• Cұхбаттар
  • 09 Қараша, 2023

Шетел жылқысын алуға 6 млрд қаржы кетеді

Рүстем ДОСЖАНОВ, Жетісу өңірінің Ұлттық ат спорты федерациясының басшысы

Әдетте жылқының текті жануар­­­ екенін білеміз. Бүкіл қазақ елі сияқты мен де жылқыны жақсы көремін. Жақсы танимын деп ойласам, қателесіппін. Атбегі Рүс­тем Досжановпен өткен сұқбаттан кейін, жылқымен, жаңа әлеммен қайта танысып шыққандай болдым. Және қазір ата кәсібімізге не жетпейді, атбегілерді алаңдататын нендей мәселе? Оны терең ұғынып, оқырманға жеткізуге тырыстық.


– Рүстем аға жылқы шаруашылығына қалай келдіңіз? Жалпы қанша жылдан бері атбегілікпен айналысып келесіз? 
– Атбегілік ата-бабамыздан келе жатқан дүние. 2009 жылдан бастап Алматы облы­сының Ұлттық ат спорты федерациясы ашылып, соны басқардық. Содан бері ат дайын­дау өнерімізбен көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сияқты ұлттық спортымызды дәріптеу мақсатында еңбек етудемін. 
Әкеміз жылқышы болғаннан кейін, көбіне жылқы ұстаймыз. Шетелден де асыл тұқымды жылқыларды тасыдық. Сөйтіп, қазір өзіміз өсіріп, қазақтың қазанаттарын шығарып жатырмыз. Былтыр Астанадан шығып Түркістанға дейінгі 1200 шақырымға межеленген сайыста Жетісу облысы екінші орын алдық. Ат таңдау, атқа отыратын баланы таңдау мәселесінде біраз қателіктеріміз де болды. Ол кезде Маңғыстау облысы бірінші орын алды. Сол Түркістанның төрінде тұлпарымыз екінші болып келген. Содан қыстай дайындалып, «Ұлы дала жорығын»  ұтуымыз керек деп ниеттендік. Аллаға шүкір, тілегімізді қабыл етті. Аттарды жақсы сұрыптап, биыл 1300 шақырымға көбейтілген бас бәйгені жеңіп алдық. Былтыр 1200 шақырымды шамамен 112-115 сағатта айналып өткен едік. Биыл 1300 шақырымның өзін 92 сағаттың шамасында басып өттік. Бізде 3 қала, 17 облыс бар ғой, барлығы сақадай сай, оның үстіне былтырғыдан алған тәжірибе бар, бәрі дайын келген. Сондықтан бәсеке өте күшті болды, өткен жылғыға қарағанда 1300 шақырымның өзін  20 сағатқа артық еңсердік. Негізінен бұл топтық жарыс. Бірінші кезеңді бес атпен өтсеңіз, екінші кезеңді де бес атпен жалғас­тырасыз. Ал егер топта үш аттан кем болып қалатын болса, қатысушы топ міндетті түрде жарыстан шеттетіледі. Сондықтан топтық жарыс болғандықтан, өте ауыр. Өткен жылғыға қарағанда дайындық, бәсекелестік дегеннің өскені көрініп тұр.  
 – Ал жалпы бәйгеге қанша жылқы баптап үлгердіңіз? Шамамен қаншасы жүлде алды?
 – 2007 жылы әкеміз өмірден өткеннен кейін, кәсіпті өз қолыма алдым. Содан бері қарай есептесек, кемінде қырықтың үстінде машина ұттық десем, артық айтпаймын. Біраз тұлпарлар қолымыздан өтті, шетелден келген тұлпарлар да, өзіміздің қол тумаларымыз да болды. Көбіне қолымыздан өсірілген аттарымызды жүгіртіп, сол қолтумалармен көбірек ұттым. Бұлардың бәрінің шешелерінде Қостанай жылқысының тұқымы бар. Сол қазақы ат пен Қостанай жылқысының тұқымынан шыққан нағыз төзімді тұлпарлар. Жалпы жорық біріншіден,  шетелден келген аттарға қолайсыз. Екіншіден, олар ондай жүріске шыдай алмайды. Мынау өзіміздің кең далада жүріп, қыста қарды тебіндеп шөп тауып жеп, жаз болса, жайлауда тау-тасты шарлап, сөйтіп жүрген қазақтың қазанаттары болмаса, «Ұлы дала жорығына» қорада, қоршауда тұрған аттардың ешқайсысы жарамайды.  Бұл жерде тумысынан, болмысынан нағыз қазақы болған қазанаттар ғана жарай алады. Мысалы, жоғарыдай айтқан 1300 шақырымдық дода  екі кезеңнен тұрады. Біріншісінде 650 шақырымды бес атпен өтесіз, екінші кезеңде де 650 шақырымды басып өту шарт. Соның ішінде «Айторы» деген тұлпарымыз  Астанадан шығып, Түркістанға дейін толық 1300 шақырымды бағындырды. Иә, бұл енді үлкен жетістік. Қазақтың аттары жақсы дайындықта болатын болса, 1300 шақырымды қиналмай бағындырады. Күніге 100 шақырым жүру қазақ аттары үшін  ешқандай қиын емес. Бұл жоба қазақтың қазанаттарының бағын ашқан жоба болды. Қазақтың қазанаттарын керемет жоғары деңгейге көтеріп тастады. 
– Осынша жылдар ішінде есіңізде ерекше сақталған жылқыңыз бар ма?
– 2005 жылы туған қолтума «Ұлар» деген атым болды. Сол «Ұларды» мен он жасына дейін жүгірттім. Негізі өзім тай кезінде дайындамаймын, екі жасынан құнан кезінен дайындау басталады. Сол «Ұлар» деген атымыз бес машина,  бір трактор, бірнеше ондаған түйе, 20-30 жылқы ұтты. Ол кездерде машина тігу деген аз еді. Мықты жүлденің алды жылқы, түйе, одан қалса мұздатқыш болатын. Қандай бәйге болды, бәрінен орын алды, кемінде үштікке енді. Сол тұлпар бала күнімнен тәрбиелегеннен кейін өзіме өте ыстық болды. Жылқы малы өте бір текті жануар ғой. Қораға келе жатқан кезіңде дауысыңды естіп, кісінеп тұрады. Оның бәйгеден ұтатынын түріне, қылығына қарап білетінмін. 
 – Қызық екен, сонда оны қалай байқатады?
– Түнде жем-шөбін жеп, суытылып келгеннен кейін ертеңіне түннің ортасында сегіз-тоғыз сағат бұрын қаңтарамын. Жануарды қаңтарардың алдында суғарып, далаға шығарып аунатып, үстін тазалап, басын көтеріп байлаған сәтте өзінен-өзі аспанға секіріп тұратын. Артқы екі аяғымен тұрып алып, ойнақтап, сені кеп түрткілеп, балаша қуанып, бір керемет белгі беретін қасиеті бар еді, жануар­дың. Сонда бетіне қарап тұрып: «Әй, жануарым­-ай, дайын тұр екенсің-ау» деп, ішімнен Аллаға шүкірлік жасайтынмын. Сондай анық белгі беретін тұлпарлардың бірі еді. Одан кейін «Ақбайпақ» деген тұлпарымыз болды. Төрт машина, оның ішінде Қабанбай атамызға ұйымдастырылған бәйгеде «Джип» ұтты. Түріне қарасаң бәйге аты емес, жай қарапайым­­­ жылқы сияқты көрінетін. Ақбайпақтың өзімен қоса, балаларының көбі аламанға түсті. Сол Ақбайпақтан «Қызжирен» деген тұлпар туды. 2019 жылы Шығыс Қазақстанда ең бірінші 140 шақырымдық аламан жарыс болды. Қарашай, қырғызы бар, жүздің үстінде ат шапқан үлкен бәйгеде Ақбайпақтың баласы Қызжирен  оқ бойы озық келді. Ол туралы «Қызжирен» деген поэма шықты. Ақбайпақпен қоса балаларының бәрі  машина ұтты. Есімде қалған мықты аттар көп. Бірақ өзіме ыстығы Ұлар, Ақбайпақ, сосын одан туған Қызжирен. 
– Өзіңіз баптаған жануар қаншалықты ыстық болса да, олармен де қоштасатын сәт болады ғой...
– Ажал келсе, бәрі өледі. Ер азамат болғасын кішкене қаталдау мінезіміз бар. «Ұлар» тұлпарымыз бәйгеден жарақат алып, бір аяғы біраз  ақсап жүрді.  Содан екінші аяғына салмақ түсіп сынып кетті. Сол кезде аттың бір аяғын жерге тірей алмай тұрғанын көрдім. Ішімнен атымның өлетінін білдім, көзіме келген жасты  тоқтата алмадым. «Сойып, халыққа таратып жіберіңдер» дедім де, шыдай алмай көлікке отырып, қалаға кетіп қалдым. 
Жалпы ат баптайтын кей бапкерлер тұлпарларымен жиі сөйлеседі. Оны кейбіреулер түсінбеуі мүмкін. Ат бір адамға бейімделеді де жан дүниесімен сол адамды іздеп, ол келсе еркелеп, тепсе де тигізбей, ойнақтайды. Өзінің иесін ешкімге айырбастамайды. Атбегілердің көбі біледі, үлкен бәйгеде атағын шығарып, қолынан өсірген тұлпарларының бәрі өз досындай болып кетеді. Онымен сөйлеседі, сырттай қарағанда біртүрлі көрінгенімен, шындығына келгенде ат адамның тілін ұғып, бірден түсініп тұрады.  
– Ал бәйге аттары қалай, қанша уақыттан бастап дайындалады? 
  – Негізі жорыққа қатысатын қазақтың қазанаттарының жасы кемінде 8-9-дан жоғары болғаны жақсы. Содан соң әбден төселіп мінілген және денсаулығының дұрыс болуы маңызды. Күтімге ерекше мән беріліп, аяқ-қолының  жарақат алмауы шарт. Бірінші аттың сыны, одан кейін аттың денсаулығы, қаншалықты пысық екені, қолға үйретілуі жорық аты үшін басты қағида. Жылқы малы 24 сағатта да аузы тынбай  жей береді. Біз оларды жоңышқа, сұлымен қорекетендіреміз. Жылқының негізгі тамағы осылар. Ал бидай мен арпаны беретін өз уақыты, мөлшері болады. Оларды көп бере алмайсыз, өйткені асқазанына зиян. Басында бір-екі ай сұлы беріп, етін толтырып семіртіп аламыз. Сосын қыстан бастап жарысқа бейімдеу үшін жайылымға жылқышымен бірге жібереміз. Жылқышымыз аптасына бір атты мініп кетеді де ол аралап, қайтып келгенше 300-500 шақырымды жүріп тастайды екен. Жылқылардың ана басы мен мына басының арасы 100-150 шақырым жерді құрайды. Соның бәрін жылқымен аралап келуге кемінде бір аптадай уақыт кетеді, яғни бәйге атымен аралайды. Мұның өзі сайыс атын дайындап, шынықтыра түседі. Біз аттарды сайысқа осылай дайындадық және көктемнен бастап жаздай көкпарға да салдық, әбден пісіріп, жаздың күні бір ай көкке жайып демалтып та алдық. Осылай аттарды қалпына келтіріп, даярлап, дүбірлі додаға алып бардық. Сөйтіп, биыл Жетісу облысының командасы бас жүлдемен қайтты.
– Сәйгүліктерді қалай танисыздар? Қалай сынайсыздар? Мәселен бәйге аттарын..
 – Қазіргі сыншыларға өте жеңіл.  Бұрынғыдай емес, шетелден жаңа жылқы келсе де, оның төлқұжаты болады. Құжатта мәліметтердің бәрі болады, гені, атасы қандай, анасы қандай деген сияқты. Қазақ болғаннан кейін ең бірінші сүйегіне, мүсініне қараймыз. Құлын кезінде тану  қиындау. Жабағы кезінен кейін сүйек бітімі өзгеріп,  тұлпардың мүсіні ерекше әдемі болып шыға бастайды. Бәйгеге барсақ, қай аттың бірінші келетінін біліп тұрасың. Қай бәйгеде болсын, екі-үш фаворит болады, соның біреуі міндетті түрде бәйге алады. Егер қолыңнан өсірген қолтума мал болса тіпті танисың, оның анасына, атасына байланысты болашақта қандай жылқы болатынын. Бәрі өмірлік тәжірибеге байланысты.
Әлемде қазір қысқа қашықтыққа жүгіруден ағылшын тұқымынан асып тұрған жылқы жоқ. Менің түсінігімде атасы мен анасы шетелден келсін, қай жерден келсін, Қазақстанда туған атты қазақтың тұлпары деп есептеймін. Өйткені ол кең далаға үйренеді, табиғатты сезінеді, шөбін жейді. 
Аллаға шүкір, өзіміз егемендік алғаннан кейін жігіттеріміз жан-жаққа шығып, асыл тұқымды жылқыларды алдырды. Нағыз қазақтың қазанаты болып есептелетін ол – Қостанай жылқысы. Қостанайда  бір ғасырдан аса тарихы бар, үлкен жылқы фирмасы болған. Осы Қостанай жылқысын дамытуымыз керек. Өйткені шындап келгенде біздегі шабуға да, басқаға да жарайтын тұқым осылар.  Өзім де осыған үлес қосайын деп былтыр  әдейілеп, іздеп жүріп Қостанай жылқысының төрт бас биесін, бір айғырын бір-екі тайымен қосып сатып алып, өсіріп отырмын. Биелерінің  бағасы кемінде 3 миллион теңгеден жоғары. Бір құлынның құны 2 млн-нан кем болмайды. Бірақ құлындар  кішкентай, әлсіз болғандықтан, жерсінбеуі әбден мүмкін. Кеңес кезінде жылқыны асылдандыру мақсатында Қостанай совхозынан әр совхозға бес-алты асыл тұқымды айғырдан берілетін. Сол тұста біздің «Жеті жал» совхозына да бес-алты айғыр келді. Соның бір-екеуі ғана біздің далаға көніп, үйір ұстап қалды. Біздің кешегі «Ұлы дала жорығында» бас бәйгені ұтқан тұлпарларымыздың бәрінде сол Қос­танай жылқысының қаны бар. Бұл тұқымды қа­зақты жауға, дауға да мінетін, бәйгеге шабатын қазақтың атын шығаратын тұқым деп есептеймін. 
– Жылқының мінезі қандай? Нені ұнатады? Не нәрсе оларға ұнамайды? Қандай қызық жағдайлар болып тұрады?
– Жылқы малы ең бірінші адам баласының қамқорлығын, оны сипағанын ұнатады. Текті жылқылар иесіне өте беріліп тұрады. Кішкентай кезінен оны тәрбиелеп, тазалап, оның жем-шөбін беріп баптайсың. Уақтылы тамағын бере қоймасаң, сенің жаныңды алады. Бергенде де  жай ғана сені ауыртпайтынын біліп тұрып, батырмай тістейді жануарың. Арқаңнан келіп қыршып алады. Жұлып алатындай емес. Олар саған «тездете қоймадың» деп еркелеп, сені арқаңнан тарпып, аяғын тигізсе де жай ғана итеріп жіберген сияқты етіп, еркелеп істейді. Оны көз жанарынан байқап тұрасың, қандай жағдайда, қандай көңіл-күйде тұрғанын. Бұл жылқының қасиеттілігі мен тектілігін айтып тауыса алмайсың. Жылқы әкелу үшін Еуропаға да бардық, Ресейді де араладық, Америкадан басқа жерлердің біразын шарладық. Шетелден алып келген қандай жүйрік болса да қазақтың бапкерлеріне келіп бағы жанып жатады десем артық айтпайтын сияқтымын. Өйткені ол жақта 2400-3200 метрден артық шаппаған аттар біздің елімізге келіп, 30-40 шақырымдық аламандарды ұтуы жиі кездеседі. Ол біздің бапкерлеріміздің, қазақ жігіттерінің мықтылығы деп ойлаймын. Жақын қашықтыққа жүгіруден шетел әрине, бізден мықты ғой. Ал ұзақ қашықтыққа дайындаудан қазақтың атбегілеріне жететіні жоқ шығар.. 
– Жылқылар ренжи ме?
– Жылқы да бала сияқты. Ренжіп қалса, қолыңа кәмпит, бір-екі тал қант берсең, қай жылқыны болсын қаратуға болады. Жылқының да кекшілі бар, өзін қатты ұрып-соғып, қаталдық көрсеткен адамды өзі тұрмақ, тұрған қорасына да жолатпайды. Бір адамға үйреніп алып, басқа адамды мінгізбейтін де аттарды көрдік. Басқа адам мінген жағдайда жүргісі де келмейді. Жылқы өзге адамға үйренеді, бірақ оған уақыт керек. Он ат дайын­дайтын болсаң, онының мінезі он түрлі. Біреуін көңіліне байланысты мінесің, сыр бермейтіндері де болады. Олардың қасында өзің психолог, ветеринар, өзің бапкер боласың. Жылқымен бірге шауып келе жатқанда оған не жетпей келе жатқанын сезіне білу керек. Оны кейбіреулер аңыз-әңгіме деуі мүмкін. Бірақ тұлпарыңды толық сезінбей, жақсы нәтиже көрсете алмайсың. Бұл жерде үлкен өмірлік тәжірибе керек. 
Жылқының әрқайсысының мінез-құлқына, қарым-қабілетіне қарау керек. Олардың әрбірінің өзінің баратын шақырымдары, деңгейі жететін қашықтықтары болады, соны білу қажет. Мысалы, 15-20 шақырымнан асып шаба алмайтын жылқылар да бар. Ал кейбірі ұзақ қашықтықта ғана өзін көрсете алады. Өйткені тез бітетін аз шақырымға жылдамдығы жетпей қалады. Өзіне бір ыңғайлы шабысымен шауып отырып ұзақ қашықтықты бағындыратын тұлпарлар бар.  Оның шамасы қаншаға жететінін дайындап, қасында жүрген бапкері ғана түсіне алады. Бұл енді әрине, еңбекпен келетін дүние. 
– Қалай  ойлайсыз, жылқылар жарыс алаңында бір-бірімен бәсекелес екенін сезіне ала ма?
– Әрине. Бізде «Жетісу жүйрігі» деген дәстүрлі түрде өтетін турнир бар. Сол жарыс­ты 25 қазан – Республика күні өткіздік. Негізі 40 шақырымнан бастағанбыз, биыл қырық жеті шақырымға көбейттік. 2016 жылдан бастап жетінші рет өтіп жатыр. Осы аламанның соңғы айналымында Алматы облысының «Ақпан» деген тұлпары бірінші келді. Сол тұлпар мен Жамбыл облысының тұлпары мәреге 500 метр қалғанда жанын беріп, құлақтарын қайшылап тұрып бір-бірін оздыр­мауға тырысқанын көрсең, жаның сүйсінеді. Оны атты түсінетін адам ғана сезінеді. Мұндай намысқой жылқылар бізде көп.
Бұл  «Жетісу жүйріктері» турнирін 2016 жылы марқұм досым Жолан Омаров екеуміз бастадық. Үлкен турнирді 6-7 жыл бойы өз қаражатымызбен, атбегілердің бірігіп ұйымдасуымен, қарапайым халықпен бірге өткізіп келдік.  Осыған дейін атбегілердің табандылықпен күш біріктіруімен, жылда жүлдеге 3-4 машина тігілетін. Аллаға шүкір, биылдан бастап Жетісу облысының әкімдігі, спорт басқармасы мемлекеттен қаражат бөліп, дәстүрлі түрде өткізілетін етіп бекітті. Ат сүйер қауымға алғысымыз шексіз!  
– Өзіңіз баптаған ең мықты сәйгүлігіңізді қаншаға бағалаған болар едіңіз? Мәселен, «Айторыны»?
– Әркім әрқалай ойлайтын шығар, менің бағам мен өзгенің бағасы сәйкес келмеуі мүмкін. Мәселен, 1300 шақырымды ұтып келген «Айторымның» бағасы жоқ деп ойлаймын. Жорық аттарының ішінде «Айторыдай» шыдамды, ондай мықты, сыр бермей, мінген сайын семіретін аттар кемде-кем. Менің тәжірибемде қанша ат мінсем де, 1300 шақырымды толық, басынан соңына дейін кесіп өткен тек осы «Айторы» болды. Ол мен үшін жұлдыз. Облыстың намысын қорғап, Жетісу облысының атағын шығарған керемет тұлпарлардың бірі де бірегейі. Оны біреу «маған сат» деп келсе де сатпаймын. Біреулер миллион теңгеге де алмайтын шығар. Бірақ мен үшін оның құны жоқ.
– Кеңестік кезеңде Фин соғысына Қазақстаннан көп жылқылар алдырып, соның ішінде біраз уақыттан кейін, қанша мыңдаған шақырымдарды артқа тастап туған жеріне жаяу жортып оралған жылқылар бар деп естігенім бар еді. Сіздің тәжірибеңізде мұндай жағдайлар кездесті ме?
 – Ол рас енді. Жылқының туған жерін айырбастамайтын қасиеті бар. Құлын кезінде өсіп, шешесін еміп, ойнақтап, асыр салып өскен жерін бұлар да аңсайды екен. Жабық машинамен Қазақстанның қай бұрышына апарып тастасаң да,  қашып келетін жылқылар көп кездесті. Бұл әсіресе ен далада өскен қазақы жылқылардың қасиеті. Әкеміз Әмірғазы отыз жыл Жетіжал кеңшарының жылқысын бақты. Бір жылдары 15-20 күн болған жас  құлын өрісінде жатып қалған екен. Біздің қыстауымыз бен ол жердің арасы 100-120 шақырым жер. Сол үйірінен адасып қалған құлынды біз жабық көлікпен үйге алып келіп, сүт беріп, екі-үш күн қарадық. Сөйтіп тұрған құлын түнде қарасақ жоқ, қорадан шығып кетіпті. «Енді қайттік» деп жүрсек, сол басында өзін тауып алған 100-120 шақырым жерге қайта барған. 
Бала кезімізден жылқының жерсақ екенін көріп өстік. Алдына жоңышқа, қандай тамақ қойсаң да ол жерін аңсайды. Ата-анасының жүрген мекеніне жылқы тұрмақ, құлынның өзі барып алғанда қайран қалдым. Негізі жылқының туған жеріне қашатын екі уақыты – күздің күні қар түсер кезде және көктемде қар еріп жатқан кезде. Біз сырттан алып келген жылқымызды осы кездерде міндетті түрде қораға ұстаймыз. Ал шетелден келген ағылшын-араб жылқысы болсын, басқа болсын, олардың жер талғайтын қасиеті болады ау деп ойламаймын.
– «Мал иесіне тартады» дейді. Жоғарыда айтылған қазақ жылқыларының ақылдылығына қарап, қазақтың текті­лігін  бойы­на сіңірген бе деп ойлап қаласың... 
– Иә, «Мал иесіне тартады» деп қазақ бекер айтпайды. Өйткені мал күнделікті иесін көріп, сол бағып-қағып жүрген адамына бейімделіп кетеді ме екен, өзінің сондай бір қасиеті болады. Менің Шетенай деген атбегі досым бар. Қазақстандағы ең мықты тұлпарларды жүгірткен жігіттің бірі. Сол жігіттің бала күнінен қасиеті, малына  бөтен мал  ілесіп келетін болса, оларды түріне қарап кімнің малы екенін айтып береді. Қораға жамырай кірген қойлардың бетіне қарап тұрып, «мынау бәленбайдың малы ғой деймін» деуі күлкілі естілуі мүмкін, бірақ рас. Мұны өзінің аузынан да, ауылдастарынан да естідік. Ол екінің біріне берілмеген қасиет. Жалпы алғанда бұл да бір Алланың қазаққа берген сыйы ғой дейсің. Сондықтан «Мал иесіне тартады» деген дүние осындай жағдайдан қалған шығар.  
– Көпшілікке аян  жылқының еті де, сүті де ем. Бұл туралы өз тарапыңыздан, тәжірибеңізден не айтар едіңіз?
 – Әр малдың емдік қасиеті бар. Жылқының еті де ем, сүті де ем. Қанша адамды көріп жүрміз, әсіресе саумал мен қымыздың емдік қасиеті өте керемет. Мысалы, бала кезден бауыры ауырып, цироз болған кісілердің осы жылқының саумалымен емделгенін көзіміз көп көрді. Жайлаудағы қымыздың дәмі бөлек те, ауылдағы қымыздың дәмі бөлек. Өйткені жер жағдайына, шөптің құнарына байланысты жайлаудың қымызының дәмі де, құрамы да өзгереді. Оны тоқтамай үш айдан, үш жыл ішетін болсаңыз қаныңыз ауысып кетеді. Бұл ең жоғары, пайдалы қасиеті десек те болатын шығар. Асқазаныңызға, қан-тамырларыңызға, басқа да дүниелердің бәріне саумалдан ем нәрсе жоқ. Бір жылқының өзі бәріне ем. Соны көріп, сезіне білген бұл да бір Алланың қазаққа берген керемет даналық қасиеті шығар. Жылқының етін қазақ жазда жемеген. Көп адам ойлайды, мұздатқыш болмағасын, сақтай алмаған деп, олай емес. Жылқының етін жаздың күні жесеңіз, ыстық шақырады. Жазда жұмыс істеп, еңбек еткен кезде  адамның буын-буынын босатып жібереді екен. Жаздың күні неге беломыртқа ауруы грыжа болып жатыр? Бұл әр еттің өзінің жейтін мезгілін білмей қалуымыздан да болып жатқан дүние секілді көрінеді. Қазақ ертеректе жылқы етін тек салқын түсе бастаған кезде жеген. Жылқының етін жеген адам қыстың күні жаурамайды. Қатты аязда қазы-қарта жеп алып, атқа мініп шығып кетсеңіз тоңбайсыз. Көп адам қазір қой етін жемей, ауыр деп сиыр етіне көшіп кетті ғой. Бірақ  мөлшерімен  жейтін болса, әсіресе ер-азаматтардың иммунитетін көтеретін қой етіндей ет жоқ.  Байқасаңыз, қазақ қой етін қыста көп жемейді, майы қыста тоңғақ келеді, ешкі одан да бетер. Қойдың еті тоңғақ, адамның денесін салқындатады, жегенде адамның бұлшық еттері, буындары босап кетпейді. Жылқы етін әсіресе қазы-қартасын суықта  жесе, денені қыздырып жаурамайсыз. Бұл айтылғандарды өзіңіз де байқап көр­сеңіз, сезінесіз. Жалпы  біз жылқы етін тек тағам ретінде пайдаланамыз. Ал шетелдерде мысалы, Жапонияда, Еуропада жылқы етін дәріханаларда сататындары бар екен. Өзім көрмесем де адамдармен көп араласамыз, шетелге шығып жүрген жігіттердің аузынан естігеніміз бұл. Жапония дәріханаларында жылқы етін емге холестерин, қант диабеті, басқа да сондай ауруларға қолданатын бірден-бір аналогы жоқ препарат ретінде сатады екен. Біздің Жетісу облысы Алакөл ауданында сол Жапониямен келісімге келіп, лицензия алған, жылқы етін экспорттап отыр­ған үлкен бір-екі шаруа қожалығы бар. 
 – Қазір еліміздегі жылқы шаруа­шылы­ғына нақты қандай көмек керек деп айтар едіңіз?
– Қазір бізде ет үшін өсіріліп жатқан жылқылар бар, асылтұқымды жылқылар бар. Оларға міндетті түрде субсидия берілу керек деп есептеймін. Қарап отырсақ, ат жүгіртетін атбегілердің барлығы шетелден ат сатып алып, тапқан ақшамызды шетелге жібереміз. Өйткені бізде жылқыны кішкентай кезінен бастап өсіру ешқандай да қолайлы емес. Біріншіден тиімсіз, екіншіден өсіру бағасы қымбат. Мысалы, бір тайды өсіріп ат қыламыз делік: бір құлын  күніне бір түк шөп жесе, қазір бір түк шөбіңіз 2000 теңге. Айына 60 000 теңге тек шөпке кетеді. Сонда бір құлынды бір жасқа келтіру үшін 1 миллион теңгеңіз кетеді, екі жасқа жеткізу үшін 2 миллион ақшаңыз болуы керек. Ал енді 2 миллион кетірген тайыңызды 1 миллионға сатасыз ба? Сатпайсыз, дұрыс қой.  Сондықтан мына шетелдің бәрі, Ресейің де бар, осы субсидиямен жылқы өсіріп отыр. Мысалы, Ресейде он бие немесе елу биеңіз болса сізге зауыт статусын береді. Зауыттан сатқан құлынның үстінен үкіметтері қосып тағы ақша төлеп беріп отыр. Бұларда жылқы малының арзандау болып тұрғаны сондықтан. Ал бізде Қазақстанда асылтұқымды жылқыларға, тіпті қазақтың жалғыз бренді – Қостанай жылқысының өзіне субсидия берілмеген. Мүмкін мен білмейтін шығармын. Бірақ нағыз қазақы Қостанай жылқысын өсіріп отырсам да үкіметтен субсидия беріліп көрмепті. Сондықтан жоғарыдағы ағаларымыз осыны қолға алып, қазақтың асыл тұқымды жылқысы өссін, өнсін,  отандық өнімімізді өздері пайдалансын десе, осы жағына көңіл бөлсе деп ойлаймын. 
Себебі шабатын жылқыны арзан деп шетелден сатып алып, барлық ақшаны Еуропаға, Ресейге  кетіріп жатырмыз. Өз елімізден сатып алып, қазақ аттарымен бәйгеге шабатын болса, біздің ішкі экономикамызға кәдімгідей көмек болары сөзсіз.  Шетел жылқысының бағасы келу жолымен 3 млн-нан басталады.
Орташа есеппен қарасақ, елге жылына кемі 2000 тұлпар, яғни бәйге аттары кіреді. Ал көкпар аттарының есебі бөлек, олардан да жылына кемі 500 ат әкелінеді. Оның да құны бәйге аттарынан кем емес.  Сонда қарасақ, жылына қазақтың 6 миллиард теңгеден астам қаражаты шетел асып кетеді екен.  Еліміздегі жылқы өсірушілерге, енді бастағысы келетіндерге көмек болса дейміз. Неге шетелден сатып алынады? Себебі бізде саны аз болғандықтан, бағасы қымбаттау. Одан соң көбіне жылқымыздың болашағын құртып жатқан нәрсе ол – тай бәйгесі. Қазақ ешқашан тай сатпаған ғой, тек етке болмаса. Өткен үш-төрт жылдыққа сараптама  жасап көрдік. Елде жылына 500 тай шабады екен. Сол 500 тайдың 10 тайы үлкен аламанға әлі шығып көрген жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, үлкен аламанға жасы 8-9-дан басталатын жылқылар қатысады. Ал тайдың жасы бір-екі, әрі кетсе  үштен асады. Сонда ойлаңызшы біз 400-ден аса жылқымызды тай кезінде-ақ өлтіріп алу, болмаса басқалай жоғалтады екенбіз.  Қазақ «баланы жастан» дейді, яғни «баланы жасынан тәрбиеле» дегені. Жылқыларда да сондай ғой, құлын-тай кезінде жақсылап күтім жасап, тәрбиелей бастау керек. Легионерлердің арасына спортқа енді ғана  келген 18-19 жастағы жас балаларды құжатын жасап, кіргізіп жіберсең не істейді? Оны талқан етеді, дұрыс па?! «Тайында қазақ тартып мін» деген. Тай бәйге жасап, жылқыны тай кезінен құртып жатырмыз. Әлі өмір көріп үлгермеген, тәжірибе жинақтамаған құлын-тайды бәйгеге апарып салып жібереді. Онда ол не мертігіп, не өлтіріліп алынуы әбден мүмкін. Құнаннан, яғни екі жасынан бастап шабатын болса, біздің көп жылқымыз сақталып қалар еді. 
Мен өз тәжірибемде тайынан шауып, үлкен ат болғанша  аламанда ұтып жүрген аттарды әлі кездестіріп көргенім жоқ. 
– Ата кәсібімізге мемлекеттен субсидия бөлінетін болса, жылқының саны күрт өсер ме еді деген ой келеді.
– Әрине, әрине күрт өсер еді. Барлығы айналысқаннан кейін үлкен бәсекелестік пайда болады. Бәсекелестік бар жерде өсу бар, даму бар. Сыртқа кетіп жатқан милиардтар қазақтың өзінде қалып, экономикаға да пайда келтірер еді. Біз шетелден жылқыларды көп алмасын деп, шақырымдарды көбейтіп, үлкен қашықтықтағы аламандарды жиі жасап, өзімізше жұмыс істеудеміз. Тек бұл ғана емес, нағыз қазақы қолтума аттарды дәріптеу мақсаты да бар. Шақырымдарды көбейттік, өзіміздің қолтумалар ұтып жатыр. Қашықтықтар ұлғайып, өз тұлпарларымыз ұтқаннан кейін шетелдің аттарының кішкене жұқалау, жарамсыз болатыны көрініп жатыр. Міне, сондықтан бәйге аттарын шығарған қожалықтарға, басқа да жылқы өсіріп отырған азаматтарға үкімет тарапынан қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 
Эленора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ

5352 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9079

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7241

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4981

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4366

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4330

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4290

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4025

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4017

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы