• Ақпарат
  • 13 Сәуір, 2023

АҚПАРАТТЫҚ ДОКТРИНА: ҚОҒАМ ҮШІН ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЗОР ҚҰЖАТ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ, «Ana tili»

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының «Ақпараттық доктринасын бекіту» туралы Жарлығы шықты. Ашығын айтайық,  доктринаны қабылдаудың маңызы зор. Жалпы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету,  ұлттық құндылықтарды дамыту, отандық патриотизмді ояту үшін мұндай құжаттың мәні үлкен. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық доктринаны қабылдау керектігі жөнінде  тапсырма бергені белгілі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осыған байланысты нәтижелі жұмыс істеді. Аталған доктрина өткен жылы талқылауға ұсынылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, дөңгелек үстел мен арнайы жиындарда осыған байланысты журналистер, ғалымдар мен қоғам белсенділері өз пікірін білдірді. Нәтижесінде, Ақпараттық доктрина бекітіліп, Президент Тоқаев 20 наурызда құжатқа қол қойды. 
Демек, тәуелсіз Қазақстан үшін де мұндай стратегиялық құжаттың қабылдануы маңызды. Әлемде геосаяси жағдай қиындап, ақпараттық шабуыл­ мен «мылтықсыз майдан» өрістеп тұрған уақытта бізге де ақпараттық қорғаныш қабілеттің мықты болғаны керек. Демек, Преизидент қол қойған құжаттың стратегиялық маңызы зор. Жалпы ақпараттық доктрина деген не? 
«Ақпараттық доктрина отандық ақпараттық саланы дамыту көзқарас­тарының, оның ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру қағидаттары мен тетіктерінің жүйесін білдіреді. Доктрина халықтың мүддесіне сай келетін, мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуына ықпал ететін идеялық-құндылық бағдарларды да айқын­дайтын болады. Ақпараттық доктрина отандық ақпараттық саланы дамыту жөніндегі көзқарастар мен қағидаттар жүйесін, оның ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру тетіктерін айқындайды», – делінген құжатта.
Рас, қалай айтқанда да, отандық баспасөзге мемлекеттік қолдау керек. Оны жоққа шығара алмаймыз. Демек мемлекетте ақпараттық доктринаның қабылдануының зор саяси маңызы бар. 
–Бұл доктринаның бірінші мақсаты – ақпараттық қауіпсіздікті нығайту, сонымен қатар отандық контентті қолдау, ақпараттық кеңістікті қорғау және ұлттық құндылықтарды нығайту мақсатында жасалынған. Бұған қолдау білдірген әріптестерге ризашылығымды білдіремін, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі.
ХХ ғасырдың басында айтқан Мір­жақып Дулатұлының «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» деген сөзі бүгін де маңызын жойған жоқ. Рас, әлемдегі, айналадағы, оқиғаларды хабарлап отыратын, қоғам мен билікті байланыс-тыратын сала – журналистика. Ал біз жаһандық қауіп-қатерге және ақпа­раттық шабуылға қалай қарсы тұра аламыз? Ол үшін отандық БАҚ пен телеарналарда сапалы контенттер, отандық телеөнімдердің көбейгені дұрыс. Бұл орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі нәтижелі жұмыстар істеп жатыр. 
Атап айтар болсақ, әлемдік «Tiji», «Nickelodeon» арналарының мульт­фильмдері қазақ тіліне аударыла бас­тады. Енді аталған арналармен қазақ ертегілері негізінде анимациялық өнімдер жасау туралы келіссөздер жүргізілуде. 
– 2022 жылдың қорытындысы бойын­ша жалпы мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 83 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта әлі де арта түседі деп ойлаймыз. Атап өтерлігі, министрлік халықаралық байланыстарды нығайтуда. Жаңа медиа мен азаматтық журналистиканы дамыту мақсатында Meta, TikTok, Google, Mail.Ru Group, LinkedIn компанияларымен қарым-қатынас орнатылды. Нәтижесінде, алғаш рет Мета компаниясының Instagram, Whatsapp, Facebook, Messenger-дің Қазақстан бойынша ресми өкілдері айқындалды. Сондай-ақ TikTok корпорациясының аймақтық офисі ашылды. Facebook пен TikTok-тің интерфейсін қазақшалау бойынша келісімдер жасалды, –деді жыл басындағы алқа мәжілісінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі. 
Сондай-ақ елімізде цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату жұмыстары алға басып келеді. Мәселен, биыл халықты цифрлық хабар таратумен қамту 93 пайызды құрады. Айта кетерлігі, 13 өңір цифрлық эфирлік форматқа 100 пайызға көшті.
Рас, бүгінгідей ақпарат аласапыраны күшейіп тұрған уақытта оқырманға шынайы ақпарат беру маңызды. Нобель сыйлығының иегері, ағылшын жазушысы Джон Голсуорсидің «Тақырып оқиғаны екі еселеп жеткізеді» деген сөзі бар. Рас, дәстүрлі баспасөзден гөрі, қазіргі уақытта әртүрлі рейтинг қуалаған сайттарда оқиғаны зорайтып, тақырыпты айқайлатып беру әдетке айналды. Олар осылай оқырман жинап, ақпараттың қаралымын көбейтеді. Тіпті мәселенің мән-жайына терең бармай жалған, атүсті ақпарат тарату үрдісі қазір де бар. Ал доктринада «жалған нарративтермен күресу мәселелерінде мемлекет пен қоғамның тиімді өзара іс-қимылы, ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқарудың қазіргі заманғы әдістерін енгізу, сыртқы ақпараттық шабуылдарға, деструктивті идеологияның, үгіт-насихат пен жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіру» туралы мәселе көтерілген.
Уақыт өте келе біз мұндай «ойбайшыл» тақырыптар қоятын кезеңнен де өтерміз. Мысалы, 2000-жылдарға дейін отандық БАҚ-та небір «сары басылымдар» болған, елдің бәрі сканворд, красворд шешіп кеткен кезеңді де көргенбіз. Мұндай сапасыз дүниелердің ғұмыры уақытша болатынын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Қазір сол «сары басылымдар» жоқ. Ал қазіргі сапасыз интернет сайттарды медианарық өзі-ақ ығыстырып шығарады. Өйткені оқырманның талғамы барған сайын өседі, талғам таразысына салады. Уақыт өзі бәрін екшейді. Сондықтан кез келген интернет журналисі рейтинг қуаламай, қазірден сапалы контентке мән бергені дұрыс. 
Біз үшін ең басты мәселенің бірі –ақпараттық қауіпсіздік.Мәселен, қазір шекаралас аудандарда тұратын қазақстандықтар көршілес елдің ақпаратын, идеологиясын тыңдайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі алқа мәжілісінде 2023 жылы елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтілетінін айтты. Бұл өте керек, маңызды мәселе. Демек, доктринаның мақсаты елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемен­дігін қам­тамасыз ету, қазіргі заманғы үрдіс­тер мен сын-қатерлерге жауап беретін, қоғамды топтастыруға бағытталған ақпараттық саясат құру болып отыр.

 

 

Руслан Рүстемов,Парламент Сенатының депутаты:

Ақпарат тарату - ардың ісі

Бүгінгі күннің басты олқылығы ма, бейәдеп сөз, жалған ақпарат әлеуметтік желіде желдей есіп тұр. Таным-түйсікте «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген пиғыл бар ма, әйтеуір күдігі көп ойлар көбейді. Арасында адамның ар-намысы мен қадір-қа­сиетіне тіл тигізіп, сөз сойылдың небір сұмдық әрекеті бар. Бұл адамның пси­хологиясына ауыр соққы болып, қатты қиналыс тудыратыны бесенеден белгілі. Халқымызда «Айтылған сөз – атылған оқ» деген мақал тектен-текке айтылмаса керек. Ауыздан шыққан ауыр сөз тән жарасын салмаса да, жанына кетпес жара болып жабысады. Осындай немкетті ниет назардан тыс қалмады. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 2023 жылғы 20 наурыздағы №145 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ақпа­раттық доктринасы бекітілді. Мұны дер кезінде қабылданған маңызды құжат десек әбден лайықты. Жалпы ақпаратты – жаңалықтар желісі десек, доктрина – іс-әрекет жасауға нақты нұсқаулар принципінің жиынтығы. Доктрина – ақпараттық қауіпсіздік пен идеологиялық сенімділікті қам­тамасыз етуді қолдайды. Яғни ақпа­раттық саясатты құру негіздемесі. Естеріңізде болса, Мұхтар Әуезов «Сын – шын болсын, шын – сын болсын» деген принципті ұсынды. Осы мақсатта қазақ әдебиетінде көркемдік сапасы мықты туындылар тудыру талабы күшейді.Әдебиет саласында сыншылар пайда болды. Ахмет Байтұрсыновтан бастап, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді қаламгерлермен алашшыл әдеби сынның негізі қаланды. Онан бері біз білетін Сағат Әшімбаев, Тұрсынбек Кәкішев, Бақыт Сарбалаев, Құлбек Ергөбек шықты. Мұнан бөлек, әдеби цензура сүйекті дүниені сүзгіден өткізді. Клас­си­калық шығармалар сүт бетіне шық­қан қаймақтай қою, құйқалы қа­лыбын көрсетті. Сол секілді театр сыны бағы­тында сыншылардың (Қ. Мұхамед­жанов, Қ. Қуандықов, Б.Құндақбаев, К.Нұрпейісов, Л.И.Богатенкова, Ә.Сығай, Я.Шынәсілұлы) үлкен үлгісі қалып­тасты. Және көркемдік кеңес жұмыс істеді. Осынша бақылау мен бағалау ұрпақ үшін тәрбиелі, тағылымды туындының жаңғыруына жол ашты. Халық кітаптан қуат алды, отаншыл сезім, отбасы бақыты, адамгершілік рух, ортақ мүдде секілді терең ой салатын рухани қазынаның құны артты. Қазір ше? Мүлдем басқа. Кітап оқу белсенділігі төмендеп кетті. Газет-журналға көзқарас өзгерді. Мұны Мемлекет басшысы дөп басып айтты. «Технологиялардың дамуы, жаңа цифрлық және ақпараттық-ком­муникациялық құралдардың жаппай енуі қазіргі заманғы медиакеңістікті түбегейлі түрде өзгертті. Анық ақ­паратты тарату, анық емес және мани­пуляциялық ақпаратқа қарсы іс-қимыл және жалпы алғанда, қоғамның бұ­қаралық ақпарат құралдарына деген сенімін арттыру мәселелері барған сайын өзекті бола түсуде», – деді Президент. Әрине, сөз бостандығы мен пікір білдіру кепілдігі біздің елде еркін. Бірақ сөздің де жүйесі бар, айту-айтпау тұрғысында тұрақтылық, табандылық қасиет жетіспей жатады. Мен Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, аудан әкімі қызметтерін атқарған кезеңде облыстық, қалалық, аудандық басылымдармен, телеарналармен етене байланыста болдым. Газеттермен алдағы нөмір, басылым бағыты бойынша ақылдастық жасап, мақала, хабарлар мазмұнын арттыру, тақырып таңдау, сөз саптау, ой жүйесі жөнінен пікір алмасулар жиі жүретін. Сол кезеңде сапалы оқылымдар болғанын қаладық және ол ойымыз орындалып тұрды. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, қазір басылымдар мен телеарналарда талдамалық бағдарламалардың, журналистік зерттеулердің, жарқын публицистиканың тапшылығы байқалады. Мен идеология маманы ретінде мұны толық мойындаймын. Ал аталған ақпараттық доктри­на отандық ақпараттық саланы да­мыту, оның ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағыт­­талып отыр. Және мемлекет пен қо­ғам­ның дамуына ықпал ететін идея­лық-құндылық бағдарларды да ай­қындайтын болады. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ұлттық медиакеңістігі айтарлықтай трансформацияға ұшырағанын аңғарып келеміз. Неліктен? Негізгі телевизия кон­тенті сериалдар мен ойын-сауық сипаттағы ток-шоу­ларға толып кетті. Газеттер белгіленген мерзімде жарыққа шығатындықтан, көптеген хабар «ескіріп» қалады. Оның орнын әлеуметтік желінің жедел, шұғыл тарату белсенділігі басты. Соның салдарынан интернет-ресурстар отандық БАҚ арасында кең танымалдыққа ие болып отыр. Бұл ретте Президент «Мобильді интернеттің дамуының арқасында әлеуметтік желілер ел халқының кем дегенде жартысы, негізінен жастар үшін негізгі ақпарат көзіне айналды (2021 жылғы әлеуметтанушылық зерттеулер респонденттердің 45,2%-ы әлеуметтік медиадан ақпарат алуды таңдайтынын көрсетті). Жаһандық мессенджерлер мен онлайн-платформалардың дамуы медиаиндустрияның архитектурасын түбегейлі түрде өзгертті. Жалған ақпарат көздерінің біріне айналып отырған кейбір әлеуметтік желілерді саясаттандырудың барынша өсуі байқалады. Медиа-нарықта әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің пайда болуы тұтынушыға онлайн-режимде ақпарат алуға мүмкіндік бере отырып, ақпарат алмасу процесін түбегейлі түрде өзгертті. Әлеуметтік желілер коммуникацияның негізгі арнасына және контентті тарату ортасына айналды, бұл нәтижесінде дәстүрлі БАҚ арқылы ақпаратты тұтыну үлесінің төмендеуіне алып келді. COVID-19 коронавирустық инфекциясының пандемиясы әлеуметтік медианың позициясын одан әрі күшейтті», – деп атап өтті. Шындығы сол, Мемлекет бас­шысы айтқандай, мессенд­жерлердің дамуына, блогерлік феноменнің пайда болуына байланысты дәстүрлі журналистиканың классикалық ұғымы мен аудиторияны хабардар ету әдістері трансформацияға ұшырады.Хабар-жаңалықтың жедел тарағаны дұрыс шығар, бірақ «жүрдім-бардым» жазылып, қатесі өріп жүрген, дәйексіз, дәлелсіз дүниесі тұтынушының оқиғаларды бұрмалап қабылдауына ықпал ететінін және теріс мінез-құлық көзқарасы қалыптасатынын ескеріп жатқаны шамалы. Формализм көріністері көп. Оңды-солды орынсыз тіл тигізу, сол арқылы бедел жинау басымдық алып барады. Негативті ақпараттық ықпал ету мемлекет пен қоғамның тиімді өзара іс-қимылына орасан нұқсан келтіреді. Мұны арандатушы контентті тарату деп айтқан жөн. Ендігі кезекте сыртқы ақпараттық шабуылдарға, деструктивті идео­логия­ның, үгіт-насихат пен жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге талап қойылды. Демек, дәйексіз дүниеге жауап беретін уақыт жетті. Айтылған сөздің салмағын сезіну керек. «Ауыз менікі» деген шалыс ұғымды шектейтін шақ туды. Біз қазақстандық қоғамның басты құндылығы – тәуелсіздік арқылы бәріне де қол жеткіздік. Бірақ бү­гін­гідей бейәдеп пиғылды бол­дырмауға тиістіміз. Осы олқы­лықтың кесірі – жас ұрпақтың да санасын улап, отан­шылдық, ортақ мүдде, патриотизм қасиетіне кірбің түсіріп алғандаймыз. Ақпарат ашық, шындық болса, оған ешкім шүбә келтірмейді. Сол секілді атыс-шабыс, зорлық-зомбылық се­кіл­ді қоғам қалтарысындағы қыл­мыс­тық оқиғаларды жиі жариялау жур­налистік сенсация емес, сенім мен үміт­ке күдік төндіруші тенденция дер едім. Сондықтан Мемлекет басшысы бекіткен Ақпараттық доктрина өте өзекті, қоғам үшін құндылығы зор құжат.

 

Дәрмен СМАЙЫЛ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, журналист:

«Төртінші билік» өкілдері түгел атсалысқаны абзал

Сайлау науқаны өткен күннің ер­тесінде Қазақстан ақпараттық кеңіс­тігінде өте маңызды қадам жасалды. Мемлекет басшысы «ҚР Ақпараттық доктринасына» қол қойды. Ақпараттық доктринаны бекіту туралы Жарлыққа Президенттің қол қойғанын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің өзі «Фейсбуктегі» парақшасында жариялап, елден сүйінші сұрады. «Қадірлі достар, әз-Наурызда жақсы жаңалығымыз бар! Бүгін Мемлекет басшысы «Ақпараттық доктринаға» қол қойды» деген министр доктринаның ақпараттық кеңістікті қорғау, отандық медианы қолдау және ақпаратқа қолжетімділікті арттыру жөніндегі мақсаттарын баяндап, оның бірнеше бағытын айқындап берді: – отандық ақпараттық өнімнің және жалпы саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру; – ақпараттық кеңістіктің негізгі бағыттарында ұлттық құндылықтардың үстемдігін қамтамасыз ету; – халықаралық деңгейде сапалы ақпараттық қатысуды арттыру; – саланың нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге ықпал ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке үш айдың көле­мінде ақпараттық доктринаны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайын­дауға тапсырма берді. Расында, доктрина басты бағдарлама іспеттес, ал оның аясындағы атқарылатын жұмыстар, қабылданатын тетіктер, жоспар қандай болмақ? Бұған дейін медиа кеңістікті дамытуға байланысты көптеген құжат­тар қабылданғаны белгілі. Арасында «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарған» дүниелердің болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл доктрина да «Бір қайнауы ішінде кеткен, 30 жылдан кейінгі қайта өзгертулерге «сұранып» тұратын бағдарламалардың қатарынан болмай ма екен?» деген әркімнің көкейінде сұрақ бары да анық. Дегенмен, ақпараттық кеңістіктің «конституциясының» бастапқы ниеті де жаман емес деуге болады. Яғни «Осы доктринаның мақсаты елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемен­дігін қамтамасыз ету, қазіргі заманғы үрдістер мен сын-қатерлерге жауап беретін, қоғамды топтастыруға және азаматтық бірдейлікті нығайтуға бағыт­талған ақпараттық саясатты құру» деп жазылған «әлқиссасы» унитарлы мемлекеттің ұлттық медиа кеңістігінің жүгін көтеруге атсалыспақ бағдарын айқындайды. Ақпараттық кеңістікте ұлттық құндылықтардың үстемдік алатыны да құптарлық жайт. Медиа сарапшылар айтып келе жатқан ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің басты арнада қаралуы көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені, ақпараттық қауіпсіздік дегеніміз – ең алдымен мемлекеттік қауіпсіздік, сөз бостандығы, БАҚ еркіндігі, қоғам мүшелерінің мүддесінен тұратын азаматтық құндылықтар. Сонымен қатар ақпараттық ресурстардың, медиалық салада қызмет істейтін тұлғалардың т.б. құқықтардың сақталуы, қорғалуы. Ал ақпараттық қауіпсіздік саясаты барша құқықтарды әділетті қорғаудың заң-ережелері мен нормаларының жиынтығы. Егер осы бағытта іс-қимыл жоспары түзілетін болса, кешегі «қанды қаңтар» оқиғасынан кейінгі биліктің халықтың мүддесін ойлауға деген оң ниетін байқай аламыз. Ақпараттық қауіпсіздікті мемле­кеттік қауіпсіздікпен «синоним» ету қаншалық маңызды екенін кешегі Украина-Ресей соғысы, тағы басқа да ақпараттарға байланысты америкалық барлаушылардың әлеуметтік желіге жарияланып кеткен құпия құжаттары анық көрсетті. Бұл әлемдік БАҚ-тың тақырыбына тұздық болып, дүниежүзілік геосаяси ахуалдың күрделенуіне әкеліп соғуы да мүмкін. «Кибер-қауіпсіздікке байланысты конвергентті журналистикадан кибер-журналистикаға ауысатын кез келеді» дегенді сарапшылар жиі айта бастады. Алайда «адам жанының инженері» саналатын мамандықтардың қатарына жататын журналистиканың рухани сезімталдық деңгейі қайда қалады? Оның алгоритмі қандай? Бұл «майдан қыл суырғандай» өте шетін мәселе. Бұл доктрина жұмысын жүйелендіру үшін қабылданбақ іс-қимыл жос­парында көрініс табады деген үміт бар. Өйткені доктрина ақпараттық кеңістік құндылығын арттыруда жеке мәліметтерді қорғау, цензураға тыйым салу, сөз бостандығынан бастап, ұлт үшін мәні аса жоғары тәуелсіздік, мемлекеттік тіл, ұлттық тарих және мәдениет секілді құнды тақырыптарды өзектілік ретінде күн тәртібіне шығарып отыр. Мемлекеттік ақпараттық саясаттың идеологиялық құрамдас бөлігі қоғамды топтастыруға, адам­гершілік қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ жоғарыда айтылған ұлттық құн­дылықтарды ұстануға бағыт­тала­тынын жеткізген тұжырым­дамалық құжаттың ұтар тұсы да осы болса керек. Бұл аталған доктри­на­ның ұлттық журналистиканы, ұлттық медиалық саясатты қайта қарап, жаңарған әрі жаңғырған идея тұрғысы­нан сараптағанынан хабар береді. «Мұндай жаңа бағыттар үшін ұлттық БАҚ бәсекеге қабілетті болуға тиіс» деген сөз. Демек, осы ауандағы контенттер заманауи эфектілермен көркемделіп, қоғам қызығушылығын игеруі қажет. Жаңа медианы дамыту жағында да осы мәселелер жан-жақты қамтылған. Қазіргі уақытта үкіметтік деңгейде және көсемсөзгерлік затындарда қазақ тіліне қатысты қасаң түйткілдердің көбейіп кеткенін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, «ағымдағы жыл», «баспа басылымдары» деген жанымызға жақын емес «тіркестерден» арылатын да сәт келді. Анығында, «ағымдағы жылыңыздың» қарапайым ғана «биыл» екенін бәрі біледі. Ал «баспасөз басылымдары» деген атаудың қашаннан бері «баспа басылымдары» болып өзгергеніне таңым бар. Қалайша баспадан шығатын мерзімді емес басылымдармен газет-журналдарды тең атаймыз? Қазақстанда тіркелген БАҚ-тың 80 пайызға жуығы қағаздық мерзімді басылымдар, яғни баспасөз екенін ескерсек, бұл атауды шатастырмағанымыз жөн деп ойлаймын. Әріптестерім үшін доктринаның тағы бір алаңдаушылық тудырып отырған жері – жалған ақпараттармен күрес мәселесі. Бұдан «атқарушы орган өз «иммунитетін» арттыру мүмкін» деп қауіптенетіндер де бар. Бұл қаншалықты ақиқат? Әрине, бекітілген құжатта жалған бейне-аудио контенттер тарату, жалған ақпарат тарататын кейбір әлеуметтік желілер, жалған нарративтер т.б. туралы айтылған. Бірақ жалған ақпарат таратудың заңға қайшы екені бәрімізге де түсінікті. Демек, іс-қимыл жоспарына кепілдік ету үшін «төртінші билік» өкілдері түгел дерлік атсалысқанымыз абзал.

1166 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8767

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7062

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4806

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4192

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4154

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4115

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3845

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3845

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы