• Cұхбаттар
  • 27 Сәуір, 2023

Ербол Тілешов: Бізге ең қолайлысы – латын әліпбиі

Қазіргі кезде қоғамда латын әліпбиін қабылдауға байланысты әртүрлі пікір қалыптасуда. Латын әліпбиін енгізуді жақтайтындар бар, сонымен қатар оған қарсылар да табылады. Латын әліпбиін енгізудің нендей артықшылығы бар?Ал әліпбиге байланысты қандай шаралар атқарылуда және атқарылмақ? Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешовтың пікірін білген едік.

«Бізге нақты тіл реформасы қажет»

–Алғаш рет әліпби туралы 2017 жылдың сәуірінен бастап мәселе көтерілгеннен бері бірқатар шаралар атқарылды. Ал атқарылған және атқарылмақ жұмыстарға келсек, онда мынадай бірнеше мәселені айтуға тиіспіз. Біріншіден, әліпби нұсқасы ғалымдар арасында жіті сарапталды. Соның негізінде 31 таңбадан тұратын нұсқа әзірленді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты емле ережелерін әзірледі. Бірақ әліпби нұсқасына кейбір ғалымдар сын-ескертулер айтты. Емле ережелерінің кейбір тұстарына қатысты да ғалымдар арасында әртүрлі пікір бар екенін айтуға тиіспіз.
Әліпби мәселесі көтерілгелі Тіл саясаты комитетіне, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына көптеген әліпби нұс­қалары ұсынылды. Біз оларды топ­тастырғанда, негізінен 3 принципті байқадық. Біріншісі ­– әліпбиді ағылшын әліпбиінің базасындағы 26 таңбамен ғана түзу, екіншісі – Халықаралық фонетикалық ассоциация базасындағы таңбалар мен символдарды, белгілерді қолдану арқылы түзу, үшіншісі – аралас принципке құрылған нұсқалар. Қазақ әліпбиін түзудегі негізгі принцип – «бір дыбыс – бір әріп» принципі. Бұл – жалпы түркі тілдеріне ортақ принцип. Ал ғалымдар арасындағы пікір алшақтығына келсек, негізгі пікірталас «и», «у», «ы», «і» дыбыстарының таңбалануына байланысты. 
Бір топ ғалымдар «бір дыбыс – бір әріп» принципін ұстана келе, «у» әрпін «u» таңбасымен (сауда – sauda), «й» әрпін «і» таңбасымен (биік – biık), «ы» әрпін «у» (ынтымақ – yntymaq), «і» әрпін «ı» (кілем – kılem) таңбасымен беруді қолдады. 
Келесі топтағы ғалымдар «у» әрпін -ıu/ïu, -ūu/üu (-ыу/іу, -ұу/үу) 4 әріп тіркесімі арқылы таратып жазуды ұсынды, мысалы: бару – barıu (барыу), келу – kelïu (келіу), су – sūu (сұу), зәру – zärüu (зәрүу). Ал «и» әрпін -ıy/ïy (-ый, -ій) әріп тіркесімдері арқылы таратып жазуды, «ы» әрпін «ı» және і әрпін «î» арқылы таңбалауды ұсынды, мысалы: қиын – qıyın (қыйын), биыл – bıyıl (быйыл), би – bîy (бій), ирек – îyrek (ійрек).
Ғалымдар арасындағы осы пікірлерге қатысты Мемлекет басшысы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдағы (2022 жылғы 16 маусым) сөзінде: «...Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. ...Бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. ...Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жас-тарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн. ....Сол себепті, мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым» деген болатын.
Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің биылғы 12 сәуірде өткен алғашқы отырысында да Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жұмысты Ұлттық Ғылым академиясымен бірлесіп жалғастыруды атап өтті.
Аталған осы екі жиында да ы әрпінің таңбалануына қатысты мысал келтірілді: «тыныштық – tynyshtyq», «ырымшыл – yrymşyl». Мемлекет басшысы тұрпаты жағынан да, оқылуы жағынан да берілген таңбаның сәйкессіздігіне назар аудара келе, латын графикасына өткен түркітілдес елдердің тәжірибесін қарауды, басқа озық елдердің ұтымды тұстарына назар аударуды тапсырды. Емле ережелеріне келсек, оның да нақтылайтын тұстары баршылық. Жалпы жазудың теориялық, практикалық мәселелері – ғалымдар айналысуға тиісті таза ғылыми мәселе. Дегенмен жазуды бүкіл халық тұтынады десек, халыққа тіл табиғатына сай әрі оңтайлы әліпби мен емле ережелерін түзу қажет. Дәл осы тұста тілдің даму динамикасын, эволюциясын да ескеруге міндеттіміз. 
Жалпы әліпби қабылдау, емле ережелерін жетілдіру – тіл реформасына бастайтын аса маңызды қадам. Жазу дәстүрі қалыптасқан кезеңнен бастап осындай тіл реформалары жүргізілген. Мысалы, ХХ ғасырдың өзінде ағылшындар 1906, 1934 жылдары, француздар 1990, немістер 1996, 1999 жылдары, орыстар 1918, 1932, 1938, 1956 жылдары тіл реформаларын жасаған. Тіл реформаларының ең негізгі мақсаты жазуды жетілдірумен байланысты. Қазақ тілінің реформасы да осылай болуға тиіс. ХХ ғасыр басында А.Байтұрсынұлы әліпбиі осындай реформаны бастады. Соның нәтижесінде, тіліміздің төл табиғатына сай емле ережелері қалыптасты. Мемлекет басшысы айтқандай, бір таңбаны екінші таңбаға ауыстыра салу емес, нақты тіл реформасы қажет. Тіл реформасы ауқымында тілдің табиғатын дәл беру, артық таңбалардан арылу, емле ережелерін жетілдіру, жер-су атауларын, кісі есімдерін дұрыс жазу, терминдерді біріздендіру, кірме сөздердің орфографиясы сияқты іргелі мәселелер шешіледі. Әліпби қабылдау – бастапқы қадам, оның ар жағында ауқымды, күрделі ғылыми-теориялық және әдістемелік-практикалық жұмыс тұр. Кейбір ағайын жалаң беттік әліпби нұсқасын және оған қоса екі-үш беттік түсіндірмесін ұсынып: «менің нұсқамды қабылдамады» деп, кейістік білдіреді. Оның ар жағында ондаған кәсіби мамандардың, ғалым­дардың ғылыми еңбегі мен тәжірибесі, қажыры тұратынын елемейді. Әліпби тіл реформасына бастайтын жұмыс болғандықтан да, Президент бұл мәселеге асықпай, мұқият келуді тапсырды. Қазір соған орай ғалымдар арасында әліпби жобасы және емле ережелері ғылыми тұрғыдан мұқият сарапталуда. 

Латын әліпбиін енгізудің артықшылығы бар

– Иә, бұл мәселеге көптеген маман­дар қажетті жауабын берген. Негізгілерін ғана тұжы­рымдап қайталайын. Біріншіден, қазақ тілінде 28 дыбыс бар, бірақ қазіргі кирил әліпбиіндегі әріптердің саны – 42. Неге олай десеңіз, жауабы қарапайым: бұл әліпби орыс тілінің біздің тілімізде жоқ дыбыстарымен толтырылған. Енді қарайық, ағылшын тілінде дыбыс – 44, таңба – 26, француз тілінде дыбыс – 45, таңба – 34. Бұдан шығатын қоры­тынды: таңба дыбыстың санынан көп болмайды. Бізде керісінше. Өйткені басқа тілдің ықпалы күшті. Дұрысында әрбір тіл өзінің төл табиғатын сақтауы тиіс. Оны Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ оқымыстылары сан мәрте айтқан. Бірақ кеңестік идеологияның ықпалымен қазақ жазуына да, жалпы қазақ тіліне де зиян келтірілді. Ал жаңа әліпби қабылдау, соған орай қазақ тілінің жаңа емле ережелерін әзірлеу арқылы біз тіліміздің төл табиғатын мүмкіндігінше қалпына келтіреміз. Екіншіден, латын әліпбиі – халықаралық қауымдастықта ең кең таралған әліпби. Ол ғылымдағы, экономикадағы, саясаттағы негізгі әліпби. Айталық, физикадағы бірліктер жүйесі, химиядағы элементтердің периодтық таблицасы, математика, геометрия, география, биология, медицина т.б. ғылымдардың символдары, шартты белгілері, формулалары т.с.с. латын таңбаларымен белгіленеді. Оған қазір өмірімізде кең орын алатын нарықтық қатынастағы атауларды қосыңыз. Барлығы дерлік латында. Ендеше, қазақ тілі қазіргі заманауи үдерістерден шет қалмауы керек. Сондай-ақ қазір түркі тілдерінің 56 пайызы латын әліпбиінде, 25 пайызы араб жазуында, 17 пайызы қана кирилда. Қарап отырсаңыз, біз түркітілдес ағайындардың көпшілігінен әліпби тұрғысынан алыс тұрмыз. Осы 17%-дың өзін біз және татар, башқұрт, шуваш, саха, тыва, хақас сияқты Ресейдегі халықтар құрап отыр. Егер латын әліпбиін қабылдасақ, кирил әліпбиіндегі түркі тілдерінің үлесі тіптен азаймақ. Сондықтан әлемдік қауымдастық тұрғысынан да, түркілік ағайындық тұрғысынан да бізге ең қолайлысы – латын әліпбиі. 
Әлбетте, әрбір реформаның өз қиындығы болады. Латын әліпбиін қабылдауда да өзіндік қиындықтар болуы мүмкін, бірақ олар өткінші қиындықтар. Қазіргі сауатты қоғам оларды еңсеруге әбден әлеуетті. Егер «кирил таңбасымен жарық көрген еңбектер оқылмай қалады» деген пікірге келсек, қазіргі технология заманында бір таңбалық жүйеден екінші таңбалық жүйеге көшіру минуттың ғана шаруасы. Айталық, «Qazlatyn.kz» сайтындағы конвертер М.Әуезовтің «Абай жолы» төрт томдық роман-эпопеясын 11 минутта кирилдан латынға аудара алады. Осыдан-ақ қазіргі технологияның мүмкіндігін түсіне беріңіз. Латын әліпбиі, емле ережелері бекітілгенде, аталған конвертердың жұмысы жаңа сапалық деңгейге жеткізіліп, жетілдіріледі. Сондықтан бұл мәселеде қауіптену жөнсіз.

«Жаңа әліпбиді меңгеру қиын емес»

–Латын әліпбиін үйренуге байланысты мынадай қарапайым ғана мысал келтіруге болады. Қазіргі 42 таңбалы әліпбиді бірінші сыныпқа барған 
6 жасар бала 3 айда үйреніп, оның оқу, жазу дағдылары қалыптасады. Латын әліпбиіндегі 32 таңбаны үйрену одан азырақ мерзімге созылады. Тіпті сол 
3 ай болсын. Ересектерге келсек, олар латынның 10 шақты таңбасын біледі. Өйткені қазіргі кирилдегідей а, е, к, о, м деген сияқты ұқсас таңбалар. Қалған таңбалар күнделікті өмірден жақсы таныс. Мысалы, Mercedes, Adidas, Coca-Сola, т.б. толып жатқан атаулар. Үйіңіздегі шәйнек пен үтіктен бастап, сауда орталықтарындағы самсаған латын таңбасындағы жазуларды бәріміз оқи аламыз. Мектепте орташа оқыған адам білетін H2O, sinus, cosinus сияқты тағы да қаншама сөздерді оқи аламыз. Оның сыртында автомобиль нөмірлері мен маркалары, өзіміз күнде көретін, баратын «Magnum», «Small», «KFC» сияқты орындардың атаулары кирил жазуында емес. Яғни қазір қоғамның абсолютті басым көпшілігі латын әліпбиіндегі жазуларды оқи алады. Енді әліпби қабылданғанда әрқайсымыз шындап кіріссек, зеректеріміз бірер аптада, шабан қабылдайтындарымыз бірер айда үйреніп аламыз. Бәрі өзіміздің санамыздан, ыждағаттылығымыздан басталады.
Ал Өзбекстанда, Әзербайжанда латын әліпбиін қабылданған кезде барлық посткеңестік елдердегі сияқты экономикалық, әлеуметтік қиындық болды. Қазіргідей жылдам ақпараттандыру, интернет желісі, ресурстары мардымсыз болғанын жақсы білесіз. Мұны сыртқы фактор дейік. Енді ішкі факторларға келейік. Өзбекстан әліпбиін бекіте сала, оны оқу орындарына, қызмет саласына бірден енгізуді қолға алды. Яғни ғылыми, әдістемелік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша дайындық жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмеді. Біз осыған дейін 2 әліпби бекіткенде оларды қолдануды бірден енгізбедік, сөйтіп, көпшілікті әурелемедік. Өзбек ағайындардың әліпби қабылдауындағы асығыстықты қайталамадық. Сөйтіп, жалпы жүйесіздікке жол берілмеді. Ал әзербайжандар мейлінше тыңғылықты дайындық жүргізді. Иә, рас, олар да әліпби өзгертті, емле ережелерін бірнеше рет жетілдірді. Бұл енді пысықтауға, жүйелеуге қатысты мәселе.

Жарлы БАЙҒАНИН 

3121 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №21

30 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 13458

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7796

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 7426

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6804

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 6753

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 6540

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5315

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 5307

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы