• Ақпарат
  • 15 Ақпан, 2024

ҚАЗАҚЫ ӨМІРДІҢ ШЕБЕР СУРЕТКЕРІ

Сөзқоржын айдары көркем сөз өнеріндегі қазақтың шынайы ұлттық өмірін бүкпесіз суреттеумен танылған, белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың көркем тілін таныстыруға арналады. «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат» туындыларымен танымал жазушының тілі жеңіл әрі әсерлі болғандықтан, шығармалары «қолдан түспейтін» кітапқа айналды, көпшіліктің сүйікті жазушысына айналды. Жазушының ерекшелігі – адамның көңіл-күйін бәз қалпында жеткізуі, адамның мінезін әрекеті арқылы суреттеуі, оқырманға ауыл өмірін шынайы сюжеттеп беруі. Жазушының ерекшелігі – қазақ өміріндегі ақиқатты сол күйінде (ешбір әсірелеусіз) өрнектеуі. Яғни кедейлікті де, жоқшылықты да, шынайы бақытты да, риясыз махабатты да, бала қуанышы мен ана мейірімінде, әженің қамқорлығы мен әкенің қатал қабағын да боямасыз жеткізуі оқырманды бірде жылатып, бірде қуантатын көркем сөзбен эстетикалық, эмоционалды күйге бөлеуінде. 
 А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ресурсы – Қазақ тілінің ұлттық корпусы жазушылардың көркем тілін жинақтап көпшілікке танытуды қолға алып жатыр. Осы мақсатта балалар әдебиетінің атасы, қазақ прозасының шебері – Бердібек Соқпақбаевтың көркем тілі таныстырғалы отырмыз.

 

МҮЙІЗАТАР (рогатка). Садықтың сары резинкадан істелген мүйізатары бар. Біз, Қостөбенің балалары, бұрын мұндайды көрмегенбіз. Біздің қару-жарақ қорымызда мұндай аспап бұрын-соңды болмаған. Біздің қаруларымыз: садақ, сақпан («Балалық шаққа саяхат»).
САРЫҚҰЛАҚТАР (ақша). Сұлтан қалтасынан қобыратып, бірнеше бір сомдық сарықұлақтарды суырып алды («Менің атым Қожа»).
ЖҰМЫСКЕР ҚАСЫҚ. Дастарқанның дәл орта тұсына құрсаулы қоңыр жағал ағаш тостағанмен қара талқан қойылған. Тостағанда бір ғана ағаш қасық. Жұмыскер қасықта дамыл жоқ. Тостағанды шыр айналып, әркімнің алдына бір барады («Балалық шаққа саяхат»).
ДІН ОРДАСЫ (мешіт). Бір кезде дін ордасы болған мешіт қазір білім ордасы – мектеп («Балалық шаққа саяхат»).
ІШІ ИТШЕ ҚЫҢСЫЛАУ (қарны ашу). Мейлі, шомыла берсін, оларға да салқындау керек қой. Ал мен әуелі тамақтанып алайын, ішім итше қыңсылап, түйені түгімен, нарды жүгімен жұтып жібере жаздап келе жатқам жоқ па («Балалық шаққа саяхат»).
АРҚАМНАН ТАСБАҚА СЫРҒАНАП ТҮСКЕНДЕЙ (төбемнен су құйғандай шошу) Арқамнан тасбақа сырғанап түскендей, дір ете қалдым («Менің атым Қожа»).
ҰЙЫҚТАП ОТЫРЫП КӨРГЕН КИНО ТӘРІЗДІ (үзік-үзік). Балалық шақтың ең арғы түкпірінен есімде қалған суреттер, міне, осы тәрізді: біреуіне біреуі жалғаспайды, үзік-үзік. Мас болып немесе ұйықтап отырып көрген кино тәрізді. («Балалық шаққа саяхат»).
ЖҮРДЕК ТҮЙЕ Ұзын аяқтарымен тайраңдай желген жүрдек түйе оңайлықпен жеткізбейді («Балалық шаққа саяхат»).
ЖЕРДІҢ ОТЫ ҚАШУ Тағы да киіз үй тіккен көшпелі ауыл. Күз кезі болар, жердің оты қашқан («Балалық шаққа саяхат»).
ШАЛҒЫНЫҢ АЩЫ ЖҮЗІ (өткір жүз). Аяғым тайып кетті де, құлап түстім. Бір аяғымды құшақтап, зарладым да қалдым. Асыл шалғының ащы жүзі май табанымды ырситып сойып түскен («Балалық шаққа саяхат»).
ШЕҢГЕЛДЕП ҰСТАУ (мықтап ұстау). Бұрқ ете қалған қара қан жаралы аяғымды шеңгелдеп ұстап алған қолымның сыртына көл-көсір жайылып барады («Балалық шаққа саяхат»).
ЖАРАҒА КИІЗ КҮЙДІРІП БАСУ (қанын тоқтату). Ac үйден шешем жетіп келді. Жараға киіз күйдіріп басып жатыр («Балалық шаққа саяхат»).
ШАҢДАУЫТ ҚАРА ЖОЛ (шаңы шыққан құмды жол). Шілденің ыстық күні. Әжем екеуіміз Сүмбеге, нағашым үйіне жаяу келе жатырмыз. Даланың шаңдауыт қара жолы («Балалық шаққа саяхат»).
КӨЗ ҰЯЛТУ (көзге шағылысу). Судың арғы өңірі ойпат, тоғайлы алқап. Одан әрі тау. Таудың аппақ басы күн нұрымен шағылып, көзді ұялтады («Балалық шаққа саяхат»).
СҰҒЫН ҚАДАУ (көздеу, дәмелену). Дастарқанның шешем жақ бұрышында шоғыр болып, төрт-бес тал домалақ арзан кәмпиттер жатқан. Манадан сұғымды қадап, тұрып кете алмай отырғаным да сол еді ғой («Балалық шаққа саяхат»).
АРБА ҚАМШЫ. Көпекбайұлы Жүнісбайдың қолына класскомдік тізгін тимей-ақ тұр екен. Арба қамшыдай шартылдап, ол енді бізді бір шыбықпен айдайтын болды («Балалық шаққа саяхат»).
ЖОҚШЫЛЫҚТЫҢ ТЕПКІСІН ЖЕУ (кедейлік). Жоқшылықтың тепкісін қанша жесе де, Көпекбайдың жүні жығылмаған, еңсесі түспеген. Тек болар-болмасқа қабаған ит тәрізді арс ете қалатын ашуланшақ («Балалық шаққа саяхат»).
АЩЫ ӨМІРДІҢ БАТПАҒЫН БЕЛШЕДЕН КЕШУ (қиналу). Осы аталған үш жігіттің үшеуі де сай тасындай ірік, аяулы жандар еді. Ащы өмірдің батпағын белшеден кешіп жүріп, қайғырып-қапалануды білмейтін («Балалық шаққа саяхат»).
КӨЗ ЖАСЫ АЛТЫ ТАРАМ БОЛУ (жылау). Үшеуі бірдей майданда қаза тапты. Бура шал көз жасы алты тарам болып аңырап қалды («Балалық шаққа саяхат»).
КРОКОДИЛДІҢ ТЕРІСІНДЕЙ (тарам-тарам). Жаз бойы жалаң аяқ жүрген аяқ крокодилдің терісіндей қара бұжыр болады, үсті шыт-шыт жарылады. Ол жарық тереңдеп, қан шығады. Су тисе, ашып, жаның көзіңе көрінетін болады («Балалық шаққа саяхат»).
БОЛАШАҚ ӨМІР МАРШРУТЫ. Кез келген қарапайым анкетада әке, шешең кім болған деген сұрақ тұрады. О, бұл сұрақ барлық сұрақтың ішіндегі ең маңыздысы. Болашақ өмір маршрутының сызылуына оның жасайтын ықпалы өте зор.
ТІЛІМ ТАҢДАЙЫМА ЖАБЫСЫП ҚАЛҒАНДАЙ (сөз таба алмай сасқалақтап қалу). Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады («Менің атым Қожа»).
ТЕМІР ПЕШТІҢ ЖАЛЫНЫНДАЙ (қып-қызыл). Төменгі егінжай жаққа көз жіберсем, темір пештің жалынындай лапылдап, дарияша жөңкілген ұшы-қиырсыз сағым толқыны («Менің атым Қожа»).
ІШІ ГҮЛ ЖАЙНАУ (көңілдену). Жа­нарды ойыма алсам, менің ішім гүл жайнап кеткендей болады («Менің атым Қожа»).
ТАҢДАЙЫНАН ШАҢ КӨТЕРІЛУ (ақылгөйсу). Осы үлкендер деген қызық халық. Бір менің әжем емес, қай-қайсысы да балаларға шетінен өсиет айтқыш, жөн сілтегіш, ақылгөй келеді. «Олай етпе, бұлай ет, ананы істеме, мынаны істе» деп тәптіштеп тұрғанда, таңдайларынан шаң көтеріледі («Менің атым Қожа»).
ТҰРМЫСТЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ҚАҒИДАСЫНА ЖҮЙРІК (тіршілікке пысық). Әжем менің қызық адам. Тұрмыстың қарапайым қағидасына бұдан жүйрік кісі осы ауылда сірә де табыла қояр ма екен («Менің атым Қожа»).
СӘБИДЕЙ АҢҚАУ (аңғал). Сөйте тұрып, ол көп мәселе жөнінде сәбидей аңқау. Қараңғы болған соң, аңқау болмай қайтсін («Менің атым Қожа»).
НАҒАШЫСЫНІКІНЕ КЕЛГЕНДЕЙ (өзімсіну).  Сұлтан тап бір нағашысынікіне келгендей төр алдына сұлай кетті де, үй иесі кіргенге дейін жүктің астын ашып жіберіп, қарап та үлгерді («Менің атым Қожа»).
МЫЛҚАУ ФИЛЬМ ТӘРІЗДІ (үнсіз). Мылқау фильм тәрізді мен оның қимылын ғана көремін, сөзі естілмейді («Менің атым Қожа»).
ҰЯТТЫ ҚЫМТАУ (ұялмау). Мен мұны бес сом екен десем, он сом екен ғой, – деп, ұятымды қымтап, мен де білмегенсіп жатырмын («Менің атым Қожа»).
ҚАУІП КӨЛЕҢКЕСІ ЖҮГІРУ (секем алу, күдіктену). Лүп етіп, қауіп көлеңкесі жүгірді менің көңілімде. «Мына қу бұны әлгі үйден жымқырып кеткеннен сау ма екен» («Менің атым Қожа»).
НӘРКЕС КӨЗ (сұлу). Үйге тез жетуге, мен үшін жер түбі саналатын түу сонау Алматыдан әкелінген нәркес көз, жас жеңгемді тезірек көріп танысуға ынтықпын («Өлгендер қайтып келмейді»).
ЛАС ЖАЛА. Мұншама лас жаланың қайдан шыққанын Қаныш бірақ бірден түсінеді («Өлгендер қайтып келмейді»).
ҚЫРСЫҚ ТАҒДЫР. Қырсық тағдыр менің ақын атануымды сірә қаламайтын болса керек («Өлгендер қайтып келмейді»).
ШЫНЫ ҚАР. Шыны қарды шықыр-шықыр еткізіп, бері есікке қарай келе жатыр («Өлгендер қайтып келмейді»).
ТАҚЫР ДАЛА. Селоның төңірегі күн қатаған қу тақыр дала («Өлгендер қайтып келмейді»).
ИНЕ ТҮССЕ ТАБЫЛҒАНДАЙ. Ай сүттей жарық, аяқ астына ине түссе табылғандай («Өлгендер қайтып келмейді»).
ІН АУЗЫН БАҚҚАН МЫСЫҚ­ТАЙ. Ін ауызын баққан мысықтай Қалидың баққаны Ғалия екеуіміз («Өлгендер қайтып келмейді»).
ШЕШЕМ ҰЛ ТАПҚАНДАЙ. Бәтіңкемнің табылғанына шешем ұл тап­қандай қуандым («Өлгендер қайтып келмейді»).
СІЛТІДЕЙ ТЫНУ (тым-тырыс). Біреу оқып, басқамыз сілтідей тынып, тыңдаудамыз («Өлгендер қайтып келмейді»).
АРБАНЫҢ БЕСІНШІ ДӨҢГЕЛЕГІ СЕКІЛДЕНІП. Арбаның бесінші дөңгелегі секілденіп сендердің соңдарыңа жармасып алғаным жараспас («Өлгендер қайтып келмейді»).
БЕЙІЛДЕРІНЕ ҚҰРЫҚ БОЙЛАМАЙТЫН (риясыз, адамдығы жоқ). Бұл екеуі, шынында да, бейілдеріне құрық бойламайтын абзал жандар. («Өлгендер қайтып келмейді»).
АЛТЫ ӨРМЕ ҚАМШЫМЕН ЖОРҒАЛАТА ТАРТЫП ЖІБЕРГЕНДЕЙ (төбемнен су құйғандай әсер ету). Бұл сөз маған алты өрме қамшымен жорғалата тартып жібергендей әсер етті. Әсіресе «балам» деген сөздің зәрі күшті-ақ еді.

***
Соғыс деген ол сұмдық! Соғыс ол апат!  Соғыс ол адамды қор ету! («Өлгендер қайтып келмейді»).
***
Иә, адам өмірі деген тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен («Өлгендер қайтып келмейді»).
***
Күншілдік – жаман ауру («Өлгендер қайтып келмейді»).
***
Тәртіпсіздік кісіні жексұрын көрсетіп бітеді екен. Оған көзім әбден жетті. Әрі бұл адамның келешегі үшін зиян («Менің атым Қожа»).
***
Қараңғы халық аңқау бала тәрізді: кім не айтса, ауыздарын ашып тыңдайды («Балалық шаққа саяхат»).
***
Қазақ айналайынды шілдей тоз­дырып, көгертпей келген бір көне дерт бар. Ол – аталастық, рушылдық алакөздігі.
***
Ақылдылық тек үлкен істен байқалмайды. Ұсақ-түйектен де анық көрініп тұрады.
***
Мал – ол адам емес, қулық-сұмдықты білмейді. Болдырғаны – әл-қуа­тының біткені. Адам – ол мал емес, қулыққа басасың.
***
Қара жаяу кедей қазақтың аты болмаса да, ер-тұрманы болады. Ат сұрау ұят емес, ал ер-тұрман сұрап жүру ыңғайсыз-ақ.
***
Мақала BR21882249 «Мәдениетаралық коммуникация құралы ретіндегі Қазақ тілінің ұлттық корпусын (ҚТҰК) жетілдіру, ішкорпустарын кеңейту» жобасы аясында Жазушылар корпусын әзірлеу мақсатында дайындалды. 

Дайындағандар:
Еркін Бесіров, 
А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институтының ғылым қызметкері.

Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институты
Лексикология бөлімінің 
меңгерушісі, филология 
ғылымының кандидаты

1837 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5628

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5374

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3114

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2503

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2459

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2438

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2172

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2158

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы