• Қоғам
  • 06 Сәуір, 2011

Cүрбойдақ

d0b1d0bed0b9d0b4d0b0d0ba1Сәт санап соқа басы сопайғандардың саны артып келеді. Дәлірек айтсақ, сүрбойдақтардың қарасы көп. Бүгінде берісі отыздан асып, әрісі 50-ді еңсерген жігіт ағалары қаперіне, ұлт сабақтастығын былай қойғанда, өзіне де ұрпақ жалғастыру парыз екені кірмейтін болды. Сондықтан да бұрын-соңды қазақ даласында болмаған «Сүрбойдақтар синдромы» көз алдымызда пайда болды. Осыдан екі-үш жылдың алдында олардың ұзын-саны 150 мыңға жетіп жығылып, тіпті ел әскерінен де асып түсті деген әңгіме жұртқа жаппай таралды. Ал бүгін ше? Мұны білгіңіз келсе, оқыңыз... «СҮРБОЙДАҚ  СИНДРОМЫ» Сүрбойдақтардың саны 250 мыңға жетіпті. Мұны біз сіздің жағаңызды ұстату үшін қасақана жазып отырғанымыз жоқ. Еліміздің бас демографы һәм санақшысы Мақаш Тәтімовтің аузынан естіген дәйегіміз. Әңгімеміздің әлқиссасын демографтың әңгімесінен бастайық. – 250 мың... сүрбойдақтар сәт санап сүрленіп бара ма, қалай өзі? Мұны қалай бағалап отырсыз? – Үдеп барады. Бұл – үрейлі үрдіс. Оған басты себеп – біздің демографиялық мінез-құлқымыз батыстанды. Ал Батыстың демогра­фиялық мінез-құлқы дегеніміз – кеш күйеуге тию мен кеш үйлену. Яғни отау тігіп, бала сүюге асықпау. – Сонда сіз жігіттерді қай жастан асқанда сүрбойдақтар қатарына кіргізе бастайсыз? – Мен әдетте қыздарды 25 жас­тан әрі қарай кәрі қыздар қатарына қоссам, оның өз себебі бар. Өйткені олар сол жасқа дейін күйеуге шығып, тұңғышын дүниеге әкелуі керек. Мұны мен айтқан долбар деп емес, табиғи заңдылық деп ұғынған дұрыс. Ал жігіттер жағын 30 жастан бастап қана сүрбойдақтар қатарына қосса болады. Мұның бірінші себебі – ер адамның жетілуі нәзікжандыларға қарағанда баяу, екіншіден, олардың әскерге барып, университет бітіру секілді қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын кезеңін қосуымыз керек. Сондықтан 30 бен 55 жас аралығындағы үйленбегендердің барлығын мен сүрбойдақтардың қатарына жатқызамын. – 55 жасқа дейін бе? – Бұл – менің шартты критерийім. Ер адамдардың сүрбойдақтық жасын бұдан да ұлғайтуға болады. Яғни айтпағым, ер-азаматтың денсаулығы мықты һәм бақуатты болса, 55 жастан кейін де үйленіп, балалы-шағалы болуына болады. Сондықтан ер адамдарға жас шектеулігін қоймаймын. – Тарихтағы Алпысбай, Жетпіс­бай, Сексенбай, Тоқсанбайлардың тууы сол тұстағы ер-азаматтардың «мықтылығы» дегіңіз келеді ғой? – Рас, ата-бабаларымыздың тұқы­мының асылдығын жоққа шығара алмаймыз. Сонымен қатар бұған дейінгі ел арасында қалыптасқан ұғым бойынша, бұл тек еркектердің қуат-күшінің қайтпағанында емес. Бар гәп – оның әйелінің жасында. Яғни ер адам қанша қартайғанымен, алған жары жастау болса, ғылыми тұрғыда айтсақ, жатыр жас болса, ол сексендегі шалдан да бала таба алады. Демек, бұған дейін біздің ұғымымызда қалыптасып қалған «шалдарымыздың мықтылығы» емес. Демограф осылай дейді-ау, ал бойдақтар не дейді?.. БОЙДАҚТАР БҮЙ ДЕЙДІ... Үйленгім келді отыз бес жаста, Әке-шешемнің ойы бір басқа. «Үй-жайыңды реттеп ал, содан соң үйлен, Әлі саған ерте» деп түртеді бүйірден... Дәл осындай жолдары бар әзіл ән ел арасына тарап кеткелі қаша-а-а-н... Әке-шешесінің «Әлі саған ертесі» бітпей, ақырында баласының қартайып, «Үйленейін десем сексен бес жаста, енді маған кім тиеді кемпірден басқа...» деп налуымен аяқталады. Әзіл десек те, астарында зіл жатқан бұл әннің мәнін ұғып жүрміз бе осы? Бұрынғы қазақ «он үште – отау иесі» деп, баласы ержетісімен аяқтандыруға асығатын. Немеренің ғана емес, шөберенің алақанынан су ішкісі келетін ұлы үрдіс болатын. Бүгінде он үште ешкімнің отау тікпесі анық, ол заңға да қайшы. Алайда жиырмадан асқан баласын да аяқтандыруға асығып тұрған ата-ана көрмейміз. Керісінше, баласының бауырында еркелеп жүре тұрғанын қалайды. Сорақысы да – сол! Ал Тәтімов ақсақал болса, «қазақ қашан көбейеді?», «бойдақтарды «бұғаулайық» деп шырылдап жүр. Тіпті «бойдақ салығын енгізсек қалай?» деп те ұсыныс білдіріп көрді. Сөзді кезекті рет соған берелік: – Сіз бір кездері «Бойдақ салығы» мәселесін көтеріп едіңіз. Сол өзі керек пе еді? Ол қай елдердің тәжірибесінде бар? Нендей нәтиже беріп еді? – Ол – өте күрмеулі мәселе. Ол қоғамдық пікір туғызу үшін қойылған болатын. Бойдақтардың бетін үй болуға бұрғызу. Кезінде Кеңес үкіметі тұсында болған. – Соғыстан кейінгі жылдары-ау деймін... –Дұрыс айтасыз. «Бойдақ салығы» КСРО-да 1941 жылы 21 қарашадан бастап енгізілген. Талап бойынша 20-50 жас аралығындағы еркектер мен 20-45 жас аралығындағы әйелдер үйленіп, тұрмыс құрмағаны үшін және балалы болмағаны үшін жалақысының 6 пайызын мемлекетке аударып отырған. Ол неден туындады? Соғыста біз қаншама ер-азаматтарымызды жоғалттық. Әйелдеріміз көз алдымызда жастай солып жатты. Бұл елдің әлсіреуіне әкеп соғатын жайт еді. Сондықтан осындай салық енгізілген. Халық арасында оны «жұмыртқа салық» деп атаған. Бұл орайда біз осынау ұсыныс жайында «не дейді екен?» деп бойдақтардың өзін сөйлеттік. Бүгінде отыздан асқан бірнеше жігіт мұны естігенде миықтарынан күлді. Аты-жөнін атамауды сұраған олар: «Бұл ақылға сыймайды. Бұдан тек ел бюджетіне ақша түспесе, одан бойдақтар жаппай үйлене қояды деу қиын. Қала берді, олардың көбі мардымды жалақы алмағандықтан, үйсіз жүргендіктен үйлене алмай жүр. Ал олар сонда салықты қалай төлемек?» – дейді. Қалай десек те, сөздерінің жаны бар. Ал психолог Арай Дінсейітованың ойынша, «бойдақ салығын» салудан бұрын қоғамдағы отбасының әлеуметтік институты мәселелерін шешуіміз керек екен. Мәселен, ертеректегі «жеңгетайлық» үрдісін қайта қолға алып, жалғастыруымыз керек. Оның сөзіне сенсек: «Қазір стереотип өзгерген. Жастарда жауапкершілікті жалғыз өзі сезіну басым. Кейде сол сезіну үйленуден алшақтата береді. Жастардың отау құруына құлықты емес­ті­гіне бірнеше мәселелер басты себеп. Жа­ла­қының аздығы, баспананың болмауы, ма­териалдық жетіспеушілік, т.б.»... БАЗАРДА АРБА СҮЙРЕП ЖҮР, талай қазақ жігіті... Осыдан соң үйленуге шамасы қайдан келсін? Олардың дені – ауылдан келгендер. Олар үшін отбасын құру емес, жан бағу қиын болып тұр. Ал, шындығында, ұлттың үнін өшірмей, демографиялық дүмпуге үлкен үлес қосып келе жатқан тек ауыл ғана екенін естен шығармағанымыз абзал. Қала берді, қаланың қым-қуыт тірлігі ауылға жат. Жер алып, үй салу қалаға қарағанда ауылда едәуір жеңіл болса, арба сүйрегеннен мал баққан әлдеқайда тиімді һәм өнімді екенін де ұмытпауымыз керек. Сондықтан «алтын бесіктен» алшақтамайықшы» дегіміз келеді. Ал төрт құбыласы тең, бақуатты жігіттердің үйленбеуіне не себеп? Олардың да бірді-екілісін сөзге тартқанымызда: «Мен өзімнің бүгінгі өміріме разымын. Әбден дағдыла­нып қалдым. Тіпті өмірімді басқаша елестете алмаймын» деп салды. Иә, аузы дуалылар «жаһанданудың бізге жұққан жаман жағы осы» дейді. «Азаматтық неке» деген шыққалы жастардың үйленуге құлқы мүлдем азайды. Бұл ешқандай ресми өзара жауапкершілікті жүктемейтіні өз алдына, болашағы да бұлыңғыр. Қысқасы, болашақ та, бала да жоқ. БАЛАМ ДЕЙТІН ЕЛ БОЛСА... Жақында бір электронды басылым «Ливия туралы сандарды сөйлетсек...» деген материал берді. Аталған мақалада сол елдің өз азаматтары үшін жасап отырған мол мүмкіндіктері қамтылыпты. Отбасы құрғысы келетін жастарға, жаңа туған балаға, жаңа кәсібін ашқысы келетін жандарға... Сол цифрларға қарап оты­рып, Ливияға көшкіңіз келеді. Яғни жергілікті жастардың аяқтан тұрып, қаз басып кетуіне кәдімгідей көмек. Рас, жаңа туған балаға, орта бизнесті дамытуға бағытталған бағдарламалар бізде бар дерсіз. Бірақ өзге елдерде біздегідей өмір сүрудің орташа көрсеткіші емес, керісінше, ол елдерде адам қанағаттанатындай қаржы беріп, есесіне ол жан үбірлі-шүбірлі болғанда қайтарып беретіндей ұзақ мерзім қамтылған. Осыдан соң үйленбей көр. Мәселен, мемлекетіміз отбасын құратын жастарға алдын ала белгіленген мөлшерде қаржы қарастырып, уақытша болса да ес жиып, етек жинап алғанша тегін тұратын баспана берсе, үміт оты көмескілене бастаған саналарға сәуле түсер ме еді?! Жақында сол сайт «Мөлдір кетті мөлдіреп, қос үкісі желбіреп...» деген елді елең еткізген ақпаратты жария қылды. Яғни қысықкөз көршіге келіндікке аттанған мыңдаған қаракөздің бір мысалын ғана келтіріп, үлкен ой салды. Қорқынышты құбылыс. Кезінде ғұн бабаларымызға әйелдікке қыздарын берген қытайлар бүгін қарымта қайтарып жатқандай ма, қалай? Өйткені ол елде еркектердің әйел затынан қанша мың есе артып кеткенін әлем дабыл қаға айтуда. Тіпті одан сонау азуын айға білеген Америка елі секемдене бастады. Ал дәл іргесінде қазақ елі қамсыз жатыр. Жері байтақ, қызы сұлу қазақ елі әу бастан кез келгеннің көзқұрты болғаны белгілі. Бірақ ата-бабамыздың ақ найзасының ұшы мен ақ білегінің күшінің арқасында аман келдік. Ал бүгін ше? «Шет асты» деп бұған бірден қаракөздерді жазғыра жөнелуге болмас. Өзінікінен үміт болмағасын өзгеге көз сүзген шығар... Ендеше, ел болып ер жігіттеріміздің ертерек ес жиюына, өсіп, өркен жаюы­на жәрдем берейік. Баласын ауыл болып, ру болып тәрбиелеген қазақ енді ру болып аяқтандырса да айып болмас дейміз ғой баяғы...

P.S. Тағы да Тәтімов ағамыздың сөзін тілге тиек етсек, елімізде 300 мыңға жуық кәрі қыздар бар екен. «Бұған 300 мың деген цифр деп қана емес, бұл – соншама жағылмаған ошақ, атталмаған босаға, ашылмаған қауыз, қыл аяғы туылмаған бала деп қарауымыз қажет. Әр әйел ең кемі 2 баладан дүниеге әкеле алады десек, бұл 600 мың баланың жарық дүние есігін ашпағандығын білдіреді», – дейді демограф. Енді осы бағалауды 250 мың сүрбойдақтың санына шақсақ ше? Демек, бұл да 250 мың – тігілмеген отау, қала берді, белде кеткен 500 мың бала... деп қоямыз біз де іштей. Сөз соңында Мақаш Тәтімов: «Қоян жылы қоян-қолтық араласа берейік. Көжектеріміз көбейе берсін!» – деп тілек білдірді. Біз де: «Жалғыздар жұп, жұптар топ бола берсін!» – дестік. Динара ІЗТІЛЕУ

4197 рет

көрсетілді

44

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5978

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5589

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3327

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2711

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2674

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2649

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2383

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2368

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы