• Ақпарат
  • 04 Сәуір, 2024

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ХАНТӘҢіРІ

Қазақстан геологтері жерімізден мол минералды шикізат қорын тауып отыр. Бұл арада ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбегі ұлан-ғайыр. Ендігі міндет – жаңа экономикалық саясатқа сай, сол мол қазынаны есепсіз оңды-солды шаша бермей, бір түйірін де шашау шығармай, орнымен жұмсап, ұқсатып, ел кәдесіне жарату.

Шахмардан Есеновакадемик, 

Қазақ КСР Геология министрі

 (1961–1965, 1974–1978)

 

«Менің халқым менен де биік» деп өз ұлтын өзінен әркез жоғары қойған ұлт мақтанышы, қазақ ғылымының эталоны Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – ел санасында сақталып, жауһар жадында мәңгі жатталған дара тұлға. Бізге дейін заңғар ғалым хақында дүркін-дүркін мақалалар, өлеңдер, монография­лар, романдар, естелік эсселер жазылды. Бұдан кейін де ғұлама ғалым жөнінде жазыла беруі анық. Қаныш қазынасы мұхитпен пара-пар. Ал мұхитты ішіп тауысу мүмкін бе?
 

Қазақ ғылымының қара нары Қаныш Имантайұлы – әлемге аты кеңінен танымал мәшһүр ғалым. Қаныш туралы әдебиеттер еліміздегі барша кітапхана мен оқу орнында бар деп айтуға толықтай негіз бар. Себебі Қаныштың қаламы тимеген ғылым саласының өзі жоқ.
Ұлттық кітапханада қазақтың тұңғыш академиясын құрған ардақты академик, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Қаныш – қазақ қазынасы» атты көрме ұйымдастырылды. Ұлттық кітапхананың бай кітап қорында Қаныш Сәтбаев туралы 2 500-ге жуық дереккөз бар. Олардың ішінде қаныштануға қатысты ғылыми кітаптар, мақалалар, эсселер мен повестер кездеседі. Қаныштың төл шығармашылығына қатысты 336 әдебиет бар: олардың 28 кітабы қазақша, 19-ы орысша, ал қазақша мақала – 103, орысшасы – 186. Қаныш туралы жазылған әдебиеттер – 2 138. Олардың ішінде қазақша кітап – 37, орысшасы – 41, қазақша мақала – 1 189, орысша мақала – 871. 
 Ұлттық кітапханадағы Қаныш Имантайұлына қатысты әдебиеттер арасында ең көне кітап 1932 жылға тиесілі. Ғалымның 1932 жылы Мәскеу, Ленинградтағы түсті алтын платина өнеркәсібінің мемлекеттік ғылыми-техникалық «Цветмедиздат» атты баспасынан 4 200 таралыммен шыққан «Джезказганский меднорудный район и его минеральные ресурсы» атты тұңғыш еңбектерінің бірі. Ғалым бұл еңбегінде Жезқазған ауданының геологиясы, тектоникасы, орфографиясы, гидрографиясы, тау-кен барлау жұмысы жөнінде ғылыми зерттеу болжамдарын келтірген. Аталған ғылыми еңбек 63 беттен, 17 тақырыпшадан тұрады. Жезқазған қаласындағы кен қоры туралы жазылған ғалымның монографиясының соңында мынадай қорытынды жазады: «Ірі объектілермен барлауды қамтамасыз етумен қатар, 1931 жылы Қарсақбай зауытының геологиялық барлау жұмыстары бүкіл Бастүстіметалтын жүйесінде тапсырманың көлемі жағынан да, аяқталу дәрежесі бойынша да бірінші орында болғанын ескеру қажет. Ол 20 490 м тереңдікпен бұрғыланып, жылдық жоспардың 84% құраған; ал қалған Бастүстіметалтын зауыттары бойынша 1931 жылға арналған тапсырма жеке 16 000 м-ден аспады, нақты орындалғаны 50–60% (шөгу бағдарламалары 2 000 м немесе одан аз шағын көлемді қоспағанда). Екінші жағынан, 1931 жылы барлау жұмысының нәтижесінде Жезқазғанда өнеркәсіптік барланған мыстың (В категориясы) 462 мың метр жаңа қоры анықталды, бұл – аймақтағы көмір және басқа да пайдалы қазба қорларының қомақты қоры. Бұл сандар Жезқазған аймағындағы геология­лық барлау жұмыстарына жұмсалатын шығындар Одақтың кез келген жеріне қарағанда тиімдірек пайдаланылатынын көрсетеді». Яғни шаһардағы басқа бұрғылау жұмыстарының нәтижесі мен болашағы туралы болжамдарын нақты цифрлармен келтіреді. 
Академиктің қолдауымен Алматыда Орта Азия геофизика тресі ұйымдастырылып, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылған. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырып, ондағы бөлімдерді, оған қарайтын институттарды, зертханаларды, секторларды, базаларды дұрыс жоспарлаған. Ғылыми еңбектерінің басым көпшілігі Қазақстанның минералдық қоры, мыс рудалары, түсті металдары, көмір, мұнай, газ, басқа да шикізат ресурстары туралы болды.
Оның «Қарсақбай ауданы және оның болашағы» («Народное хозяйство Казахстана», 1928, №1, 92–109-бб.) мақаласы Орталық Қазақстанның және тұтастай еліміздің бет-бейнесін толығымен өзгертті. «Үлкен Жезқазған мәселелеріне арналған» («Народное хозяйство Казахстана», 1936, №1–2, 74–83-бб.) алғашқы ғылыми мақалалары жарық көрді. Ғалымның іргелі ғылыми тұжырымдары кітапхана қорындағы «Советский Казахстан», «Вестник АН ССР » (геология сериясы), «Вестник казахского филиала АН СССР», «Известия АН СССР» (геология сериясы), «Цветные металлы», «Природа», «Вокруг света», «Наука и жизнь» секілді журналдарда Жезқазған кен-металлургия комбинатын, Қарағанды мен Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды арнасын салу, Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлығын анықтау жөнінде көптеген ғылыми мақаласын жариялап отырды. 
Заңғар ғалым туралы кітапхана қорында көне кітаптардың қатарында мынадай әдебиеттер бар: 1936 жылы 1 200 данамен КСРО Ғылым баспасынан 72 бетпен жарық көрген «Казахстан в изданиях Академии наук 1735–1935» және 1935 жылы жарық көрген «Большой Джезказган» атты 691 беттен тұратын жинақты құрастырушылардың бірі болып Қаныш Имантайұлының есімі де аталған. Бұл жинаққа ғалымның бірнеше ғылыми мақаласы енген. 1941 жылы «Успехи геологического изучения Казахской ССР за 20 лет» атты зерттеу еңбегіне Қаныштың «Қазақстанның минералды ресурстары және оны 20 жылда игеру» атты мақаласы енген. Бұл жинақ 550 таралыммен шыққан, 190 беттен тұрады. 
Көне тарихтан сыр шертетін мерзімді басылымдардың орны тұлғатану үшін орасан зор. Ендеше, Қаныш Имантайұлының ХІХ ғасырдың 20-жылдары жарық көрген мақалаларына тоқталсақ. 1925 жылы «Таң» журналының №1 шығарылымында «Ұстаз қандай болу керек?» атты зерттеу мақаласы көпшілікке жол тартты. «Қарсақбай ауданының күйі» атты мақаласы «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы №5 саны, 47-бетінде жарияланған. Сонымен қатар қазіргі «Ақиқат» журналы сол кездегі «Қызыл Қазақстан» журналының 1928 жылғы №1, 2 саны, 22-бетінде «Қарағанды ыспас заводтарының қазіргі күйі мен келешегі» атты зерттеу мақаласы жарияланған болатын. «Қазақ тілі» газетінің 1923 жылғы 13 желтоқсандағы №8–12 санында «Обаған көне әні» туралы мақаласы жарық көреді.
Қаныш Сәтбаевтың тікелей бастамасы әрі жинақтауымен «Ер Едіге» кітабы 1927 жылы «Центральное издательства народов СССР» баспасынан жарық көрді. Бұл дастанды сол кезеңнің өзінде баспаға әзірлеп жариялаудың өзі ерлік емес пе?
Ұлттық кітапхананың қазыналы кітап қорында Қаныш Сәтбаевқа қатысты әдебиеттер саны 2 500-ге жуықтағанын айттық. Ендеше, кітапхана қорындағы ғалым туралы жазылған қызықты кітаптардың бірнешеуіне тоқталып өтсек. «Қаныштануда» Медеу Сәрсекенің есімі алтын әріптермен жазылған. 
Бар саналы ғұмырын тұңғыш академиктің өмірі мен ғылыми мұрасын зерттеуге арнаған Медеу Сәрсекенің Сәтбаевқа арнаған әдеби, ғылыми еңбектері өте көп. Соның бірі – «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан «Қаныш Сәтбаев» атты көлемді зерттеу кітабы. Төкен Оразовтың «Қаныштың жастық шағы» атты кітапшасында Қаныштың бозбала кезі әңгімеленеді. Сонымен қатар Қаныш Имантайұлының мектеп қабырғасынан бастап студенттік кезеңіне дейінгі өмірінің сәулелі тұстарын сөз етеді. Қалмұқан Исабайдың «Қаныш аға осындай еді» кітабында заңғар ғалымның Республика ғылымы, білімі, мәдениеті және өндірісінің дамуына қосқан үлесі жөнінде көптеген естелік айтылады. Академиктің ғалымдармен қызмет бабындағы қарым-қатынасы жөнінде замандастары естелік айтады. 
Осы орайда айта кететін мәселе, Абайдың насихатталуына Мұхтар Әуе­зовтің үлесі қандай болса – Қаныштың насихатталуына Медеу Сәрсекенің үлесі сондай. 
Қордағы тағы бір шығарма – «Қаныш аға» атты естелік кітабы. Бұл кітапта аса көрнекті қазақ ғалымы, КСР және Қазақ КСР Ғылым академияларының академигі, Қазақ КСР Ғылым академиясының құрылтайшысы һәм тұңғыш президенті, Ленин атындағы және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы естеліктер жинақталған. Олардың көпшілігін Қаныш Имантайұлымен қызметтес болған ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жазушылар, біразын ғалыммен кездескен, оның еңбектерінен, қызметтерінен әсер алған адамдар жазған. Бұл кітап академик Қаныш Сәтбаевтың ғылым жолындағы, шығармашылықтағы және қоғамдық, ұйымдастырушылық еңбегін, орасан зор талантын, болмысын, рухани келбетін, адамгершілік қасиеттерін жұртшылық тереңірек түсінуге септігін тигізеді. Аталмыш кітапты академиктің қызы, белгілі зерттеуші-ғалым Шәмшиябану Сәтбаева құрастырып шығарған.
Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан аса мектеп және ғалымның ескерткіштері бар. Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға, еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілген. «Satbayev University» – еліміздегі ең көне оқу орындарының бірі. Университет 1934 жылы Қазақ тау-кен металлургия институты ретінде құрылды. Оның тарихы Қаныш Имантайұлының есімімен тығыз байланысты. Институт Қазақстанның геология, тау-кен металлургия саласындағы ғылыми және практикалық қызметтің қалыптасуы мен дамуында маңызды рөл атқарды. Институт базасында құрылған ғылыми мектеп респуб­ликаның кен-шикізат базасын дамытуға, тау-кен және металлургия өндірісінің жаңа технологияларын ұйымдас­тыруға үлкен үлес қосты. Қазақ тау-кен металлургия институтының қалыптасуы мен дамуында академик Қ.Сәтбаевтың еңбегі зор. 1937–1938 жылдары тау-кен инженер-геологтерінің алғашқы түлектерінен бастап Қаныш Имантайұлы мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында ЖОО Ғылыми Кеңесінің мүшесі болды. Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолус гүлі аталған.
Расымен, Қаныштай құрыш қанатты, биігі еш мұқалмас, жазары еш жұқармас ғұламаның атына не берсек те жарасып-ақ тұр. Сұлтанмахмұтша айтқанда, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шыққан күн болды». 
Дегенмен Қаныштың өмірі трагедияға толы еді. Ол қай белеске шықса да, алдынан қиындық күтіп тұрды. 
Тіпті өмірінің соңында қуғынды да бастан кешірді. Өзі негізін қалаған Ұлттық Ғылым академиясынан аластатылып, Мәскеудегі академик достарының қарамағына барып жан сауғалады. Ол туралы Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов арнайы әдеби повесть жазды. Оны «Академиктің көз жасы» деп атады. Өмірінің соңында аты аталмайтын жаман аурумен ауырып, ақыр соңында өзінің ауруының қалай пайда болғанын өзінше анықтайды. Ауруының басты себебі «көз жасы» деп тұжырымдайды. «Көз жастың 80–90 пайызы сыртқа шықса қалған мөлшері адамның ішіне жинақталып, сол жиналған жас кейін адамды айықпас дертке шалдықтыруы мүмкін» деген болжам жасайды. Бұл болжамы ғылыми айналымға енбеген. Бірақ бұл – академиктің болжамы. 
Қаныш қазынасының кені ұшан-теңіз. Өлшеусіз. Оның атсалыспаған саласы жоқ. Ұлттық Ғылым академиясының президенті болып тұрған шағында билікке білдірмей, көне дәуір тұлғаларының мұралары жоғалмай сақталып қалуына аянбай еңбек етті. Соның бірі – «Фарабитану» ғылым саласы. Әл-Фарабидің ислами ой-өркениеттің атасы екенін анық білсе де, сол кезеңдегі атеистік биліктің цензурасына қарамай, ғұламаны зерттеу үшін бастама бастаған да Қаныштың өзі. 
Алматыдағы ғылыми іс-шара барысында Эрнест Яромирович Кольман атты есімі әлемге әйгілі философтың лекциясына қатысқан геолог-ғалым Ақжан әл-Машани профессордың аузынан әл-Фараби туралы бірер мәлімет естіп қалады. Содан бастап ғұлама хақында кішігірім зерттеу жүргізеді. Дегенмен мағлұматтардың дені шетелдерде болғандықтан, өрісін кеңге жая алмайды. Сөйтіп, ғұламаны халықаралық кітапханалар мен архивтерден іздеуді бастау үшін сол кездегі академия президенті Қаныш Сәтбаев­тың көмегіне сүйенеді. Ол туралы жоғары да айт­қан «Қаныш аға» атты естелік кітапта Ақжан әл-Машани мынадай естелік қалдырады: «Елуінші жылдардан бастап әл-Фараби мұрасын жинауға кіріскен едім. Бірнеше жыл ішінде қолымызға едәуір материал жиналып қалды. Соның ішінде әл-Фарабидің екі томдық кітабы, ол туралы жазған ғалымдардың бірнеше еңбегі қолға түсті. Енді соны аудару ісіне кірісу керек болды. Сонымен қатар оның мирастарын онан әрі қарай жинау қажет. Тыңнан басталған осы сияқты күрделі істі білдірейікші деп Академияның орталық кітапханасында ол кісінің атына хат жаздық. Онда әл-Фарабидің кім екені, нендей мирас қалдырғаны, оны игеру мәселесі жөнінде айтылды. Хатқа мен және кітапхана директоры Нұрхан Ахметова екеуміз қол қойдық. Сол хатпен кірдім. Ол кісі мені жақсы қарсы алып, хатты оқып шықты да мақұлдады. Хаттың шетіне: «Орындалатын болсын» деп қол қойды. Бұл 1960 жылдың ноябрь айы еді. Осы хат, осы қол Академияда әл-Фараби жөніндегі ең алғашқы документтердің бірі ретінде сақтаулы». 
Қазақ халқының әні мен күй өнерін хатқа түсіріп, түсініктеме жазған зерттеуші А.В. Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі (әндер мен аспаптың пьесалар)» атты кітабы 1931 жылы Алматы қаласында 312 бетпен, 2 000 данамен жарық көрді. Бұл кітапқа қазақтың маңдайалды ірі тұлғаларынан жазып алынған көптеген ән мен күй енгізілген. Сол тұлғалардың ішінде Қаныш Имантайұлы да бар. Оның айтуымен, «Қара жорға», «Бибігүл», «Мақпал», «Іңкәр», «Сарын» сияқты бас-аяғы 25-ке жуық әнді А.В. Затаевич қағазға түсіріп алады. А.В. Затаевич ол туралы: «Қаныш Сәтбаев – Томск технологиялық институтында білім алған қазақтың жас инженері. Баянауыл әндерінің тамаша білгірі және жақсы орындаушысы, ол осы жинаққа тек әуендер мен әндерге қатысты да бірқатар құнды хабарламалар берді, әрі осы әннің сөзін орыс тіліне аударды» деп жазған болатын. 
Қазақтың «Ен жігітке жеті өнер де аз» деген сөзі Қаныш Имантайұлына тікелей қатысты. Себебі Қаныш қазаққа керек барша ғылым саласының дендеп дамуына мұрындық болды. 
Қаныш туралы жазылған естелік кітапта оның жан досы, геолог, профессор В.В. Белоусов оның соңғы сәті туралы жазады. Мәскеуге келген 1963 жылғы сапары жөнінде Владимир Владимирович мынадай естелік қалдырады: «Аса көрнекті ғалым, жаны жайсаң азамат Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жарық дүниедегі соңғы күндерін жүрегім шымырлай отырып еске аламын. 1963 жылы желтоқсан айында атақты ғалым Мәскеуге келді. «Москва» қонақүйіне жайғасқан екен. Бұрынғыдай қунақ емес, өңі сынық, жүдеулеу көрінді. Бізге келгенде асқазанының маза бермей жүргенін айтып еді. Сол желтоқсан айының жиырмасында КСРО Ғылым академиясының президенті М.В. Келдыш одақтас республикалар Ғылым академияларының президенттерін шақырып, мәжіліс өткізді. Ол жиынға Қаныш Имантайұлы да қатысты. Екеу­міз академияға бірге бардық. Мен оған президенттің кабинетіне дейін еріп бардым. Ол менің иығымнан қапсыра құшақтап тұрып: «Жүр, екеуміз қатар отырайық», – деді. Мен бұл мәжіліске шақырылмағанымнан кіруге ыңғайсыздандым. Содан кейін Қаныш Имантайұлы: «Онда жарайды, мәжілістен кейін соғармын», – деді. Бірақ ол соға алған жоқ. Ол тіпті сол мәжілістің соңына дейін отыра алмапты. Жағдайы болмай бара жатқан соң, ол кешірім сұрап, президенттің кабинетінен шығады. Ол жайды біреу маған сол сәтте хабарлаған соң, мен тез бас корпусқа жеттім. Қаныш Имантайұлы «Қонақүйге жеткізіп сал», – деп өтінді. «Біраз жатып тынықсам, басылады ғой», – деді. Түн ортасында жағдайы болмай бара жатқан соң дәрігер шақырттық, артынан Қунцеводағы Кремль ауруханасына жібердік. Түні бойы телефон соғып, емдеуші дәрігерінен Қаныш Имантайұлының жағдайын біліп тұрдық. Ол жатқан бөлімнің меңгерушісіне де маза берген жоқпыз. Сүйікті ғалымның ауыр нау­қасына президент Мстислав Всеволодович Келдыш қатты алаң болып еді. Ол кісіге де Қаныш Имантайұлының жағдайын жиі-жиі хабарлап тұрдық. Ғалым сырқатының беті бірде қайтып, бірде қайта нашарлап, көңілімізді алақұйын етті. Бірақ барып дидарласуымызға рұқсат бермеді. Әрине, оның сырқатының сырын дәрігерлер бізден жасырған жоқ. Бұл біздер үшін аса бір ауыр соққыдай еді.
Жаңа жылдың қарсаңында Қаныш Имантайұлының денсаулығы ептеп тәуір бола бастады. Ол түрегеп жүретін, тіпті палатадан шығатын болды. Сонда ғана біздің дидарласуымызға мүмкіндік туды. Біз бөлмесіне кіргенде ол төсегінде қазақша малдас құрып отыр екен, қуана қарсы алды. Бірақ маған ол өзінің малдас құрып отырғанына ептеп ыңғайсызданғандай болып көрінді. Тап сол сәтте көңіл күйі жақсы, қунақ еді. Ол бізді аурухананың әдемі бір холына шақырды. 
Қаныш Имантайұлы әңгіме-дүкен құрысқан кезде аса көңілді отырды. Креслоға шайқалып отырып, жаңа жылдан кейін ауруханадан шығатынын айтты да, алдағы іс жоспарларын баяндады. Мені Алматыға шақырды: «Виктор Васильевич, сен көптен бері біздің жаққа келген жоқсың ғой. Келсеңші, институттарды аралайық. Бірсыпырасына көптен бері мен де барғам жоқ. Ядролық институттың құрылысы қалай жүріп жатқанын көрейік!» – деді. Біраздан соң біз Қаныштың шаршаңқырап қалғанын аңғарып, орнымыздан тұрып қоштастық та, «тезірек жазылып шығыңыз» деп тілек білдірдік. Ол бізге қатты риза болып, ыстық ықыласпен қоштасқан еді. Содан кейін ол кісіні мен көре алмадым. Сырқаты күрт нашарлаған соң дәрігерлер жолатпай қойды. 1964 жылы қаңтарда ғұлама көз жұмды. Қадір-қасиетіңді ұмыта алмаспын-ау, ғазиз дос», – деп жан-жақты әрі салмақты академик досы туралы жазғанда көз жасына ерік бергені жазбадан анық байқалады. 
Атан түйеге жүк болар ғылымға қалдыр­ған ғұмырлық мұрасы, қазақ ұлтын, қала берді әлем халықтарының жадынан ешқашан өшпек емес. Ғалымның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында оның шығармаларын одан әрі кеңінен насихаттау үшін мемлекет те, жекелеген тұлғалар да аянбай еңбек етуге тиіс. Себебі Қаныш осы елдің қарыштап дамып, көк сеңгірде құрыштай қос қанатымен самғауын қалады һәм сол жолда тер төкті.
Парасат патшалығы Ұлттық кітапханада ғалымға арналып, «Қаныш – қазақ қазынасы» атты көлемді тұрақты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Ұлттық кітапханаға келіп, ғалымның құрметіне ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалауыңызға болады. 

Қанат АЛТЫНБЕК,
Ұлттық кітапхана,
«Көрмелер және мәдени 
бағдарламалар» бөлімінің 
қызметкері

1507 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №20

23 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 10631

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5449

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 5100

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4460

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты: Әділетті қоғам құру – парызымыз

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4427

Еділхан ӘМІРҒАЛИЕВ, техника ғылымының докторы, профессор: Технологиялық өркениет заманы басталды

  • 18 Сәуір, 2024
  • 4242

Алишер Сатвалдиев, Парламент Сенатының депутаты: Алпыс күн тасыған дария, алты күннен кейін қайтады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 3015

Назипа Шанаи: Ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады

  • 02 Мамыр, 2024
  • 2969

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы