• Тарих
  • 10 Наурыз, 2011

Жайықтың жер-су атаулары – жеріміздің жазба тарихы

Дүниеде атаусыз нәрсе жоқ, әр нәрсенің өз атауы бар, тіпті тау мен тастың, кішкентай бұлақтың немесе жотаның, белдің де өзіндік атауы бар. Өйткені әрбір зат болмаса тіршіліктегі кез келген құбылыстың алдымен аты ауызға оралары хақ, содан соң ғана сол аттың заты жөнінде ойланатынымыз ақиқат. Сондықтан ат пен зат үйлесімділігі қашанда маңыздылығын жоймайды. Кең-байтақ мекеніміздегі сан мыңдаған жер-су атауларының тарихында халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасы айқын бейнеленген. Қасиетті жеріміздегі төбе мен тау, көл мен өзен атауларының өзіндік сыры мен тарихи сипаты олардың әрқайсысына бабалар мұрасы ретінде қарауға негіз болады.

Қазақ елінің ұлан-ғайыр аумағының едәуір бөлігін құрайтын Батыс Қазақстан облысын ел арасында «Ақжайық өңірі» деп атайды. Бұл өлке Ақтөбе, Атырау облыстарымен, Ресей мемлекетінің бес облысымен шектесетіндіктен, біздің облыстың тарихи тамыры тереңнен бастау алады. Сондықтан Батыс Қазақстан облысының жер-су атауларын бірнеше топонимикалық жүйеге жіктесек, аса бай тарихы бар өлкенің ономастикалық картасының біркелкі бейнесі шығады. Бұл Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясынан көрініс тапқан. Облыстың оңтүстік-батысында орналас­қан Бөкей ордасы ауданының атауы «Орда» деген топонимнен туындаған, яғни орын немесе орналасу деген түбірден тараған. «Орда» сөзі – көне түркі тілінде ертедегі тайпалардың, тайпалық бірлестіктердің хандары мен бектерінің, ұлықтарының билік жүргізетін жерін белгілеу үшін қолданылған ханның сарайы, ел билеушілер тұрағы. Дәл осы топоним дәл бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ. Мысалы, «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмассың» деген мәтел сөз, сондай-ақ «Орда бұзар отыз жас» деген сөз тіркесі осы сөзіміздің нақты дәлелі бола алады. Сонымен қатар «Жайық» гидронимі «суы жайылып ағатын өзен» деген мағынадан туған, яғни қазақ даласының ірі ағысты Жайық өзені – Орал, Жайық қаласы Орал қаласы болып өзгергендігі баршамызға аян. Ал бүгіннің көзімен қарасақ, «Ақ Жайық», «Жайық» топонимдері белгілі бір өңірдің атауы ретінде қолданылады. Қала атауы Орал – облыс орталығы, бір сөзбен айтқанда, Орал тауы мен өзенінің атына қатысты қойылған, яғни оралып жатқан тау мен өзеннің көрінісін дәл бейнелегендіктен осылай аталған. Батыс Қазақстан облысындағы Шалқар деп аталатын үлкен көл – халық арасында кеңінен қолданылатын топонимдердің бірі. Бүгінде шетелдік қонақтардың демалыс орнына айналған мемлекеттік дәрежедегі макротопоним «Шалқы» – «ернеуінен асып, төгілу» деген ұғымнан пайда болған, судың қасиетіне байланысты туған көне атау. Сондай-ақ Казталовка ауданындағы Ақкөл деп аталатын көлдің аты ертеде сол өңірде өмір сүрген Ақкөл деген байдың жылқысы осы көлді жағалай қаптап жайылуына орай «Ақкөл» аталып кеткен. Осы аудандағы Қарасу ауылының аты қардың суымен толатын көл табанына орай берілген. Осы жерге қар мен жаңбыр суы көп жиналатындықтан, «қар, жаңбыр суынан жиналатын қара су» деген мағынаны білдіреді. Күні бүгін де «Қарасу» елді мекені деп аталып келеді. «Талдыапан» ауылы – түбінде үлкен су қоймасы бар ауыл. Бұл –табиғаттың сыйы. Бір кезде орыс байы осы жердегі көлді айнала алма ағашын, оған қоса ықтасын боларлық терек еккен. Бір қарағанда апан тәріздес бұл көлді кейін жергілікті халық «Талдыапан» деп атап кеткен. Ел-жұртты салт-санасынан айырып, руханият тамырынан ажыратқан солақай саясаттың салқыны әлі де сезілуде. Терең мағына мен құпия сырға толы жер-су атауларын отаршылдық таңбадан арылту бағы­тын­да өткен жылдың қараша айында өткен облыстық ономастикалық комиссияның отырысында 15 ауыл байырғы атауларын иемденді. Мысалы, өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған Зеленов ауданындағы Чесноков ауылы – Сұлукөл, Первосвет – Шалғай, Набережный – Асан, Вавилин – Бастау, Кирово – Алмалы, Чебаково – Кеңжайлау, Белугин – Өркен, Родник – Айнабұлақ, Астраханкино – Аққайнар, Кузнецово – Бірлік, Красненький – Жігер, Калинин – Табынбай болып өзгертілді. Міне, дәл осы тектес елді мекен немесе көше атауларын өзгерту сән-салтанат үшін емес, елдігіміз бен бірлігіміз үшін қажет. Өйткені тарихи атаулар – ұлттығымыздың айқын көрінісі. Біздің мақсатымыз – отаршылдық кезеңді еске салатындай атауларды тілдің төл заңдылығына сәйкестендіру. Әрбір іс халықтан бастау алатындығын ескерер болсақ, дәстүрге бай, тарихы өнеге болатын өңір – Батыс Қазақстан жерінің айшықты атаулары өз жерінің тарихына айналуда, яғни топонимдер – жердің тілі болса, ал жер дегеніміз – географиялық атаулар арқылы адамзаттың тарихы жазылатын кітап. Тарихы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр, сондықтан келер ұрпақ тарихтан тағылым алу үшін елдігімізді әйгілейтін, ұлттығы­мызды ұлықтайтын тарихи атауларымыз­дың тарихи шежіре екендігін санаға құю – басты міндет. Өлкеміздегі әр жердің, судың, елді мекендер мен мәдени орындар­дың аттарының қатпарлы сыры – кейінгі ұрпаққа өнеге. Біздің мүдделі мақсатымыз – бабалар мұрасына байыппен қарай білу. Гүлнар ӘЛЖАНОВА, Батыс Қазақстан облысы Тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің бас маманы

38544 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9058

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7226

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4965

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4351

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4315

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4275

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4011

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4002

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы