• Мәдениет
  • 10 Наурыз, 2011

Қоңыр үннің құдіреті

Домбыра, сенде мін бар ма? Мінсіз болсаң тіл бар ма? Тілсіз деуге бола ма, Тілден артық үн барда. Домбыраның күші мол Көмейінде күй барда – дейді қара өлеңнің Құлагері Ілияс Жансүгіров. «Күй - қазақтың ұрпақ сүйген ұраны, ол жүректен қайнап шыққан қыр әні», - дейді Кәкімбек Салықов. Бұл ұлт ұлдарының бұлайша тебіренуінің өзіндік себебі де бар. Себебі домбыраның қоңыр үні жаныңа ләззәт сыйлап, делебеңді қоздырады, жабырқаған сәттеріңде көңіліңді көтеріп сергітеді.

Түнерген қара бұлтты бір мезетте қара басыңа үйіріп, жүрегіңе мұң ұялата­тын да – домбыраның үні. Түсінгенге ұлттық брэндімізге айналып отырған бұл аспап қатпар-қатпар тарихтан асылдарымызды аршып беріп, дархан даланың төсінде дала қырандары мен ұлт ұландарының бастан кешкенін еш бояусыз кескіндейді. Ол ертедегі жауынгер сақ болып айбат төгіп, отты ғұндарша жалынын шашады, қандай қиын түйінді де Әйтекеше бауыздап, Қазыбекше ұшалап, Төлеше мүшелеп береді, Абылай болып ұрандатып, Бұхар бабамдай бірліктің ақ туын аспанға көтереді. Қарсы келген қас дұшпанын Исатай болып кескілеп, Махамбет болып қаһар төгеді. Сахара даланы Құрманғазыдай күңірентіп, Дина шешеміздей тебірентеді. Домбыра осылайша тарих тұңғиығына сүңгіп, қазақ деген халықтың болмысын айқындап, тұнып тұрған шежіреден сыр ағытады. Оның көмейінен төгілген кез келген күй туған тарихымыздан ақпар беріп, өскелең ұрпақты тарихынан, мәдениетінен, әдебиетінен, ұлттық салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан хабардар етеді. Міне, осындай өткеніміз бен өшкенімізден өнеге берер ұлттық құндылығымыз домбыраның қадірін қазіргі өскелең ұрпақтың дені түсіне бермейді. Одан гөрі мән-мағынасы жоқ, сананы улайтын даңғырлаған дыбыстарға жақын. Рас, заманның көшінен қалмау да керек. Бірақ ұлттың ұлт болуы үшін ең басты қажеттілік – оның ұлттық, мәдени мұрасы. Сондық­тан жер-жаһанды жаулаған жаһандану заманында жас бүлдіршінді ұлттық болмысқа сай тәрбиелеуде домбыра үнінің маңызы зор. Күмбірлеген қоңыр үн болашақ ұрпақтың бойына ұлттық қасиеттерді молынан сіңіреді. Домбыраның қоңыр үніне құлағының құрышы қанған ұрпақтан ұлтты ұлықтар азамат шығары сөзсіз. Себебі домбыраны қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған сырлы айнасы, халық рухының ықылым заманнан тіл қатқан тірі куәгері десе де болады. Қазақ ән-жырмен, домбыраның күмбірімен тыныстаған. Бесіктен-ақ бесік жырымен тербетілген. Абай: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп тал бесіктен жер-бесікке дейінгі қазақтың өмірі өлең мен жырға көмкерілетінін толғайды. Демек, бабадан балаға мирас болған домбыраның дүбірі бүгінгі қазақ баласын тәрбиелейтін бас­ты құрал болмақ. Бұл хақында нақты ғылыми тұ­жырымдаманы белгілі музыкатанушы, ұлттық үнімізді зерттеуші ғалым, домбырашы Жұмагелді Нәжімеденов қадап айтқан да болатын. «Үннің адам психологиясына әсер-ықпалын мемлекеттің арнайы қабылдаған халал, харам деген стандарты арқылы анықтайды. Мәселен, халал – адамзаттың бастапқы жер бетіндегі мәдениеті – алғашқы қоңыр үні. Адам неғұрлым табиғатқа жақындаған са­йын төзімділік қасиеті арта түседі. Оның болмысы, дүниетанымы, іс-қимылы, мінезі, әдеп-ғұрпы (ар-ұяты) табиғи заңдылықпен қалыптасады. Ғылымға сүйеніп айтсақ, қоңыр үн есту, қабылдау шкала диапозоны 30-75 дц (децибелл), яғни табиғат шуынан аспайтын дыбыс немесе музыка. Мысалы, жай табиғатта ағып жатқан судың дыбыс күші 27 дц бас­талады, ал таудан қатты сарқырап ағып жатқан судың дыбыс күші 80 дц-ден аспайды. Ал харам – адам құлағының белгілі бір есту шегінен тысқары шығып кеткен, жүрекке, қан қысымына, миына кері әсері мол, жағымсыз дыбыстар. Жалпы, дыбыс пен жарықтың ауа­дағы таралу толқындарын зерттеудің үш түрі бар. Бірінші, 0-ден 15 герцке дейінгі аралықты қамтитын инфрадыбыс. Бұл дыбысты адам құлағы естімейді, бірақ сезеді. Екінші, адам құлағы еститін 15-тен 20 000-ға герцке дейінгі жиіліктегі диа­пазон. Үшінші, 20 000 герцтен жоғары, естілмейтін жиіліктегі ультрадыбыстар. 30-75 децибелдің аралығындағы адам­ның есту диапазонындағы дыбыс күші қоңыр үн категориясына жатады. Еуропа­лық христиан дінінің шіркеу аспабы ор­ганды алып қарасақ, оның дыбыс жиі­лік диапозоны инфрадыбыстан баста­лады. Яғни құлаққа шалынбайтын дыбыс. Ал оған тәжірибе жасап көрген орындаушылар мен режиссерлар дыбыс 15 герцтен 13-ке төмендегенде адамның санасына үлкен әсер беретінін анықтады. Егер оны 7 герцке дейін азайтатын болса, адам жүрегі тоқтап қалуы мүмкін. Бұл 1992 жылы Алматыдағы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық көр­ген «Чудеса» деген энциклопедиялық сөздіктің 2-ші томындағы «Враг не слышен» деген (68-70-беттер) материалда да жазылған. «Тіл», «мәдениет» туралы заңдарда үн, дыбыс жайлы айтылмайды. Қазақ тілінің әлі өз тұғырына көтеріле алмай жүргенінің бір себебі 9 әріптің үнін бо­йына толық сіңіре алмай, қоңыр үннен бөлініп қалғандығынан деп ойлаймын», – деп толғайды Жұмагелді аға. Домбыра ойлы жанға ләззат, махаббат сыйлайды, көңіліне шипа болады. Қазақтың қоңыр үнді домбырасының менталитеті көшпейтін көшпенділер дискурсы, мәдени мұра нысаны, сарыны. Ендеше, қасиеті мол қос ішекті домбыраны ұлттық тәрбие беру мәселесінде тиімді пайдалану керек емес пе? Бүгінгі бүлдіршіндеріміздің тәрбие алған ортасы балабақшадан бастап сәбилерімізге осы құнды дүниенің қыр-сырын түсіндіріп, саналарына сіңіру керек. Тәрбиенің негізі сәби шақта қаланады. Қай кезде де іргетасы мықты дүниенің сапасы мықты болары сөзсіз. Сондықтан балаға жастан ұлттық тәрбиенің дәнін сеуіп, домбыраның қоңыр үнімен сусындату керек. Бала кезде алған тәрбиенің өмір бойы серік болатыны дәлелденген де. Мәселен, «Бейбарыс» фильмін еске түсіріп көрелік. Бейбарыс сұлтанның сәби кезіндегі еміс-еміс есінде қалған «көке» деген жалғыз сөзі анасына деген, өзінің туған Отанына деген сағынышын тудырады. Міне, сондықтан балабақшадан берілген тәрбиенің де өз нәтижесін берері хақ. Бұл ұсынысымызға орай психоаналитиктер қауымдастығының мүшесі, психолог Әбдуәлі Мәмеділ: «Бесікте жатқан сәби ананың сөзін түсінбейді, бірақ оған ананың үні – «Ананың әлдиі» музыка тембрі арқылы жетіп, психологиясына әсер етеді. Бесік жырындағы уайым-қайғы, бесік жырындағы үміт, бесік жырындағы қуаныш тек дыбыс толқындары арқылы баланың санасына жетеді. Жөргектегі нәресте ол әуенді ешқашан ұмытпайды. Өсе келе ол бала бесікте жатқанда құлағы қанық болған, құлағының құрышы қанған әуенді еске алып, анаға деген ыстық махаббаты мен іңкәр сезімі арта түседі. Сол сезіммен Отанды да сүйеді. Өйткені «Отанды сүю отбасынан басталады» емес пе? Ал балабақшаға келетін болсақ, балабақшадағы естіген үн ерте ме, кеш пе, өз нәтижесін береді. Яғни біздің тамырымыздан ажырап қалған дәстүріміз, ұлттық болмысымыз осы әуен арқылы, өзінің құнарлы топырағына баруы әбден мүмкін. Психологияда «имплид» деген ұғым бар. Бұл жады деген мағына береді. Нені көрді соны жаттап алады. Яғни нәресте дүниеге келгенде оны кім қандай көңілмен ұстағанын жаттап, есіне сақтап қалады. Сондықтан балаға жастайынан домбыраның дыбысын естіртіп, құлағына сіңіру қажет. Домбыраның әуеніне елтіп өскен ұрпақ өз ұлтының ертеңіне елітетін, елегізетін болады», – деп ұрпақтың болашағына алаңдаушылық білдіреді. Отбасын, Ота­нын сүю үшін өскелең ұрпақты ұлттық құндылықпен сусындату керектігін баса назарға ұсынады. P.S. Ендеше, домбыраның қоңыр үні жас ұрпақты ұлт­жандылыққа, рухани тазалыққа баули алады. Ол, ең әуелі, өткенімізден сыр шертсе, екіншіден, ұлтының ұлы сарынымен жас бүлдіршінді тәрбиелейтін бірден-бір құрал. Шынаргүл ОҢАШЫБАЙ

5707 рет

көрсетілді

110

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9037

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7213

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4952

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4339

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4302

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4263

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3997

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3990

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы