• Ақпарат
  • 24 Ақпан, 2011

Төрағалықтан күтер үміт көп

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, төрағалық етуге бірнеше жыл дайындалған еліміздің Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына басшылық еткені де қазір қазақ тарихына жазылып үлгерді. Биыл Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына басшылық етеді. Халқымыз Кеңес өкіметі тұсында 70 жыл атеистік санада тәрбиеленсе де, ата дініміз далалық Исламды ахундар, ишандар және т.б. дін ғұламалары қалыптастырған мектептер арқылы ұрпағына жалғай білді. Бірақ кейінгі жылдары көптеген діни ағымдардың біздің қоғамымызға дендеп енуі орын алуда. Бірінші кезекте Ислам атын жамылған радикалды ағымдардың астыртын әрекеті және олардың өз идеологияларына жастарды көптеп тартуы көңілге секем алдыртып отыр. Сонымен бұл қандай ұйым? Сұрағы көп, бірақ жауабы сан қилы мәселеде қазақ төрағалығы өзгеріс әкелуі мүмкін бе?

Ислам конференциясы ұйымы (мұнан кейін ИКҰ) 1969 жылы 25 қыркүйекте мұсылман елдерінің қол­дауымен құрылған. Қазір оған 57 ел мүше. Ол елдердегі мұсылмандар саны 1,2 миллиардты құрайды. Яғни әлем мемлекеттерінің бестен бір бөлігі осы ИҚҰ құрамына кіреді. Бұл ұйым БҰҰ-дан кейінгі екінші орынды иемденеді. Бірлестікке Ресей, Босния және Герцеговина, Тайланд бақылаушы ел ретінде қатысады. ИҚҰ штаб-пәтері Сауд Арабиясының Джидда қаласында орналасқан. Әр құрылымның қалыптасуына белгілі бір жағдаяттардың әсер ете­тіні белгілі. Мәселен, ИКҰ-ның құрылуына Ислам үшін аса қадірлі Әл-Акса мешітін израильдік сионистік топтар тарапынан өртеп жібергені себепші болды делінеді. Діни емес, үкіметаралық ұйым саналатын ИКҰ-ның негізгі мақсаты, яғни саяси салада қарастыратын негізгі мәселесі: Палестина мен Израиль арасындағы текетірес пен палестиналықтардың жағдайына алаңдаушылық; мұсылман елдерінің өзара қарым-қатынастарын тереңдете түсіп, нәсілдік кемсіту­шілікті, отарлаудың барлық түрлерін жою; соңғы жылдардағы өзін жаңа қырынан танытып отырған ақпараттық соғыстың мұсылмандар қауымын лаңкестік пен терроризмнің ошағы ретінде көрсетуге тырысуына шектеу қою; Исламды мемлекеттік дін ретінде ұстанатын елдердің арақатынасын шиеленістіріп отырған түрлі жағдайларды реттеу. Қысқасы, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға» ұмтылыс жасау. Қазақстан аталған ұйымға 1995 жылы мүше болды. О бастан-ақ халықтар арасында бейбітшілік пен ілгерілеушілікті ту етіп келе жатқан Қазақ елінің ұйымға төрағалық етуі Ислам және Батыс әлемдері арасындағы дәнекер рөлін нығайтуға, құндылықтарды біріктіріп, түрлі саладағы тәжірибемен алмасу үшін жағдай туғызуға мүмкіндік береді. Дәл осы басшылықта біздің ЕҚЫҰ-дан алған тәжірибеміз тағы бір сыналатын болады. Ал Қазақстанның ұйымға төрағалыққа сайлануына келер болсақ, бұл – әлемдік мұсылман қауымдастығының бізге деген зор сенімінің нәтижесі дейді сарапшылар. Және бұл – олардың республикада жүзеге асып жатқан шараларға берілген жоғары бағасы. Әрі осы ұйымды басқара жүріп, біз қоғамдағы діннің өзегін кеміріп бара жатқан, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен діни секталардан, Ислам атын жамылған ағымдардан тазаруға жол ашылмақ. Қазір Ислам елдерінің арасында да ауызбіршіліктің сақталмай отырғандығы шындық. «Аққу – көкке, шортан – суға» тартатын түр­лі мәселелер – Араб Әмірлігі мен Парсы елдері қарым-қатынасының бір жүйеге түспеуі, Иран, Ирак, Ауғанстан секілді елдердегі діни бүліктердің жиілеуі, әр елдің өзіндік мақсаттарының шешілу жолдары бір жүйеге тоқайласпай отырған мәселелерге айналды. Бұл, әрине, ұйымның да тиісті жұмыс атқаруына кері шегініс жасап келеді. Оған қоса дінаралық алауыздық, түрлі саясатты бүркенген діни ағымдардың көбеюі, Ислам дініне артта қалған қара түнек ретінде қарайтын батыстық көзқарастың белең алуы, міне, осындай түйткілдердің ұйымға алдағы уақытта зор міндеттер жүктейтінін аңғартады. Сонымен 7-9 маусым аралығында ИКҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері, түрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері – барлығы 140-қа жуық шетелдік делегацияның қатысуымен үлкен жиын өткізу жос­парланып отыр. «ТМД елдеріндегі Ислам рөлі» атты халықаралық конференцияда ұйымға мүше елдер арасындағы жаһандық жағдаяттар қаралады, ең бастысы, осы басқосуда Ислам елдері бірін-бірі тыңдап, түсініссе, әлем алдындағы Қазақстан рөлі тағы бір сатыға жоғарыламақ. P.S. Ислам конференциясына төрағалығымыз жайлы қазір қарапайым халық құлағдар болғанымен, оның келешекте нендей мәселелерді шешетіндігінен бейхабар. Ұйым жайлы тек дін саласымен біте қайнасып жүрген азаматтар мен саяси сахнаның төріндегілер ғана біледі деуге болады. Ал халыққа белгілісі, бүгінгі қазақ қоғамының түрлі бағытты бүркенген діни ағымдардың әсерінен ұрпағының адасып бара жатқандығы. Бәрін көреді, біледі, бірақ қолдан келер шарасы жоқ. Ұйымға төрағалық ету барысында осы мәселелер оң шешімін тапқанын олар да іштей қалайды. Мақпал ИБРАГИМОВА Шымкент

2688 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9064

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7232

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4972

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4357

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4321

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4281

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4016

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4008

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы