• Ақпарат
  • 25 Мамыр, 2023

АЛАШ ПОЛИГЛОТТАРЫ

ХХ ғасыр басында қазақ даласында ұлы өзгерістер басталды. Халық бейне шырт ұйқыдан оянған сәби секілді жан-жағына көз салып, келешектің кемесіне ілесудің жолдарын іздеді. Ол, әрине – ілім іздену, білім алу жолы еді. Сол себепті көзі ашық, көкірегі ояу жандар есі кірген балаларын ескіше оқытуды місе тұтпай, жаңа заманға лайық білім беруді ұйғарды. Солайша қазақ балалары Мәскеу, Киев, Петербор, Қазан, Омбы, Том қалаларына оқуға аттанды. Соның нәтижесінде, жоғары білім алып,  елге кәсіби маман боп оралды. Тіпті олардың арасында бірнеше тілді игерген полиглоттар да болған.
 

8 тіл білген...

Мәселен, солардың бірі – Орал өңірінің тумасы Ғабдулғазиз Мұсағалиев. 1880 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген ол сол кездегі қазақ балалары секілді алғаш ауыл молдасынан сауатын ашады. Оны місе тұтпаған талапты жас одан әрі Қазақ медресесіне оқуға түседі. Оны бітірген соң тағы ақсүйектер мектебінде білім алады. Каирдегі әл-Каһира университетінің заң факультетіне оқуға түскен кезінде Мысырдың бай кітапханасына терей бойлай сүңгіп, халифат дәуіріндегі қолжазбалармен танысады, түркі халқыньң ежелгі тарихын зерттейді. Жастайынан білімге ден қойған ол солайша қазақ және орыс тілдерінен бөлек, қытай, араб, парсы, түрік, жалпы 8 тіл біліп шығады.
Әрине, көп тіл білетін азамат аударма ісімен де айналысады. Атап айтсақ, Ғабдулғазиз «Гүлжиһан» дастанын қазақшаға аударады. 1909–1910 жыл­дары университетті бітірген соң, Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Жапония т.б. елдерін аралайды. Біраз ел-жер танып келген қазақ оқымыстысы Жетісу облысының Қапал уезіне келіп, «Мамания» мектебінде сабақ беруге кіріседі. 1912–1914 жылдары қазақ, татар тілдерінде жарық көрген мерзімді басылымдарда қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, қоғамдық-саяси мәселелері туралы көлемді мақалалар жариялады. Ғылыми еңбектерін «Мұса Ғ.», «Мұса Ғабдолғазиз», «Мусин Ғабдолғазиз» деген аттармен жариялаған. Сондай-ақ сол тұстағы қазақ даласының үні болған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің тұрақты авторы болған.
 «Тіл деген кабинетте жасалмайды. Қазақ секілді езілген ұлттың тілі үкімет кеңсесіне кіріп, күн сайын жұмсауда болса ғана белі, буыны­ қатаяды. Қазақ тілінің кеңсеге емін-еркін кіріп-шығуы одан арадағы «тілмаштарды» қуып шығарар еді», – деген сөздің авторы Нәзір Төреқұлов - алаш зиялыларының ішінде көп тіл білген, көзі ашық азаматтарының бірі еді. Түркістан түлегі – атақты түрко­лог Бартольдтың Түркістан туралы еңбек­терін ғылыми саралаған сарабдал сыншы да болған. Шындық үшін шырқырап, тіпті бірде Сәкен Сейфуллин, бірде Мағжан Жұмабаевпен пікір қайшылығына барып қала беретін болса керек. Бірақ қайткен күнде де өзінің бас қамын ойламаған ол әдебиет, халық ағарту мәселелерін көтерді. Не істесе де кәсіби шебер атқара білген Нәзір Төреқұлов 8 тіл білген өте білімдар азамат еді. Қазақ, өзбек, тәжік тілдерін «ана тілім» деп білген ол, сонымен қатар татар, башқұрт, қырғыз, әзербайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін білген, тіпті араб тілін игерген.
 

Жеті жұрттың тілін білген дәрігер

Тыңға түрен салған тұңғыш ғалымдар деген тұста, екі адамның аты-жөні қашанда көкейде жаңғырып тұрады. Бірі – ұлттың ұлы ұстазы һәм рухани көсемі, ғұлама тілші-ғалым, күллі қазақ қоғамдық ғылымдарының бастау көзінде тұрған түркітанушы (қазақтанушы) Ахмет Байтұрсынұлы болса, екіншісі – жаратылыстанудың сан саласынан қазақ тілінде тұңғыш оқулықтар жазған оқымысты дә­рігер, энциклопедист ғалым Халел Досмұхамедұлы. Міне осы Халел өзі дәрігер бола тұра, ұлтқа қызмет ету үшін барлық салада аянбай қызмет етуге жанын сала кірісті. Осы орайда, энциклопедист Халелдің көп тіл білген полиглот екенін де жастардың біле жүргені жөн. Оның жеті жұрттың тілін меңгеруге күш салғаны, оған мұрша-мүмкіндігі болғаны да осы Петерборда оқыған студенттік кезі еді. Ол алдымен ана тілін сүйді, қадірледі. «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» дейді ғалым-дәрігер. Ал оның мына бір тарихи жазбасы тура бүгінгінің жастарына бағышталғандай әсерге қалдырады: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Ана тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате. Бұл оқығандардың һәм оқу­шылардың есінен шықпау керек», – деді ол. 
«Әкеміз 16 тіл білген...»

Ал енді күллі Алаш баласы арасынан өзінің білімі мен білігі, танымы мен тәлімі жағынан жарқырай көрінген қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым Құдайберген Жұбанов 16 тіл білген екен. Кей деректерде тіпті 18 тіл деп те келеді. 
Осыдан он шақты жыл бұрын ­Қа­зақстан, Түркия мен Қырғыз елінің ға­­лымдары қатысқан Құдайберген Жұбанов­тың 115 жылдық мерейтойында ға­лымның ұлы, А.Байтұрсынұлы атын­дағы тіл білімі институтының профессоры Асқар Жұбанов әкесі жайында: 
«Әкеміз небәрі 38 жыл өмір сүрді, өте ерте кетті. Соның өзінде табиғаттың берген дарынының арқасында артында өшпес мол мұра қалдырды. Бір таңға­ларлығы, әкеміз он алты тіл білген екен. Соның арқасында еуропа, түрік тілдерін са­лыстырмалы зерттеу арқылы қазақ тілі­нің грамматикасын жасады. Сөйтіп қазақ тілінің теориялық негізін қалады», – деген екен.
Осынша тілді қалай, қайдан үйренді екен деген сұраққа жауап іздеп, еріксіз ғалымның өмірбаянына үңілесің. 1899 жылы 19 желтоқсанда бұрынғы Орал облысы Темір уезі Темір-Орқаш болысының 9-ауылындағы Қосуақтам деген жерде дүниеге келген қазақтың тұңғыш лингвист-ғалымы, түркітанушы, профессор Қ.Жұбанов 1904 –1912 жылдары Оспан ишанның мешітінен дәріс алып, араб тілін үйренеді, бастапқы білімін әкесі Қуан ашқан ауыл мектебінен алады. 1912–1914 жылдары екі кластық Жұрын мектебін үздік тамамдайды.
1928 жылы Ленинград (Қазіргі Санкт-Петербург) шығыс тілдері институтында, ал, 1929–1932 жылдары КСРО Ғылым академиясы Тіл және ойлау институты, Шығыс тілдері институтының «Жалпы тілтану және түркі тілдері мамандығы» бойынша аспирантурада оқиды. Профессор Қ.Жұбанов өзінің анкеталық құжаттарында парсы, араб, неміс, түрік, монғол, грузин, чуваш, коми, орыс және бірнеше түркі халықтарының тілдерін меңгеретінін көрсеткен. Кей деректерде, зерттеушілердің айтуынша «18 тіл білген» деген мәліметтер кездеседі.

Өздері өзге саланың маманы болса да, қазақтың тілі, тарихы мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан алаштың ардақты ұлдары жайлы ізденген сайын міне осындай деректерді ұшыратып таңғаласың. Және екі тілдің өзін жетік білмей, үшіншісін үйренуге құлық қоймай жүрген өзімізбен салыстырасың да, одан сайын оларға деген құрметің арта түседі. Ең кемі алты, кейбіреулері тіпті он алты тіл білген тұлғаларымыз расында заманынан озық туған оғландары екеніне көзің анық жете түседі. Өйткені олар қай тілді болсын өз рахаты үшін емес, ұлтының жарқын болашағы үшін меңгеріп, қанша жұрттың тілін білсе, сонша мәдениетті бойларына сіңіріп, қазақ баласының бойына білім арқылы егуді ойлады. Әттең, бірақ... алтын бастары бір ғана оқтың құрбаны боп кете барды...

Мәриям ӘБСАТТАР

7755 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №20

23 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 10631

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5449

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5100

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4460

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4427

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 4242

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 3015

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 2969

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы