- Тарих
- 13 Сәуір, 2011
"Күн ашыққа батты..."
Кезінде үнемі ел аузынан түспеген, кейін ел жадынан кетпеген айтулы азамат Майлан Сарбас жайлы көптен бері жазғым келсе де, әйтеуір бір нәрсе жетпейтіндей көрінетін де тұратын. Мешін-Тауық жылының жазында елге келіп жүріп, оның ет-жақын туысы Отарбайдың Мақсымына кездескен едім. Қарға тамырлы қазақ болғандықтан, ілік-шатыстығымызбен қоса, ол әкемнің көзін көргендіктен, мені өзіне жақын тарта сөйлесті. Бәрі де осы күнге дейін әлі көз алдымда. Ұзын бойлы, қызыл шырайлы, дөңгелек жүзді, шалғы мұртты, сексеннің сеңгіріне шықса да қимылы ширақ, сөзі түзік кісі болатын. Ұлы Отан соғысының ардагері, бұрынғы әуе десантшысы-майдангер, кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін мына Қарақияқтыда теміржол бекетінде бастық болып істеген. Біз ауыл шетіндегі биік төбешік басына келіп отырдық. Уақыт екіндіден ауып бара жатты. Бұл жақтың ертеңгілік және кешкі кездегі ауа райы тып-тымық, жаныңа жайлы әсер етеді. Сөз Майлан Сарбасқа ауысқанда, ол мүдірместен бірден әңгімесін бастап кетті. – Біз бір атадан тарайтын туыспыз. Арғы аталарымыз ел қорғаған Шотан батыр, алты Алашқа аты шыққан Мәтжан би, алдын ала ауа райын болжайтын жұлдызшы Майлан Шоты деген аталарымыз болған. Ал Майлан Сарбас бес атасынан бері бай, ұлы атасы Әкім байлығымен бірге болыс та болған, би де атанған. Бірнеше рет қажыға да барған. «Мал жимаған арамнан», «тәубемен халас ағарған», бес парызын өтеген жан. Өз әкесі де қажы атанған атақты бай болғанын өз әкемнің айтуынан білемін. Ал Сарбас әкемізді көзіміз көре қалды. Дәрежесі патша-хандардай, Атымтай Жомарт атанған. Байлығы жағынан Қадір түні Қыдыр көрген Ескелді Саназардай атақты байға жетпегенімен, Тіней Шам-Талпақтан да ірі бай болған. Саназардың он мың жылқысымен бірге, сиырды есептемегенде, үш түлігі сай екен. «Ой, Санеке, Сізде де арман бар ма екен» деп айтқан бір замандасына: «Неге болмасын, иттің санын жүзге жеткізе алмай барамын» деп айтқан деседі. Сонда иттер иттігін жасап, бірін-бірі талап өлтіре берген. Өспей қойған. Мұнысы адамдардың да иттік мінезі бар екенін, бір-бірін күндеп-жүндеп, еркін өмір сүргізбейтінін айтқысы келгені ғой, тәйірі. Байлардың бәрі бірдей сақи атанып, мырзалық жасай бермеген. Қаншама сасық бай, шірік байлар болған. Олардың өздері де ішпей-жемей, өзгеге де бермей, тек байлыққа көздері құнығып, мал жинай берген. Сондықтан халық оларды шық бермес Шығайбай, тас сараң Қарабайлар деп атап кеткен. Ал Саламаттың Сарбасының жөні бөлек-ті. Байлық-дәулеті арылмай, көбейген, қордалы бұл байдың арғы ата-бабасынан бері келе жатқан бір қасиеті, ауылына келген бай ма, бағылан ба, кедей-кепшік пе, таныс па, жоқ па – бәрібір: бәрі-бәріне де құрмет көрсетеді, сондықтан көмекке зәру жарымжан мүгедектер, жоқ-жітіктер, қайыр-садақа сұраушылар да ауылын торып, шықпайтын болған. Солардың қай-қайсының да меселін қайтармайтыны елге аңыз боп тараған. Саламаттың Сарбасы Әлім-Кетенің ең сұлу қызы Бөпенге үйленгенде, тойын осы Жемнің бойында өткізген-ді. Әкесі Саламат қажы қартайған шағында, көбіне жаз жайлауы Жем бойындағы Сарнияз бен Ақмешіт арасында болатын. Саламат қажының елге сыйлы болғанының бір мысалы: 1903 жылы күзде Сарниязда Шоңайдың Мәтек байына ас беріліп жатқанында, Ақмешіттен суық хабар келеді. Саламат қажы қайтыс болды. Ертең жаназасы шығарылады деп естулері мұң екен, Мәтек асына келгендердің көбі Ақмешітке кетеді. Ертеңіне, амал жоқ, Шоңай ауылына екінші рет ас беруіне тура келеді. Келесі жылы Саламаттың Сарбасы әкесіне ұланғайыр ас береді. Әкемнің айтысына қарағанда, төрт жүз үй тігіліп, әрбір үй сайын қонақасынан басқа шай-секері, мейізі, қозықарын майы, отын-суы беріліп, бір-бір жылқы байланған: мейлі, сойсын, мейлі, тірілей алып кетсін – өз еріктері білсін деген. Бұл исі қазақта бұрын-соңды болмаған бастама еді. Сірә, Қап тауына, Мақашқалаға барған сапарларында көрген дәстүр болса керек. Ондағы мұсылмандар садақа ретінде малды сойып, үйді-үйге таратады екен. Үштен бірін өз ошағына, ағайын-туысына қалдырады. Кейін Саламат қажының он жылдығына арналған асы да Қайнар бойындағы көлдердің бірінде өткізілген, бірақ оның асындағы бас бәйгеге, палуандар күресіне не тігілгені бұл күнде ұмыт болған. Бас бәйгені Әлім-Кете жағынан қосылған бір жүйрік алыпты, ат иесі Сарбастың балдыздарының бірі болса керек, Бөпен сұлудың атын атап, ошақ басына қалдырып кеткен дейді ауыл ақсақалдарының әңгімесінде. Кешке қарай ауыл шетіндегі құм төбешіктің үстінде әңгіме-дүкен құратын шалдар әдеті бойынша, Мақсым қартпен ұзақ отырдым. Батып бара жатқан күн шапағы қырмызы қызыл түлкідей құбылып көз арбайды. Аузы уәлі қариялар «байлық та – қызыл түлкі құйрығын бұлғаңдатқан, оны ілуде біреу ұстайды» деуші еді. Бай болып, барша мұратқа жету Құдайдан-ды. Сонан соң заманына қарай амалы да. Мұхит ақын «Талабың тай жегендей бір бала едің, заманның тап боласың қандайына» деп жырлағанындай, Майлан Сарбастың да тағдыры адам аярлықтай күйге ұшырайды. Мұны Мақсым қарт сол қалпында бізге жеткізді. Өрістен қайтқан малдың алды ауылға құлады. Маңыраған қозы-лақ, аракідік ауылды басына көтере айқайлаған малшылардың арасынан әлдебіреу: «Майлан Сарбастың күресін де айдай кел!» деп дауыстады. Сонда қалай болғаны мұның, осындай атақты бай да есек ұстағаны ма? Бұл ойымды Мақсым қартқа айтқанымда, бір сәт үнсіз отырды да, «е-е, шырағым, бұл бір ұзақ әңгіме ғой» деп, біраз тосылып қалды. 1927 жылғы қоян жұтынан аман шыққан Майлан Сарбастың ауылы мына Қайнардың бір көлінің тұсында қой төлдетіп жатса керек. Ерте көктем кезі. Әлде сәуір айы ма екен. Жер-дүниенің бәрін су басқан. Мұндайда саздауыт жердің иі түсіп, бусанып жатады. Тепсең жерге байдың ақшаңқан алты қанатты үйлері бой түзеген. Төбешік басында тұрған Сарбас байға қарай жоғарыдан бір қара жаяу келе жатады. Жүрісі баяу. Соңынан шұбатылған әлдене көрінеді. Жақындағанда байқаса, мына кісінің аяғындағы шоқайы екен. Көн жібісе, қалыбына келеді деген осы. Әбден созылып кетіпті. Ұзын бойлы, жұпыны киімді, жүзі солғын тартқан, шегір көзді жас жігіт аман-түгел алысқан соң, бай одан қайдан келе жатқанын сұрайды. «Әуелі Ырғыз, кейін Жоғары Адай байларына жалданып, бір жылдай жұмыс істедім, бірақ ақымды толық бермеген соң, айтысып, келісе алмай кетіп қалдым. Ауылым Мақат бетінде, шеркеш баласымын» дейді. – Маңдай тіреп келуің жөн, шырағым, – дейді де, бай ақбоз үйден бәйбішесі Бөпенді шақырып: – Мына жігітке бастан аяғына дейін киім дайында және бір оттық ала кел, – деп бұйырады. Бәрі дайын болған соң:– Анау көлге барып, мына киімдеріңді ауыстырып киіп, ескіңді өртеп жібер, бүгін қонақасыңды жеп, демалғаннан кейін, ертең еліңе аттанарсың, шырағым,–дейді бай. Түнгі қонақасы үстінде науша жігіт бар сырын жасырмай айтады. Ауылында нақсүйер бір қызы бар екен. Айттырайын десе, берер қалыңмалы жоқ. Қол қысқа. Ақыры, қызбен ақылдасып, байларға жалданып, мал табуға кетеді. Бірақ талабы тасқа шауып, соңы осылай болып шығады. Ең өкініштісі: қызды әке-шешесі қалыңмал берген кез келген біреуге ұзататын ыңғайы бар. Осылайша өкінішін айтып, жігіт қатты налиды. Ертеңгісін астан кейін, есік алдына ерттеулі ат келтіріледі. «Осы атпен қалыңдығың үшін беретін анау жайылып жатқан малды айдап, еліңе қайт» дегенде, жас жігіт: – Бұл жақсылығыңыз Құдайдан қайтсын. Тірі болсам, жақсылыққа жақсылық жасаймын, аға! – деп қонағы қатты риза болып аттанады... Арада бір жыл өткенде, «Атышулы байлар жойылсын! Олардың мал-мүлкі тәркіленсін. Қанішер байлар түрмеге қойдай тоғытылсын! Жарлы-жақыбайлардың енді күні туды!» деген науқан басталады. Сол ұлы дүрмекте Саламаттың Сарбасының да мұқым қараорманы тәркіленіп, ортаға түседі. Өзі Үйшіктің түрмесіне жабылады. Қанша ай жатқаны белгісіз. Тәртіп қатал. Бейсауат ешкімді де кіргізбейді. Ағайын-тумадан хабар да алғызбайды. Сондай бір сарғайып, ой орманын аралаған түндердің бірінде түрме есігінің құлыбын салдыр-гүлдір еткізіп ашып: – Айыпкер Саламаттың Сарбасы, киім-кешегіңмен тергеушіге кел! – деген күзетшінің дауысы қатқыл естілді. «Атып тастар ма екен, әлде Үскентауға немесе Итжеккенге айдауға жіберер ме екен, басқаша болуы мүмкін емес, өткендегі Сағызбай балалары сияқты құрдымға кететін болдым-ау» деген үрей билейді бойын. Камерадағы тағдырластарымен қоштасып, дәлізге шыға бергенінде, қарсы беттен әлдекімнің: «Адамзаттың баласы-ай, Алланың болсын панасы-ай, Жақсылар аттан жығылса, жаманның қанар табасы-ай» деген зарлы дауысы шықты. Бірнеше темір есіктен өткізіп, үлкен бөлмеге алып келді. Кіруін кірсем де, екі қолымды артыма ұстап, біресе айдаушыға, біресе төрде отырған тергеушіге көз астымнан қарап бір сәт үнсіз тұрдым. Төрде отырған кісі күзетшіге «кете беруіңе болады» дегендей белгі берді. Ол кетісімен, тергеуші орнынан ұшып тұра келді де, қос қолын ұсынып маған қарай жүрді. – Сарбас аға, мен бұрнағы жылдың көктемінде Қоңыркөлде қой қоздатып отырғанда Сізден ат мініп, қалыңдыққа төлейтін үш тоғыз алып кеткен жігітпін. Шеркеш баласымын, есіңізде ме? – деп сұрайды тергеуші. «Е-е, шырағым-ай, сендей талай бала келіп, талайы ат мініп, талайы мал алып кеткен еді. Қайсысы есімде қалды дейсің, солардың бірі боларсың». – Сіздің жақсылығыңызды ұмытқан жоқпын. Шағырай атамның атымен ант еткенмін. Елге, жарлы-жақыбайларға тигізген жақсылығыңызды айтып және өз еркіңізбен мал-мүлкіңізді өтеусіз қазына есебіне бергеніңізді көрсетіп, жер аударуға тіркелген байлардың тізімінен алдыртып тастадым. Бұдан былай жауапқа тартылмайсыз, босатылғаныңыз жайлы қағазыңыз мынау. «Алла разы болсын, адал адамдар әлі де бар екен ғой, мен бұл өмірден әбден түңіліп едім» деп, Саламаттың Сарбасы қуанудың орнына қатты қамығады. «Бұл ел енді не болады?» деп, күдігін жасырмай, ашық айтады. – Үлкен басшылар бұл науқан өткінші, кейін бәрі де жақсы болады дейді. Күдер үзбеңіз. Жақсылыққа жақсылық жасау әркімнің ісі демекші, аға, маған ата-анамның жасай алмаған жақсылығын жасадыңыз, отау көтердім, қазір бір ұлым бар, оны сіздің әкеңіздің есімімен атадық. Сізге арнап, ат-арба дайындаттым. Баратын жеріңізге барып жүресіз. Тағы не қажет етесіз? – дейді «шеркеш бала». Сәлден соң, Майлан Сарбас: «Ілтипатыңа рақмет. Құрмет-мезерің Алладан қайтсын. Ендігі жерде маған ештеңенің де қажеті жоқ. Бай болып, барша мұратыма жеткенім осымен бітті. Маған керегі – бір есек! Жүріп-тұруыма жайлы әрі көлденең сұқ көзден сақтайды мені» деп, үзілді-кесілді қарсы болады. Ақырында, Сарбас байдың бір ойлағаны бар шығар деп, «шеркеш бала» айтқанын істейді. – Сонда қалай болғаны дейсің бе, демек, оның бұл өмірден баз кешіп, қалған өмірін кедейшілікпен өткізуге бел байлағаны ғой, ілгеріде өткен шалдар: «Көлдің түбі тақыр болар, байдың түбі пақыр болар» деуші еді. Солардың айтқаны рас болғаны да, е-е, заман-ай. Сөйтіп, бұрынғы он екі ата Байұлына аты шыққан Саламаттың Сарбасы енді көк есекті Майлан Сарбас атанады. Манағы сенің байдың есегі жайлы сұрағыңа жауап – осы. – Көк есекті Майлан Сарбастың тағдыры сонымен қалай болды? – Қай жылы екені есімде жоқ, тыңшылар Майлан Сарбасты көрсетіп, түрмеге жаптырады. 39-дың күзінде Үйшіктің түрмесінде санитарлық тексеру үстінде Майлан Сарбасты солардың бірі танып, түн баласында ешкімге білдірмей, түрмеден шығарып, қара поездың тамбурына отырғызып, сенімді адам арқылы Соль-Илецкіге (баяғы Тұзтөбе ғой) жібереді. Өз басын қауіп-қатерге тігіп, жанкешті ерлік жасаған кісі баяғы «шеркеш бала» екен, оның бұл кезде лауазымы өсіп, белгілі чекистердің бірі болғаны кейін анықталынды. Әу баста шын аты-жөні құпия сақталынғандықтан, оның кім екенін білетін кісілер бұл күнде жоқ. Бәрі дерлік о дүниелік болып кеткен. Ал Сарбастың өзі елге соғыстан кейін оралып, баяғы әдетінше есекке мініп, ел аралап жүреді. Менің әжеме келіп, бір-екі рет түстене жатып кеткен-ді. Көбіне оның Жемнің бойында, Бекет Ата Әулиенің өз қолымен салған Ақмешіт маңындағы өзінің ескі жұртында тұрып жатқанын еститінбіз. Ауылымыз алыс, жер шалғай болғандықтан қатынаса алмадық. Оның 50-жылдары қайтыс болғанын, Бөпеннің байдың әйелі деп қуғындаудан қорқып, Соль-Илецкідегі төркіндерін сағалап кеткенін бір-ақ білдік. – «Балалары жайлы әңгіме айтпадыңыз ғой» дегенімде: «Оның төрт баласы болды, олардың тағдыры маған беймәлім. Тірі қалғандары Ресей асып кетті ме екен деп ойлаймын. Сарбастың кейбір туыстарының балалары Украинада жүргенін естідім. Одан басқадай хабарым жоқ. Иншалла, Мәскеудегі «Күт мені» деген теледидар хабарына сұрау салдым», – деп әңгімесін аяқтай бергенде: – Сарбас – Сізге туыс, шыныңызды айтыңызшы, «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, ол «мың үй қырғынынан да», екі рет түрмеден де, соғыс жылдарындағы ауыртпалықтан да қалай аман қалған? – деп сұрадым. Мақсым қарт ойланбастан жауап қайырды. «Шырағым, мұның жауабы: «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» – міне, бар болғаны осы, айтса айтқандай, елге жақсылығы тиген Атымтай жомарт еді ғой ол». Күн кешкірді. Өрістен қайтқан мал аяғы саябыр тауып, ауыл тыныштық құшағына енді. Тек біздің жанымыздан кеш қалған бірер баспақ-тана арасынан Майлан Сарбастың баяғы көк есегінен тараған күресі де өтіп бара жатты. Мақсым қарт дөңгеленіп батып бара жатқан күнге қарап: «Күн ашыққа батты. Ертең күн жақсы болады» деп, орнынан тұрды.
Тәжібай Жанаев
3877 рет
көрсетілді0
пікір