• Ақпарат
  • 10 Наурыз, 2011

Таңдауда қателесуге болмайды

Алдымызда – Президент сайлауы. Мемлекет басшысын сайлаймыз. Демек, бұл сайлаудың маңызы зор. Қазақ елінің талай ғасыр армандап, аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне көп болған жоқ. Жиырма жыл енді толмақшы. Алайда бұл аз уақыт болғанымен, тындырған ісіміз қомақты. Мұны біз емес, сырт елдердің өздері айтып, таңданыс білдіруде, қызыға қарауда.

Жиырма жылдағы табыстарымыз Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын­да да жан-жақты айтылды. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері биік белестерді бағындырды. Өткен жылдың соңына таман Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің басы қосылған Саммит өтті. Тарыдай шашырап кеткен қандастарымыз атамекенге оралуда. Тәуелсіздік жылдары 800 мыңнан астам отандасымыз өздерінің байырғы Отандарына келіпті. Қазақ елінде тыныштық, береке бар. Сондықтан да шетелдік қаржы иелері біздің елімізге инвестиция салуға ынталы болып отыр. Осының айғағы – өткен он тоғыз жылда ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен көрсеткіштеріміз көңіл қуантады. Бұл бағытта Қазақстан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді. Елімізде білім алуға деген назар айрықша. Өткен он жылдың өзінде білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейген. Тәуелсіздікке ие болғаннан бері 750 жаңа мектеп бой көтерген. Астанада ғылым мен білім индустриясының жаңа ғасырдағы орталығы болатын университет есігін айқара ашты. Сөйтіп, біз аз жылда абыройымыз асқан айдынды елге, күшті ұлтқа айналдық. Ел үшін ендігі міндет не? Осы жарқын жетістіктерді ары қарай жалғастырып, өсе беру, өркендей беру. Бұл ретте ел басқаратын, мемлекет тұтқасына ие болатын азаматқа жүктелер жауапкершілік зор. Биылғы Президент сайлауы қарсаңында жүргізілген жұ­мыстар бәрімізге жақсы белгілі. Әсіресе, Президент болуға ынталы азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейі көпшіліктің назарын аудартты. Осы мақсатта Орталық сайлау комиссиясының Лингвистикалық комиссиясы жұмыс істегенінен етене таныспыз. Негізінен, мұндай комиссияның құрылғаны өте жөн болды. Қалай дегенмен де, тіл – халықтың ең жанды жері. Тілдің арқасында ұлт, халық болып тіршілік етіп жатырмыз. Лингвистикалық комиссияның отырыстары жөнінде газеттер бетінде жарияланған материалдардан аңғарғанымыз, президенттіктен үміттілер арасында мемлекеттік тіл мәселесіне атүсті қарайтындар жетерлік екен. Сірә, олар қазақ тілін өз деңгейінде білуде тұрған ештеңе жоқ деп ойлайтын секілді. Мәселен, екі-ақ бет шығармадан 28, 32, 46 қате жіберу деген масқара емес пе? Осындай сауатсыздықпен олар қалай ел басқармақшы. Біз қазір Президенттен ғана мем­лекеттік тіл білуді талап етіп отыр­мыз. Ал Парламент, мәслихат депутаттары ше? Министрлер, әкімдер ше? Біздіңше, олар да білулері тиіс. Өйткені бұл лауазым иелері – мемлекеттің, халықтың тағдырына қатысты заңдар, шешімдер шығарып отырған, елге нұсқау, бағдар беріп отырған адамдар. Сондықтан да келешекте мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау мақсатында әлгіндей қызметкерлерден емтихан алатын арнайы комиссия құрылып жұмыс істесе, еш артықтығы жоқ. Сайлау қарсаңындағы шаралардан байқалған тағы бір жайт, Президенттіктен дәмелілердің арасында қарапайым тәртіптің өзін сақтай білмейтіндердің, саяси сауаты төмен жандардың болғандығы. Тілге байланысты емтиханды тапсырып тұрып, әрі қарай сайлау додасынан бас тартқан үміткерді қалай түсінеміз? Емтиханға уақытылы келмей, екі күннен кейін «Келуге бола ма?» деген «болашақ Президенттен» не қайыр? Ата Заңымызда Республика Президенті болып 40 жасқа толған азаматтың сайланатыны тайға таңба басқандай жазылғанына қарамастан отызға да тола қоймаған бір жігіттің өтініш бергені қалай? Үміткерлер арасында ШЫҰ, ЕҚЫҰ, БҰҰ сияқты халықаралық институттарды білмейтін адамдардың кездескендігі қарын аштырады. Осындай «сауаттары» арқылы қалай елге тұтқа болмақ? Үміткерлер емтиханнан бас тарту­лары арқылы мемлекетке шы­ғын келтіретінін тілге тиек еткен ОСК төрағасы Қуандық Тұрған­құловтың мына ренішін әбден түсінуге болады: «Бұл – Орта­лық сайлау комиссиясындағы қатар­дағы қызметкерден бастап ко­миссияға жұмсалатын шығын­дар, бұл – лингвистикалық комиссия шығын­дары, бұл – үміткерлермен байланысқа шығу мақсатындағы шығындар, бұл – ісқағаздарына жұмсалатын шығындар. Меніңше, мұндай әрекетті тәртіпсіздік деуден басқа амал жоқ». Сонымен қатар ол: «Біз Қазақстанның демократиялық бағытта дамып келе жатқандығын тағы бір мәрте дәлелдедік», – дей келіп: «Біз кейбір үміткер­лер­ге наразылығымызды білдіріп отыр­­мыз. Себебі үміткерлердің кейбірі өтініштерін беріп алды да, лингвис­тикалық комиссияның отырысына келмей немесе емтихан тапсырудан бас тартты. Біз мұндай үміткерлер комиссияның жұмысын қиындатып жіберді деп айта алмаймыз. Бірақ оларға деген наразылығымыз бар екенін жасырмаймыз», – деді ішкі сырын ақтарып. Хадисте «Патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі» деген сөз барынан көпшілігіміз хабардармыз. Осының өзі ел басшысының қоғамдағы орнын айқын көрсетіп тұр. «Аяз, әліңді біл» деген де сөз бар. Дұрысы, әліңді біліп, жөнімен жүрген ғой. Ел басқармақ түгілі, отбасына ие болу да оңай емес. Олай болса, Президент болудан үміткер адам бұл аса жауапты қызметке жан-жақты дайын болуы тиіс. Республикалық газеттердің біріне берген сұхбатында Орта­лық сайлау комиссиясы Лингвис­тикалық комиссиясының төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков былай деп еді: «Президент болғысы келетін әр азаматтың артында өз мүддесін қорғайтын әлеуметтік топ, өзін қолдайтын қоғам тұруы керек. Екіншіден, келешек ел басқаратын азаматтың денінің саулығы, ақыл-есінің бүтіндігі – маңызды шарт». Бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ. Орынды ұсыныс. Елбасы сайлауы еріккеннің ермегі емес. Әрине, үміткер болған дұрыс. Ол – әркімнің қалауындағы іс. Дегенмен де «Атың шықпаса, жер өрте» болмауы керек қой. Президент секілді маңызды қызметке сайланудан үміт етудің өзіне қатаң талап болуы тиіс. Үміткердің өзі ел танитын, елге белгілі азамат болса екен дейміз. Сонда сайлаудың мәні арта түседі. Түйіндей келе айтарымыз, сайлау талаптары, әсіресе, Президент сайлауына қатысты талаптар келешекте қайта қаралса, орынды болар еді. Сонда біз бүгінгі әңгімемізде тілге тиек еткен «әттеген-айлар» орын алмасы анық. Қатып қалған ешнәрсе жоқ. Уақыттың талабына сай заңды да қайта қарауға, өзгерістер мен толықтырулар жасауға әбден болады. Президент сайлауы – маңызды саяси науқан. Бұл сайлаудан ешкім де шет қалмауы керек. Бұл – парасаттылық, елдік сынағы. Біздің халқымыз бұған дейін де талай сайлауды бастан өткерді. Сайлаудың мәні жұртшылыққа жақсы таныс. Әйтпесе Сайлаубек, Сайлаугүл деген есімдер жайдан-жай қойыла салмайды. Өткен сайлау­ларда отандастарымыз өз таңдауын жасауда қателескен емес. Өз жүрек қалауларын білдіріп ке­леді. Сол қарекет биыл да жалға­сын табатындығына бек сенімдіміз. Ел тағдырын кім болса соның қо­лына ұстата салуға болмайды. Нағыз ел жанашырын таңдай білейік. Алмагүл Құрманбаева, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

2410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9060

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7229

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4969

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4353

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4318

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4277

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4013

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4005

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы