінген ұлыстардың бірде-біреуі қазаққа «сен жамансың» деп айта алмайды. Өйткені қазақ өзі тар үйде тұрып, бір қасық суы мен бір үзім нанын солармен бөлісті. Мінеки, осы факторлардың барлығын да Батыстың таразы басына салғаны анық. – Әу баста біздің елдің төрағалығына күмәнмен қарағандар болды. Себебі Қазақстан төрағалықты қолға алған кезде аса зор міндеттерді мойнына алған еді. Еліміз іс басында жүріп, сол міндеттерді қаншалықты жүзеге асыра алды? – Төрағалық тізгінін алғаннан кейін біздің елді «бұра тартып кетпей ме?» дегендер болды. Сөздің шыны керек, бастапқы кезде АҚШ-тан, Батыс Еуропадан, ЕуроОдақтан «Қазақстан ұйымның саяси-әскери, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық қоржындарын ақтарып тастамай ма? Біреудің қолжаулығы болып кетпей ме?» деген сияқты күдікпен біздің елге эксперттер мен сарапшылар келе бастады. Олардың қатысуымен өткізілген семинарлар мен дөңгелек үстелдерде біз Қазақстанның өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаратынына әлгілердің көздерін жеткіздік. «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, өзіміздің сөзге тұратын ел екенімізді дәлелдедік. Төрағалықтың тұсауы Вена қаласында өткен қаңтарда кесілген кезден бастап, ұйымның өзін де, оның тұрақты кеңесін де Қазақстан басқарып келеді. Сол Кеңестің үстіміздегі жылғы алғашқы мәжілісі Президент Назарбаевтың бейнеүндеуімен ашылған болатын. Мінеки, сол үндеу ЕҚЫҰ-ны басқарудың өзіндік жол картасына айналып, Қазақстан ұйымның «дәстүр, сенім, ашықтық, тұрақтылық» деген қағидаларын басшылыққа алып, өзі іске асырған іс-шаралардың бәрінде де қара қылды қақ жарды. Талқыланған мәселелердің қай-қайсысында болмасын ұйымға мүше елдердің ұсыныстары мен пікірлері толық ескеріліп, шешімнің бәрі де консенсуспен қабылданды. Өз кезегінде бұл үрдіс елімізге үлкен абырой әкелді. – Ұйым беделіне Қазақстан қандай үлеc қосты деп ойлайсыз? – Тоқырау мен дағдарыстың кейбір нышандары біліне бастаған ұйымды біздің төрағалық серпілтіп, ағзасына жаңа қан жүгіртті. Ауғанстандағы шиеленісті әскери жолмен емес, тек бейбіт әрі гуманитарлық тетіктер арқылы шешуге болатынына басқалардың көзін жеткізіп, соның нақты үлгілерін көрсетті. Қауіпсіздік шараларының тек Еуропамен шектеліп қалмай, еуроатлантикалық және еуроазиялық кеңістікті де толық қамтуы керектігін күн тәртібіне енгізді. Қырғызстандағы төңкеріске байланысты немесе түйіні шешілмеген созылмалы шиеленістерді шешуде Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы ИКҰ, ШЫҰ, ЕУРАЗЭҚ, ҰҚШҰ және АӨСШК сынды аймақтық ірі халықаралық ұйымдармен иық тірестіре жұмыс істеу керектігін алға тартты. Олай болмаса, терроризмді де, ұйымдасқан қылмысты да, адам саудасын да, есірткі мен заңсыз қару-жарақ саудасын да жалғыз-жарым жүріп тоқтатуға болмайтынын дәлелдеп берді. Экономикалық-экологиялық себетке қатысты үшінші Халықаралық экономикалық форумның Астанада өткенін өздеріңіз білесіздер. Ал оның сыртында дәстүрлі түрде елімізде өтіп тұратын Әлемдік рухани мәдениет форумы, Әлемдік дәстүрлі діндер съезі Қазақстанды әлемнің рухани астанасына айналдырды. Бүгінде «Қазақстан ұйым сенімінің үдесінен шықты» деуге толықтай негіз бар. Өйткені іс-шаралар – Вена, Варшава, Женева, Прага, Минск, Копенгаген, Осло, Палермо, Валетта, Астана, Алматы және Петерборда өте жоғары деңгейде өтті. Олардың ішінде ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының да тындырған шаруалары жеткілікті болды. Мысалы, Парламент тарапынан істелген үлкен жұмыстың бірі – Алматыда өткен Трансазиялық форум. Ол форумда ұйымға кіретін елдердің қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар екі мәселені ерекше атауға болады. Олардың бірі «Ауғанстандағы соғыс өрті қашан тиылады, оны қалай тоқтатуға болады?» деген мәселеге арналса, екіншісі Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандырудың тетіктеріне бағышталды. Онда да жай, құрғақ әңгіме емес, аталмыш тығырықтардан шығудың жолдары жан-жақты талқыланды. Бұл форумда Қазақстанның қолтаңбасы ерекше көрінді. Біздің мемлекет тарапынан 50 миллион доллар ақша бөліп, соғыстан көз ашпаған ауған жастарын оқытып, оларға мамандық беруді қолға алды. Қырғызстандағы мемлекеттік төңкерістің салдарын еңсеру үшін де Президент Назарбаев шұғыл шараны іске асырды. Елбасының тапсырмасымен ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев өзінің арнаулы өкілін тағайындап, еліміздің Парламент депутаты, Мәжілістің вице-спикері әрі тәжірибелі елші Жәнібек Кәрібжановты дереу Бішкекке аттандырды. ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясының төрағасы Жоао Соуареш мырза да өз өкілін тағайындады. Бұл міндет аталмыш Ассамблеяның мүшесі ретінде маған жүктелді. Ең басты мақсат, Қырғызстанның Уақытша Үкіметінің мүшелерімен кездесіп, тарап кеткен Парламенттің депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің ой-пікірлерін ескере отырып, БҰҰ-ның, ЕуроОдақтың және Венадағы шиеленістердің алдын алу жөніндегі орталықтың өкілдерінің басын қосып, Уақытша Үкіметке тезірек ақыл-кеңес пен нақты көмек беру болатын. Жәнібек Кәрібжановтың жетекшілігімен бұл мақсат ойдағыдай орындалды. Екінші кезекте Бішкектегі қанды уақиғаның азамат соғысына ұласып кетпеуі үшін Құрманбек Бакиевті тез арада елден шығару міндеті тұрған-ды. Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ пен Ресей Президенттерінің қолдауымен бұл мәселеге өте тез нүкте қойды. Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде атқарған ең үлкен жұмысы болатын. Және бір үлкен нәтижеге Қазақстан өткен жылы желтоқсанда Грекия астанасында өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің басқосуында қол жеткізді десек, қателеспеген болар едік. Афиныда Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Елбасының 2010 жылы Астанада ұйымға кіретін мемлекет басшыларының саммитін өткізу керек деген ұсынысын жария етті. Бұл шындығында да өте орынды бастама болатын. Өйткені саммиттің өтпегеніне 10 жылдан асып кеткен еді. – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының ең басты түйіні – Астана саммиті. Жалпы, саммиттің біздің ел тарихындағы маңызы қандай? – Біз төрағалық тізгінін алған кезде, әрине, «ұйымның абырой-атағы өте биік деңгейде болды» деуге келмейтін. Себебі Венаның шығыс жағындағы ТМД елдері мен батыс жағындағы Батыс Еуропа елдерінің арасына сызат түсіп, ұйымның беделіне ептеп нұқсан келе бастаған. Мәселен, ТМД елдері ұйымды мінеп, «бірінші себетке, яғни әскери-саяси түйткілдерге көңіл мүлде бөлінбейді, керісінше, екінші себет (экономикалық байланыстарды дамыту) пен үшінші себетке (гуманитарлық өлшемге) көбірек мән беріледі немесе Венаның шығысындағы елдерде адам құқықтарын жиі бұзады» деген сияқты ащы сындар жиі айтылды. Одан қалса, ТМД елдерінің ұйымға өкпе-назы көбейген болатын. Бұл дағдарыс болмаса да ұйымның тоқырау алдындағы белгілерінің көріністері еді. Өйткені мемлекет басшыларының басы қосылып, бірде-бір рет мәселе талқыламағандықтан, үш себетте де қордаланған мәселелер көп болатын. Демек, саммиттің өтуі аса қажет еді. Содан да болар, Алматының баурайына ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері бас қосқанда, мұндай биік деңгейлі жиынның керек екенін бәрі мойындады. Бұл қадам Қазақстан бастамасының үлкен мәнге ие болғанын және Елбасының ішкі-сыртқы саясатының үлкен жеңіске жеткенін бүкіл әлемге паш етті. – Қазір «саммит елге не береді?» деген сыни пікірлер айтылып жүр. Бұл жөнінде не айтасыз? – «Даяр іске сыншы көп». Ұйым ешуақытта да ешкімнің қоржынына алтын салып бермейді. Бұрын да солай болған, кейін де солай болады. Ең бастысы, біз үлкен сынақтан абыроймен өттік. Ол сынақ ерте ме, кеш пе, бәрібір алдымыздан шығатын еді. Ерте келгені дұрыс болды. Еліміздің күш-қуатын сынап алдық. Өзіміздің нығайған, зайырлы да қуатты мемлекет екенімізге көз жеткіздік. Саяси-экономикалық, дипломатиялық әлеуетіміздің бұдан да үлкен сынақтарды еңсеруге жеткілікті екеніне сенімімізді күшейттік. Батыс әлемінің алдында рухани мәдениетіміздің терең екенін де паш еттік. Тұғырлы ел екенімізді дәлелдедік. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» демекші, бүкіл ел болып, намысымызды қайрап алдық. Ең үлкен олжаның бірі – қазақ дипломатиясы үлкен мектептен өтті. Міне, бұл аз олжа емес. Мұның сыртында саммиттің керек екеніне 55 елдің көзін жеткіздік. Бұдан біз ғана емес, бәрі де ұтады. Бұл саммит ұйымға жаңа серпін беріп, кемшіліктерінен арылып, стратегиялық бағыт-бағдарларын айқындап алуға мүмкіндік ашады. Өйткені жоғарыда айтылған үш себеттің үшеуі де електен өтеді. Сондықтан қаралатын мәселелердің бәрі де мәнді болмақ. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген біздің аталы сөзіміз дәл осы жерде де қисыны келіп тұр. Себебі ұйымға мүше елдер ағайын болмаса да, мүдделес әріптестер. Әрі қауіпсіздікті күшейту – ұйымның ортақ мүддесі. – Рахмет! Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ
19219 рет
көрсетілді0
пікір