- Ақпарат
- 17 Тамыз, 2023
364 мың бала 1-сыныпқа барады

Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралды.Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бүгінде еліміз бойынша 2-6 жас аралығындағы балалардың 89,1 пайызы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған. Жыл басынан бері бұл бағытта өсім байқалады. Егер бірінші тоқсанда 10 мың балаға арналған 117 ұйым ашылса, қазір 30 мың балаға арналған 308 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Дегенмен министрдің сөзінше, Ұлытау, Маңғыстау және Қарағанды облыстары әкімдері жылдың соңына дейін жоспарлы көрсеткіштерге жету үшін жұмысты күшейтуі қажет.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын аз қамтылған отбасылардан шыққан 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы тәрбиешілердің еңбекақысын арттыруды тапсырған болатын. Биыл 1 қыркүйектен бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға көтеріледі, – деді министр Ғ.Бейсембаев.
Бұдан басқа мектепке дейінгі ұйымдарда орындардың бөлінуін ашық жүргізу үшін жыл соңына дейін Балаларды кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы әзірленуде. Оны толықтай іске қосу жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.
Әрі қарай Оқу-ағарту министрі жаңа 2023–2024 оқу жылына дайындық жұмыстары туралы айтып берді. Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап 7 мың 700 білім беру ұйымында 3 млн 900 мың бала білім алады, олардың 364 мыңы – бірінші сынып оқушылары.
Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде бірнеше рет талқыланды. Биыл 460 мың бала үшін 65,3 млрд теңге қарастырылған. Маңғыстау облысының әкімдігі бұл жұмысты 18 тамызға дейін аяқтауы қажет.
– Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау мәселесі Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралды. Бүгінде осы тапсырманы орындау үшін барлық өңір әкімдіктері тарапынан қажетті қаржы бөлінді, – деді Ғани Бейсембаев.
1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады. Асханасы жоқ мектептерде Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тамақтандыру 3 тәсілмен ұйымдастырылатын болды: кейтеринг, модульді асханалар құру, буфетте тамақтандыру.
Мектеп автопаркінде 27 мың баланы тасымалдайтын 1 319 автобус бар. Олардың 515-і жоспарлы түрде жаңартылуда.Қазіргі уақытта өңірлерге 433 автобус жеткізілді.Жыл соңына дейін тағы 75 автобус жеткізіледі. Тек Маңғыстау облысының әкімдігі автобустарды сатып алу рәсімін жеделдетуі қажет.
Жайлы орта қалыптастыру мақсатында аймақтардағы 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 1 қыркүйекке дейін 194 нысанды тапсыру жоспарланған. Ал қалған 66 мектепте жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталады. Дегенмен Оқу-ағарту министрлігі жүргізген мониторинг аясында Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жөндеу мерзімінің бұзылу фактілері анықталып отыр.
Биыл іске қосу жоспарланған 154 мектептің құрылысы жүргізілуде. Олардың ішінде 65,6 мың балаға арналған 52 мектеп 1 қыркүйекке дейін, ал 66,4 мың балаға арналған тағы 102 мектеп жыл соңына дейін іске қосылады. Бұл, өз кезегінде, 12 апаттық және 29 үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесін шешуде. Алайда 4 өңірде құрылысты уақытылы аяқтау кешеуілдеуде.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша келесі жұмыстар жүргізілді.
Бірінші. Мектептер ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылды. Ұлттық білім беру деректер базасына сәйкес бұл көрсеткіш 12 тамызда 83 пайызға жетті. Жүйеге жыл басында 1 673 мектеп қосылған болса, қазір көрсеткіш 3 103 мектепке артып отыр. Алайда Алматы, Атырау және Қарағанды облыстарының әкімдіктері бұл жұмысты баяу жүргізуде. Сондықтан аталған өңірлер жедел басқару орталықтарына қосылу бойынша жұмысты 25 тамызға дейін аяқтауы қажет.
Екінші. Лицензияланған күзет агенттіктерімен келісім-шарттар жасалды. Қазіргі уақытта мектептердің 84 пайызы осы бағытта жұмыс жүргізді.
Үшінші. Мектептердің 89 пайызы дабыл түймелерін орнатты. Жыл басында дабыл түймелері бар 1 789 мектеп болса, бүгінде бұл көрсеткіштің 1,9 есе өскен. Дей тұрғанмен, Түркістан, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері бұл мәселені жүйелі түрде қатаң бақылауда ұстауы қажет.
Әрі қарай Оқу-ағарту министрі қосымша білім мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, биыл қосымша білім берумен қамту 81,1 пайыз. Алайда бірқатар өңірде, атап айтқанда, Ұлытау, Атырау, Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарында бұл бағыттағы жұмыстар республикалық көрсеткіштен төмен. Жаңа оқу жылынан бастап 2 млн 900 мың баланы қосымша біліммен қамту жоспарланған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беруге мемлекеттік тапсырысты ұлғайту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда 133 мың грант бөлінді. Оның 60 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталды. Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы өткен жылғы деңгейден 50 пайызға артады.
Бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау мақсатында міндетті түрде жұмысқа алатын кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 10 мың түлек үшін нысаналы мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. 410 колледжді кәсіпорындар қамқорлығына алып отыр.
Бірқатар өңірде техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуда оң нәтиже бар. Мәселен, Алматы қаласында техникалық және кәсіптік білімді дамыту бойынша 2023-2030 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. 600 колледж педагогі шетелдік тағылымдамадан өтеді. Дуалды оқыту аясында тәлімгерлік институтын дамыту, 1 200 студентке арналған екі колледж және жатақхана салу жоспары бар.
– Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыр, жұмыс әрі қарай да жалғасатын болады, – деді министр Ғани Бейсембаев.

827 рет
көрсетілді0
пікір