• Ақпарат
  • 24 Ақпан, 2011

Ер жасаудың шебері

d0b5d180-d0b6d0b0d181d0b0d0b3d18bd188Бізге «сабақты иненің сәтімен» келген бір сапарда көнеден жеткен асыл өнердің жалғасы болып отырған ер жасаушы шебер Асан Тастанбековтың ауылы – Шәуілдірге ат басын тіреудің сәті түскен-ді. Оңтүстік Қазақстанның Отырар ауданында тіршілік кешіп жатқан шебер ер жасау барысын әңгімелеуде тартынып қалмады. Ол әңгіме мынау еді.

– Сұхбатымызды сіздің маман­ды­ғыңыздан бастасақ... – Менің негізгі мамандығым – гидротехник. Шымкент қаласындағы гидротехникумды бітіргем. Одан кейін тоқырау жылдарына байланысты әртүрлі кәсіптердің басын шалуға тура келді. Үй де салдық, жер де жырттық дегендей, қарап жатпадық. – Ал ер жасау кәсібіне қалай кірісіп жүрсіз? – Ер жасау деген ойда жоқ. Өзіміз тұқым-жұрағатымызбен атқа құмармыз. Әйелімнің інісі ер жасайтын. Содан бір ер алғаным бар еді. Бір күні сол неме ерін сұратып жіберіпті. «Әзір аты жоқ қой. Кейін тағы да алады» деп. Расымен де, менде мінетін ат жоқ-тұғын. Соны ар көріп жүргем. Ақыры, не керек, ыза буып, атам қазақ айтқандай, «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіредінің» кері болды. «Мен неғып ер істемеймін» деп ер жасаудың жолдарын іздестіре бастадым. Әрине, бірден жасап кете алмайсың. Анау атадан келе жатқан ар жағыңда бірдеңең болмаса. Құдайға шүкір, біздің ондай кәсібіміз бар еді. Әкемнің өзі мәсі тігетін, күбі жасайтын. Бір сөзбен айтқанда, ағаштан түйін түйе білетін. Біреуге «пәлен істеп бер» демей-ақ, өз үйінің кем-кетігін бір өзі толтыратын. Мысалы, жаңа мәсіні сатып алып, сөгіп тастайтын. Оған да дайын қалыбы бар, соған салады. Біз болсақ, бұл ісіне қайран қалып: «Неге мәсіні сөктіңіз?» десетінбіз. Ол кісінің айтуынша, машинамен тігілген мәсінің тігісі жалпақ болады екен. Ол аяққа батады дейді. Соны өзі ойлағанындай ғып жұқартады екен. Одан қалса, келі-келсап істегенін, бесік жасағанын талай көрдім. Содан соң анау нағашыларымда да сондай бір өнер бар еді. Бектұрсын деген кісі бар-тын. Сол кісіге ер жасап жатқанында барып көріп, қыр-сырына қанықтым. «Нағашеке, осы ағашыңыздан бересіз бе?» дедім. «Ойбай, жатыр ғой мынау» деді. Ауласында құшақ-құшақ тораңғылар үйме-жүйме жатыр екен. Ол кісі де соны меңзеп, «құрт жеп жатыр, алып кет» деді. Содан оларды дереу тракторға тиеп, үйге тасып алдым. Бірінші шауып көріп, сілікпем шықты. Бірден әдемі болды демеймін. Бұл оңай емес қой. Осылайша біртіндеп бастап кеттім. – Ерлеріңіздің қалыпты өлшемі бар ма? – Жоқ. Жылқы малы да адам сияқты. Әрқайсысында әртүрлі бітім-болмыс бар. Бір станокка салып істемейсің. Бір ер бір атқа тура келіп, екіншісіне тура келмейді. Өз өлшемі болады. Бұл түсінікті де шығар. Бірінің арқасы байырқа, енді бірінің арқасы қызыл шымбал келеді. Мен де тура мынаны істеймін деп кесіп айта алмаймын. Қанша ер жасап жүрміз, бақандай 10 жыл болды. Ай сайын жасаймын. Біреулер «ойбай, атыма жақсы болды» дейді, енді біреулер «тура келмеді» дейді. Сосын мен оларға: «Осы атқа тура келген ер бар ма немесе атыңа басқа біреудің ерін әкеп сал, шақ болса, соны маған әкел» деп ескерту жасап жатамын. – Ердің де түр-түрі бар емес пе? Ашамай, ақбас, қазықбас дегендей. Сіз қайсысын көбірек жасайсыз? – Қазір көбіне құранды ер жасаймын. Кейінгі кезде мынау ер сәні көкпарға қарап қалыптасып барады. Алды, арты биік ерлер көп қолданыста. Уақыт талғамды сондай қылып өзгертіп жіберді. Бұрынғы ерлердей емес. Осыған орай да көкпар ерін жасау негізгі бағытыма айналды. – Ер жасау үшін қандай ағаш алынады? – Менің қолданатын материалым – тораңғы ағашы. Біздің Сыр бойында өсетін ағаш түрі ғой. Дарияның жағасында ғана тамыр жаяды. Ол – өте қатты ағаш. Біз соны жас кезінде тапсырыспен кестіріп аламыз. Негізінде, оны кесуге де тыйым салынған. Өкінішке қарай, қурағаны іске жарамайды. Қурағанда ең нашар ағаш сол болмақ. Амал жоқ, көктей кезінде кесесің. Сосын көлеңкеде кебеді. Күнге тастауға еш болмайды. Әйтпесе қақ айырылып, шытынап, дымға жарамай қалады. Сосын бұл ағаштың бір ерекшелігі, тік өспейді. Арқан құсап бұралып, шырмауықша оратылып өркен жаяды. Қысымға шыдамды, сынбайтындығы да содан. Енді бір ерлеріміз, жасыратыны жоқ, жидеден де жасалады. Жиде ағашы аса қатты. Сынбайды, егер сынса қақырап түседі. Сондықтан да тораңғыға көбірек иек артамыз. Тораңғының өзегі шашырап, сіңір құсап, өзара байланысы мықты тұрады. Жақсылап кептіре алсаң, жону тұрмақ, шеге кіргізе алмайсың. – Сұраныс қалай болып жатыр? – Қазіргі ел Кеңес кезіндегідей емес. Көкпарға көп шабады. Әрі атқа отыратындар да көбейіп келеді. Ауылдағы ел жаппай атқа отыра бастады. Әркім өзінің қалаған адамына істетеді. Мен, айтып өткенімдей, жасаған ерімді базарға шығармаймын. Тек тапсырыспен істеймін. Қосымша кәсіп ретінде. Күнкөріс үшін. Менің бұдан басқа да негізгі кәсібім бар. – Ерлеріңізге құда түскен я тапсырыс берген белгілі кісілер болды ма? – Белгілі адам болғанда, мұнда Жұмахан деген атақты атбегі бар. Ол кісінің ағаларының бәрі шабандоз болған. Өздері де әулетімен Отырар өңірінде, қала берді, оңтүстіктегі ат ұстауды білетін отбасылардың бірі. Бұл атырапта олардан артық ат бабын білетін адам бар деп ойламаймын. Сосын Алматыда ірі бизнесмен Жарқын деген, тағы бір кәсіпкер – Жомарт деген жігіт бар. Ол да Алматыда. Осылар менің ерлерімді пайдаланып жүр. – Сіз айтқан кісілер – көкпаршы, атсүйер қауымға кеңінен танымал жандар. Былайғы жұрт біле бермегенмен, кәсіби орта оларды жақсы таниды. Біз де сол елден әлгі Жарқын деген жігіттің «Аққу» есімді атын Түркістанның мерейтойында Президентке мінгізгенін естіп-білдік. Елбасыға сыйланған тұлпардың ері сіздің қолыңыздан шыққан деп те естідік? – Иә, «Аққуға» ешбір ер тура келмеді. Мұның алдында жаңағы Жұмахан ағаның айтуымен бір ер жасағаным бар еді. Сол Жарқындармен Жұмаханның туыстығы бар. «Аққуға» ер шақ келмей жатыр» дегесін Жұмекең менікін көрсетіпті. Тура келіпті. Басқа ер тура келмеді. Мақтанғаным емес, менің ерім тура келе қалыпты. Ал жаңағы сұрағыңызға келсек, ер-тұрманын білмедім, тек Елбасыға ат мінгізгенде сол «Аққуды» көлденең тартқандығынан ғана хабардармын. – Әрбір өнердің өз киесі болады деп жатады? – Ерді мен қолым тигенде жасаймын. Әйтеуір, жұрт нала болмасын, ырза болсын деп барымды салам. Ерімді алған адамға бірден «мынаны барып сал, ырзалықпен көр, ұнай ма, ал ұнамай ма, қайтып алып кел. Ақшасын қайтарып берем» деймін. – Шеберлер сайысына қатысып көрмедіңіз бе? Осы қазір ұлттық өнерді сақтау және дамыту шаралары үздіксіз өткізіліп жатыр емес пе? – Сөзіңнің жаны бар. Қайбір жылы жаңағы Жұмекең келді. «Саба» деген фестиваль өтіп жатыр, соған шебер ретінде бар» деді. Оған барам, ондай дәрежеге жетем деп ойлағам жоқ. Жұмекең «барайық, көрейік» деп тұрып алды. Не айтатыны бар, жарысқа деп арнайы ағаш сатып алып, іске кірісіп кеттім. Ақыры, фестивальге де жеттім-ау. Өнерлі жұрт жан-жақтан ағылыпты. Қазылар алқасы қорытынды шығарып жатыр. Бір уақытта менің атымды атап өткені. «Ой, сенің атыңды атап жатыр, барсайшы» дейді жан-жағымдағы ел. Сөйтіп, ершілер арасынан екінші орын алып қайттым. Дипломы төрімде ілулі тұр. – Бұл өнеріңізді әрі қарай дамыту ойда жоқ па? – Өнер дегенмен соңына түсіп айналысу керек. Мен, мысалы, бір саламен кетіп бара жатқаным жоқ. Күнкөріс қамы. Базардан мал алып, ет сатам. Арасында жаңағыдай тапсырыстармен айналысамын. Әрине, қолыңды тұрмыс байламаса, баяны бар кәсіппен көсіліп, шешіліп айналысқанға не жетсін?!. Ерболат МАМЫРАЙХАН

3512 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9073

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7236

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4976

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4361

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4325

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4285

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4020

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4012

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы