• Ақпарат
  • 10 Наурыз, 2011

Астана ажарлана түсті

d0b8d0bcd0b0d0bdd0b3d0b0d0bbd0b81Жылдағы үрдіс бойынша Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Конгресс-холл сарайында қала тұрғындарының алдында 2010 жылы атқарған жұмыстарының есебін берді.

«Қалыптасқан игі дәстүр бойынша өз­деріңізбен кезекті кездесуде бас қосып отырмыз. Өткен жыл еліміз үшін де, елордамыз үшін де толайым табыстарға толы болды. Бұл орайда мақсатты межелер бағынды, алқымды асулар алынды деп нық сеніммен айта аламыз» деп астаналықтардың алдында сөз бастаған Иман­ғали Нұрғалиұлы одан арғы сөзінде ынтымағы ырысымен жарасқан, татулығы тірлігімен жарасқан еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығын жемісті атқарып, Астана Саммитін өткізуін, оған қатысқан шетелдік қонақтардың Астанамыздың арайлы ажарына сүйсініп, халқымыздың қонақжай көңілі мен бейбіт пейіліне зор бағасын бергенін атады. Мұның барлығын да Ұлт көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың жүргізген сындарлы саясатымен байланыс­тырды. Иә, расында, елімізді Астана Саммиті арқылы әлем мойындады. Ол күндері елорда дүниежүзінің 60-тан астам елінен меймандарды қарсы алып, аяғынан тік тұрып қызмет көрсетті. Астаналықтардың жадында ұзақ сақталатын VII Қысқы Азиада ойындарының да орны өзгеше. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық торқалы тойына арналған шаралардың басы болған осы бір айтулы шарада еліміздің спорт саңлақтары биік белестерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Азия құрлығындағы кіл мықтының ішіндегі ең мықтысын анықтап берген бұл дода – жиырма жылдық белесін бағындырған ел тәуелсіздігінің бүгінгі шынайы жемісі болды. «Азиада ойындары – Мемлекетіміздің қуаты, бөлінбес бірлігі мен рухани өрлігінің көрінісі. Елбасының отандық спортқа деген ерекше қамқорлығының лайықты көрсеткіші. Әрине, әлемдік ірі жобаларды ұқыпты ұйымдастыру оң бастаулардың ордасы – Астана өмірінің бүгінгі таңдағы ажырамас бөлігіне айналды» деді қала басшысы. Дегенмен халықаралық шаралардан бөлек, қаланың ішкі тұрмыс-тірлігін түгендеп, тыныс-бірлігін бүтіндеуді, оның алымы мен қарымын қадағалауды басты назарда ұстап, барын салып атқару – Астана әкімдігі үшін ең негізгі міндет. Бұл орайдағы басы қайырылған шаруалар­дың нәтижесінде Астананың әлеуметтік-эко­номикалық даму көрсеткіші көңіл қуантады. Өткен жылы бірқатар өзекті мәселелердің түйіні тарқатылып, талай шаруаның шешімі табылған. Атап айтқанда, 2010 жылы аймақтық жалпы өнімнің көлемі 7 пайызға артып, 1 трлн. 470 млрд. теңгеге жетіпті. Өнеркәсіп өндірісіндегі өсім 9 пайызға артып, 111 млрд. теңгені құраған. Қаржыландырудың барлық түрлері бойынша 1 млн. 382 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, ол 2009 жылға қарағанда 9,7 пайызға артқаны белгілі болды. Бұл істің жандануына құйылған инвестиция көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 17 пайызға, яғни 56 млрд. теңгеге артқаны үлкен септігін тигізгені даусыз. 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік бағ­дарлама бойынша үй алу мүмкіндігінен айы­рылып қалғандардың наразылығына да әкім баяндамасында тоқталмай өтпеді. Әкімдік те үй ала алмай қалғандардың жолын құшып, алақол құрылысшылардан зардап шегуші болып отыр. Осы себепті әкімдік олардың жасап кеткен шалалықтарын әлі толық игере алмай келеді. Бірақ қазір тұрып қалған нысандардың бәрінде құрылыс жұмыстары қайта жалғасып жатыр. Ол да болса Елбасының араласуымен қажетті мөлшер­де қаражат бөлініпті. Иманғали Нұрғалиұлының айтуынша, биыл сол бағдарлама бойынша үй ала алмай қалған 1574 адам толығымен тұрғын үйге қол жеткізбек. Сондай-ақ биыл көпшіліктің арасындағы дүрмегі көп шудың себебі болған, үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан құрылыстар да толық аяқталмақ. Құдай қаласа, осы жылдың ортасында бұл мәселе күн тәртібінен толығымен алынады екен. Бұл – 218 тұрғын үй кешеніне үлеске енген 35 мыңнан астам адамның арасындағы 5944 үлескерге ғана қатысты 25 нысан. Бұл орайда алданып қалған үлескерлердің ашуы да, ашынуы да орынды. Дегенмен әр нәрсенің өз жөні бар. Бұл жердегі айтпағымыз, әкімнің есепті баяндамасынан кейін еркін микрофонға шығып, бірнеше пәтерінің дауын қозғаған «Лайықты баспана үшін» қозғалысының мүшесіне қала басшысының берген жауабы. «Жақсылықты білу керек. Ақшасын салып, алданып қалғандарға бүкіл әлемде бұл өзіңіздің проблемаңыз деп қана қарайды. Бізде Елбасы осы мәселеге мемлекеттің мүддесі тұрғысынан келіп, орасан қаржы бөлдіртті. Соның ішінде бірнеше үйге үлес салғандардың бір пәтерін алуға қол жеткізетін жағдай жасады. Қалған пәтерлерді ол адамдар өзі даулап, заң жолымен алуға әрекет етуі керек» деп жауап берген әкім бір басында бірнеше пәтері бар адамдардың аттарын әшкереледі. Олардың алдыңғы пәтерлері жетпегендей осы қалада тағы бірнеше үйге ақша құйған фактілері жеткілікті болып шықты. Талай жылдан бері кезекте тұрғанын айтып, бір мүмкіндігі болар ма екен деп жаутаңдаған жандардың жанында бір басындағы бірнеше үйді қанағат етпей, жұлқына сөйлейтіндерді жөнге шақырды. Кәсіпкерліктің қосалқы әлеуетін арттыру да Астанада жақсы жолға қойылып, шағын және орта кәсіпкерлік үшін жасалған «Жол картасы» бағдарламасын іске асыру бағытында Астанада 600 млн. теңге игеріліпті. Қалалық бюджет шығындарының 40 пайызы әлеуметтік салаға арналғандығының арқасында мектеп пен балабақша тапшылығы бүгінгі күнге шұғыл еңсерілген. Мемлекет басшысының бастамасымен көтерілген мемлекеттік «Балапан» бағдарламасына сәйкес тек 2010 жылдың өзінде балалардың мектепке дейінгі 50 мекемесі пайдалануға беріліп үлгеріпті. Көңілге қуаныш ұялататын тағы бір жайт, 2011 жылы 8775 орынды және 27 балабақша ашылмақшы. «Осы кезеңде жалпы білім беретін мектептердегі орын тапшылығы 18 мыңнан 13 мыңға дейін қысқарды. «100 мектеп» бағдарламасы шеңберінде 2010 жылы 3600 орынды 3 мектеп пайдалануға берілді және шаһардың әкімшілік орталығында бағдарламадан тыс 1200 орынды мектеп ашылды. Ал 2011 жылы 3 мектептің құрылысы аяқталып, жаңадан 5 мектептің құрылысы қолға алынбақ» деді қала әкімі. Денсаулық сақтау саласы бойынша да толайым істердің басы қайырылып, соңғы үш жылда 10 емдеу мекемесі пайдалануға беріліпті. «100 аурухана» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы тағы да 4 емдеу нысаны салыну жоспарда. Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, 2010 жылы Астанада жаңадан 33 шақырым жол салынып, 68 шақырым жол жөнделген. Ал үстіміздегі жылы барлығы 120 шақырым жол салынып және жөнделмек. Соның ішінде жеңіл рельсті трамвай жолдарын салу мәселесі де қарастырылуда екен. Міне, осындай игілікті істерге тоқталған Иманғали Тасмағамбетов Тәуелсіздіктің 20 жылдығына бағытталатын жобаларды да атады. Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы, экономикалық форум және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті секілді шаралардың өткізілуіне де жіті дайындық болатынын тілге тиек етті. Биыл Опера мен балеттің классикалық театры, Оқу­шылар сарайы, Тарих мұражайы, Теле­радио­кешен, теміржол вокзалының жаңа тер­миналы сияқты құрылыстардың жүргізілетіні де осын­да мәлім болды. Тасмағамбетов азық-түліктің қымбаттауына Астана билігінің базар мен су­пермаркеттер директорларынан бағаның өр­шуінің сұрауы болатындығын ескертті. Елбасы бизнес құрылымдарға жиі тексеріс жүргізбеуге тапсырма берді екен деп бұл сауда кәсіпорында­ры мен супермаркеттері бағаны өсіруге құқық­тары жоқ екендігін қаперлеріне салды. «Мұн­дай жағдайда құқық қорғау органдары шұғыл тексеріс жүргізуі қажет» деді қала басшысы. Кездесуге қатысып отырған базар, супермаркет директорларына: «Сіздердің мекемелеріңізге біз қатаң бақылау жасаймыз. Сіздердің қалыпты жұмыс жасауларыңыз үшін барлық жағдайды жасаймыз. Бірақ сіздер тұрғындарға қарамай, артық пайдамен өз қалталарыңызды толтыратын болсаңыздар, біз сол үшін қатаң жауап алатын боламыз» деп қатаң ескерту жасады. Осылайша әкімдік базарлар мен супер­маркеттерде тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырмақ. Алайда бұл нәтижесін берсе игі. Себебі базардағы сатушылар көбіне тексеру келген кезде бөлек баға, ал олар кеткен соң өзгеше баға қоятын көрінеді. Тек баға тұрақталса жөн болар еді. Иманғали Нұрғалиұлының түйінді баяндамасынан кейін тұрғындар тарапынан алып шаһардағы өзекті мәселелерді қозғап сауал қойғандардың саны көп болды. Сауалдардың дені тұрғын үй, жол, аурухана, балабақша мәселе­сіне қатысты болды. Арасында мемлекеттік тіл­дің қолдану аясы жайында сөз қозғағандар да бар. Бірақ оларға әкім бүгінгі күні мемлекеттік тіл­дің жағдайы бұрнағы жылдармен салыстырғанда әжептәуір жақсарғанын айтып, бұл мәселенің әлі де болса күн тәртібінен түспейтінін атады. Тіпті бір ақсақал кісі елорда әкімімен кездесу үшін қасиетті Түркістан жерінен әдейі келіп, ақ батасын берді. Енді бірі Астана әкімдігіне оң баға беріп, алғыстарын айтып та жатты. Осыдан-ақ бас қалада түйткілді мәселелер шешімін қалай тауып жатқанын аңғаруға да болады. Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

2478 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9043

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7216

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4955

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4342

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4305

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4266

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4000

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3993

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы