• Қоғам
  • 24 Ақпан, 2011

Тура жолдан адаспасақ, шығатын биігіміз де, жарқын келешегіміз де – осы жолда

Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы күрескен тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы да жиырма жылға аяқ басты. Тәуелсіздікпен бірге егемен Қазақ­станның жаңа тарихының да жаңа беттері ашылды. Бұл екеуі бір-бі­рімен үндес, мағыналас ұғым деп санауға болады. Армандаған ата-ба­баларымыздың маңдайына жазылмаған Тәуелсіздік, яғни біздің ұрпаққа, біздің маңдайымызға бұйырғандығы.

Енді Алладан келген, армандап жүріп әрең жеткен Тәуелсіздікті тұғырлы, баянды ету міндетін біз бұлжытпай орындап, қызмет жасауға жарай алсақ, бұл – негізгі парызымыздың орындалғаны. Біздің өміріміздің мәні де, сәні де – Тәуелсіздік. Алдағы мақсатымыз – ұлы істерге алып баратын өрлеу үстіндегі Қазақстаннның жаңа жолын ұстану. Ол – іліммен, біліммен жаппай қарулану кезеңі, орнықты оймен, байыпты пікірмен, жан-жақтылық, сергектік, саламатты өмір салты жарасатын жас мемлекетіміздің осы бағыттағы жаңа жолы. Өткен социалистік қоғамда ақли­хаттық (мораль) ілім қағидаттарын ұстандық. Әлі ұмыта қойғаны­мыз жоқ, бәріміздің есімізде, тынбай дә­ріптедік, нәтижесінде айтқанымызға, бел­гілегенімізге жете алмай құр даурықтық, капитализмді «құбыжық» қылып көрсетіп, «іріген-шіріген, өлуіне жақын қалды» деп, бір-бірімізді сендіруге тырыстық. Ал сол құлағалы тұрған капитализм қоғамы соншалықты алға кетіп, біздің қаншалықты артта қалғанымызды сезіп, бүгінде көріп отырмыз. Шүкіршілік, көк туымызды көтеріп, егеменді тәуелсіз ел болғалы сол қатыгез нарық заманының қалың шаңына араласа отырып, өз жолымызды іздей бастадық. Бәрімізге аян, нарық заңы, әсіресе, бәсекелестік заңы өте қатал екендігі, ілесе алмасақ, құлдық дәрежесінде қалатынымызды да түсіне бастадық. Ол үшін, біріншіден, жастардың білімі, екіншіден, жаңа технологияны игеру және оны алға қарай дамыту қажет. Мысалға алсақ, көмірі, мұнайы, астығы жоқ Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Финляндия сияқты мемлекеттердің халқы білімділігі, еңбекқорлығы мен озық технологияларды игерудің арқасында өте жақсы өмір сүруде. Қанша қиындықпен жер астынан көмірді, мұнайды шығарып, шикізатты сатқан мемлекет дами ма, жоқ, әлде жылы әрі жарық бөлмеде отырып, өндірісін өркендеткен мемлекеттер дами ма? Бұл – үйлестіре білген елдің жететін табысы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы мәсе­лені шешуде өте зор талаппен елді индустрияландыру бойынша жүздеген серпінді жобаларды белгілеп, жаңа өндіріс орындары іске қосылып та жатыр. Тәуелсіз мемлекетімізді өз қолымен түлетіп, жаңа тарихымыз­бен жас мемлекетіміздің бастауында тұрып, оның саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік қалыптасуы­на айрықша үлесін қосқан, аз уақыттың ішінде әлемдік дәрежеге биіктеткен, алдағы жылдарға айқын өркен­деу жоспарын ұсынып, оның іске асуын берік қолда ұстап отырған Тұңғыш Президентіміз қазір еліміз үшін мүмкін болған мәселенің барлығын істеуде. Құдайға шүкір, әлем алдында еліміз еңселі, халқымыз қадірлі. Алдымыздағы келешегіміздің арманы сан ғасыр­лар бойы «мәңгі ел» орнатуды армандаған бабаларымыздың да тілегі орындалып, қалыптасу үшін біріміздің етегімізден біріміз тартпай, әрқайсысымыз таза, мейірлі, кішіпейілді, мәдениетті, бауырмал болып, пендешіліктен, көре алмаушылықтан өзімізді аулақ ұстап, игі қасиеттердің иесі болсақ, әрине, жоспарланған өрлеу баспалдақтары бізді биіктерге оңай жетелер еді. Осы орайда, ары бармай-ақ, тек өткен 2010 жылдың өзіне байыппен анықтап көз салып, қарап көрсек, адамзат үшін үлкен-үлкен табиғи апаттар мен тылсым құбылыстарға толы әлемдік төтенше жағдайлардың шексіз көп болғаны туралы теледидардан, баспасөз беттерінен толық ақпарат алып отырмыз. Ал осылардың ең ірі дегендерін нақтылап айтатын болсақ, жылдың басында қаңтар айында Гаитиде алапат жер сілкінісі болып, бір минуттың ішінде ел астанасы Порт-о-Пренс қаласын жермен-жексен етті. Ресми мәліметтер бойынша, апаттан 75 мың адам қаза тауып, миллионға жуық халық баспанасыз қалды. Ал жыл соңына қарай сол елді түрлі жұқпалы аурулар індеті меңдеп, 2011 жылы ол жалғасады деп болжануда. Сондай-ақ сәуір айында Мексика шығанағында 33 тонналық мұнай платформасында өрт болып, адамдар оны сөндіруден еш нәтиже шығара алмай, платформа су түбіне кетті. Нәтижесінде 1,5 километр тереңдікте орналасқан құбырдан күн сайын 4 ай бойы мұнай атқылап, осы мерзім ішінде 5 млн. баррельге жуық мұнай теңізге төгілді, ал шығын ондаған миллиард АҚШ долларын құрады. Одан кейінгі ірі оқиға – Исландияда мұз астындағы жанартаудың оянуы. Наурызда басталып, сәуірде әрең тоқтаған, 15 күндей оның атқылауынан шыққан түтін мен күл бір айға жуық бүкіл Еуропаны қаптап, әуе қозғалысына үлкен нұқсан келтірді. Сол шапшыған күлдің биіктігі 13 шақырымға дейін көтерілген екен. Сонымен қатар бұрын-соңды болмаған өрт жанымыздағы Ресей елінде болып, 1 млн. гектарға жуық жерді шарпыған. Жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған үйлер жанып кетті. Болмаған ыстықтың салдарынан елде өлім саны бес есеге дейін артыпты. Ал ғалымдар Ресейде бұдан да өткен ыстықтар болады деген болжам айтуда. Бұл айтқандарымыз оқиғалардың тек ірілері, ерекшелері, бұрын-соңды естімеген, көрмеген апаттар, ал күнделікті өмірдегі құбылыстар мен сұмдықтардың болып өткенін де, жаңадан болып жатқандарын да көріп отырмыз. Ғалымдар: «адамзат өміріне бұл қатерлер қайдан келеді?» – деген болжаумен бастарын қатыруда. Әрине, ол орынды, ғылыми жолмен зерттеу, іздену, болжау керек, келешек үшін өте қажет дүние. Бірақ біз өзіміз де, әр адам баласы болып жатқан құбылыстардың себептерін, олардың әрқайсысын тереңірек зерделеп, бұрынғы өткен табиғи апаттармен салыстырып, неліктен осы болып жатқан құбылыстар жаппай әлем жүзінде болмай, жекеленген жерлерде ғана болатыны туралы ойлауымыз қажет. Сол ерекше апат болған жерлерде тұратын халықтың мінезі, еңбектенуі, салт-дәстүрі, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, адамгершілік пен бауырмалдық, ынтымақ пен бірліктері қалай екен деп ойлап көріп, бұл орайда: «сол елдерді басқарып отырған басшылардың түсінігі, көзқарасы, мінезі, басқа елге деген қызғанушылығы, іштарлығы, көре алмаушылығы сияқты көрсеткіштері қай деңгейде екен?» – деген заңды сұрақтар туындайды. Сол келеңсіз құбылыстар бұзықшылығы басым болып, бақталастыққа бас ұрып, тыныш жатқан елді бір-біріне қарсы қойып, неше түрлі зұлымдыққа, адам баласына жат қылықтарға барып, бүлініп жатқан елге ескерту үшін арнайы жасалып жатқандай, апаттың түр-түрін көрсетіп, жұмбақ табиғат жайлап тоқтағандай болады. Бұл қандай жұмбақ? Неге біз, адамзат баласы, бір сәт тереңірек ойланып, сол ескертуден қорытынды шығарып, дұрыс жолға түскіміз келмей, ерегіскендей мінез көрсетеміз? Қайта ойлануды былай қойып, одан әрі өршеленіп, неше түрлі теріс шайтан жолға бас бұра береміз? Басқа ел өзі білер, біз өз елімізде бұзылған елдің жаманын, теріс іс-әрекеттерін жолатпауымыз лазым, көрінген жат дүниелерді жаңалық деп жастарға жақындатпауымызға бәріміз түгел міндеттіміз! Біз, қазақтар, еліктеуге дайын тұрамыз, өзіміздің ата-бабаларымыздан мұра болып қалған салт-дәстүрден адасып, аман жеткен дәстүрімізді жалғастырмай, басқаның жаманын дәріптеуге бейімбіз кей мезгілде. Ұлттық сана-сезім, инабаттылық, адамгершілік, үлкенді сыйлау сынды асыл қасиеттерімізді ұмытыңқырап, алшақтап бара жатқандаймыз ба, қалай?! Осы орайда айта кететін мәселе, бір керемет ойлап тапқандай, бас қаламыз Астанада Жаңа жыл қарсаңында ірі бір Сауда үйінде: «кім қалың елдің алдында жалаңаш жүрсе, соған сыйлық береміз», – деп үлкен шара өтті, онда қыздар мен жігіттерді жалаңаш жүргізіп, бүкіл елдің көзінше абыройын айрандай төкті. Бұл масқара теледидардан бірнеше рет көрсетіліп, бүкіл дүниежүзіне жария етілді. Сол Сауда орталығының басшысы қазақ жігітін де көрсетіп, ел алдында сөйлетті. Оның мақтанышпен айтқаны: «Біз келер жылы бұдан да басқа анайылықтың көкесін кеңейтіп көрсететін боламыз. Ал бұл сыйлықты жаңажылдық көмек ретінде осы жолмен ұйымдастырдық» деп беті шылп етпей, сөйлеп тұрғанын көрсеткенде, жерге түкіруден басқа амал қалмады. Міне, бұл – таза шайтанның жолы, бұл – байлықтан бастың айнала бастап, бір елдің сілімтігін сүйреп келіп, бізде ашқан жаңалығының түрі. Мұның кесірі мыңға тиерін ол ойлаған жоқ, мұндай көргенсіздік елімізге жат дүние екенін ұмытқандай. Ал соған еліктеген жастарымызды ұяттан, ардан безінуіне жетелейтін жаман, анайы жолды ел болып қарсы тұрып, қайталамастай етіп, бұзылған, бүлінген еліне қайтарып, қуалап, топырақ шашып, аластауымыз керек. Ол – қазақтың жүретін жолы емес, бұзылған, бұзылатын шайтан билеп, естен ажыраған елдің жолы. Елдігімізге, бірлігімізге, ұйымшыл­дығымызға, ең­бекқорлығымызға нұқсан келтірмейтін таза жолмен жүріп келе жатқан 20 жыл ішінде өрлеу мен өркендеу бағытындағы таңдап алған нақты жолымыздан ажы­рамай, әрбір қазақстандық болып үлес қоса, еңбектене білсек, шығатын биігіміз де, асар асқарымыз да, жар­қын келешегіміз де, жанатын жұлдызымыз да осы жолда, құрметті жерлестер! Шүкіршілік айтып, әлем иесінің алдында таза жолда жүріп, дұрыс тілеу тілесек, көктің берері мол, қасиетті қазақ елі, осыны бұрмаламай, дұрыс түсінейік, қадірлі ағайын.

Құрманғали Уәли, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

2671 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6396

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5817

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3559

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2943

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2902

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2880

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2611

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2595

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы