• Ақпарат
  • 03 Наурыз, 2011

Нұрсұлтан Назарбаев: Өзіміздің тілімізді өзіміз сыйлап, құрметтей білуіміз керек

d0bdd0b0d0b7d0b0d180d0b1d0b0d0b5d0b2-d0b6d183d180d0bdd0b0d0bbd0b8d181d182d0b5d180d0bcd0b5d0bd

Жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, сұхбат берді. Елбасымен еркін жүздесуде Нұртөре Жүсіп («Айқын» газеті), Ләззат Танысбай («Қазақстан» РТРК»), Бигелді Ғабдуллин («Central Asia Monitor» газеті), Артур Платонов («КТК» телеарнасы), Юлия Синьчук («Хабар» Агенттігі» АҚ), Нұрлан Ерімбетов («Астана» телеарнасы) Мемлекет басшысына көкейлерінде жүрген өзекті сауалдарын қойды.

Әңгімесін ҚХР-ға жасаған сапарын әңгімелеуден бастаған Елбасы ел көкейінде жүрген біраз мәселелерге тиянақты жауап берді. Әсіресе, тақырып мемлекеттік тіл мәселесіне ауысқанда Елбасы Мемлекеттік тілді дамытуды басты міндет етіп қойып отырғанымызды қадап айтты. – Мемлекеттік тіл жөнінде айтудай-ақ айтып келеміз. Заң қабылданды, қор құрылды. Әр өңірлерде мемлекеттік тілде оқытатын жүздеген орталықтар ашылып жатыр. Алдағы уақытта тағы да ашылатын болады. Қазақ тіліндегі 1200 балабақша ашылды, 3900 мектеп тек қана қазақ тілінде білім береді. Оның 173-і соңғы бес-алты жылдың ішінде пайдалануға берілді. Қазақстан тарихында ешуақытта мұндай болған жоқ. Бүгінде қазақ тілінде оқытылатын мектептерге балаларын беретін қазақтардың саны 80 пайызға жетті. Бұрын оның көлемі 20-ақ пайыз болатын. Қазақ тілінде шығатын газет-журналдар мен қазақ тілінде хабар тарататын телеарналардың саны еселеп артты. Қыркүйек айынан бастап «Қазақстан» телеарнасы толық қазақ тіліне көшуі керек. Елімізде бір телеарна солай болуы тиіс. Ал «Мәдениет» телеарнасы толық қазақ тілінде хабар таратады деп айтуға болмайды. Өйткені біздің қазақтың мәдениетін өзге халықтар да білуі керек. Қазақ тілінде болғанымен, оны біз көпшілікке түсіндіре білуіміз қажет. Сондықтан қазіргі жағдайда барлық мәселе халқымыздың өзіне байланысты. Қазақ тілінің пайдалану ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келе жатыр. Дайындалатын құжаттардың барлығы қазақ тілінсіз әзірленбейді. Көптеген қазақ тілінің мамандары жұмысқа алынды. Бүгінде оларға деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Осыған байланысты қазақ тілінде білім беретін жоғары оқу орындарындағы факультеттер саны да көбейе түсуде. Біздер, қазақтар, өзіміздің тілімізді өзіміз сыйлап, құрметтей білуіміз керек. Байқаған боларсыздар, қазақ балаларының өзі көшеде орысша сөйлесіп бара жатады. Қазағымыздың өзінде намыс болуы тиіс. Ал біз өзіміздің намысымызды басқаның намысын жаншуға пайдаланбауымыз қажет. Қазақстандықтардың 35 пайызға жуығы – өзге этностар. Қазақтардың талайы қазақ тілін білмей отыр. Сондықтан мемлекет бұл мәселені біртіндеп жүзеге асыруы керек, – деді Елбасы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақстандықтарға кемінде үш тілді – мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін меңгерудің қажет екенін атап айтты. – Үш тілді білу жөнінде айтып келеміз. Бұл жерде мемлекеттік тіл – қазақ тілін білу парыз. Екінші, орыс тілінен айырылып қалмауымыз керек. Білген тілден ажырауға болмайды. Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Мысалы, Швейцарияда такси жүргізушілерінің өзі төрт тілді біледі. Үшінші – ағылшын тілі. Біз ағылшын тілін білмесек, әлемдегі озық инновацияға, технологияларға шыға алмаймыз. Өйткені барлығы сол тілде жүргізіледі. Жастарға айтатыным – осы. Тілге мемлекет тарапынан көңіл бөліне береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ 2020 жылға қарай мемлекеттік тіл­де сөйлейтін қазақстандықтар­дың саны 95 пайыздан кем бол­мауы тиістігін де атап өтті. Сұхбат аясында әлеуметтік мәселелер де Елбасы назарынан тыс қалмады. Журналистер қойған білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, ауыл шаруашылығына қатысты сауалдарға да тиянақты жауап берді. Нұрсұлтан Назарбаев 2011-2014 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы бағдарла­масы ту­ралы айтып берді. Аталған бағ­дар­ламаға сәйкес, құрылыс са­ласына мемлекеттік қолдау көр­­се­­тудің төмендегідей негізгі ша­ра­лары қарастырылғанын қоса айтты: – Жергілікті атқарушы органдардан тұрғын үй құрылысы үшін тұрғынүй құрылысжинақ жүйесін пайдалана отырып, қосымша қаражат бөлу. Бағдарламаның жүзеге асыру кезеңі барысында бұл бағыт бойынша шамамен барлығы 796 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Осы мақсатта Үкімет 127 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөледі, – деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанда шағын және орта бизнестің дамуына айтарлықтай мемлекеттік қолдау жасалатынын атап өтті. Тиісті заңнамалық негіз қамтамасыз етілген. Рұқсатнамалық құжаттар саны азайтылып, мемлекеттік органдарды тексеруге шектеу қойылды. Әлемдік рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнеске қол­дау көрсету бойынша 183 елдің арасынан 59-шы орын алып отыр. Қазақстан халқына Жолдауында Президент 2020 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40%-ды құрауы керектігі жөнінде міндет қойды. Оған қоса Мемлекет басшысы маңызды мәселе ірі ұлттық компаниялардың акцияларын тұр­ғындарға сату халықтық ІРО екенін атап өтті. – Жұмыс бірнеше кезеңмен жүргізіледі. Биылғы жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау және өн­діру» өз акцияларының 5 пайызын саудаға шығарады. Бұл пакет­тің құны – 500 миллион доллар. Әр адам 50 акциядан артық сатып ала алмайды. Сауда «Қазпошта» бөлімшелері арқылы жүргізіледі. Артынша «КЕGОС», «Қазпошта», «ҚТЖ», бірқатар энергетикалық компаниялардың акциялары сатылатын болады. Уақытына қарай «Қазцинк», «Қарметкомбинат», «ЕNRC», «Қазақмыс»та өз ак­цияларын саудаға қояды. Осылайша біздің азаматтар Қазақстан­ның ірі ұлттық компаниялары­ның тең меншік иелері бола алады. Сатылмай қалған акциялар еліміздің зейнетақы қорлары арқылы жүзеге асырылады. Бұл – мемлекеттің маңызды қадамы. Оған тек Қазақстан азаматтары ғана қатыса алады. Бүгінде бүкіл әлем акциялар нарығында табыс табады. Бұған қазақстандықтар да үйренуі керек, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы бұл қарапайым халық үшін жасалып отырған үлкен жақсылық екенін де жеткізді. Осыған орай қазақстандықтардың қосымша табыс көзі ірі компаниялардың акциясын сатып алу мен сату арқылы іске аспақ. Сондай-ақ «ауылды өркен­детуге бағытталған страте­гиялық жоспар аясында ауыл шаруа­шы­лығын дамытуға қандай нақты қадамдар жасалып жатыр?» деген журналист сауалына Мемлекет басшысы: – Ауылда біздің хал­қы­мыздың 40 пайызынан артығы тұрады. Жұмыс істей алатындардың 30 пайызы – ауылда. Бірақ эконо­миканың 5 пайыздық үлесі бар. Сондықтан 2003 жылдан бері қарай, есімізді жинағалы бері ауылға көңіл бөліп келеміз. Алты жылдың ішінде 670 млрд теңге ауылға құйылды», – деп жауап бе­ріп, осы бағытта жасалып жат­қан жұмыстарға тоқталып өтті. БАҚ өкілдерімен әңгіме барысында алдағы сайлау тақырыбы да сырт қалмады. Сайлауға қатысты сауалға жауап бере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс сайлау өткізу идеясы Ата Заңға адалдық пен демократиялық ұстанымдарға беріктіктің көрінісі болғанын атап өтті. Осылайша сайлаудың ашық әрі әділ өтуі үшін қажетті барлық жағдай жасалатынын айтып: – Мен ресми түрде сайлауалды үгіт шараларын жүргізбеймін. Менің сайлауалды бағдарламам – «Бо­ла­шақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауым мен «Нұр Отан» партиясы съезінде сөйлеген сөзім. Мен референдум өткізу туралы бастама көтерілген желтоқсан-қаңтар айларында өз қолдарын қойған бес мыңнан астам қазақстандықтардың қолдауын анық сезінемін. Мен өзімнің жаңа мерзімге президенттікке үміткер ретінде ұсынылуымды қолдаған ми­ллиондаған қазақстандықтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөз соңында Елбасы елімізде ты­ныштық пен тұрақтылық болса, басымыз аман, бауырымыз бүтін болатынын тағы бір мәрте еске салып, «Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы бақыт пен береке әкел­сін!» деген тілек білдірді. Динара ІЗТІЛЕУ

4390 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9027

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7206

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4948

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4332

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4298

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4256

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3989

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3986

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы